Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қабырғаға жан бітірер өнер

Қабырғаға жан бітірер өнер

Ел Президенті Қ.Тоқаев. «Қазіргі заманда азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйейтін «креативті өндіріс» салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі саналады. Бұл аз десеңіз, креативті экономика дарынды әрі шығармашыл адамдарды өзіне тартатын ірі қалалардың дамуына ықпал етуші күшке айналды. Қазақстанда бұл сала әлі дамымаған. Креативті индустрияның ішкі жалпы өнімдегі үлесі бір пайызға да жетпейді, жұмыспен қамту саласындағы үлесі өте төмен. Дегенмен дарынымен бүкіл әлемді мойындатып жүрген отандастарымыз аз емес. Біз елімізде креативті экономиканың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасауымыз керек. Соның ішінде зияткерлік меншікті қорғайтын құқықтық тәсілдер қажет. Бұл – өте маңызды мәселе» деген еді.
«Әр адамның бойында табиғат берген ерекше қабілет бар. Біреу оны ерте байқайды, біреу уақыт өте келе ашады. Ал мен үшін өнерге деген құштарлық бала кезден басталды. Әуелде ақ параққа сурет салатынмын, кейін кенепке көшіп, соңында үлкен кеңістіктерді көркемдеуге деген қызығушылығым оянды. Сөйтіп, мурал өнеріне – қабырға суреттерін салуға келдім. Бұл өнердің мәні мен үшін әсемдікте және адамдарға қуаныш сыйлайтын, көңіл-күйін көтеретін, айналаға жаңа леп пен энергия беретін ерекше дүние» дейді бүгінгі кейіпкеріміз Гүлсезім Сұлтанқызы
Шығармашылық іскерлік
Гүлсезім Жақсылықова өзінің ісін сүйіспеншілікпен жасайтынын айтады. Бүгінде қаладағы бірнеше орталықтың қабырғасын безендірген ол шығармашылығы жөнінде:
– Қабырғаға сурет салу оңай шаруа емес. Алдымен ойға келген идеяны қағазға түсіремін, эскиз жасаймын. Суреттің кеңістікке үйлесімді шығуы үшін пропорция мен түстерді есептеу аса маңызды. Кейін қабырғаны дайындап, грунтовка жасаймын. Негізінен акрил бояуларын, аэрозоль баллондарын қолданамын, кейде арнайы маркерлер де көмекке келеді. Соңғы кезеңде жұмысты қорғаушы лакпен бекітіп, ұзақ уақытқа сақталуына жағдай жасаймын. Бар шығармашылық процессімнің ең қызық әрі жауапты сәттері осылар, – дейді ол.
Шабыт пен тақырып
Шабыт – қай өнердің де бастауы, негізі. Шабытсыз жасалған істің идеалды шығуы мүмкін де емес. Осы тұста әңгіме барысында Гүлсезім:
– Шабытты мен табиғаттан, адамдардың жан дүниесінен, ұлттық мәдениеттен аламын. Кейде күнделікті өмірдің қарапайым бір сәті үлкен идеяға айналады. Мысалы, мектеп қабырғасына сурет салсам, балаларға қуаныш сыйлайтын, ой-қиялын кеңейтетін дүние жасауға тырысамын. Ал қоғамдық орындарда ұлттық өрнектерді заманауи элементтермен үйлестіріп бейнелеу – мен үшін басты қағида. Өйткені әр сурет сол кеңістіктің рухын ашып, оны ерекше бір атмосфераға бөлеп тұруы керек, – деп пікірімен бөлісті.
Расында да, бүгінде заманауи стиль мен қазақы нақыш трендке айналып келе жатыр. Бұл бағытта жұмыстарды жалғастырсақ, өткеніміз жаңғырып, болашағымыз жарқын болары анық.
Қазақстандағы мурал өнері
Соңғы жылдары Қазақстанда мурал өнері қарқынды дамып келеді. Қалаларда түрлі қабырға суреттері пайда болып, жастар да бұл бағытқа қызығушылық танытып жүр. Дегенмен кәсіби деңгейде әлі де қолдауды қажет ететін тұстары бар.
– Қаламызда жергілікті билік пен кәсіпкерлер бірігіп, арнайы жобалар қолға алынса, әлемдік деңгейдегі муралдар пайда болатынына сенемін. Егер осы беталысымнан таймай, жұмыс істесем, мен үшін бұл болашақта жүзеге асатын мақсат, – дейді ол. Сонымен қатар мурал өнеріне қызығатын жастарға:
– Қабырға суретін салуды армандайтын жандарға айтарым – қорықпаңдар. Үлкен қабырғаға шығу оңай емес, бірақ тәжірибе арқылы сенімділік келеді. Ізденуден жалықпай, әртүрлі стильдерді байқап көру қажет. Өнердің шегі жоқ, ең бастысы – жүрекпен сезініп, адал еңбектену, – деп кеңес білдірді.
Өмір мен өнер тоғысында
Бүгінде Гүлсезім Сұлтанқызы Арал қаласындағы Ж.Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейінің технология пәнінің мұғалімі. Балаларға сурет салуды, қолөнердің түр-түрін үйретіп келеді.
– Өзімнің қабілеттерімнің ауқымы кең: сурет саламын, ән айтамын, би билеймін, тігін тігемін, текстуралы картиналар жасаймын, тіпті тойға шақыру билеттерін де әзірлеймін. Қолымнан көп нәрсе келетінін мақтан етемін, әрі соған қуаныштымын. Бұл қабілеттерім үшін ата-анама айрықша алғыс айтамын, – дейді ол.
Әрбір шығармашылық иесі үшін ең алғаш жасаған туындысы қымбат. Бұл турасында:
– Мен үшін қымбаты – қазақтың ұлттық киіз үйін бейнелеген муралым. Ұлттық детальдарды дәл жеткізу оңай болмады. Дегенмен, сол суретті салу барысында өзімді нағыз өнердің кеңістігінде жүргендей сезіндім. Маған тәжірибе беріп қана қоймай, осы жолға деген сенімімді арттырды, – деп еске алады.
Қызығы, кейіпкеріміздің әкесі жас кезінде киімнің дизайнын өзі ойлап тауып, өзі тігіп киетін болған екен. Ал анасы тігін цехында еңбек етіп, жіптен небір әсем киімдер жасаған. Демек, Гүлсезімнің бойымдағы шығармашылық қабілеттердің көп бөлігі сол жандардан дарыған. «Өнерге деген ынтам – ата-анамнан қалған асыл мұра» дейді шебер қыз.
Өнер – адамның жан дүниесін байытып, қоғамға да өз үлесін қосады. Мурал – тұтас кеңістіктің рухын өзгертетін, адамдарды шабыттандыратын, болмысына әсер ететін ерекше күшке ие өнер. Сондықтан қылқалам ізі – кей жандар үшін өмірдің мәні мен мұраты.
Г.САҚТАПОВА
21 қыркүйек 2025 ж. 65 0