АҚЫННЫҢ МАХАББАТЫ
Әр ақынның ғұмырында жұлдызды жарқын сәттері болады. Айдынды өңірдің тумасы, Бекбауыл станциясының балаң жігіті Серік Сейітмағанбетұлының ақын аты шығып, оның өлең толқыны Сырдан асып, бүкіл қазақ жұртына бір-жар жылдың мұғдарында әжептәуір танымал болып үлгерген. Әсіресе, өлеңге үйірсектеген жас өрендер ол қайда жүрсе де жан-жақтан іздеп келіп жататын. Өткен ғасырдың елу тоғызыншы жылы әскерде жүріп жазған ғажайып өлеңдері республикалық жастар газетінің бір бетіне толайым жарияланған. Сол жылдары қазақтың белгілі лирик ақыны Сырбай Мәуленов оны еліміздегі ең талантты үш ақынның бірлігіне балаған. Осылайша, поэзия айдынына кең құлаш тастаған Серік ақын әскерден келген бойда солдаттық шенелін шешпестен Қызылорда пединститутына келіп түскен. Енді ол Сыр шаһарындағы әдеби ортаның бір серкесіне айналған. Азуын айға білеген ақиық ақындар Асқар Тоқмағанбетов, Зейнолла Шүкіровтер жұлдыздай жарқырап шыққан оған ақ батасын беріп, алқалап алақанына салған. Оның дала баласына тән елгезек болмысына, ауылдың адамдарына тән ақжарма көңіліне, өлең-жырының сағынышқа толы сарнынақарап тұстастары «Қазақтың Есенині» деп көкке көтеріп жататын.Қызылорда қаласындағы поэзия кештерінде, студенттік форумдарда, жастардың жиын-тойларында ақ жүрегімен ақтарыла жүріп өлең оқығанымен де жас ақынның нәзіктік, сұлулық, адалдық, тазалық іздеген аңғал жүрегінде бір күй-ауан бар еді. Үлкен қалада қасы-көзі қиылған сұлулар көп-ақ. Алайда ақын жаны дегбір таппай басқа бір бейнені іздегендей-тін.Сол сапарға да жас та албырт ақын екіұдайкүймен шықты. Облыстық жастар ұйымының бастамасымен талантты ақын Серік Сейітмағанбетұлы айдынды Арал теңізінің жағалауына жарыса қонған балықшы ауылдарды аралай шыққан. Бұл 1964 жылдың жаймашуақ мамыр айы болатын. Ауылдарға ақынның өзінен бұрын «Серік ақын келе жатыр» деген хабары бұрын жетіп, жағалау ауылдарының жастарын дүбірлетіп жатқан.
Кеше Бөген, Қарашалаңда болып еді, енді міне, Сырдариядан әрмен өтіп Қаратерең ауылына бет алған. Шағын топты облыстық жастар ұйымынан Асыл деген қыз, Арал ауданының жастар ұйымынан Нұрлыбек Бектұрсынов бастап келеді. «АН-2» ұшағынан түсе сала дайындалған үйдің шәй-суын ішіп дем басып келгенше, ауыл мектебіндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Төлеу Әбеков ағай өзі іріктеп алған оқушыларды мектептің кең залында қаздай тізіп қойып дайындап жатқан. Ақын өлеңдерін 9-сыныптың қыздарына бөліп бергенде, Күләйға «Ауылыма» деген өлең тиген. Белінен төмен түсетін ұп-ұзын шашын төбесіне дөңгелете түйген Күләй енді міне, алда-жалда бір сөзден қателесіп, кідіріп қалсам ұят болады дегендей, ештеңені елең етпей бір партаға отыра салып қайта-қайта оқиды. Әрі-беріден соң көзін жұмып оқып, қасындағы қос құрбысы Гүлбарам мен Күлманға мүдірместен оқып береді. Олар болса қызарақтаған құрбысының көңілін демесіп: «Дауысың қандай керемет! Серік ақын сені мақтап кететін шығар» деп қояды. Мектептің орыс тілі мен әдебиет пәнінің жап-жас мұғалімі Атабай Қылышбаев та: «Еш саспа, Күләй» дегендей арқасынан қағып кетті. Төлеу ағай сол сәтте сырттан кіріп: «Кәне, ұстазар, оқушылар орнымыздан тұрамыз!» дегенше болған жоқ,кешелі бері күткен қонақтар да босағадан бері аттады.
Аудандық комсомолдың сөзге шешен қызметкері Нұрлыбек ақын Серік Сейітмағанбетұлын көрермендерге таныстыра бастады. Екі беті албырап қызарып отырған Күләйдің көзі сол сәтте барып ақынға түсті. Киіктің лағындай шып-шымыр ақсары жігіт екен. Жанары отты болғанымен де, ол зал толы жастарға күлімдей қарайды. Жүзінде бір түрлі жылы шырай бар. Әлсін-әлсін мойнындағы галстугін саусақ ұшымен босатыңқырап қояды. Сірә, еркін көңіл ақын галстукті сирек тағатын болса керек. Бір уақ бұл отырған тұсқа көз аударғандай болған, Күләй қыз бетінің ұшы дыз етіп төмен қарай қойды.
Ақынның өмірбаянын жіліктеп таныстырып, поэзиясы туралы шалқи әңгімелеген Нұрлыбек сөзін аяқтаған кезінде кездесу кешін жүргізуші:
– Енді 9-класс оқушысы Күләй Шынназарова ақын қонағымыз Серік Сейітмағанбетұлының «Ауылыма» өлеңін мәнерлеп оқиды, – деп саңқ-саңқ ете қалды.
Бойын жинап алған Күләй барынша тік басып барып неше күн жаттаған өлеңін жан-дүниесімен беріле оқыды. Оқып болып барып ақын мен көрермендерге тағзым еткендей басын иді. Қыздың көз қиығы бір мезет аңдап қалды: ақын да жұртпен бірге құшырлана қызу қол соғып тұр екен. Мұны көріп жүрегіне қуаныш ұялай қалған Күләй жайлап басып барып орнына жайғасты. Басқа оқушылар да тиісті өлең-жырларын бір демде-ақ айтып бітірген.
Кезек Серік ақынның өзіне берілді. Шап-шағын денелі жігіт болса да дауысы неткен зор еді. Жаңа ғана көзіне шағын көрінген ақын демнің арасында қанат біткендей көтеріліп, бітім-келбеті үлкейіп кеткендей. Оқитын өлеңінің тақырыбын да айтып жатпады. Қызулана шалт қимылдап өлеңмен бірге өзі де бір ырғақ әуенге түсіп кеткендей.
«Балықшылар, балықшылар!
Көк теңіздің құрдастары,
Көк теңіздің сырластары.
Көк теңіздей бір тынбайды,
Көк теңіздей тебіренеді.
Көк теңіздей дауыл құмар,
Көк теңіздей шалқиды олар
Толқындардай ағылады,
Аз уақыт көрмесе егер
Көк теңізді сағынады,
Балықшылар, балықшылар!». Адуынды ақынның айқын дауысы көтеріле-көтеріле барып басылды. Залда моп-момақан болып отырған балықшы ауылдың жастары мынандай сөздерге елтіп, бейне өздері де майталман балықшы болып кеткендей қомпаң-қомпаң етіп қойысты. Бір сәттік тыныштықтан кейін бәрі ду етіп қол соғып жіберді.
Серік ақынның сол күнгі шабыты қаратереңдіктердің жанына сезім толқындарын құйғандай болды. Селдей құлаған сол екпінмен тағы да бес-алты отты өлеңін оқыды. Ал көрермендер қызықты кештің қалай тез аяқталғанын білмей де қалған. Жүргізуші хабарлағанда поэзия құдіретін сезінгендей жүздері нұрланып кеткен.
Комсомол қызметкері Нұрлыбек Күләйға жақындап келіп:
– Ертең Қасқақұланға барамыз. Өзің өлеңді жақсы оқиды екенсің. Бізбен бірге жүр, – деген. Оған Күләй басын шайқап:
– Бара алмаймын, ағай. Анамның қасында боламын, сырқаттанып жүр... – деген.
Ол артық қыстамады, түсінікті дегендей басын изеді.
Жас мұғалім Атабайдың да жазу-сызыудан хабары бар-тын. Содан да ақын Серікпен дос-жарлық қарым-қатынаста екен. Мектептен шыққан қонақтармен ілесе сыртқа беттеген ол Серіктің ақсары жүзінен бір өзгерісті, тосын толқуды аңғарғандай. Өйткені ақынның көздері күлімдей қалыпты. Және де шығып бара жатып арт жағына, жаңағы бір бойжеткендер жаққа қарайлай берген.
– Сәке, ән салғыңыз келіп бара жатқандайсыз ғой, – деді Атабай қолтығынан ұстап.
– Осы сендер неге демде бәрін біліп қаласыңдар, әулиесіңдер ме? – деді Серік ақын қуақылана қарап.
– Жүрегіңіздің соғысы өзгеріп кеткен сияқты...– деп Атабай оның кеуде тұсын меңзеп қойды.
– Мен көптен іздегенімді, жер-көктен іздегенімді тапқан сияқтымын, – деп Серік ақын енді Атабай жаққа емес, белгісіз бір жаққа жүзін бұрды. Сосын өлеңдете жөнелді:
– Көңілімде бір ақ қайың көктеді,
Ұйқым қашып...түндер, түндер өтпеді.
Оны көрмей тұра алмайтын болдым мен,
Жетті осылай махаббаттың көктемі, – деп бір дем алды да: – Жетті...жетті менің махаббатымның көктемі... – деп екі-үш мәрте қайталады. – Енді онымен қалай кездесемін...
– Саспаңыз, шайырым, кешке біздің үйде қонақта боласыздар. Жаңағы үш қыз да келіп, анама көмектеседі, – деді Атабай ақынның мына мұңдана қалған күйіне тағы бір көз тоқтата қарап қойып.
Кешқұрым қонақтар Атабайдың үйіне келсе, манағы кеште өлең оқыған үш қыз – Күләй, Гүлбарам, Күлман осында жүр екен. Дастархан басында Серік пен Күләй қатар отырып қалыпты. Ауылдың зиялылары мен орталықтан келген қонақтар әр тараптан әңгіме өрбітіп отырды. Ақын Серік болса ұяңдығын жеңе алмай отырған қасындағы Күләйға өзі жайлы айтып-айтып қояды. Күләй болса жігіт жүзіне әлі де бір көз қадап қарай алмады. Қасындағы қос құрбысы бір нәрсені сезгендей жымыңдасып «сөйлесе берсейші» дегендей бүйірінен түртеді. Күләйдің ұққаны ақын жігіт теміржолдағы Бекбауыл бекетінде туған. Өзі әлі студент. Болашақ мұғалім боп шықпақ.
Жалғасы бар...
Ерғали АБДУЛЛА,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі









