Қазақ әдебиеттануының темірқазығы
«Ұлттың жаны – оның әдебиеті, ал әдебиеттің жүрегі – халықтың қазынасы» дейді дана ой. Қай халықтың тарихына үңілсек те, рухани биігі мен мәдени мұрасын асқақтатқан ғалымдары мен ойшылдары алдымен көзге түседі, бәрінен биік тұрады. Қазақ ғылымында асыра бағаланбаған, көптің сөзінде болмаса да, келер ұрпаққа біршама мұра қалдырған ұлы ғалым бар. Ол – Сыр еліне етене жақын әдебиеттанушы, фольклортанушы, ұстаз әрі ғалым, журналист Әуелбек Қоңыратбаев.
Әуелбек Қоңыратбаев еңбегі – ұлт руханиятының темірқазығы десек, артық айтпағанымыз шығар. Ол халық ауыз әдебиетінің тереңіне бойлап, ғасырлар бойы ұмытылмай келе жатқан жырларды қағазға түсірді, жүйеледі, саралады. «Әдебиет – елдің айнасы» десек, Қоңыратбаев – сол айнадағы бейнені бұлдырлатпай, айқын көрсете білген сирек тұлғалардың бірі. Биыл міне, еленбеген ғалымға 120 жыл толып отыр.
ТАҒДЫРЛЫ ӘРІ ТАҒЫЛЫМДЫ ҒҰМЫР. ХАЛЫҚҚА АДАЛ ҚЫЗМЕТ
ХХ ғасырдың басы қазақ халқы үшін ең күрделі, аумалы-төкпелі, аласапыран кезеңдердің бірі болғаны бесенеден белгілі. Сол тарихи дәуірде дүниеге келіп, өмірін ғылым мен халық игілігіне арнаған тұлғалардың бірі – Әуелбек Қоңыратбаев. Ол 1905 жылы Сыр бойындағы шағын ауылда туып-өсіп, тағдырдың тезіне ерте түсті. Атап айтқанда, балалық шағы бірде ашаршылық, бірде саяси дүрбелеңге тұспа-тұс келген жасөспірім Әуелбек Ташкенттегі балалар үйінде тәрбиеленіп, бойындағы талап пен жігерін шыңдады. Бала кезінен-ақ кітапқа құштар, сөзге бейім ол тез есейіп, білімге ұмтылды.
Жастық шағында-ақ ол Ташкент педагогикалық училищесінде оқып, ұстаздық жолға түсті. Бір мезгілде баспасөз ісіне де белсене араласып, «Ақ жол», «Шолпан» секілді басылымдарда алғашқы өлеңдері мен мақалаларын жариялады. Әлі он алты жастағы бозбала кезінде-ақ «Ақ жолда» жарияланған жырлары оның әдебиетке өлеңмен келгенін, кейін ғылымға бет бұрғанын анық көрсетеді. Қоғамдық іске де араласқан жас азамат «Жас қайрат» газеті мен кейінгі «Жас Алаш» басылымының алғашқы сандарының дүниеге келуіне атсалысты. Бұл – оның халықтық баспасөз тарихында өзіндік ізі қалғанының айғағы.
Әуелбек Қоңыратбаев тек баспасөзде қалам тербеп ғана қоймай, қазақ зиялыларының ортасында жүріп, талай тағылымды оқиғалардың куәсі болды. Ғани Мұратбаевтың жанында жүріп, жас Мұхтар Әуезов пен Мағжан Жұмабаевтың айтысына дәнекер болуы оның рухани ортаға ерте араласқанын аңғартады. Ал Қызылордаға астана көшкен шақта «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет атқарып, кейін «Сыр бойы», «Екпінді балықшы» секілді өңірлік басылымдарды басқарды. Жиырмадан жаңа асқан жас жігіттің қоғамдық, журналистік қызметте шыңдалып, елге танылуы да – осы тұс.
Алайда тағдыр оны бұл жолда да сынады. 30-жылдардың саяси зобалаңы талай зиялының тағдырын қиғандай, Қоңыратбаевты да айналып өтпеді. Мәскеуде білім алып жүрген шағында «саяси сенімсіз» деген жаламен партия қатарынан шығарылып, ағайын-туыстары қуғын-сүргінге ұшырады. Қос бауыры жазықсыз атылып, өзі азапты жылдардың зардабын тартты. Соған қарамастан, ол ғылымнан бас тартпады. Керісінше, білімін толықтыру үшін Алматыдағы Абай атындағы институтқа түсіп, оны ойдағыдай тамамдады.
Соғыс аяқталған соң Қоңыратбаевтың ғылым жолындағы еңбегі шынайы бастау алды. Академия жанындағы Тіл және әдебиет институтында аспирантураға қабылданып, Мұхтар Әуезов пен В.М.Жирмунскийдің жетекшілігімен қазақ эпосына арналған алғашқы ғылыми зерттеуін қорғады. Бұл еңбегі кейінгі фольклортану ғылымының іргетасына айналды. Осыдан бастап ол бар саналы ғұмырын халық жырларын жинауға, жүйелеуге, ғылыми тұрғыдан талдауға арнап, ұлттық әдебиеттанудың өрісін кеңейтті.
ХАЛЫҚ МҰРАСЫН ХАТҚА ТҮСІРГЕН ҒҰЛАМА
Ұлттың рухани қазынасын түгендеп, өшпес мұрасын өркениет төріне шығарған тұлғалар сирек туады. Сол сиректің бірі – Әуелбек Қоңыратбаев. Ол қазақ фольклортану ғылымында жай ғана із қалдырған жоқ, ғасырлар қойнауынан жеткен эпостарды жинақтап, зерттеп, жүйелеп, жаңа бір ғылыми мектептің негізін қалады.
Қазақтың қай жырын алсаңыз да – батырлар дастаны ма, ғашықтық эпосы ма – әрқайсысы халықтың тарихын, танымын, мінезін айнадай көрсетеді. Бірақ сол бай мұраны ғылыми тұрғыдан саралап, дәуірге, жанрға бөліп, жүйелі еңбек етіп кеткен ғалымдар санаулы. Әуелбек Қоңыратбаев осы жүкті мойнына алып, ұлттың ауыз әдебиетін ғылым әлеміне енгізді.
Белгілі жазушы, академик Мұхтар Әуезов Қоңыратбаевтың «Қазақтың лиро-эпостық жырлары» атты еңбегін «эпостану ғылымына қосылған аса қымбат үлес» деп бағалағаны тегін емес. Бұл еңбек арқылы «Қозы Көрпеш–Баян сұлу», «Қыз Жібек» секілді ғашықтық дастандар тұңғыш рет тек ғашықтық хикая ғана емес, халықтың рухани болмысын бейнелейтін әдеби құбылыс ретінде зерттелді.
Әуелбек Қоңыратбаевтың тағы бір жаңалығы – эпосты мәтіндік дүние, тірі дәстүр ретінде қарастыруы. «Эпос және оның айтушылары» кітабында ол жыршы поэзиясының поэтикасын, орындаушылық ерекшелігін зерттей отырып: «Жыр – тек қағазға түскен мәтін емес, ол – халықтың жүрек соғысы, жыршының үні арқылы қайта тірілетін өнер» деген тұжырым айтады. Бұл тәсіл кейінгі зерттеушілер үшін жаңа арна деуге негіз бар.
Ғалымның «Қазақ фольклорының тарихы» атты монографиясы – қазақ ауыз әдебиетінің тұтас тарихын жүйелеген алғашқы ғылыми еңбек. Белгілі зерттеуші Рахманқұл Бердібай бұл еңбекті «ұлттық фольклордың эволюциясын алғаш рет бір арнаға тоғыстырған іргелі зерттеу» деп бағалаған. Мұнда қазақ фольклоры ежелгі дәуір, орта ғасыр және жаңа заман болып үш кезеңге бөлініп, тарихи-генетикалық сабақтастық тұрғысынан қарастырылды.
Ал «Қазақ эпосы мен түркология» еңбегінде Қоңыратбаев қазақ эпикалық дәстүрін «Қорқыт ата кітабы», «Оғыз қаған», қырғыздың «Манасы», башқұрттың «Урал-батыры» сияқты түркілік мұралармен салыстырып, олардың тарихи бірлігін дәлелдеді. Түркологтар арасында бұл еңбек қазақ эпостарын бүкіл түркі өркениеті контексінде қарастыруға жол ашқан жаңа қадам ретінде танылды.
Оның зерттеулерін тек ғалымдармен қатар, ұстаздар мен оқытушылар да жоғары бағалады. Себебі, Қоңыратбаев еңбектері мектеп пен университет оқулықтарына арқау болып, жас ұрпаққа ежелгі мұраны ғылыми негізде түсіндіруге мүмкіндік берді. Осы арқылы ол фольклортануды тек ғалымдар үшін ғана емес, білім беру жүйесінің де өзекті бөлігіне айналдырды.
Қазақ эпостарының рухын тірілтіп, ұлттық әдебиеттің тамырын тереңге тартқан Әуелбек Қоңыратбаевтың еңбегі – ұрпаққа өнеге, ғылымға бағыт, тарихқа аманат.
ҚУҒЫНҒА ҚАСҚАЙЫП ТӨТЕП БЕРГЕН
Тарихтың ауыр кезеңдері кейбір тұлғаны майдан шебінде емес, рух пен сенім алаңында шыңдайды. Әуелбек Қоңыратбаевтың тағдыры – соның айқын дәлелі. Оның жастық шағы да, ғылымға қадам басқан кезі де кеңес өкіметінің саяси зобалаңымен бетпе-бет келді. Ұлы Тынысбек Қоңыратбаев жазғандай, әкесінің ізін құпия мекемелер ұзақ жылдар бойы аңдып, бірде «ұлтшыл», бірде «пантүркист», бірде «оппортунист» деп айыптап, таңба салудан жалықпады.
Әуелбектің ең жанды тұсына да осы нәубет соққы болып тиді. Арғы жағында Алаштың ардақтысы ретінде атылған Қалжан ағасы, «шпион» деген жаламен көз жұмған Әлібек інісінің қайғылы тағдыры тұрды. Бірақ ол осындай ауыртпалықты жүрегіне жасырып, ұрпағына білдірмеуге тырысты. Бұны ерлік демеске бола ма?!
Мәскеудегі Журналистика институтында оқып жүрген шағында да тағдыр оны сынады. Кировке қастандық жасалғаннан кейін «оппортунист» деп айыптап, партиядан шығарып тастады. «Сталиннің портретін әжуалаған қазақ жастарын неге әшкерелемедің?» деген сауалға ол: «Мен оларды партия жаулары санаған жоқпын. Оның үстіне ВКИЖ-де қазақ жастары тым аз» деп жауап қайтарды. Бұл қорқып жасалған ақталу емес, ар-намысын таптатпаған азаматтық сөз еді.
Алматыға оралған соң да ол тыныштық таппады. Туған бауырларының бірі Әлібек Қоңыратбаев сол кезде Ілияc Жансүгіров басқарған Жазушылар ұйымында қызмет етіп жүріп, жазықсыз жазаға тартылды. Ал аға Қалжан Қоңыратбаев та Алашшыл болғаны үшін атылып кетті. Осы қасіреттің бәрін Әуелбек сырт көзге білдірмей, ішке сақтап өтті. «Зияны ұрпағыма тимесін» деген оймен көп нәрсені айта бермегенін кейінгі ұрпағы ғана түсінді.
ТҮЙІН. Әуелбек Қоңыратбаев тағдыры – тұтас бір дәуірдің айнасы іспеттес. Олай дейтін себебіміз, оның сүбелі өмір жолына көз жүгірткен сайын ғылыммен қоса, ұлт тағдырының ауыр жүгін арқалаған қайсар азамат бейнесі көз алдымызға келеді. Қуғын-сүргін, айыптау, ағайын-бауырынан айырылу – мұның бәрі адам баласын қажытып, тағдырға мойынсұндырар еді. Бірақ ол мойыған жоқ. Керісінше, сол зобалаң оны қайраттандырды, болмысын бекітті.Бүгінгі ұрпақ Әуелбек Қоңыратбаевты тек әдебиетші, фольклортанушы, ұстаз ретінде емес, ұлт алдындағы адалдығымен, қайсар мінезімен, рух биіктігімен бағалауы тиіс. Оның еңбектері – білім мен ғылым жүйесінде әлі күнге дейін қолданылып келе жатқан мәңгілік қазына.Өмірі – өнеге, еңбегі – мәңгілік. Әуелбек Қоңыратбаевтың аты ұлт жүрегінде ұмытылмас асқақ бейне болып қала береді.
А.ЖАЙШЫЛЫҚ