ТОРҚАЛЫ ТОЙ ТУРАЛЫ ТОЛҒАНЫС
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» дейді қазақ. Алайда, өз қызығымен ерекшелетін тойлар да болады. Міне, аудандық «Толқын» газетінің 95 жылдық мерейтойы халық есінде өзгеше сақталып, қызығымен ұмытылмайтындай дәрежеде өтті. Оған шараға келген қонақтар мен ардагер «толқындықтардың» айтқан сөзі дәлел.Иә, күні бұрын «Толқын» тілеулестерін күтіп алудан басталған шара 8 қараша күні шымылдығын түрді. Алғаш болып аймақтағы БАҚ өкілдері арасында өткен аладопшылар додасының бәсекесінен-ақ торқалы тойдың ұйымдастырылу дәрежесі анық аңғарылды. Қалада жыл басында ғана пайлануға берілген жаңа «Келешек мектебінің» жайлы әрі таза, талапқа сай спорт залындағы жарыста футболшыларға барынша жағдай жасалды.
Ал баршаның назарын өзіне аударған жазба ақындар мүшәйрасының әңгімесі тіпті бөлек. Шалғайы Шиеліден, берісі жергілікті жас ақындардан құралған топ түгелдей жырдан шашу шашты. Бір қуантарлығы жас та болса есімі Сыр халқына, тіпті республикаға мәшһүр болып үлгерген ақындар аламанда аянып қалмады, жиналған жұрттың көңілін көтеріп тастады. Айтулы шараның деңгейі жайлы Зейнолла Шүкіров атындағы сыйлықтың иегері, шиелілік ақын Бекжан Ержігіт:
– «Толқын» газетінің 95 жылдығы мен газеттің алғашқы редакторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаевтың 120 жылдығына арналған жазба ақындар мүшәйрасы өте жоғарғы деңгейде өтті. Бұл бір ғана басылымның мерейлі тойы емес, барша Сыр еліне ортақ ауқымды шара деуге әбден жарасатындай еді. Оған себеп бар. Көптеген аймақтық мүшәйраға қатысып, өлең оқып, тыңдарман қауымға қуаныш сыйлап жүрміз. Бірақ аралдықтардың қолдауы ерекше болды. Еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін өлеңге қаншалықты құштар, ғашық екенін көрдік. Қуанып қайттық.
Ал ақындардың жайы бір басқа. Мұндай тартысты мүшәйраны соңғы рет қашан көргеніміздің өзі ұмыт болып кеткен еді. Барлығы мықты ақындар, айтары бар сөз зергерлері. Осынша мықтыны бір Аралдың төріне жинау, барлығына мүмкіндік беру көптің қолынан келе бермейтін дүние. Жүлде қоры да ауқымды. Арал жұртының жырды түсіну, ақындарды құрметтуіне тәнті болдым, – дейді.
Басылымның алғашқы нөміріне қол қойған Әуелбек Қоңыратбаев «Толқынның» тұңғыш редакторы екені аралдықтардың әркез айта жүре алтындай бағалы тарихы. Міне, түркітанушы, қазақ фальклорының, әдебиетінің зерттеушісі, ғалым, профессор жайлы айтар әңгімені аралдықтардың өз аузынан естіген Тынысбек Қоңыратбаев:
– Қазақта әкеге құрмет қылу жайлы көп айтылған. Расында 100 мектеп бере алмайтын тәрбиені бір өзі өнеге ететін әкенің орны ерекше. «Әке сөзі – Құран сөзі» деуі де сондықтан. Әр перзент жетістікке жеткен сайын осының артында әкенің сабағы тұрғанын ұмытпай, бас ие білуі керек. Ал, барша елдің осындай құрмет көрсетуін өз көзіңмен көру нағыз бақыт екен. Мен бүгін соны сезініп, Арал халқына бас идім. Шара басталғаннан-ақ Әуелбек Қоңыратбаевтың атын ауыздан тастамай, 120 жылдығын барынша атап өтті. Ал сахна төрінде оқылған ақындардың арнауы олардың зерттеуін, әкемді тани алуын, шығармашылығын, өмір жолын кеңінен насихаттауы бүгінгі жастардың деңгейін көтеріп тастады.
Осы күнді қорытындылаған салтанатты шарада халық алдына шақырып, ілтипат көрсеткен аудан басшысы Аманжол Сақыпұлына, осындай шараның ұйытқысы болған барлық азаматтарға айтар алғысым шексіз, – деп ерекше толқыныспен жеткізді.
Ал талай тарихты басылым бетіне таспалап, газеттің бүгінге дейінгі өміршеңдігіне үлес қоса білген ардагерлердің айтары өз алдына. «Толқын» газетінің ардагері, бас редактордың орынбасары болып қызметте болған Құндыз Дәуітова:
– «50 жылда ел жаңа» дейді ғой қазақ халқы. Бұл басылымның 50, 60 жылдықтары Кеңес дәуірінде партияның басшылығымен өтті. Райком партияның үлкен залында колхоз, совхоз, мекеме, ұжым басшылары, газеттің белсенді авторлары шақырылып ресми түрде өтті. Газет тілшілері аталған ұжымшар, кеңшардағы малшылардың ортасында, балықшылардың жанында болды. Көзбен көрді, қай саланың да қиын да қызықты тірлік істерін жетістіктерін жазып қалың оқырманға жеткізді. Газеттің рөлі, беделі өте зор еді.
Міне, сол беделдің биігінен төмендемегеніне тағы көзіміз жетті. Мұнда талай тарлан тілшілер тер төкті. Солардың ізі лайықты жалғасып келе жатқаны көңіл қуантты. «Толқын» газетінің 95 жылдық мерейтойын аудан басшысы Аманжол Оңғарбаев қолға алып жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. Жас та болса бас болып келе жатқан Айдар Сайлауов баламнан естіп отырмын, – дейді.
Сондай-ақ ардаргерлер Зейнеп Рашева, Жанар Барбосынова өзге де басылымның тілеулестері: «Біз «Толқынның» әр атаулы жылына қатысып, атсалысып келе жатырмыз. Алайда, 95 жылдық ерекше аталып өтті. Ғасырлық тойға ұласып, халықпен арадағы алтын көпір мәңгілік болсын» – деп жатыр.
Демеушілік жасаған «Арал құрылыс» ЖШС, аудандық бөлімдерге, қала мен кент және ауылдық округ әкімдеріне, мектеп директорларына, ИП «Жалғасбаев» пен Серік Алмағамбетовке, сонымен бірге ҚТЖ мекемесі мен депутаттарға барша толқындықтардың атынан шексіз алғысымызды жеткіземіз
Міне, «Толқынның» 95 жылдығы осылай есте қалды. Уақыт керуені алға көшкен сайын газеттің тарихы тереңдей түсетін болады.
Міне, «Толқынның» 95 жылдығы осылай есте қалды. Уақыт керуені алға көшкен сайын газеттің тарихы тереңдей түсетін болады.
Оңталап ЖОЛДАСОВ










