МӘДЕНИЕТ – МӘҢГІ МҰРА

Аудан көлемінде осы салада ерінбей еңбек етіп келе жатқан мәдениет өкілдерінің жұмысын айту баспасөз өкілдері үшін өміршеңдікті ары қарай өтуге бағытталған өнері екенін ешкім жоққа шығара алмас.
Қазірде Арал ауданы бойынша 73 мәдениет мекемелері үздіксіз қызмет атқарып келеді. Олардың ішінде аудандық мәдениет үйі, қалалық мәдениет үйі, аудандық мәдениет орталығы, 4 ауылдық мәдениет үйі, 23 ауылдық клуб, 39 кітапхана, аудандық тарихи-өлкетану музейі, балықшылар музейі, «Суреттер сыр шертеді» музей бөлімшесі, Арал қалалық тарихи музейі халыққа қызмет көрсетуде.
Осынау мекемелерде өнері мен өмірін келер ұрпақтың ұлағаттылығы үшін 141 мәдениет мекемелеріндегі үйірме үлес қосса, 1722 өнерпаз түрлі өнерді меңгеріп, дәріс алуда. Жыл басынан бері 6 айда 21644 көрерменді қамтыған 615 мәдени іс-шара өтті.
Аудан мәдениетін ұйыстырған мекеме немесе шаралар шеруі
Арал аудандық мәдениет үйіне қарасты мәдениет үйлері мен клуб кәсіпорындары 2025 жылдың алғашқы жартысында 343 шара өткізді. Түрлі жастағы аудан тұрғындарының талғамынан табылып келе жатқан мекеменің ұйымдастыруымен 15 сәуір күні Балықшылар аллеясында Қозы Көрпеш-Баян сұлу күніне орай «Махаббат – мәңгі ертегі» атты концерт өтті. Жастардың жүрегіне жалын, ересектердің өткеніне саяхат жасатқан шараның ауқымы аралдықтардың берген бағасынан байқалады.
Қала тұрғыны Ә.Қуандық:
– Бұл – біздің отбасымыз үшін ерекше күн. Алғаш жаңа өмірге осы атаулы күнде қадам басқан едік. Мерекелік шара сол сәтімізге сәтті саяхат сыйлағандай әсер қалдырды. Сондай-ақ әулие Валентин күні деп Батыстың мәдениетіне еліктеген жастардың санасын да қазақылыққа бейімдеудің бірден-бір жолы. Талай ұрпақтың санасында сүйкімді сезіммен сақталған махаббат символдары тұрғанда Алаш зиялысы Әлихан Бөкейхановтың "Еуропа мәдениеттімін деп мақтанғанымен, мәдениеті өнерінде ғана, ал мінезі хайуандық сапарынан қайтқан жоқ" дегеніндей өзгенің қаңсығын өзімізге таңсық етудің қажеті қанша?! – дейді.
Мұнан бөлек 25 сәуір күні аудандық мәдениет үйінде жыршы, этномузыкатанушы, фольклоршы, филология ғылымдарының кандидаты Берік Жүсіповтың шығармашылық кеші өтті. 26 сәуір күні композитор, дирижер, халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтың 100 жылдығына арналған «Күй құдірет, күй кие» атты дәстүрлі аудандық күйшілер байқауы өтті.
Мамырдың мерекелік күндері де мәдениет ошағының мінсіз жұмысының нәтижесінде өз мәнінде өте жоғары деңгейде аталып өтті. Мәселен 1 мамыр Қазақстан Халықтары бірлігі күніне орай және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуына орай «Қазақстан – бірлік пен татулықтың мекені» атты меркелік қойылым концерті халықтың жүрегінен орын тапса, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұрпаққа ұран болған – Ұлы Жеңіс» атты мерекелік концерт өтті. Ал 21 мамыр – Мәдениет қызметкерлері мерекесіне арналған «Өнер мәңгілік мұра» атты мерекелік шара мен 29 мамыр күні ұйымдастырылған «Сағындырған әндер-ай» атты аудандық ретро әндерден байқауы көрген жанның жүзіне жылу, жүрегіне шаттық сыйлады.
Жаздың шуақты күн 13 маусымда З.Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінде Аманөткел ауылдық мәдениет үйі жанынан құралған халық театрының «Соңғы парыз» романы негізінде сахналық қойылым көрерменге ұсынылып, әдебиет абызының шығармашылығы ұлықталды.
Жыраулар үйінің жыр шашуы
Арал аралдықтардың көнеден көңілін шалқытып, өнерін қалқытып келе жатқан мәдениет ордасы саналатын Арал аудандық мәдениет орталығы әлікүнге дейін халықты құшағына сыйдырып, көпшілікке өнердің кереметін ұсынудан жалыққан емес. Мәселен алғашқы жартыжылдық көлемінде 1410 көрерменді қамтыған 12 мәдени іс-шара өткізілді. Жеке тоқталсақ 30 сәуір күні Арал аудандық мәдениет орталығының ұйымдастыруымен жыршы Рысбек Әшімовтің 70 жылдығына орай «Қанекей, тілім, сөйлеші...» атты аудандық жасөспірім жыршы-термешілер байқауы өткізіліп, жырға шөлдеген жұртшылықтың мерейін қандырса, 24 маусым күні Ақбасты елді мекенінде ҚР «Мәдениет саласының үздігі» және ҚР «Ерен Еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, Сыр елінің мақтанышы, республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегері, жырау, ұстаз – Айбек Тәңірбергеновтің «Бабадан қалған жақұт жыр» атты жыр кеші өтті.
Кітапхана жұмысының көкжиегі кең
Мәдениет саласының бір бағыты кітапхана жүйесінің жұмысына келіп тіреледі. "Кітап маған тақтан да қымбат" деген ұстанымды ұран еткендер расында елдіктің, еңселіліктің ерекше болмысын түзеп, өнер мен шығармашылықты сан ұрпаққа аманаттай алары кәміл. Міне, осы бағытта аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде 4984 қатысушыны қамтыған 260 шара өткен.
Аудан кітапханалары бойынша 9 кітапханада «Коворкинг» білім орталықтары жұмыс істейді. Мұнда келген оқырман талабын, сұранысын сапалы қанағаттандыру және сервистік қызмет көрсету дәрежесін арттыру мақсатында «РАБИС» (Республикалық ақпараттандырылған кітапханалық-ақпараттық жүйе) бағдарламасы бойынша барлығы 39 кітапхана тапсырыс, іздеу, тіркеу модульдерімен жұмыс атқарады. Аудан бойынша электронды каталог қорына 525 228 дана кітаптар енгізілді.
Аудандағы барлық кітапханаларда жоспарға сәйкес, түрлі тақырыпта конференциялар, әдеби кештер, мерекелік кештер, семинарлар, байқаулар өткізіліп тұрады.
Өзге де өзекті жұмыстар
Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі Қызылорда облысының 2023-2029 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарының 8 тармағына (Қазақстан халқы тілдері күнін мерекелеу шеңберінде тілдік ортаны дамыту мен құрудың өзекті проблемалары жөніндегі іс-шараларды өткізу және оларды ақпарат құралдарына насихаттау) сәйкес, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тарапынан іс-шаралар жоспары бекітілді.
Арал ауданы бойынша мемлекеттік тізімге енгізілген тарихи-мәдени мұра обьектілерінің жалпы саны – 62. Оның ішінде: республикалық маңызы бар – 1, жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген – 39, алдын-ала есепке алынған тарихи-мәдени объектілері – 22.
Мерей мұзартындағы мәдениет өкілдері
Алғашқы алты ай Арал өнерпаздары үшін жетістіктерге толы болды. 2025 жылдың 20 мамыр күні 21 мамыр Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР «Ерен еңбегі» медалімен мәдениет орталығының «Жаңаберген жырау» үйірмесінің жетекшісі, жырау Айбек Тәңірбергенов марапатталды. Жыраулықтың жалауын жықпай келе жатқан жерлесіміздің бұл марапаты барша теңіз жұртшылығының мерейі деп айта аламыз.
Мұнан бөлек Қызылорда қаласында өткен «Маржан сөз, қоңыр үн» облыстық концерт жүргізушілер байқауына Ақбай ауылдық клубының өнерпазы Мағжан Сержанов қатысып, I орынды иеленсе, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған облыстық «Тілегіміз еңбекпен» атты соғыс тақырыбындағы ән байқауында аудандық мәдениет үйі қызметкері Дәулеткерей Қуантқанов I орынды жеңіп алды.
Ал басты жаңалық Руханият орталығының ашылуымен тікелей байланысты. Маусым айында пайдалануға берілген ғимаратқа аудандық орталық кітапхана, аудандық таихи-өлкетану музейі, аудандық архив филиалы, хал актілерін тіркеу бөлімі, жастар ресурстық орталығы орналастырылды.
ТІЛ САЯСАТЫ ТҰРАҚТЫ
"Қазақтың тілі соншалықты мол. Ләки, қазақтың тіліменен қандай кітап болса да жазуға болады. Қазақ тілі мұншалықты жатық әм анық болар еді, егер де біздің қазақтар аңғарып, бөтен тіл араластырмастан ілгері бастырып сөйлесе" деген Ыбырай Алтынсариннің сөзін білмейтін қазақ жоқ шығар. Қазақ жастары үшін сәулелі жол іздеген Ыбырай сол уақытта "Қазақ тілін қалай төрге оздырамын?" деп армандаған еді. Бүгінде сол арман іс жүзінде жүзеге асып, ақиқатқа айналды. Аудан көлемінде де тіл саясаты қарқынды жүргізіліп келеді.
Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру, тiлдердi дамыту саласындағы бiрыңғай мемлекеттiк саясатты iске асыру жөнiндегi қызметтiң ақпараттық, әдiстемелiк қамтамасыз етiлуiн ұйымдастыру үшін аудан әкімінің «Жұмыс тобын құру туралы» 2024 жылғы 2 қазандағы №48 Ө/НҚ өкіміне сәйкес, аудандық жұмыс тобы құрылды.
Жоспардың 9 тармағына сәйкес, ағымдағы жылдың 5 ақпанында, 25 сәуірінде және 8 тамызында бөлімнің ұйымдастыруымен қала аумағындағы маңдайша және сыртқы көрнекі жарнама мәтіндері «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 21-бабында көрсетілген талаптарына сай келмейтін Арал қаласындағы Бақтыбай батыр, Астана, Әбілхайыр хан, А.Қаюпов көшелеріндегі нысандарға зерделеу жұмыстары жүргізілді.
Нәтижесінде деректемелер мен көрнекі ақпараттары (маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар) заң талаптарына қайшы келетін 15 кәсіпкерлік мақсаттағы нысан иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, маңдайша жазулары мен басқа да көрнекі ақпараттардың мәтіндерін жазу және орналастырудың схема-үлгісі және әдістемелік көмек ретінде жадынамалар таратылды.
Сондай-ақ 10 сәуірде бөлімнің ұйымдастыруымен Сексеуіл кенттік кітапханасында мектептер аралық "Тілім менің-ғасырлардан аманат" тақырыбында дебат өткізілсе Шижаға ауылдық кітапханасында «Ана-тілім бар байлығым асылым» атты әдеби кеш өткізілді.
Аудандық кәсіпкерлер палатасының мәжіліс залында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі және кәсіпкерлер палатасы бірлесіп, «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» тақырыбында семинар өткізді. Семинарға жергілікті шағын және орта кәсiпкерлiк (мейрамхана, дәмхана, асхана, Coffee BOOM) нысан иелері, облыстық оқыту орталығының Арал ауданы бойынша 3 тіл бойынша оқытушылары, «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің филиалының қызметкерлері, БАҚ өкілі, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің мамандары қатысты. Жиын барысында бөлім басшысы Б.І.Махатов мемлекеттік тіл саясатына байланысты қабылданған нормативтік құқықтық актілер бойынша баяндама жасап, шағын және орта кәсiпкерлiк нысан иелеріне (мейрамхана, дәмхана, асхана, Coffee BOOM) «Тағам атаулары сөздігі» мен Республикалық терминология комиссиясы мақұлдаған салалық терминдер жинағын таныстырып, таратты. Аталған сөздікте ет өнімдерінен, ұннан, сүт-өнімдерінен, балықтан, көкөністерден, жеміс-жидектерден, дәнді-дақылдардан, теңіз өнімдерінен жасалатын тағам атауларының, таңғы ас атауларының, салат және оның түрлерінің, орам, оның түрлері мен сипаттамаларының, тәттілердің, ас қоспаларының, сықпалардың (паста) атауларының, шай түрлерінің атауларының, сусын түрлерінің атауларының, суши түрлері мен сипаттамасының, дәмдеуіш түрлері мен сипаттамаларының аудармалары көрсетілген.
Сондай-ақ, жиын барысында Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 21-бабы бойынша түсіндірме жасап, кәсіпкерлік мақсаттағы нысан иелеріне маңдайша жазулары мен басқа да көрнекі ақпараттардың мәтіндерін жазу және орналастырудың схема-үлгісі ұсынылды.
Сондай-ақ Қызылорда облыстық тілдерді оқыту орталығының Арал ауданы бойынша 2025 жылы мемлекеттік тіл оқығандар саны – 30, орыс тілін оқығандар – 41 десек, 91 тыңдаушы ағылшын тілін оқыған.
8 мамыр күні 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған «Ерлік – мұра, ұрпаққа – ұран» тақырыбында тыңдаушыларға ақпараттық сағаттар өткізілді.
2025 жылы Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойына орай өткізілген облыстық «Полиглот» байқауына аудан атынан қатысқан Елеусизова Фариза Бектасқызы жүлделі 1 орын алса, «Абай-дана, Абай-дара, қазақта» облыстық байқауына қатысқан «Теңіз маржандары» тобы арнайы алғыс хатпен марапатталды.
Алдағы уақытта 5-қыркүйек Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес жұмыстар жасалатын болады.
Иә, бақылау әркез назардан тыс қалмақ емес. Ал бақылау бар жерде нәтиже міндетті түрде көрініс беретіні белгілі.
О. ЖОЛДАСОВ