Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұлы ақынды оқиық, замандас!

Ұлы ақынды оқиық, замандас!

Біз хакім Абайды қаншама мәрте оқысақ та тауыса аламыз ба екен?! Біреулер: "Абайды толық оқып шықтым" деп әбден марқаюы мүмкін. Олай дейтін реті бар, бар жазғаны қалың бір-ақ том болатын ұлы Хакімнің бүткіл шығармаларын бір-жар күнде сыдыртып оқып шығуға болады. Бірақ бұл харекетіңіз кемеңгер Абай әлемінің бетін ғана қалқу болатыны аян. Мыңжылдықтарда бір-ақ рет туатын данышпан ақынның әр өлеңінің ішкі мол мазмұнын, айтар ақиқатын, танытар болмысын жете түсіну үшін үлкен де қажырлы ой, сарабдал еңбек керек-ақ. Парасатты поэзиясының әр шумақ, әр жолында ұлан-ғайыр қазына жатыр. Ол мол қазына адамына қарай ауқымын белгілеп ашады. Ал осынау ұшан-теңіз рухани қазынаның алтын кілтін таба білсең, Абай поэзиясы сені жаңа адами биіктерге шығарады, адамгершілік ұстанымдарын, ізгілік иірімдерін қолыңа береді.
Дана Абайды оқу – үлкен еңбек қана емес, ол – даңғайыр өмір мектебі, ол – әлеуетті адамтану, ол – эстетикалық ләззаты сезім сырлары, ол – хаққа жақындау, ақ пен қараны айыру, өмір сырын таныту, одан әрі болашаққа ашылатын нұрлы қақпа.
Абайды оқыған әрбір адам – ой мен парасаттың, терең пәлсапаның иесі болады. Өмірге жаңаша көзқарасы, танымы қалыптасады. Жаңа деңгейге көтеріледі. Содан да көкірегі ояу, көзі ашық оқырман толық адам, кемел адам болу мұрат-мақсатында Абай әлеміне қайта-қайта ат басын бұрады.
Дананы даралар тап басып таниды. Таныған сайын біле түсуге ұмтылады емес пе? Ұлы ақынның 1909 жылы кітабы шыққанын мына жақта, қазақ жерінің бір пұшпағы Аралда жатып естіп, енді соны қолына түсіруге іңкәр болған Нұртуған шайыр бұл айтулы арманы орындалып, Абай мұхитына желкенді қайығын салғанда алған ғаламат әсерін "Абайды оқығанда" атты өлеңінде шабыттана жеткізеді.
Қазақта сөз асылын арқалаған,
Ұлы Абай - бір ғасырдың биік шыңы,
Қолдансаң сөз асылын Абайды біл,
Өзіңше даурыққанмен қаласың құр.
Жүрекке жылы сөзді ұялатқан-
Ол мәңгі тарихтың төрінде тұр, – деп ағынан ақтарыла ұлы ақынның парымы басқа парасат-пайымы зор поэзиясына тамсанысын білдіреді. Осы өлеңінде Нұртуған шайыр "қазақта тең таппадым", "сөз зергері", "ол – дана, жалғыз туған", "қалдырды көп мұраны баға жетпес", "білімдар шайыр кісі" деп айрықша бағасын беріп, шексіз ілтипатын танытады. "Абай кітабы қолға түскенде", "Түседі Абай еске – дауылпазым!" деген өлеңдерін оқыған оқырман Нұртуған ақын сезіміне ілесіп, оның көңіл ауанындағы ерекше шаттықты сезініп, өзі де Абай кітабын қайыра бір қолға алары айқын.
Ал қайсар қазақ, құрыш адам атанған Зейнолла Шүкіровтің "Абайдың кейіпкерлері" деген өлеңінен де көп сырды ұғынамыз, ақиық ақынның абыз ақынға деген табынысын, шексіз таңданысын көреміз.
Кемел ой, мінезге кең айдаладай,
Қайтейік, сағындырдың, қайран Абай! – деп асқақтата лептеп алып, оның тұлғалық алып болмысын айта келе, ақын жасаған образдардың бойындағы кердең, керенеу, кемшін, қисық-қыңыр кесірлі мінездерді атай өтіп, қаншама уақыт өтсе де, Абай дүние салса да, сынға ілінген әлгі жөнсіз қылықтардың әлі қалмай, осы күнгі жақсы, берекелі тірлігіміздің шырқын бұзып келе жатқанына налиды.
Иә, кемеңгер Абай әлемі – әр қазақ үшін, адамзат баласы үшін шет-шегі жоқ, адами мұраттарға апаратын ұлы даңғыл. Сол даңғылмен жүріп, адамдар туралы мағыналы ой қалыптастырасың, тіршілік туралы түйін жасайсың. Әсіресе, өмір белесіне қадам басқан жас ұрпақ Абайды оқыса, жанына жақсы жолдас қылса, олардың бойында ғажайып, жақсы адами қасиеттер қалыптасары шын, содан да болар, ақын жерлесіміз Шынтемір Әмиша "Абайды оқы, қарағым!" өлеңін:
Жанымды егер ертсін десең нәр ағын,
Түгенделсін десең өмір жарығың,
Сырын ұққың келсе абыз дананың,
Абайды оқы, Абайды біл, қарағым! – деп бастап, ұрпағына ақын, философ ұлағатын жеткізсе, келесі "Абайды" бердім алдыңа" өлеңінде де өмірге қадам басқан бар перзентіне дана Мұхтар Әуезовтің ұлы ақынның сан қатпарлы, аласапыран мен ақиқатқа толы өмірін өзек еткен "Абай жолы" эпопеялық романын оқуға ұсынады.
"Абайды" бердім алдыңа, балам,
Баурағай сені шалқыған ғалам.
Мұхиттың дәмін татып бір көрші,
Түлейтін шағың болды, шағалам, – деп адастырмас бағыт береді. Абайды зерсала мұқият оқып, бойына сіңіріп, оның даналығынан нәр алған ұланның өз елінің қамын жер арқалы, атпал азаматқа айналатынына сенімді.
Абайдың жазғаны айналдырған бір ғана томдық көлемде болғанымен де, ұлы даланы даланың перзенттері алаш басының дарындары, ғалымдары сол қазынаны халыққа танытам деп қаншама том болатын кітаптар жазды. Әлі де үзіліссіз жазыла берілмек. "Абай жұмбағын" жаңа ғасырларды жаңа буын ұрпақтар да шешіп, өмір-тағдыр көшін түземек. Көш түзу де салтанатты болуы үшін біз Хакім Абайды үнемі қолға алып оқи бермегіміз ләзім.
Абайды оқиық, замандас!
Ерғали АБДУЛЛА
04 тамыз 2025 ж. 196 0