Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "ДОТС" бағдарламасын алғаш енгізген дәрігер

"ДОТС" бағдарламасын алғаш енгізген дәрігер

Жатты да жақынындай көретін біздің халық үшін жүздескенмен танысу қандағы қасиет іспетті. Басы қосыла қалса таныстықты есімінен бастайтын әр қазақ алдымен өскен ортасын емес, туған жерін сұрай бастайды. Бәлкім тектілік топырақтан басталатынын білгеннен болар. Шыққан тегін таныған соң барып өзге әңгімеге көшеді. Міне бүгінгі әңгімемізге арқау болар азамат та жүрегі теңізден, тамыры толқыннан тараған Аралдың тумасы.
Жарылғасын Мүлкаманов 1955 жылы 24 тамызда талай тарландар туып-өскен Арал ауданы, Сексеуіл кентінде туған. Қайда жүрсе де кіндік қаны тамған жерін жиі айтып жүретін ағамыз 1972 жылы Ақтөбе қаласындағы К.Е.Ворошилов атындағы №6 қазақ орта мектебін бітірген соң еңбекке ерте араласып, 2 жыл Ақтөбе облыстық автомобиль басқармасына қарасты №1 автокомбинат мекемесінде автослесарь болып еңбек етті.
Бірақ бала кезгі арманы өзгеше еді. Жастайынан жаны жақсылықты сүйетін азамат ақ халаттыларға еліктеп өсіп, дәрігерлік жолды мектепте жүріп-ақ таңдап қойған. Өзі қызметте жүрсе де көкейіндегі сол үміттің сәулесін бағдаршам етіп, 1975 жылы Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтына оқуға түсті. Осылайша арманды ақиқатқа айналдырып 1981 жылы дипломды қолына алып, дәрігер атанды.
Ендігі мақсат алған білімді халықтың игілігіне жаратып, алғысқа бөлену, антқа адал болу. Сол мақсатта институтты бітірген соң Маңғыстау облысындағы туберкулезге қарсы күрес диспансерінде фтизиатр дәрігер ретінде интернатурадан өткен. Келесі жылы мұнайлы өлкедегі Форт-Шевченко қалалық туберкулезге қарсы ауруханасына бас дәрігер болып тағайындалады.
Білім мен білік, еңбекке деген адалдық адамды өзі-ақ алға жетелейді емес пе?! Осылайша санаулы жылда талайдың жанын ажалдан арашалап, елдің ыстық ықыласына бөленген жерлесіміз 1986-1990 жылдары Форт-Шевченко аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері болды.
Саладағы ұзақ жылдық сапарын батыстан бастаған Жарылғасын Барысбекұлы маңғыстаулықтарды мойындата білді. Алайда мұнда тұрақтап қалуға мүмкіндік болмады. Ел егемендікке қол жеткізіп, барлық саладағы оңтайландыру реформасы денсаулық сақтау саласын да айналып өтпеді. Осылайша елге жақындаған дәрігер алдымен Тереңөзек аудандық туберкулезге қарсы ауружанасында, кейін Қызылорда қалалық диспансерде фтизиатр, рентгенолог, бөлім меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды.
Маңғыстау мен Қызылордада біліктілігін шыңдап, тәжірибесі толысқан білгір дәрігерге 1993 жылы өскен ортасы Ақтөбеге оралды. Осы жылы Ақтөбе қалалық туберкулезге қарсы диспансерінің бөлім меңгерушісі қызметіне шақырылды. Қайда жүрсе де қызметінен шашау шығармайтын маманның іскерлігі, науқастарды емдеудегі кәсіби шеберлігі мұнда да бірден таныла қойды. 2002 жылы Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен осы диспансердің бас дәрігерінің диспансер қызметі жөніндегі орынбасары болып бекітілсе, кейіннен зейнет жасына келгенше емдеу істері жөніндегі орынбасар лауазымында лайықты еңбек етті.
Бірақ сауатты мамандар сұраныстан түспейтінін ел біледі. Оның үстіне іс-тәжірибеде көргені мен білгені мол Жарылғасын ағамыздың қажеттілігін анық байқаған салаға жауапты жандар дәрігердің қызметтен алыстағанын қаламады. Бүгінде 20 жылдан астам уақыт бойы Ақтөбенің дарынды дәрігері атанған ағамыз сәулелік диагностика бөлімінде рентгенолог болып келеді.
Жоғарыдағы сөзімізге дәлел де жетерлік. Мақтауды сүймейтін қарапайым жан өзі жайлы көп айтуды қаламаса да еткен еңбегін ел білуге тиіс. Мәселен ДДСҰ ұсынған "ДОТС" және "ДОТС плюс" бағдарламасын тәжірибеге енгізуде алғашқылардың бірі болып кейіпкеріміздің қосқан үлесі орасан зор. Бұл жайында өз сөзінде:
– Бұл ауқымды халықаралық бағдарлама. Оны ұжым болып 7 жыл бойы жүргіздік. Облыстар арасында бірінші болып қолданысқа енгіздік. Диспансердің бас мамандарымен бірлесіп, 12 ауданды түгел аралап, қаланың барлық емханаларында, емдеу мекемелерінде бірнеше рет семнар-конференциялар ұйымдастырдық. Соның нәтижесінде "ДОТС" бағдарламасы толықтай әрі табысты қолданысқа енді, – дейді ол.
Иә, еткен еңбек ерте ме, кеш пе еленбей қалмайды. Жарылғасын Барысбекұлы осының анық куәгері болған. Ұзақ жылғы еңбек жолында ол ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің "Құрмет" грамоталарымен марапатталса, кеудесінде "Денсаулық сақтау ісінің үздігі" төсбелгісі, "Денсаулық сақтау ісіне сіңірген айрықша еңбегі үшін" және Н.И.Пирогов атындағы медаль жарқырап тұр.
Ол білікті дәрігер атанып қана қоймады. Қызметтің қиындығына қарамастан адал жар, арқа сүйер ақылшы әке болып келеді. ЭВМ инженері, қаржы саласының маманы болып жұмыс істейтін жұбайы Зоя екеуі бес бала тәрбиелеп, немере сүйген қазыналы қарттар. Тұңғыш перзенттері, төлбасы Айнұр Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің аға оқытушы, заң ғылымдарының магистрі болса, Ақбөбегі де заңгер. Ал Айгерім Жарылғасынқызы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті филология білім бағдарламасының 3 курс докторанты.
Қос ұлы Досым мен Ғалым да қызметте. Досым ІІМ полиция подполковнигі болса, Ғалым сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің подполковнигі.
– Ата-анаға баласының бақытынан, абыройлы болуынан асқан нәрсе бар дейсің бе?! Шүкір, барлығы жақсы атымызды шығарып келеді. Алайда бір өкінішім бар. Бірде бірі не әкесінің, не анасының жолын жалғамады, немерелерім атасындай болатын шығар, – деп әзілдеп, астарлы ойын да іркіп қалды.
Міне, Аралдан шыққан азаматтың өнегелі жолы мен қызметтегі табысты қадамы аудандағы барша ізбасарларына үлгі боларлықтай. Абыройлы болған адам жанының арашашыларына біз де қариялық бақытты тілейміз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
14 қыркүйек 2024 ж. 110 0