Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бір сөз, мың сезім

Бір сөз, мың сезім

Әдетте кешкілік үй іші тынышталып, күн ұясына қонғанда, әжем шайға шақыратын. Жұмыстан шаршап келген шақтағы ең керемет сезім болатын ол. Осылайша таңда жұмысқа кеткелі көріспеген біздің күнделікті ыстық естелігіміз басталатын.
Жалпы әжем ешқашан қатты сөйлемейтін, айқайламайтын. Бар болғаны «Айналайын» деп бастап, жағдайымды сұрағанда, өзім-ақ барымды жайып салатын едім. Сол сөз айтылғанда, менің бойындағы бүлік те, асығыстық та, тентектік те басылып қалатын. Қазір әжемнің даусын естіп, сырттағы артық ойымды ұмытқан сәттер есіме түседі. Ойланып қарасам, ол жәй сөз емес екен. Онда әжемнің тәрбиесі, мейірімі, өзіндік философиясы жатыр екен.
Иә, негізі адамды аластағанда да,ыдыс сынғанда да бастан затты айналдыратын ырым бар. Ал сіз оның түбінде тамыры терең тарих, неткен мән мен мағына жатқанын білесіз бе?! Егер білмесеңіз, зейін қойып оқыңыз. Өзімде «айналайынның» ғасырлар бойы сөз түрінде сақталып келе жатқан ежелгі салтымыз екенін біліп, білгенімді сіздермен бөлісуді жөн көрдім.
Айналайын – қазақ тіліндегі ең терең мағыналы сөз. Ол сөздік деңгейде еркелету, жылы сөйлеу ретінде қабылданғанымен, оның ішкі мазмұны әлдеқайда ауқымды. Мұның астарында тілек, қорғаныш, жанын пида етуге даяр көңіл бар. Халықтық танымда «айналайын» – «сен аман бол, бәле-жала мені айналып өтсін» деген ниетпен айтылады. Яғни ол үлкен жауапкершілік арқалайды.
Тарихи-танымдық тұрғыдан алғанда, «айналу» ұғымы қазақ дүниетанымында ерекше орын алған. Ежелгі салттарда ауырған адамды айналып шығу, жамандықты өзіне алу, қауіпті алыстату секілді ырымдар болған. Сол наным-сенімдер тілде сақталып, «айналайын» сөзіне айналған деген түсінік бар. Сондықтан бұл сөзде тек еркелету емес, магиялық сенімнің де жұрнағы жатыр. Ол – «мен сені қорғаймын» деген ішкі серт іспетті.
Тілтаным тұрғысынан қарағанда, айналайын сөзі түпнұсқаланғанда парсы тіліндегі «бигардам» деген ойдан шыққан деген пікір бар. Онда -айнал – айналу және -айын – менің жанымдеген қосымшалар сөздің ішкі бай мағынасын ашады.
Лингвистикалық тұрғыдан алып қарағанда, бұл сөзге тура балама табу қиын.Ағылшын тілінде «sweetheart», «my dear» секілді аудармалар қолданылғанымен, қазақ тіліндегі сезімнің тереңдігі мен эмоционалды реңгіне дәл келмейді.
Қоғамда «айналайын» сөзі көбіне жоғарыдан төменге қарай айтылады, яғни үлкеннен кішіге. Бұл– қамқорлық. Әже немересіне, ана баласына, үлкен кісі жасқа айтқанда, ол сөз арқылы өзін емес, өзгені жоғары қояды. Қазақы тәрбиенің ең нәзік көрінісі де осында. Ұрсуға болатын жерде «айналайын» деп айту – адамды адам ретінде сыйлау.
Бұл сөздің тағы бір ерекшелігі – оның әмбебаптығы. Ол қуанышта да, қайғыда да, күнделікті тіршілікте де, ең ауыр сәттерде де айтыла береді. Біреу жылап тұрса – жұбату болады, асықса – ескерту, қателессе – кешірімге жол ашады. «Айналайын» сөзі айтылған жерде қатыгездікке орын қалмайды.
Қазір адамдардың сөйлесуіазайып, сезім үнемделе бастағандай. Хабарламалар қысқа, қарым-қатынас салқын. Бірақ соған қарамастан, «айналайын» өз өміршеңдігін жоғалтқан жоқ. Керісінше, ол сағыныштың символына айналды. Әлеуметтік желілерде, ән мәтіндерінде, бейнелерде бұл сөз жиі қолданылуы – адамдардың жылылыққа деген ішкі сұранысын көрсетеді.
Бұл жайлы қазақтың біртуары Олжас Сүлейменов атамыздың:
«Айналайын,                                              
Келсе орайы,
Қолайы,
Сенің үшін жаным пида, толайым –
Дейді қазақ ұл-қызына қымбатты,
Қарашығым,
Құрбандығың болайын!
...Мен қайғырам,
Зәбір көріп қай халық
Қасіретке батар болса қайғы алып.
Айналайын, О, Қара жер, айналшы,
Мен өлейін бірге өзіңмен айналып» деген өлең жолдары сөзімнің астарын айшықтап тұрғандай.
«Айналайын» өлеңіндегідей,оны басқа тілге дәл аудару мүмкін емес. Оған балама табылғанымен, мағына толық берілмейді. Өйткені бұл сөздің бойында қазақтың мінезі, кеңдігі, мейірімі, жанашырлығы тоғысқан. Сөз – аударылмайтын мәдени код, оны түсіну үшін қазақтың өмір салтын, отбасы құрылымын, үлкенге құрмет, кішіге ізет қағидасын сезіну керек.
Психологиялық тұрғыдан алғанда да «айналайын» сөзінің әсері ерекше. Бұл сөз айтылғанда адам өзін қауіпсіз сезінеді. Өйткені ол сөзбен бірге қабылдау, түсіну, қолдау келеді. Балаға айтылған «айналайын» оның өзіне деген сенімін арттырады. Үлкен адамға айтылғанда – құрмет білдіреді. Сол себепті бұл сөздің тәрбиелік, емдік күші де бар деуге болады.
Қазақ әдебиетінде, ауыз әдебиетінде, ән мен жырда «айналайын» сөзі жиі кездесуі де бекер емес. Ол – сезімді бір ауыз сөзбен жеткізудің ең ықшам әрі әсерлі тәсілі. Ақындар бұл сөзді қолдану арқылы оқырманның жүрегіне бірден жол табады. Өйткені ол сөз әр қазақтың жадында бала күнгі естеліктермен байланысты.
Қазақ «айналайыны» арқылы баласын тәрбиелеген, жұртын жұбатқан, өмірдің қаталдығын жұмсартқан. Сондықтан да ол бар жерде адамдық, жылылық, үміт бар.
Г.ӘЛНИЯЗИНА
10 ақпан 2026 ж. 83 0