Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Емшілер өткен осындай

Емшілер өткен осындай

Қасиетті Ислам дінінің көрнекті ғалымы, ірі дінтанушы, профессор Мұртаза Бұлұтайдың 2000 жыл 5 мың данамен шыққан «Ата-баба діні. Түркілер неге мұсылман болды» деген қалың кітабы бар. Кітап энциклопедиялық шығарма. Кітаптан ерте заманнан кешеге дейінгі дін саласындағы ірі ғұламалардың өмір жолдары мен істеген істері, жалпы әлемдегі діндердің пайда болуымен олардың өмір сүру жолдары жайлы толыққанды мәліметтерді алуға болады. Мұртаза бауырымыз осы кітабының «Ата-баба культі» деген тарауында «Аруақтарға табынудың керегі жоқ, ертеректе өлген ата-бабалардың басына түнеп, мал шалып, олардан жәрдем сұрау дұрыс емес, ол Аллаға серік қосқан болып табылады, әруақтар адам баласының ешбір тілегін орындай алмайды, жәрдемді тек Алладан ғана сұрау керек» деген сияқты пікір білдіріпті. Ғұлама ғалымның бұл пікірін мен санама сыйғыза алмадым.
Қазақта киелі деген ұғым бар. Бұл тектен-тек жәй айтыла қалған сөз емес. Мәселен, жұптасып ұшып жүрген аққуды қазақ киелі құс деп атпайды, оны махаббат символы санайды. Сондай-ақ, отарын бастап жүрген киіктің текесін де атпайды, оны киелі деп есептейді. Аңшы байқаусызда оны атып алса, өзіне үлкен зақым келуі мүмкін. Қозы Көрпеш-Баян сұлу жырында Сарыбай киіктің киелісіне тап болып мерт болған жоқ па. Адамдар арасында да осындай киелі, көріпкел, әулие адамдар көптеп кездеседі. Халық оларды «аруақ қонған» дейді. Басқа адамдарға қарағанда олардың бойында ерекше қасиет болғасын аруақ қонған деген.Үш жүзге пір болған Мүсірәлі бабамыз буаз сиырдың ішінде жатқан бұзаудың барлық белгілерін дәл түстеп берген. Қазақтың марқасқа үш биі оның осындай ерекше қасиеті үшін үш жүзге пір сайлаған. Халық Оқшы ата, Қамбар ата, Жылаған ата, Асан ата, Қорасан ата, Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан баб, Қорқыт баба, Қара молда, Қарашаш ана, Бегім ана, Айша бибі, Бекет аталардың басына түнеп, тілек тілейді. Өйткені олардың барлығы да аруақ қонған, ерекше қасиетті дарын иелері.
Мәселен, біздің ауданда да Қазанғап, Шаяхан деген кісілердің зираттары бар. Екеуі де үлкен қара жолдың бойында. Олардың қасиетін біле тұрып, басына тоқтамай, рухына зиярат етпей кісілерге үлкен зиян келуі мүмкін. Бұл ұзақ жылғы өмірлік тәжірибеде дәлелденген.
Мұндай әруақты адамдар біздің өңірде де көп болған. Солардың бірі өткен ғасырда өмір сүрген Айтмағанбет баласы Садық деген кісі екен. Садық атамыздың арғы бабаларынан бастап, өзінің әкесі Айтмағанбетте, кейінгі ұрпақтары да дін жолын ұстанған әруақты көріпкел әулие адамдар болыпты. Тіпті үлкен атасы Төлеш батыр атақты Жаңқожа батырдың үзеңгілес жолдасы болған. Төлеш батыр туралы З.Шүкіровтің Жаңқожа батыр туралы кітабында кеңінен айтылған, белгілі жазушы Толыбай Абылаевтың баспасөз беттерінде жарияланған бірнеше мақалалары бар. Айтмағанбат те, Садық та өз замандарында ауру кісілердің тамырын ұстап, көріпкелдікпен ем жасап, халық арасында зор беделге ие болған. Алдына келген адамдар қайта келмепті және келетін адамдарды түс көріп, алдын ала біліп отырады екен. Көптеген адамдарға ем жасап, ауруларынан құлан таза жазып шығарған, елдің шексіз алғысына бөленген.
Бірде Садық атамыздың көршісі Тәрбие деген әйел үйленгеннен кейін көп ауырыпты. Содан әкесі оны Садыққа әкеліпті. Садық атамыз әйелді көп емдеп ақырында жазып шығарады. Соңында әйелге:
– Балам сенің несібең көп болады, өлгенше несібелі боласың. Ай, балам-ай, баладан кем боласың-ау, – депті және әйел кеткеннен кейін үйдегілерге 74 жас жасайды депті. Шынында да, Тәрбие өлгенше несібелі болып, бақуатты өмір сүріпті, бірақ баласы болмайды, ағайындарынан бала асырап алады және емші айтқандай 74 жасында қайтыс болады. Кейін әкесінің айтқаны айдай келгеніне қызы Мәдина қатты таң қалыпты. Тағы бірде бір әйелді әкелгенде, «Қап, ауруы асқынып кеткен екен, ертерек әкелгенде ғой» деп өкініпті.
Садық атамыз 1901 жылы туып, 70 жас жасап, 1971 жылы қайтыс болған. Оның алдында да бір өліп, жаназасын шығарарда қайта тіріліпті.Көзін ашқанда құбыла жақтан бір адам келіп, менің бір мүшемді алады депті.Тұрғанда екі құлағынан саңырау болып қалғанын біледі. Садық атамыз денсаулығына байланысты Ұлы Отан соғысына қатыспаған, бірақ тылда қажырлы еңбек етіп, Ұлы Жеңістің жақындауына өз үлесін қосқан. Садық атамыздың Әмзен, Мүсілім, Әзілхан, Қасым, Әмірхан атты ұлдары және қызы Мәдина болыпты. Бүгінде Садық атамыздан ұрпақтардан ұлы Қасым мен қызы Мадина қалыпты. Қасым Қызылорда қаласында тұрады. Ол да әке жолын ұстап, дінге бет бұрған өнегелі жан, айналасына беделі зор. Советтік тәрбиеде өсіп, білім алғандықтан, Мадинаға аталарының қасиеті онша қонбапты. Дегенмен ол да оразасын ұстап, бес уақыт намазын қаза жібермейді. Шымкенттің музыка училищесінде оқып, қобыз, домбыра аспабын меңгеріп шыққан. Аудандық Қазанғап оркестрінде ұзақ жыл қобызшы-домбырашы болды. Аудандық Өнер мектебінде жас жеткіншектерге қобыз, домбыра класынан сабақ беріп, осы мекемеден зейнетке шықты. Өнер мектебінде де, оркестрде де ол үлкен абыройға ие болды.Бүгінде қыздарын қияға қондырған, ұлы Серіктің қызығын көріп, немере сүйіп отырған бақытты да бақуатты әже. Жолдасы Аманқос Жүсіпов те өнердің адамы еді, ұзақ жыл оркестрде мүше болып, өмірден ертелеу кетті.
Иә, уақыт өз орнында тұрмайды, біреулер кетіп, орнына басқалар келіп жатады. Ұрпақ сабақтастығы деген осы.
Жақсыбай ТӨРЕБЕКОВ

Фото: автордан
12 тамыз 2025 ж. 50 0