Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

ҮНПАРАҚ

Жел пайда болғалы ғаламда,Толқын бар теңіз ғұрпында.
Ел пайда болғалы Аралда,
"Толқын" бар елдің рухында.
Толқынды толқын қуғандай,
Жалғасып жатты тіршілік.
Толқыннан толқын туғандай,
Алмасып жатты тілшілік.
Шаң басып жатты мұрағат,
Бұрқырап барқан мақала.
Аттанды талай жүрағат,
Мазарын салып жотама.
Баспа деп бүгін білсем де,
Бұрышын барақ ескі үйдің.
Аралдан алыс жүрсем де,
"Толқынның" дауысын естимін.
Ғасырдай нәби жылдарың,
Алты құрлықтан әрі асқан.
Алғашқы сәби жырларын,
"Толқынға" жазды Жарасқан.
Құмға да жазды зар- мұңын,
Көңілі толмай кей жолға.
Тәңірі жазған тағдырын,
"Толқынға" жазды Зейнолла.
Теңізі қайтқан сол құмда,
Шертерін шердің шертемін,
Көтерді талай "Толқында",
Қараша қайық желкенін.
Қылыштан күшті қалам бар,
Қалдырған ғалам ақпарын.
Ағашқа жазды адамдар,
Алғашқы махаббаттарын.
Тақтаға жазды жарлығын,
Патшаның алғаш үндеуі.
Тасқа да жазды барлығын,
Адамзат жазу білгелі.
Сұлу ғой теңіз жамалы,
Сәулесін төккен қари түн.
Аралдың ғана адамы,
"Толқынға" жазған тарихын.
ЖЕТІМДЕР ЕДІ ЖҰБАТҚАН
Аз ұлттың күні азапты,
Аспанда ғана жеті нұр.
Жетімсіретпей қазақты,
Жетілген еді жеті ұл.
Жақсыға жауыз жауығар,
Бөрінің рухын ту қылған.
Көзімді ашты сәруар,
Көз ашпай жүріп қуғыннан.
Бауырын сары жұт алып,
Жүрегі жоқтан түңілді.
Өшкенім қайта тұтанып,
Өлгенім қайта тірілді.
Замана қалай зулар-ай,
Жалпы өмір және жалқы жол.
Ғанидің әні "Дудар ай",
Фәнидің бәрі фальклор.
Қара бас қамын құттаған,
Даланы дәуір бояпты.
Ғасырлар бойы ұйықтаған,
Қорқытты қайта оятты.
Ысырып қызық думанын,
Ізіне түсті ілкінің.
Жоғалтты талай туғанын,
Түгендеп жоғын жұртының.
Тәңірдің сөзін жаздың ба,
Алғадай Алаш аңқылым?
Әуелеп ұшқан қаздың да,
Әуелбек терген қаңқылын.
Ғалымның ісі текті іс бұл,
Жәдігер тапқан жұмақтан.
Жылаған елді жетпіс жыл,
Жетімдер еді жұбатқан.

Ақжол ТҮМЕНБАЙ
11 қараша 2025 ж. 109 0