Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Журналист – уақыттың тамырын ұстайтын маман

Журналист – уақыттың тамырын ұстайтын маман

Журналистиканың маңызы артып келеді. Ақпарат ағыны толастамайтын заманда халық пен билік арасындағы байланысты орнататын, шындықты ашық айтып, әділеттің ақ жолында жүретін тұлға – журналист. Ол қоғамдық ойға әсер ететін үлкен күш иесі.
Тілші – шындықтың сөзін сөйлейтін, әділеттің жағында тұратын, халықтың үнін жеткізетін тұлға. Оның қаламы – қаруы. Қай заманда болсын, журналистер қоғамда болып жатқан оқиғаны терең зерттеп, елге нақты ақпарат береді.
Журналист болу – үлкен жауапкершілік. Себебі газетке жазылған сөз, эфирден айтылған ой – оқырманға әсер етеді. Ал қателессе, қоғамды адастырады. Сондықтан бұл салада тек адал, шыншыл, әділетті адамдар ғана шыңға шыға алады.
Әлемнің кез келген нүктесіндегі жаңалықты бірнеше секундта жеткізетін заманда, жалған ақпараттың да жылдам тарайтыны жасырын емес. Осындай кезеңде кәсіби журналистердің рөлі тіпті арта түсті. Олар шынайы дерекке сүйеніп, тексерілген ақпарат тарату арқылы тұрақтылықты сақтауға ықпал етеді.
Журналист жүгі
Журналист –қоғамның маңызды тұлғасына айналған мамандық иесі. Ал бұл сөздің түп-төркіні мен шығу тарихына үңілсек, қызықты деректерге кезігеміз.
«Журналист» сөзі қайдан шықты? Бұл атау француз тіліндегі «journal», атап айтсақ «журнал, күнделік» сөзінен туындайды. Француз сөзі латынның «diurnalis» яғни «күнделікті» деген сөзінен шыққан. Яғни, алғашқы мағынасы – күн сайын жазылатын жазба, есеп, ақпарат дегенге саяды.
XVII-XVIII ғасырларда Еуропада күнделікті жаңалықтарды, қоғамдық-саяси мәселелерді қамтитын газет-журналдар пайда бола бастағанда, солармен айналысатын адамдарды «журнал жүргізуші», «журналист» деп атай бастаған. Бастапқыда бұл сөз тек баспасөз қызметкерлеріне қатысты қолданылса, кейіннен радио, телевидение, интернет журналистикасының дамуына байланысты мағынасы кеңейіп, жалпы ақпарат таратушы маман атауын айналды.
Қазақстанда бұл ұғым ХХ ғасырдың басында пайда болды. Алаш қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов сынды тұлғалар қазақ журналистикасының негізін қалап, өз мақалаларын «Қазақ» газеті мен өзге де басылымдарда жариялады.
«Журналист» сөзі – шетелден енгенімен, оның мәні мен миссиясы кез келген халыққа ортақ: ақиқатты айту, халықтың сөзін сөйлеу, ел мен жер тағдырына бейжай қарамау. Журналист – уақыттың тамырын ұстайтын маман. Сондықтан оның сөзі де, ісі де жауапты. Қай ғасырда болмасын, журналист – халық пен билік арасындағы көпір, қоғамның санасын қалыптастырушы тұлға.
Алғашқы газеттер
Нағыз журналистика дәуірі XV ғасырда Иоганн Гутенбергтің баспа станогын ойлап табуымен басталды. Бұл оқиға кітап пен газет шығару ісін жедел дамытты.
1615 жылы Германияда «Relation» атты тұңғыш баспа газеті жарық көрді. Одан кейін Францияда «La Gazette» (1631), Англияда «The Oxford Gazette» (1665) секілді алғашқы газеттер шыға бастады.
Бұл басылымдарда сарай жаңалықтары, соғыс хабарлары, сауда-саттық мәліметтері мен халықаралық оқиғалар жарияланып отырды. Ақпарат халыққа алғаш рет тұрақты әрі сенімді түрде таратыла бастады.
XVIII-XIX ғасырларда журналистика қоғамдық пікірді қалыптастыратын саяси құралға айналды.
Француз революциясы кезінде журналистер халықты оятып, әділет пен бостандық идеясын таратты.
АҚШ-тағы Тәуелсіздік соғысы кезінде де газет-журналдар ұлттың болашағын қалыптастыруда үлкен рөл атқарды.
Бұл кезеңде журналистика халықтың мұңын айтатын мінберге, реформа мен жаңғыру жолындағы күрес құралына айналды.
Шындық шырақшылары
XX ғасырда технологияның қарқынды дамуы журналистиканың жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етті: 1920 жылдары радиоэфирлер пайда болды. Алғашқы радио жаңалықтар АҚШ-та тарады. 1930 жылдары телевизиялық журналистика дами бастады. Көрермен жаңалықты енді көзімен көріп, тыңдай алатын болды. Осы кезеңде фоторепортаж, жедел тілшілік, телехабар сынды жаңа жанрлар пайда болды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде журналистика майдан жаңалықтарын жеткізуші сенімді ақпарат көзіне айналды.
Осы заманда ел жүгін арқалаған танымал журналистер шыға бастады. Әлемге аты шыққан тілішлер қатарында АҚШ-тан Уолтер Кронкайт болды. Ол «АҚШ-тағы ең сенімд» адам атанған. Тағы бір жаңалық жаршысына айналған Эдвард Мэроу ВВС арқылы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Лондоннан хабар таратты. «Бостандық – бұл халыққа шындықты айту еркіндігі» – деген бүгіндегі өзекті сөзі кәсіби ерлігін бүкіл әлемге үлгі етті.
Анна Политковская – орыс журналистикасындағы ең батыл, әрі принципшіл тілшілердің бірі. Ол «Новая газета» басылымында қызмет етіп, Шешенстан соғысы, әскердегі адам құқықтарының бұзылуы, жемқорлық және саяси қысым туралы өткір материалдар жариялады.
Ол ешқашан шындықтан жалтарған емес, әр мақаласы билікке қарсы тұрғандай болатын. Өкінішке қарай, 2006 жылы Мәскеуде өз үйінің маңында атып өлтірілді. Бұл оқиға бүкіл әлем журналистикасындағы ауыр қасірет еді. Бүгінде оның есімі еркін сөздің символына, ал еңбектері әділет жолындағы күрескерліктің үлгісіне айналды.
Орияна Фаллачи – XX ғасырдағы ең өткір, ең батыл журналистердің бірі. Ол Вьетнам, Таяу Шығыс, Латын Америкасы сияқты соғыс аймақтарынан репортаждар жасап, әлемдік саясат сахнасына әсер етті. Оның ерекшелігі – саяси көшбасшылармен тікелей, өткір, ащы сұхбаттар жүргізуі. Ол Ясир Арафат, Генри Киссинджер, Аятолла Хомейни сынды беделді тұлғалармен сұхбаттасып, олардың шынайы бейнесін ашуға тырысты.
– «Мен журналист емеспін, мен соғысушы – шындық үшін күресушімін», – деген сөзі оның ішкі болмысын толық суреттейді.
Кристиан Аманпур – заманауи халықаралық тележурналистиканың көрнекті өкілі. CNN арнасының тілшісі ретінде Ирак, Ауғанстан, Босния, Руан дағдарысы сияқты аса қауіпті аймақтардан хабар таратты.
Ол тек ақпарат жеткізумен шектелмей, әрдайым адам тағдырына алаңдайтын гуманистік көзқарасымен ерекшеленеді. Өз сұхбаттарында саясаткерлерден шындықты талап етеді, журналистиканы «ақиқат үшін майдан» деп санайды.
XX ғасыр – журналистиканың шарықтау кезеңі. Бұл ғасырда журналистер тек ақпарат таратушы емес, шындықтың қорғаушысы, қоғамның ар-ожданы рөлін атқарды.
Эдвард Мэроу мен Кронкайт – сенімділік пен кәсібиліктің үлгісі болса, Анна Политковская мен Орияна Фаллачи – батырлық пен адалдықтың символы, ал Кристиан Аманпур – қазіргі дәуірдегі шындық іздеуші.
Олар бізге журналист болу – тек жазу емес, шындық үшін жан салу екенін дәлелдеді.
Мүдде мен миссия
ХХ ғасыр – еліміз үшін де үлкен өзгерістер мен күрестер ғасыры болды. «Қалам кейде қарудан да өткір» екендігін дәлелдеген қазақ жанашырлары қазақтың ұлт санасын оятып, елдік мүдде, тіл мен жер, қазақ болашағын жазуда сүбелі үлес қосты. Қазақ журналистері – елдің тағдыры шешіліп жатқан сәтте халықпен бірге болған, жұрт мұңын жеткізіп, сөзбен күрескен, кейде сол үшін өмірін қиған қайсар тұлғалар. Олардың ерліге мен еңбегін айтпау кету ұлтқа салған таңба болары сөзсіз.
XX ғасырдың басында қазақ журналистикасы «Қазақ» тәуелсіздігін аңсаған Алаш қайраткерлерінің бастамасымен қалыптасты. 1913 жылы жарық көрген «Қазақ» газеті қазақ журналистикасының жаңа дәуірін ашты. Бас редакторы болған, тілші әрі публицист Ахмет Байтұрсынұлының газет арқылы тіл, білім, жер мәселесін, елдің бірлігі мен рухани жаңғыруын көтерді. «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзі ұлттық баспасөздің миссиясын айқындап берді.
Ахметтің жалғасы болып, халық жауы саналса да қоғамның рухани тірегіне айналған Міржақып Дулатов «Оян, қазақ!» еңбегімен ұлт санасын оятқан қаламгер және газет беттерінде оқу-ағарту, жер дауы, әйел теңдігі тақырыптарында өткір мақалалар жазды.
Осы тұста «Қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген із қалдырған Әлихан Бөкейханов ерлігі де тарих беттерінде қашаулы тұр. «Қазақ» газетінің саяси бағытын анықтаған, еркін ойлы публицист Ресей Думасында ұлт мүддесін қорғап қана қоймай, баспасөз арқылы да халыққа үн қатты.
Сәкен Сейфуллин – білімге шақырушы, Бейімбет Майлин – «Ауыл» өмірін кеңінен суреттеген, шынайы тіл қалыптастырушы, Мұхамеджан Сералин қазақ әйелдерінің жағдайын алғашқылардың бірі болып жазған, Шерхан Мұртаза «журналист – күрескер» деген сөзімен қазақ журналистикасының «қара нары» атанған әдеби мұра мен ұл рухын сақтап қалған белгілі есімдер.
ХХ ғасыр соңы да журналистер санымен толықты. 1980–1990 жылдары журналистика кеңестік шеңберден шығып, еркін ой айту алаңына айналды.
Желтоқсан оқиғасы, экология мәселелері, халық мүддесі жайлы жазылған мақалалар қоғамда үлкен серпіліс тудырды. Қалам арқылы жұрт намысын қайраған Сейдахмет Бердіқұлов ел үніне айналған «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы ретінде қазақ жастарын тәрбиелеуге, қоғам мәселелерін ашық қозғауға атсалысты. Тағы бір айта кетер ерекше тұсы ол – қазақ спорт журналистикасының негізін қалаушылардың бірі.
Қазақ телевизиясының алыбы саналған Нұртілеу Иманғалиұлы –  телевизияның тілі мен рухы ұлттық сипатта болу керек деген ұстанымды берік ұстанып, көк экраннан қазақтың үні мен үмітін сөйлеткен, қазақ телевизиясының брендіне айналған, халық жүрегіне жол тапқан дара журналист, жүргізуші, публицист, ел мүддесін көксеген қайраткер. «Жүректен сөйлейік», «Айтуға оңай» сияқты телехабарлар арқылы қоғамдағы өткір мәселелерді қозғап, халық санасында: «Нұртілеу сөйлесе ел тыңдайтын еді. Ол енді үнсіз, бірақ дауысы халықтың жүрегінде жаңғырып тұрады...» деген жарқын жүзімен жүрек түкпірінде қалды.
Шығармашылық белсенділігі 2000 жылдары басталып, нағыз қызған шағы 2013 жылы көрермен жүрегінен орын алған Бейсенбек Құранбек қазақ журналистикасындағы шоқтығы биік тұлғалардың бірі. Ол тележурналист болу арқылы, халық жүрегінде орны бар, шынайылық пен шындықтың жаршысы, ел мүддесі мен адам тағдырына бейжай қарамаған азамат. Нағыз ел есінде қалған кезең – «Айтуға оңай» бағдарламасы арқылы басталды. 2013 жылдан бастап жүргізген бұл ток-шоу көптеген адамның тағдырын өзгертіп, жұртшылықпен тікелей байланыс орнатып, кейін «Қарекет» бағдарламасы арқылы көрерменнің ішкі жанайқайын сезе білді.
«Журналист – қоғамның ар-ұяты» деген ұғымның тірі дәлелі Бейсен Құранбек еді. Ендігі жерде ол – қазақ журналистикасының алтын парағында мәңгілік есім.
Ғаламтор және жаңа медиа
Бүгінгі таңда журналистика бұрын-соңды болмаған өзгеріске ұшырап отыр. Ақпараттық желінің пайда болуы хабар тарату тәсілін түбегейлі өзгертті. Олар: онлайн жаңалық порталдары, әлеуметтік желілер, блогтар мен влогтар, цифрлық газет-журналдар, подкасттар мен TikTok-репортаждар.
Енді кез келген адам куә болған оқиғасын суретке немесе видеоға түсіріп, әлемге жариялай алады. Осылайша «азаматтық журналистика» деген жаңа құбылыс пайда болды.
Бірақ желі журналистикасы ақпараттың сапасына, шынайылығына, тексерілуіне байланысты жаңа қауіп пен міндетті де алып келді. Осыған байланысты бүгінде фактчекинг, ақпаратты сүзгіден өткізу, жауапты журналистика ұғымдары алдыңғы қатарға шықты.
Қазақстандық ХХІ ғасыр журналистері – ақпарат дамыған кезеңдегі қоғам санасына әсер ететін үлкен күш иелері. «Заманға сай адамы» қашанда көштен қалмай өзгеріп отыратыны хақ. Олар тек дәстүрлі медиа ғана емес, ғаламтор платформаларда да белсенділік танытып, халық пен билік арасындағы көпір бола білді. Заманауи қазақ журналистерінің бейнесі ретінде мультимедиалық, бастамашыл, халық үніне құлақ асатын, жаңа медиаға икемді тілшілер қалыптасты.
Арал алыптары
Арал өңірі – тек тарих пен табиғат қана емес, руханият пен рухты сөздің де мекені. Бұл өлкеден шыққан қаламгерлер елдің ақпараттық кеңістігіне өз өрнегін қалдырды. Олардың еңбегі – жаңалық жеткізумен қатар, ұлт тағдыры мен экологиялық мәселелерге үн қосу, қоғамның санасына әсер ету. Төменде Аралдан шыққан немесе Арал мәселесін шынайы жүрегімен жазып, елге танытқан журналистер де жетерлік.
Ғибраты мол, әйгілі әдебиетші 1930 жылы шыққан Арал аудандық алғашқы басылым – «Екпінді балықшы» газетінің алғашқы редакторы Әуелбек Қоңыратбаев еді.  Ол аудандық баспасөздің негізін қалаушылардың бірі ретінде танылды. Сол заманда журналистика идеология мен тәрбие мектебі болатын. Осы миссияны Қоңыратбаев абыроймен атқарды.
Заман шежіресіне айналған  тілші Шәкірат Дәрмағанбетов көп жасқа үлгі болған, қаламы қолынан түспеген жазушы. 1965–1991 жылдар аралығында «Сыр бойы» газетінде тілші болып еңбек етті. Арал өңірінің аңыз ақсақалына айналған Шәкірат ата – өңірдің әлеуметтік тынысын, адам тағдырын жүрекпен жазған қаламгер. Оның мақалалары өміршеңдігімен және адамға деген жанашыр көзқарасымен ерекшеленді.
1953–1962 жылдары республикалық «Лениншіл жас» газетінде, кейін аудандық «Социалистік Арал» газетінде жауапты хатшы қызметін атқарған Мәлік Сарсенбаевтың мақалалары әлеуметтік және экономикалық тақырыптарда жазылған жан-жақты материал еді. Журналистикадағы табанды еңбегі үшін Арал қаласындағы бір көше оның есімімен аталады. Қаламының күшімен жұрт жанашыры бола білген жан.
Арал өңірінен шыққан журналистер – қоғамның ақпараттық тынысын сақтап, келешек буынға үлгі болып жүрген кадрлар. Олар: Алғашқы буын – мемлекеттік радио хабарларын ұйымдастырушы жас тілшілер.
Аралдан шыққан журналистер елдің жанайқайын жеткізген рухани майдангерлер. Себебі олар қоғаммен бірге өмір сүріп, халықпен бірге күресті. Әсіресе, Арал экологиясы – олардың жүрек жарасы, ал мақалалары – ел есінде қалған естелік. Бұл есімдер бүгінгі ұрпаққа шабыт беріп, журналистика саласындағы ұлт мүддесін қорғау жолында үлгі болары анық.
«Толқын» тынысы
Арал шежіресін, тыныс-тіршілігін, үні мен үмітін жеткізіп келе жатқан рухани айна – Арал аудандық «Толқын» газеті. Басылым – елдің жадында қалған кезеңдердің үнтаспасы, өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір.
Талай тұлға тәрбиелеуде «Толқынның» атқарған еңбегі мол. Газеттің редакциясында қызмет еткен журналист – сол дәуірдің айнасы.
Қазіргі таңда газет жаңа медиа талаптарына сай жұмыс істеп келеді. 2024 жылдан бері бас редакторлық қызметті жас журналист, ақын Айдар Сайлауов атқарып келеді. Ол газет мазмұнын жаңартып, шынайы стиль, әдеби тіл, сараптамалық бағытты күшейтті. Заман қарқынына сай газет Instagram, Facebook желілерінде парақшаларында оқырман санын арттырып, тікелей байланысты үзген емес.
Жастардың көзқарасы мен ойына кеңінен орын берілуде: авторлық мақалалар, эссе, поэзия, заманауи шолу мақалалары тұрақты жарияланады.
Толқындық журналистер – ұлттың сөзін сөйлеген рух майдангерлері, еңбегі – жұртшылық  жүрегінде жазулы.
Тілшілердің қаламы – сырлы, ниеті – адал, мақсаты – халыққа қызмет. Басылымда жазылған әр жол – оқырман жүрегіне жол тапқан үн.
Қаламының ұшымен халықтың үніне айналған «Толқын» газетінің 95 жылдық мерейлі белесі құтты болсын – сөз сапарың сарқылмасын, рухың мәңгі тасысын!
Нұрай ӘМІРХАНОВА

Фото: Нұрболат Нұржаубай
01 шілде 2025 ж. 73 0