Сыр сүлейінің ізін жалғаған – Бексұлтан
Елорда төрінде қазақтың ұлы өнері айтыс сахнасындағы ең беделді бәйге, дәстүр мен дарынның тоғысқан додасы – «Алтын домбыра - 2025» республикалық сөз сайысы өтті. Ұлы Абайдың 180 жылдығы мен Республика күніне арналған «Адамзаттың бәрін сүй!» атты сайысқа қатысқан жерлесіміз Бексұлтан Орынбасаров ел мерейін көтеріп, айтыс аламанының бірінші орынын еншілеп, көлік тізгіндеді.Қазақтың рухани қазынасы – айтыс өнері. Тіл мен ойдың, парасат пен тапқырлықтың тоғысқан тұсы болған бұл өнер ғасырлар бойы ұлттың болмысын сақтап, елдің рухын асқақтатып келеді. Осындай киелі өнердің жалынын өшірмей, оны жаңа биікке көтеріп жүрген жас дарындардың бірі – Бексұлтан Орынбасаров.
Оның айтыс әлемінде өзіндік үні, өрнегі бар жас ақын. Ол суырыпсалма қабілетімен, өткір ойлы сөз саптауымен, елдік пен ерлік тақырыбындағы өрнекті жырларымен көрермен ықыласына бөленіп келеді. Халықтың мұңын жырлап, елдің мәртебесін көтеретін, ұлттық рухты дәріптейтін айтыскер ретінде танылған ол бүгінде Сыр өңірінің мақтанышына айналып отыр.
Бұл жолы Бексұлтан Орынбасаров есімі ел мақтанына айналды. Текті сөздің төресін төкпелеткен талантты айтыскер дүбірлі додада дара шықты.
– Бұл – жылдың қорытынды айтысы болды. Суырып салма сөз сайысына республиканың түкпір-түкпірінен келген 14 ақын қатысты. Мен үшін қарсыластарымның бәрі осал болған жоқ. Айтыс сахнасында талайдан бері бой көрсетіп, төселіп жүрген ақындармен шаршы топқа түсудің өзі мен үшін үлкен жетістік, – дейді Бексұлтан.
Бексұлтанның осы айтыстағы сөз саптауы мен ұтымды ой, ұстамды пікіріне тәнті болған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, журналист Несіп Жүнісбаевтың мына пікірі аралдық ақынның болмысын аша түскендей.
– Өзгесінде шаруам жоқ,өз олжам жайлы айтайын. Ол – ән мен жырдан тербеліп тұрған Сыр елінен келген қаршадай ақын бала Бексұлтан Орынбасаровты тыңдауым. Күні кеше алғашқы аяқ тастасынан-ақ жағам жайлауға жетіп: «Өй, мынау тұлпар болатын құлын ғой!» деп айтыстың шыңына шыққан бір ініме жазып жібергенмін. Бүгін сол баланы көргенше асығып, ән сарайына 100 минут ерте келдім. Бексұлтаным менің сезімімді алдаған жоқ: жыр дүлділі, бүгінгінің Сарасы Тоқтамыспен қалай айтысты дерсіз! Басында Сараның өзі жосықсыз шапқылап отырсың дегендей, баланың тізгініне жабысып еді, айтыс қыза түскенде Бексұлтан баланың тізгінін өзі ұстап, алға сүйрегендей болып, соңынан оның атын сипай қамшылап, алға салды да тілектес боп қала берді!
Бексұлтан кеше Нұрболмен айтысқан. Абай атасының «Адамзаттың бәрін сүйін» Бексұлтан сөз сорабы үлкендерге бұрылғанда: «Адамзатты сүюді ең әуелі – ата-ананы сүюден бастау керек!» деп төтеледі.
Қоғамдағы әділетсіздіктерді тербей келе, судағы балық жайлы толғанысқа: «Теңіздегі балықтар бірін бірі жесе, жағадағы адамдар несін жейді?!» деп сұрағын қойып үлгерді.
Сарамен айтыста: «Тоқтамыстың Сарасын тоқтата алсақ...» деп балаша ойнап, үлкенше ойлап сөйледі. Сара: «әлі жассың, сенің кезеңің алда...» дегендей жылы сөйлесе де оқтаулы мылтық-тіл тарс етті: «Мағжан сенген жастарға Сара сенбей, бүртүрлі қызық болды-ау бүгінгі айтыс!» деп әпкесін бір домалатып кетті. Ұзай бере: «Қазан атты қазыққа байламайды, Аш бала тоқ Сарамен ойнамайды!» деуі қандай дәл, қандай жарасымды?!
Кереметтей екі жол айтыс аяғына қарай айтылды. Бүгінгі қазақ қоғамы, жастар тәрбиесі, үйлену-айрылысу жайлы сөз бола қалғанда, Бексұлтанның берен мылтығы тағы сарт етті: «Баласы интернатта оқып жатыр, Интернетте танысқан талайлардың! «Мына екі жол өлең тұтас қоғамды шалқасынан түсірді. Сұмдықтай сын-жебе! Бүгінде компютермен, телефонмен танысып, үйлене салатындардың айрылысуы да тез-сорға қалатын махабатсыз туған балалар дегені...Құдай сақтасын,осы жасында сондай сойқан ой айтуы ғажап!»
Айтыс әлемінде өз қолтаңбасын қалдырған Бексұлтан Орынбасаровтың бұл жеңісі – жас буынға шабыт, ел рухына серпін беретін қуанышты оқиға. Ол «Алтын домбыраның» иесі ғана емес, халықтың сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленген сөздің сардары, рухтың жыршысы атанды.
А.НҰРЛАНОВА









