ГАЗЕТТІҢ ИІСІ (Айдарға хат)
Газеттің иісі болады түйгенім,Ал оны қылмыскер – жыртса егер үйде кім.Дейтұғын жарықтық әкеміз ұл-қызға,
Ұқтырып көзінен басқа жер тимеуін.
Баламын, естіп ап әкемнің желеуін,
Газетті өзімше иіскеп көремін.
Қолқаны қаппайтын, жаным жай таппайтын,
Білгенше сол жұмбақ тұспалдың дерегін.
Майшамның жарығы астынан табылып,
Еламан қасында мұз үсті сабылып.
Шіркін-ай, балалық өтті ғой бізден де,
«Қан мен тер» жастанып, «Толқынды» жамылып.
Нұртуған тәлімін, Дәріғұл мақамын,
Үйреніп шарлаған шабыттың шаһарын.
Аралдың тағдырын жырлаған әкемнің,
Алғашқы өлеңін, ең соңғы сапарын.
Қуанып, күйзеліп басып ең Толқыным,
Бәсіңді басқадан көреді олқы кім?
Теңізді іздеумен, үмітті үзбеумен,
Оқырман жүрегін жалындай шарпыдың.
Бір жылға бергісіз Аралдың әр күнін,
Жазумен қоғамның жетпесін, артығын.
Әуелгі редактор Әуелбек сап кеткен,
Соқпағың бұл күні сара жол Толқыным.
Айта алсаң осып айт, содан соң именбе,
Ел самал сеп болар ауызың күйгенде.
Қаншама дөкейлер қайқаңдап ес жиған,
Серіктің «Құрығы» сарт етіп тигенде.
Тасадан атпадың туралап көздедің,
Жетестей қысқа айттың, шұбыртып езбедің.
Әрбірі теңіздей классик ұлдардың,
Сен аштың арна қып бұлақтай көздерін.
Толқыным, тарт алға, қадамды анық бас,
Бұл ойды айтудан ақының жалықпас.
Газеттің жұпарын жұтпаған қоғамға,
Жылт етпе желілер ұстаз боп жарытпас.
Шижаға құмының жанды өртер жалыны,
Аулақтан үн қатқан корабль дабылы.
Сендегі жұпар ол – маңдай тер иісі,
Ақбайдың қауыны, Бөгеннің балығы.
Елдегі әр хабар көңілді мәз етті,
Айдар-ау, жаза бер әр ғажап мезетті.
Туған жер иісімен мауқымды басайын,
Ордаға келгенде ала кел газетті.
Заманның көшімен жаңаша жол алар,
Толқынның дабысы әлемді аралар.
Жыр кетпес жүректен мәңгілік мұң кетіп,
Көп күткен аяулым теңіз де оралар...
ҚОҢЫРАТБАЕВ БИІГІ
«Жол түссе жараспайды жатқан бұлай,
Шамасы мен бақиға аттандым, әй...»
Темірші Қоңыратбай жан тапсырды,
Үш ұлға жар болсын деп жаппар құдай.
Сұм тағдыр осылайша ірге түрді,
Қалт етсе аямауға шын бекінді.
Амалсыз Керделіден Тәшкен кеткен,
Қилы жол күтіп тұрды тұл жетімді...
Қан тартты Ташкентте қала алмады,
Ұлтым деп аласұрды адал жаны.
Оралды азамат боп Ақмешітке,
Ғылымға түрен салу бар арманы.
Халқының өткенімен қоңсы қонған,
Қалайша айналмайсың аршыланнан?
Еліне құт боп туған Қорқыт дүрді,
Тарихтың қойнауынан аршып алған.
Жасаған зерттеуінің күмәні кем,
Болды ғой таласқандар қырағымен.
Қазақтың әдебиет шежіресін,
Тарқатқан бірегей ол тым әріден.
Жаулары жасытса да елемей көп,
Теңізім таси берген телегейлеп.
Әуелбек Қоңыратбаев биігіне,
Қараймыз көзімізді көлегейлеп.
Қауіп пен басын тігіп қасіретке,
Сертіне, адал болып өсиетке.
Тудырған бар ғажапты сөз ұстасы,
Қаламын суарып ап қасиетке.
Қазына аралындай, шіркін, басы,
Ойым ғой, солай шығар, мүмкін расы.
Эпостан бұл заманға өтіп кеткен,
Батырдай елестейді түр-тұлғасы.
Азабы ғажабынан еселене,
Кер заман талабына кесе келе.
Түркінің жоғын іздеп өту мәңгі,
Жазылған бақыт па екен пешенеңе?
Мұзарт ол - баурайы жаз, басы қарлы,
Ал енді ұлы болмай несі қалды?
Айналып өзі абызға, сөзі аңызға,
Халқының жүрегіне көшіп алды.
ҰЛЫҚБЕК БЕКҰЗАҚҰЛЫ










