Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Төртінші билік өкілдері қазіргі қоғамға қажет пе?

Төртінші билік өкілдері қазіргі қоғамға қажет пе?

Бүгінгі технология дамыған заманда қолына газет алып оқып отырған немесе көгілдір экран алдына байланып, жаңалық қарап отырған адамды аңғара бермейміз. Ақпаратпен таныс болудың бұл түрін қазір ұялы телефон алмастырғаны анық. Қолдарындағы смартфон арқылы кез келген жаңалықпен лезде таныс болатын бүгінгі заман адамдары газет пен теледидарды ұмытқаны қашан?!
Адамның ой-санасын басқа арнаға бұра алатын бұл күштің мықтылығы соншалық, онда болып жатқан барлық дерлік оқиғаға оп-оңай сене қаласыз. Яғни, жалған ақпаратқа толы кейбір ақпарат сайттары адамды сендірмей қоймайды.Тіпті оған қалай сеніп қалғаныңызды аңғармай да қаласыз. Мұндай сайттармен қанша күрес жұмыстары жүргізілгенімен, толықтай құрту мүмкін емес екені белгілі. Осы тұста ақпаратты шынайы тарата білетін төртінші билік өкілдерінің қоғамдағы рөлі әрдайым жоғары екендігін біле берсек те болады. Ресми басылым беттері мен теледидардағы арнайы жаңалықтар бөлімі ешқашан қалың көпшілікке жалған ақпарат таратпасы анық.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі туралы айтқан болатын. «Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды. Отандық ақпарат құралдарының Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үрдістер туралы өз көзқарасы болуға тиіс. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған байланысты. Мемлекет ашық ақпараттық кеңістік құруға ерекше назар аударады. Сұранысқа ие және мықты медиа билік пен халық арасындағы тиімді коммуникация арналарын ұсына отырып, БАҚ көкейтесті мәселелерді көтере алады және көтеруі керек. Бірақ мұны үлкен азаматтық жауапкершілікпен жасау қажет. БАҚ-ты төртінші билік деп бекер атамайды, сол себепті сіздерге адамдардың санасы мен жүрегіне әсер еткенде сақ болған жөн», – деді Мемлекет басшысы.
Кез келген сала бойынша олардың өзіндік заңнамалары мен қызметкерлерінің құқықтары да болатыны белгілі. Сол секілді 1999 жылдың 23 шілде күні ҚР-ның бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңы қабылданды. Осы тұрғыда Президент БАҚ туралы заңды өзгерту қажеттігін де айтып өтті. «Тәуелсіз және жауапты БАҚ-сыз одан әрі демократиялық қайта құру мүмкін емес деп сенемін. Сондықтан мемлекет мүдделерін, қоғам қажеттілігін және медиа саласындағы өзгерістерді ескере отырып "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заңды қайта қарау қажет»– деді Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында.
Соңғы уақыттары кейбір газеттер жабылып, интернет нұсқаға айналып кетті. Тіпті бұл әрекеттен соң, «Сайттардың көптеп ашылуы дәстүрлі журналистиканы ығыстырады, қағаз түріндегі басылымдардың күні бітеді» деген пікірлер айтылып жүр. Бір кездері қоғамға радио алғаш хабар тарата бастаған уақыттары «газеттің күні бітеді» деген пікірлер айтылған болатын. Ал одан кейін көгілдір экран еніп, интернет сайттары ақпарат кеңістігіне ене бастаған еді. Дегенмен осындай пікірлерге қарамастан, «халықтың көзі, құлағы һәм тіліне» айнала білген газеттеріміз әлі де жалғасын тауып, халыққа қызмет етуде. Филология ғылымдарының докторы, профессор Кәкен Қамзин: «Қазіргі қазақстандық ақпараттық кеңістікте блогтық жұтаң тіл, кибер ой жүйесі жедел қалыптасып келеді. Тіпті, аса бай, аса құнарлы қазақ тілінің варианты осы деуге сенгің де келмейді. Сауатсыздық пен білімсіздіктің көрінісін іздесеңіз, тап қазір блогсфераға жүгініңіз. Өтпелі, уақытша құбылыс болса да, қазіргі интернет сауатсыздық резервациясына, шала сауаттылардың дау-дамай, байбаламы мен бетжыртыс алаңына айналды. Ол – индивидтер, жіктер, әлеуметтік топтар мәдениеті мен көзқарасының айнасы, сонымен қатар психологиялық терапия, тұрмыстық тауқыметтен, сыбағалы мифологемадан дистанциялық тілдесу, ақпарат алмасу арқылы арылудың әдісі. Интернет – ортақ тарихи талқының, ортақ тарихи құлазудың да көрінісі» деген пікірі біраз жайттарды аңғартып тұрғаны белгілі.
Мерзімді басылымның орнын ешқандай ақпараттық топтар алмастыра алмасы анық. Тіпті журналистер мен блогерлерді салыстыруға да келмейді. Себебі журналист өз саласын жетік меңгерген, нағыз маман иесі. Ал блогер болса, төртінші биліктен хабары жоқ адам. Біреуге шеберлік жетіспейді, біреудің техникасы аз секілді сауатсыз жазу мен жалған ақпаратпен адам санасын бұрмаламағанымыз жөн. Сол үшін қазіргі ақпарат тарату легі жоғары дамыған мына заманда мерзімді басылымның орны әрдайым бөлек.
А. НҰРЛАНОВА
---
16 мамыр 2023 ж. 81 0