Күзді күткен көңіл
Қазақ әдебиетінде әр буын өз үнімен, өз мінезімен келеді. Бүгінгі жас қаламгерлердің легі –дәстүрлі сабақтастықты жаңа тыныспен жалғап келе жатқан толқын. Сол толқынның ішінде аты аталғанда әдеби орта елең ететін жас ақындардың бірі жерлесіміз – Биболат Сәтжан. Жуырда Биболаттың «Күзкүткен» атты романы жарық көрді. Бұл кітап – жас ақынның жеке шығармашылық жолындағы ғана емес, жалпы қазіргі жас поэзиядағы елеулі қадамдардың бірі деуге негіз бар.Биболат Сәтжанның кітабы «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы аясында жарық көрді. Аталған жоба шеңберінде былтыр 20, биыл тағы 20 жас автордың кітабы басылып шықты. Бұл – мемлекет тарапынан әдебиетке, әсіресе жас қаламгерлерге жасалып отырған қолдау.
Алғашқы кітабың Астанада кең көлемде таныстырылуы өтіп, ал сол жиында Төлен Әбдік сынды классиктің батасын алу – кез келген жас қаламгер үшін үлкен сенім, зор жауапкершілік.
Жинақтың атауының өзі-ақ оқырманды ойға жетелейді. «Күзкүткен» – жай ғана мезгіл атауы емес, бұл – күту, сабыр, толысу, іштей есейю символы. Күз – ақын үшін сарғайған жапырақ қана емес, адамның ішкі әлеміндегі тыныштық пен мұңның, өткен мен бүгіннің тоғысқан шағы.
Биболаттың өлеңдерінде әсіре пафос жоқ. Керісінше, байыпты ой, ішкі монолог, жүрекке жақын сыр басым. Ол өмірге биіктен қарауға тырыспайды, керісінше, күнделікті тіршіліктің ұсақ көріністерінен үлкен мағына табады. Осы қасиетімен де «Күзкүткен» жинағы жасандылықтан ада, шынайылығымен тартымды.
Төлен Әбдік: «Әдебиет дегеніміз – бәсеке» деген еді. Бұл сөз бүгінгі жас ақындарға тікелей қатысты. «Күзкүткен» жинағы арқылы Биболат Сәтжан сол әдеби бәсекеге өз сөзін, өз үнімен келіп отыр. Оның өлеңдерінен қазіргі жас ұрпаққа тән толғаныс, уақытпен үндестік, ішкі еркіндік аңғарылады. Бұл – тек бастамасы. Алдағы ізденіс, көркемдік тереңдік, тақырып ауқымы әлі де кеңейе түсері анық.
Биболат Сәтжан – бүгінгі поэзияға жаңа леп әкеліп жүрген жас ақындардың бірі. «Күзкүткен» – оның шығармашылық жолындағы алғашқы белес қана. Ақынға артылар үміт те, жүктелер жауапкершілік те зор. Себебі бүгінгі буынға жасалған мүмкіндік – ертеңгі әдебиеттің сапасына қойылған талап.
Н. БАҚЫРАН









