Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Толқындаған тірлікті қалт тоқтатқан…

Толқындаған тірлікті қалт тоқтатқан…

Өмір деген майдан-ды,

Өзегімді қайғы алды.

«Фотошы» еді ол шебер,

Фотоға өзі айналды.

Фотоөнер, фототілші деген мамандық айтылса, біздің дәуірдің адамының аузына бірінші Болат Омарәлиевтің есімі түсетіні анық.

Біз енді кейінгілер үшін айтайық. Бұл кісі кім еді?

Б.Омарәлиев 1948 жылы 15 қарашада Сырдария ауданының қазіргі «Қоғалыкөл» ауылында туған. 

Еңбек жолын 1966 жылы Алматы қаласынан арнайы курс бітіріп келіп, фотограф болып жұмыс істеуден бастаған. 1967 жылы Сырдария аудандық «Сырдария» газетінде, 1969 жылдан облыстық «Ленин жолы» газетінде еңбек еткен. Содан 45 жыл үзіліссіз фототілші болып, 2014 жылы зейнетке шықты.

1979 жылы «Социалистік Қазақстан» газеті жариялаған фотоконкурстың бірінші бәйгесін жеңіп алған. 

КСРО-ның «Советское фото» деп аталатын журналы 1982 жылы Болат Омарәлиевтің фотоларын жариялаған. 1984 жылы 3 қыркүйекте Кеңестер Одағы бас басылымдарының бірі «Известия» газетінің арнаулы тілшісі Эдуард Полянский «Ночь коротка, спят облака» деген көлемді мақаласын қызылордалық Болат Омарәлиевтің суреттерімен безендіріп көрсеткен. Аспаннан ақ қанатын жайып періште түссе таңғалмайтын одақтық тілшіні Омарәлиев фотосындағы образдар қызықтырмай қоймаған сияқты.

1989 жылы сол кездегі «Ленин жолы» газетінің фототілшісі Мәскеуде өткен Бүкілодақтық фотосуретшілер съезіне қатысты. Сол жылы Қазақстан фотожурналистикасын дамытуға сіңірген еңбегі үшін «Фотоөнер қайраткері» медалімен марапатталды.

Омарәлиев шығармалары «Қазақ фотошежірешілері» альбомына, республикада шыққан көптеген тарихи кітаптарға енген. Сол сияқты Алматы, Мәскеу қалаларында бірнеше рет, Польша мен Украинада фотокөрмелері ұйымдастырылған. 2017 жылы Астанада өткен EXPO көрмесі барысында фотосуреттері Ұлттық музейге қойылды.

2019 жылы көктемде «Ауыл» партиясы өткізген «Ауыл нақыштары» атты конкурста Омарәлиев шығармалары бірінші орынға ие болды.

Баспасөздегі көпжылғы еңбегі бағаланып, «Қазақстанның құрметті журналисі» атағын алды.

Бұл – құжаттағы Болат Омарәлиев. Осынша жетістік пен атақ-марапаттың иесі өмірде қандай еді?

Мен 1993 жылы жоғары оқу орнын бітіріп, облыстық «Сыр бойы» газетіне жұмысқа орналастым. Сол кезде сабырлы қалпымен қолымды алып «Қош келдің, руханият ордасына» деген адам журналист Қази Данабаев пен фототілші Болат Омарәлиев болатын.

Болат аға көзіме бірден жылы ұшырады. Ол кісіні сол кезден он бес жылдай бұрын «Сарысу» малшылар жайлауындағы слетте көрген едім. Сонда біз 9-класты аяқтап, жазғы каникулда жүргенбіз. Бұл әр-әр жерде жастардың вокалды аспаптар ансамблін құрып, өнер көрсетуге құмарлана бастаған кезі. Менің ауылым «Тартоғай» қаракөл қой совхозының жастары да «Балауса» ансамбілін құрған. Бүгінде күйшілігімен аты күллі елге мәлім болған Батырхан Маханов осы ансамбльдің белсенді мүшесі, бас гитара ойнаушысы еді. Совхоз ансамбльді шопандар слетіне алып барған. Осы сапарда Батырханның айтуымен мен де ансамбль мүшесі болдым. Бір кезде газет тілшісі суретке түсіреді екен деп жиналдық. Сонда талдырмаш қараторы жігіт ағасы бізді топтап сахнада тұрғандай етіп орналастырды да, өзі жүк машинасының үстіне шығып кетті. «Ал, ән орындай беріңдер», – деді, сосын. Мұнысы назарлары фотоаппаратқа түспесін дегені екен. Оны кейін ұқтым. Сол биіктен түсірілген суретіміз аз уақыттан соң аудандық «Сырдария» газетінде жарық көрді. Суретте музыкалық аспаптар сазымен ән салып тұрған біз ғана емес, көкжиекпен астасқан дала кеңдігі де көрініс тауыпты. Бұл панорамадан кең тынысты әуеннің сазын естігендей күй кешуге болады.
Күллі өміріңде бір ғана мәрте көрініс беретін қимыл-әрекетіңнің қимас сәтке  айналатынын сол кезде сезгендей болдым.

«Сыр бойына» келген күнімнен бастап Болат ағамен қызметтес, сыйлас, сырлас әріптеске айналдым. Қази аға айтқыш әрі әзілқой кісі. «Екеуіңнің де бойың кішкентай, біреуің сөзбен, біреуің көзбен сурет саласыңдар. Мен білсем, Болат – сенің әкең»  дейтін. Болат ағаның менен үлкендігі – он төрт жас. «Әй, сонда шешең нешеде болғаны?» деп өзіне-өзі сұрақ қойып күлетін Қази. Сонда Болат аға: «Шешесі мұны кейін киімімен туған», – деп жауап беретін.

Содан бастап Бөкең әкемдей болды. Маған ғана әке емес, расында ол редакциядағы, облыс журналистикасындағы барлық жастардың әкесі, атасы атанды.

2004 жылы «Сыр бойы» газеті «Мұнай – Қазақстан дамуының игілігіне» деп аталған республикалық конкурс қорытындысында «Үздік басылым» аталымын жеңіп алды. Ал 2005 жылы Қазақстан Журналистер академиясының ең мәртебелі жалпыұлттық журналистік сыйлығы «Алтын жұлдыз» белгісімен марапатталып, «Үздік аймақтық газет» номинациясын иеленді.

Осы жетістіктерде Болат Омарәлиевтің анық қолтаңбасы бар.

Ол менің бағалауымша, Сыр еліндегі фотоөнердің бір дәуірін жасаған тұлға.

Қазіргі кезде суретке түсіру ермекке айналды. Сурет тілінің не екенін білмесек те, кадр түсіруге құмармыз. Әр смартфонда бір фотоаппарт бар. Жастар кез келген жерде бас бармағы мен балаң үйрегін қайшылап тұрып, суретке түсе береді.            

Фотоқұрылғыны ХІХ ғасырда Луи Дагер деген өнертапқыш ойлап тапқан. Табиғат пен адам бейнесін қаз-қалпында көрсете алатын құрылғы шыққан соң эстетиктер фотоөнерді қылқалам өнерінен жоғары орынға қойды. Фотоөнердің осы дәрежесі мен мәртебесін өз биігінен түсірмеген хас шебер Омарәлиевтің небір туындылары болашақ үшін қазынаға айналған фотоальбомдардан табылады.

Шіркін, фотоальбом ақтарып отыратын кездер-ай! Сағыныш сезіміңді жойып жіберген онлайн байланыс үрдісі мен кез келген қажет ақпаратыңды алдыңа тосып тұратын интернет игілігі әлі көп нәрсені ұмыттырса-дағы Болат Омарәлиев мұрағатындағы мирасты жаңарта алмасы анық.

Болат аға архивінде тарих пен тағдырды тасқа басқан қаншама өрнекті өмір суреті сарғайып жатыр десеңізші!

…Тоқсаныншы жылдары Түркиядан атақонысқа аяқ артқан қандастардың бір легі ұшақпен Қызылорда әуежайына келіп қонады. 

Сақалы аппақ сәлделі екі қарт кісі қара жерді сүйіп жатыр. Олардың осы тұрқынан «өлгенім тірілді, өшкенім жанды» деп кемсеңдеген үн естілгендей. Жарықтықтардың туған жер топырағына тәу еткен қас-қағым сәтін Болат Омарәлиев бейнелеп үлгерді. Сол қос мұңлықтың күллі жан дүниесін бір ғана фотосурет ашып тұр. 

Бір кітаптан оқығаным бар еді, мүмкін Раевскийдің кітабы болар. Адам мәңгі дүниеде періштелерді көреді екен. Сонда сорлы адам періштенің көрікті жүзінен алты ай бойы көзін алмай, кірпік қақпаған күйі қатып қалады-мыс. Бұл суретке де дәл сол сипатта қарап, бүтін бір тарихты оқуға болады.

Ал мына бір суреті ше? Меніңше, сурет «Күту» деп аталады.

…Белгісіз солдат ескерткішінің қапталында мұң торлаған кейуана отыр. Бір қарасаңыз ескерткіш алып, бір қарасаңыз кейуана заңғар болып көрінеді. Бейбақ бейненің құрғап қалған көз жанарындағы әлсіз сәуле өңменіңді тырнағандай ауыр күйді бастан кешесің. Арман деген паң осы ма, әлде? Әйтеуір уыстан сусып кеткен уақыттың уы жайылған бір мұңлы сыр бар, мұнда.

Көрген адам фотосуретпен «сөйлесе», «сырласа» алмаса, ол суретті ешкім де елең қылмайды, еңбегің еш. 

«Бері қара, фоткаю» деп жүрген қазіргі «фотографтар» мұны білсін.

Енді сәл кейін шегінейін. Болат аға өмірде өте қарапайым болмыс иесі болды. Аз сөйлейтін тұйық кісі көрінгенімен, ашылып әңгімелесетін кездері көп-ті. Мен өзім араласпаған Мырқы Исаев, Дархан Сапаров, Арзымбек Мәдединов, басқа да «Сыр бойының» тамаша қызметкерлері туралы Болат ағадан естіп, білдім. Сондай кездері өзі әңгімелеп отырған адамды айызы қанып мақтайтын. Жалпы, Болат аға кімді де болса жақсы жақтарын айтқанда өзінен жоғары қоятын жомарт мінездің адамы.

«Арзымбекті білесің бе?» деді бір күні. Ол кісіні көрдім, тек амандасқаным болмаса жақсы білмейтін едім. «Оның фотоөнердегі еңбегі менен де көп. Тек фототілші емес, керемет күйші. Арал ауданының халық аспаптар оркестрінің алғашқы ұйымдастырушыларының бірі болған адам. Атақты Нұрғиса Тілендиев туралы «Нұрғиса» атты күй шығарып, онысын Алматыға арнайы барып композиторға орындап берген. Сонда Нұрғиса риза болып: «Осы уақытқа дейін қайда жүрсің, неге маған ертерек келмедің? Алтын сандықтың түбінде бір күйші қалып кетіпті-ау» деп өкініш білдіріпті».

Болат ағаның осындай әңгімелері жетеді, тірі тарих еді. Тарих демекші, «Қыз Жібектің» басты ролін ойнаған Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешованы әлі киноға түспей тұрған кездерінде суретке түсіріп алған да Болат аға болған.

Қазақ өнерінің небір дара тұлғаларын жеке-жеке әңгімелеп бергенде талай тамаша тағдырларға куә болып, аузымызды ашып отыратынбыз.   

Сол тірі галерея, тірі тарих бүгін арамызда жоқ.

«Жаны таза жарандар сыйлағаным,

Жақсы жолдас,

Жақсы жыр жинағаным.

Басқа нең бар демеші,

Қиналамын…», – деп Әскербек ақын жырлағандай, коңыртөбел тірлік күйін кешіп, өмірден өтті.  

Әскеңді де бекер еске алып отырған жоқпыз.

Нұрділдә Уәлиев, Қайырбек Мырзахметұлы, Шәкизат Дәрмағанбетов, Айжарық Сәдібеков, Әскербек Рахымбекұлы, Әбдібай Уәлиев, Рысты Бекбергенова, Әділхан Бәйменов, Расул Серіков, Асқар Кіребаев, Жақсылық Рахматулла, Қази Данабаев, Оразбек Мақсұтұлы, Жолдасбек Ақсақалов, Серік Пірназар секілді Сыр елінің шежіресі «Сыр бойы» газеті саңлақтарының бәрінен де Болат Омарәлиев туралы құнды пікірлер естідім. «Ұлан-асыр той болып жатады, ат шауып, ас қайнап, ән шалқыған сол толқынды думанды бір көзін жұмып тұрып тоқтатып тастайтын адам» деп әзілдейтіндері де бар.    

Осы әзілдің астарында философиялық ақиқат жатыр.

Болат ағаның фотошығармашылығында портрет, пейжаз, интерьер, архитектуралық кескіндер, бәрі бар. Әсіресе, бұл кісі адам портретін жасау шебері.

Ол кісінің мұрағатында – атақты тұлғалар мен өнер классиктерінің портреттері сақталған. Олардың бейнесінен ғасырдан ғасырға хат болып жететін саф алтындай сыр ақтарылады. Өйткені оның түсірген суреттерінен кейіпкер, кеңістік, суретші арасындағы үшжақты үйлесімділік қатаң сақталған.  

Жаңа адам портретін жасау шебері дедім ғой. Сіз Қазақстанның халық артисі, атақты актриса Әмина Өмірзақованың «Тақиялы періште» фильмінің «концовкасындағы» адам жан дүниесін қозғайтын ғажап күлкісін еске түсіріңізші. Дәл сол күлкіні Әминаға қарапайым өмірде қайталатып, фотосуретке басқан да – Болат аға. Мұндай қайталанбайтын нәзік мезеттерді  қарапайым адамның ми мен санаға салмақтап үлгеруі мүмкін емес.
Толқындаған тірлікті қалт тоқтатқан...

Болат Омарәлиев – мыңжылдықта бір туатын дарын.

Бүгінгі күннің белгілі сөз зергері, талантты журналист, журналистика саласындағы Президент грантының иегері, академик Бауыржан Омарұлы әлеуметтік желідегі парақшасында Болат Омарәлиевті «Қазақ фотожурналистикасының Қарт Қожағы, көркемсурет һәм көркемсюжет шебері» деп бағалаған еді.

Біз осы сөзден асырып айта алмадық. 
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»

Фотосуреттер Болат Омарәлиевтің жеке мұрағатынан алынды.

10 тамыз 2025 ж. 56 0