АТЫ МӘҢГІ ЖҮРЕКТЕРДЕ ҰЛЫНЫҢ
Абай ортақ қазағына, жалпыға.
Саф алтындай өлеңі де өр ағыс,
Абайды оқып шамшырақтай жарқыра.
"Қалың елін" жүрегімен сүйді ақын,
Абай айтқан қазағына сында шын.
Шет елдердің қақ төрінен көреміз,
Дара Абайдың, дана Абайдың тұлғасын.
Сара жолың, Абай жазған өлеңде,
Абай – Абыз даңқы жеткен көп елге.
Аудармашы, сазгер және философ,
Кемдігі жоқ, толған ақын кемелге.
Тәлімінен төгілгендей арай Күн,
Болмысында жан таңданар бар айбын.
Биылғы жыл – қазақ үшін мерейлі,
Туғанына 180 жыл Абайдың!
Қазақ – Абай, Абай – қазақ бір ұғым,
Аты мәңгі жүректерде Ұлының.
Абайды оқып аша аласың расы,
Өсиет пен өнегенің құлыбын.
Тойың құтты болсын, алты Алашым,
Дақпыртымыз күллі әлемге тарасын.
Қазақ үшін ғажабы шын – ұлы ақын,
Абай – дана, аласармас дара шың!
Оңталап БАЗАРАЛИЕВ,
Ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі,
"МАХАМБЕТ" атындағы сыйлықтың лауреаты,
"Мәдениет майталманы" төсбелгісінің иегері
Фото: www.zharar.com