Қара домбыраны кие тұтқан теңіз перзенті

Даңғайыр өнер иесінің өзі кетсе де, талантты туындылары халқының жүрегінде күмбірлеп тұр. Оның құдіретті күйлері мен әсем әндері ел рухын асқақтатып тұра бермек.
Көзі тірісінде Мұрат Сыдықұлы Аралдың нағыз аңыз адамына айналды. Ес біліп, етек жапқан баладан бастап, еңкейген қартқа дейін оны жақсы біледі. Өйткені титтейінен құдіретті күйлері құлақтан кіріп, жан сезімдерін әсем күйге бөлеген. Арысы Сыр, берісі Арал өңірінде өткен қайбір салтанатты кештер, үлкен шараларда қай кезде де сахна төрінде оның туындылары күмбірлеп, көрермендеріне эстетикалық ләззат сыйлап келеді. Ал енді адамзаттың үлкен экологиялық апатына айналған Арал теңізін іздеуі, Аралмен бірге қайғы-қасірет шегуі, мұң мен зарын төгуі жерлестерінің жүрек қылын толассыз шертіп келген.
Бізде мектеп жасында жүргенде-ақ Мүкеңнің әндері мен күйлерін тыңдап өстік. Әсіресе Аралдың еңбегімен аты шыққан аруы, Социалистік Еңбек Ері Ұштап Өтеулиеваға арнаған атақты "Балықшы қыз" әнін оқушы кезімізде талай мәрте мектеп оқушыларының хорында болып орындағанбыз. Ал енді Арал қаласының көшесінде аймаңдай ағамызды көріп қалсақ, бір-бірімізді түртіп: "Композитор Мұрат Сыдықовты қара!" деп сүйсіне де таңдана қарап, көзбен ұзатып салатынбыз. Ойлап қарасам бүгінде, Мұрат ағамыз сол кезде отыздағы жаста екен.
Сөйтіп біз үшін қол жетпестей болып жүрген дарабоз өнер адамы 70-жылдардың аяғында бір күні мені өзі іздеп келгені бар. Ол кезде мен Арал Май зауытында компрессор машинисі болып жұмыс істеймін. Қолыма қалам алып, азды-көпті бірдеңелер жазып, оларымды жергілікті "Толқын" газетіне жариялап жүргенмін. Соның бірі – "Бір келіншек" атты әңгімемді Серік Сейітмағанбетов ағам алғы сөз жазып, біраз жерге көтере мақтап, газеттің екі санында жариялаған. Мүкең ағамыз осы әңгімемді оқыған болар, өзі ұйымдастырып жатқан "Таланттармен таныс бол" атты шараға шақыра келіпті. Астында мотоциклі, қасында сүйікті жары Базар апамыз бар. Ол:
– Әй, сен қайда жүрсің? Әңгімелеріңді оқып жүрмін. Мен ұйымдастырып жатқан кешке қонақ болып келесің. Осындағы Аралдағы ақын-жазушы ағаларыңмен бірге боласың,-деп шақыру қағазын қолыма ұстатып кетті.
Сірә, шығармашылық адамы ретінде ауданда алғашқы қатысқан шарам осы шығар. Яғни мені өз тарапынан халық алдына шығарған Мүкең ағамыз болды.
Сол күні "Балықшылар" клубына келсем, оның іші адамға лық толы. Аузы-мұрнынан шығып тұр. Жұрттың осындай шараларға әсіресе ақын-жазушылармен кездесуге аса қызығушылық танытатын кезі ғой. Жергілікті ақын-жазушы ағаларым Мешітбай Құттықов, Сағындық Тұрдалиев, Серік Сейітмағанбетов және мені алдыңғы қатардың екі қапталына екі-екеуден отырғызды. Ал сахнада Мұрат Сыдықұлының өзі құрған "Алау" эстрадалық ансамблі қонақтар таныстырылып, олар өздері туралы, шығармашылығы туралы сыр-сұхбат берген соң музыкалық сәлемдемелерін орындап тұрды. Көрермендердің қол шапалақтауы залды кернеп тұрған. Ағаларымызбен де таныстық. Осыдан соң мәртебесі биік Мұрат ағамызбен күні кешеге дейін шығармашылық жолда ағалы-інілі болып жүрдік. Ақыл-кеңесін тыңдап өстік.
Қарашалаң балықшы ауылында туған Мұрат Сыдықұлы бес жасынан домбыра тарта бастап, мектеп қабырғасында оқып жүріп халықтың, Құрманғазының, Қазанғаптың, Динаның күйлерін тартып, өзі де ән жаза бастайды. Мектеп бітірген соң Арал қаласына келіп, үлкен өмірге араласқан. Ол Ақтөбе мәдени-ағарту училищесін және Алматы мемлекеттік консерваториясын тәмамдаған. 50-ші жылдардың соңынан аудандық мәдениет Үйінің ұлт-аспаптар оркестрі мен әуесқой театрдың мүшесі болып, қос ұжымның да халықтық дәрежеге көтерілуіне үлкен еңбек сіңірді. Әр жылдары "Аралбалық" өндірістік бірлестігінің өнерпаз жастарынан "Шағала" ән-би ансамблін, "Алау" эстрадалық ансамблін, "Алтыбақан" ойын-сауық отауын, №220 мектеп мұғалімдерінен "Толқын" би ансамблін ұйымдастырған. 1980 жылы Сыдықовтардың отбасылық ансамблін құрып, республикалық байқауда жүзден жүйрік шыққан. Ансамбль 1988 жылы Мәскеуде өткен І Халықаралық фольклорлық өнер фестивалінің лауреаты болды. Ал келер жылы Сыдықовтар отбасылық ансамбліне "Халықтық" атағы берілді. 1990 жылы Алматыда "Арал шақырады" атты шығармашылық концерті тікелей эфир арқылы бүкіл республикамызға көрсетілді. Ол виртуз орындаушы ретінде республикалық, бүкілодақтық, халықаралық өнер байқауларының лауреаты атанды.
Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі М.Сыдықұлы "Аралмен мұңдасу", "Сүйінші, теңіз-анам келе жатыр" атты жыр-толғаулардың, "Батыр баба Жанқожа", "Мұраттың төкпесі", "Ақтан батыр", "Арал толқыны", "Біздің Ғани", "Әке арманы", "Өмір толғауы", "Тойға шашу", "Астанаға сәлем", тағы басқа күйлері мен "Сырдария", "Қайдасың сен?", "Сыр гүлі", "Шаттанамын", "Туған жер", "Майдангерлер мәңгі жасайды", "Аққуым менің", тағы басқа көптеген туындылардың авторы. "Домбыра-Жүрек жырлайды", "Жырлайды Арал перзенті", "Жыр мәйегі – мақам" атты жинақтары жарық көрген. Сазгер туындылары республикалық телеарнаның "Алтын қорына" жазылып алынған. Осындай ғаламат шығармашылығы еленіп, ол "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атанып, бірнеше орден-медальдарды кеудесіне таққан. Арал ауданының Құрметті азаматы атанды.
Арал өнерінің ардагері, тұлғалы ағасы ретінде Мүкең кейінгі жарқ етіп көрінген дарынды жастарды көрсе, күні кешеге дейін: "Маңдайың жарқырап тұр екен", "Сен менің қырғимысың" деп өбектеп, бауырына тартып айналып-толғанып жататын. Ақмарал Төлекенова, Қуаныш Нұрмаханов, Ақнұр Төлегенова, Ерімбет Орынбасаров сияқты жас өнерпаздар сахнада халық алдында өнер көрсетсе, орнынан тұрып барып, қолдарынан алып, ақ батасын беріп жататын. Мұның өзі жас күйшілерді арқаландырып жіберетін. Басқа да мәдениет пен әдебиеттің өкілдерін әрқашан баурап алып, оларға ақыл-кеңесін беріп, Аралдың басындағы ауыр күйді қайта-қайта нықтап айтып, сол жолда азды-көпті қарекет жасауды тапсырып отыратын. Бұл оның туған жерге деген шексіз махаббатынан болар.
– Мұрат ағаңмен шаңырақ құрғаннан кейін біздің төрімізде құтты қонағымыз боп қазақ халқының өнері мен мәдениетінің тұлғалары Роза Бағланов, Шара Жиенқұлова, Асқар Тоқпанов, Манап Көкенов, Фариза Оңғарсынова, Құдайберген Сұлтанбаев, Советхан Ғаббасов, басқа да талай-талай әдебиет және өнер қайраткерлері болды. Қаншама шетелдіктер әдейі атбасын бұрып келіп, отбасымыз туралы, Мүкеңнің өнері туралы деректі фильмдер де түсірді.
Ел аралап концерттер бердік. Табанымыз тиген жердің бәрінде көрермендер құшақ жая қарсы алды. 1987-1992 жылдар аралығында еңбекпен тапқан 7 мың сом қаржыны "Аралды құтқару" қорына аудардық. Бұл жаңалықты қазақ радиосынан ақын Мұхтар Шаханов халыққа жеткізген еді.

Мен Мүкеңдей асыл азаматқа жар болғанымды мақтаныш тұтамын. Екеуіміздің арамыздағы асыл махаббат шырағы ешқашан сөнген емес. Соның бір айғағы ғана ретінде Мүкеңнің маған арнап он ән шығарғанын айтып кетсем де болар. Екеуіміз тәрбиелеп өсірген ұл-қыздарымыз да өнерге бейім болып, дәстүрімізді жалғап отырды. Төлегенім мен Жандосым да жоғары музыкалық жақсы білім алып, ел көзіне көрінді. Олардың орындаушылық шеберлігі туралы Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы Еркеғали Рахмадиев жақсы баға берген. Біздің отбасылық ансамбльді көрген ол сүйсіне отырып, бірден Мәскеуге жолдама берген. Ал қызым Санира мың бұралып билеп, талай байқаулардың лауреаты атанса, бүгінде оның шәкірттері – жас бишілер халықаралық байқауларда үнемі бас жүлдемен оралып, қазақ би өнерін насихаттауда ерен еңбек етіп келеді. Ал Айдосым жаныма сүйеу, өміріме тіреу болып жүр. Бүгінде төтенше жағдайлар бөлімінде абыроймен басшылық қызмет етіп жүр,-деп композитордың жары Базар Қостаева тебірене еске алады. Әнімен талай сахналарда қошеметке бөленген Базар апа – бүгінде жұртшылық аузында "Аралдың Өнер анасы" деп аталып, Арал мәдениетінің белгілі тұлғасы.
Мұрат Сыдықұлының өмірде де, шығармашылықта да бауырындай болған досы ақын Серік Сейітмағанбетұлы болатын. Бірін-бірі бағалауы өте зор еді. Соның бір айғағы Сәкеңнің Мұратқа арнаған өлеңі.
Қоя бер алға, шабыттың тартпа ат басын,
Нысана қылып өнердің Мекке қақпасын.
Тұрайық дәйім кемпірқосаққа тәнті боп,
Біздерді тағдыр найзағайлардан сақтасын.
Көрсеткен маған ақкөңіл деген сыйың – ем,
Ақ қардай аппақ адалдықтарға сүйінем.
Мен қуантайын елімді отты өлеңмен,
Сен қуант елді симфониядай күйіңмен, – деп жырлағанындай, ол бар ғұмырында Аралдан ұзап шықпай-ақ, ғажайып күйлері, әсем әндерімен бүкіл қазақ еліне есімі мәшһүр болды. Атақ-даңқы дүркіреп тұрды. Қазір Қазақстанның белгілі өнер ұжымдары, талантты күйшілер мен әншілер оның шығармаларын ұдайы орындауда. Өмірден өтсе де, оның өнердегі өлмес мұралары екінші өмірін жалғастыра бермек. Өйткені Мұрат Сыдықов – ұлттық саздың рухы асқақ ұзаны еді.
Ерғали Абдулла,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі