«ҚАДІРІН АБАЙДЫ ОҚЫП ТАНЫҒАНДА, ҚАЗАҚҚА ТЕҢ ТАППАДЫМ ОСЫ МАҢДА»
Қазақтың ұлы ақыны, ғаламның сырын терең ұғынған ойшыл ғұлама хакім Абайдың көкейге ой салар туындылары арада бір жарым ғасырдан аса уақыт өтсе де халқымыздың рухани өміріне қалтқысыз қызмет етіп келеді. Бүгінде Абай әлемін тек ұлт деңгейінде ғана ұлықтамай, оның маржан ойларын бүкіл адамзат үшін өшпес мұра ретінде насихаттау жұмыстарының қолға алынып жатқаны қуантады. Оған себеп те жоқ емес, өйткені Абай даналығы барша адамзатқа ортақ мәңгілік рухани азық болар жасампаз ілім.
Тарихы тереңнен тамыр тартып, ежелден өркениет ошағы ретінде саналатын киелі Арал-Қазалы өңіріне ұлы ойшыл ақынның есімі, оның жауһар шығармалары кімдер арқылы, қалай тарады екен деген сұрақ көптен бері көкейімізде жүретін еді. Осы қызығушылығымызға Арал өңірінен шыққан халық таланттарының ішіндегі жарық жұлдызы, ұлттық әдебиетіміз бен өнеріміздің қос тізгінін тең ұстап, өзіндік үні бар дәстүрлі жыраулық мектептің негізін қалаушы Нұртуған шайырдың шығармашылық ғұмыр баян деректерін қайта қарап көз салып зерделеу барысында жауап тапқандай болдық.
Нұртуған Кенжеғұлұлы (1889-1930 ж) Абай шығармашылығына аса ынта жігер танытып, өз бетінше іздене жүріп оқып, үйреніп қана қоймай, поэзия әлеміне жаңаша леп әкелген ақынның өлеңдері мен ғибратты ілімдерінің жан жақты насихаттаушысы да болғандығына көз жеткіземіз. «Қазақта Абай деген мықты ақын шығыпты» деген алғаш ел ішінде тараған әңгімені естіген Нұртуған оның көңілге қонымды, кестелі ой орамдарына толы жырларымен танысуға аса құштарлық танытады. Сөйтіп жүргенде «Абайдың кітабы шығыпты» деген хабарды естіп, жатпай тұрмай іздестіре бастайды. Алайда денсаулығының дімкәстігі бар, әрі ғұмырында жоқшылық қамытын көп тартқандығы қолбайлау болып, ауылынан ұзап шыға алмайды. Сол кезде арғы замандардан-ақ ішкі Ресейді, Үнді, Ауған, көне Хорезм, Үргеніш жұртымен жалғастыратын «Ұлы Жібек жолының» бір тармағы саналатын Ноғай жолы «Мырзасқа» жақын Тасөткел деген жерден өтеді екен. Ол жерден сауда керуендері ерсілі қарсылы өтіп жататын болған. Ел есіндегі әңгімелерде сол шақтарда Аманөткелдегі қоныс аударып келген оның Мартынов, Лонкин Курноскин деген орыс көпес достары әр келген сайын ақынға орталықтан кітаптар, газет-журналдар әкеліп беріп тұратын көрінеді. Есіл дерті Абайдың кітабын қолыма бір ұстап көрсем деген шайыр сол керуенші саудагерлерге де сұрау сала бастайды. Ақыры болмаған соң, сырлас досындай болған ұстазы Сұлтан ағасына қолқа салады. Ақын інісінің рухани жан дүниесін жақсы түсінетін өрелі азамат оның сөзін жерге тастай алмай, өтінішін орындауға келісімін береді. Сөйтіп ол әдейілеп алыстағы Семей еліне жол тартып кетеді де, араға екі жылдай уақыт салып ақыры Абайдың кітабын әкеліп, інісінің қолына табыс етеді.
Осы жерде айта кетер бір жай, Абайдың Мүрсейіт молда жинақтаған өлеңдерінің Ә.Бөкейхановтың тапсырмасы бойынша баласы Кәкітайдың 1909 жылы Санкт-Петербургтегі Барагынский баспасынан жинақ болып шыққандығы белгілі. Оған ақынның 145 өлеңі мен 2 дастаны енгізілген. Бірақ қара сөздері қамтылмаған. Одан соң екінші рет 1922 жылы Қазан баспасынан латын тілінде кітабы басылып шықты деген дерек бар. Сұлтан әкелген кітап сол болуы мүмкін, бірақ оның анық қанығын келешек зерттеушілер анықтай жатар.
Көптен бері бір көруге ынтызар болып жүрген кітабы қолына тиген шайыр, бойын кернеген қуанышын сыйғыза алмай қатты толқиды деседі. Сол сәттегі оның көңіл-күйін «Абай кітабы қолға тигенде» атты алғашқы шығарған мына өлең жолдарынан-ақ көруге болады.

Кітабы жүрген еді түспей қолға,
Сұлтанға көп рахмет тапқан зорға, – деп ағасына деген жүрекжарды ризашылығын білдіреді.
Іңкәр дүниесі қолына тиген Нұртуған Абай шығармашылығын жатпай-тұрмай оқып, таным-түсінігінің жаңа деңгейге көтерілгеніне қатты қуанады. Абайдан алған алғашқы әсері жөнінде оның «Соқпақтан шығар жаңа жол таптым» деп қуана жазған өлең жолдарынан көруге болады. Тіпті, сырқаты күннен күнге ауырлай түсіп жатса да «ой – түзу, көкірегім сайрап жатыр, Алланың мұнысына да шүкіршілік» деп басына түскен қайғы-мұңға дес бермей, тәубәшілік танытқан шайыр «Түскендей бақыт құсы уысыма» деген өлеңінде «Абайдың әрбір сөзі шабыт беріп, түскендей бақыт құсы уысыма» деп көңіл-күйі көтерілгенін білдіреді. Солай дей тұра өзін Абайдың рухы мен ұлылығы алдында кішік санап:
Ұрпағым кешір мені оқи қойсаң,
Жетпедім Ұлы Абайдың тумысына, – деп кейінгілерден өз туындыларының әлсіз тұстары үшін кешірім сұрауды да ұмытпайды.
Нұртуған ешқандай да арнаулы оқу орнында оқымаған адам, бірақ өзінің ынта жігерінің арқасында өздігінен ізденіп шығыс ойшылдары Фирдоуси, Науаи, Низами, Физули, Иассауи поэзияларымен таныс болған. Орыс, Еуропа классиктерінің де шығармаларын оқыған. Олардың теңдесі жоқ туындыларынан тәлім алып сусындаған. Алайда ол Абай шығармашылығымен танысқаннан кейін жазған «Абайды оқығанда» деген өлеңінде
Соқпақтан жолды салса Абай тыңы,
Білімдар шайыр кісі білер мұны,
Қазақта сөз асылын арқалаған
Ұлы Абай – бір ғасырдың биік шыңы, – деп, оны қазақ поэзиясындағы тың игеруші ірі тұлға деп баға бере келе, қазақтың төл поэзиясының туын желбірету арманын жүзеге асыруды алдына мақсат етіп қойған.
Шайырдың Абайға деген табынушылығын оның әр өлеңінен-ақ байқауға болады, әрі ол оны ерекше толғаныспен әр қырынан көрсете отырып жырлайды.
Қазақта Абайдан өткен адам жоқ. Ол – дана. Мәңгі тарихтың төрінде, бір ғасырдың биік шыңында тұрар – ұлы тұлға» деп жоғары баға бере келе «Қазақта сөз асылын ардақтаған, Ұлы Абай – бір ғасырдың асқар шыңы. Қолдансаң сөз асылын Абайды біл» деп дәріптейді.
Ал «Теңесем ұлы Абайды асқар шыңға» деген өлеңінде Абайдың арқасында:
Ілімнің қазақ кірді ордасына,
Теңесем Ұлы Абайды жол басына.
Ілімге қолын созды барша қазақ,
Басқалар енді бізбен тең бола ма? – дей келе ел жұртын Абайдың жолын жалғастыратын жас ұрпақ өкілдерінің бар екендігіне де көңілі толып Сәкен, Ілияс, Бейімбеттердің есімдерін атап «өрге шыққан» інілерінен үлкен үміт күтетінін қуана жырлайды.
Кезінде Әлихан, Ахмет, Мұхтар сияқты ұлт зиялылары Абайды зейіндей оқып зерделеп санаға тоқымақ – қазақтың әрбір ұл-қыздарының перзенттік парызы екенін толғап та, қозғап та тағлымдаған екен. Сол қатардан "Абайды қалай сияр жырласақ та, дана ғой жалғыз шыққан сол тұстағы. Қазағым, қайран жұртым, қамшыларсың, кезікті Абай дана ырысыңа!" – деп оның ақындығын, ізгілігі мен ұлылық қасиеттерін ерте түсініп үлгі тұтып, халқына шамасы жеткенше түсіндіріп, надандық бұғауын серпіп тастап, ел жұртының жарқын болашағына деген үміт отын оятып, жол сілтеген Нұртуған бабамызды қалайша дара дарын, кемеңгер данышпан демессің! «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген қанатты сөз – қазақтың бас ақыны ұлы ойшыл Абай мен оның бір-бірінен алыс жатса да ой пікірі үйлес ізбасар шәкірті Нұртуғанға арнап айтылғандай. Алдағы Абай тойы қарсаңындағы сұңғыла шайырдың ақынға арналған алты өлеңін қайта оқып шыққандағы біздің пікіріміз осы болды.
Үргенішбай ҚУАТОВ
Фото: автордан