Топ-баннер
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Нұр сәулелі Сәуелхан қарт

Нұр сәулелі Сәуелхан қарт

Арал теңізінің маңында өлең-жыр түлеткен көп ақынды білемін. Соның ішінде ерекше екі шоғыр шайырлар тобы бар. Бірі – Аманөткел маңындағы Нұртуған шайыр бастаған жыр жүйріктері болса, екіншісі – ұлы айдынның батыс жағын мекендеген балықшы қауым арасынан шыққан сөз зергерлері. Жалпыламай жұртқа бірінші топтағы майталмандардың туындылары жақсы таныс, ал екінші шоғыр ақындар туралы анда-санда жазылғаны, айтылғаны болмаса, оқырмандар арасында аттары мен жазған дүниелері аса көп белгілі емес.
Жақында ғана Ақбасты ауылында осы батыс беттегі ақындар легінің бір көрнекті өкілі Сәуелхан Смағұлұлы тоқсан бір жасында дүниеден өтті. Туған жерінде, ата-баба көңі жатқан жерден ұзамай осында нәпақа терген Сәуелхан ақынды көп жұрт туған жердің жыртысын жыртқан, ел-халықтың сөзін сөйлеген қайраткер азамат ретінде жақсы біледі. Арал теңізі тартылып, кешегі балықшылар қауымына ауыр соққы тиген кезеңде, атамекеннен тұяқ қозғалтпай қалып қойған ол ауылдастарының нағыз арқа сүйер тірегі болды. Талай-талай есіктерді ашып, мықтылардың алдында мәселе қойып, Ақбастының жағдайын жақсартуға бар күш-қайратын салды. Қандай кезең, қандай ауыртпашылық болса да, Сәуелхан ақын көргені мен түйгенін жүрек қазанында қайнатып, жыр керуенін бір үзбепті.
Сәуелхан ақынның поэзиядағы парасатты жолы арғы-бергі тектеп келе жатқанын айтқан жөн. Бұл – бір керемет құбылыс. Әкесі Смағұл Исаұлы алғырлығы, зерделілігі, зейінділігі арқасында орысша, арабша жақсы білген. Сирек жазса да өлеңдерінен өз заманының үні естіледі. Арнау өлеңдері ел арасына кең тараған. Смағұлдың немере ағасы Құлжан Келімбердіұлы да ескіше көп оқыған кісі екен. Құлжан шайыр ақындар айтыстарына да шыққан, ауызша шығарған өлеңдері халық аузында жатталып қалған. «Кетпесе өлі аруақ көнеріп-ай», «Қондырған оң иығыма шамым едің», тағы басқа дидактикалық өлең-жырлары бар. Ал Құлжан шайырдың Кішкене, Райхан деген ұлдары да артына жақсы әдеби мұра қалдырған сөз тарландары.
Осындай ақындар легімен туысқандық байланысы бар Сәуелхан өлең-жыр теңізінде молынан бойлап өсті десек болар. Оның бер жағында Көкарал, Ауан, Шөмішкөл, топырағында туған Әбен, Төлеу, Тасқынбай, Есентүгел, Төлеген, Жақып, Жүсіп, Қосандар– дарынды ұлан үшін бір-бір мектептей еді.
Ақын Сәуелхан Смағұлұлы 1935 жылы 13 мамырда сол кездегі Көкарал ауылдық кеңесінде, жаңа айтқандай, Смағұл шайырдың отбасында дүниеге келген. Болмысв бөлек бала оқуын Көкаралдағы жетіжылдық мектептен бастап, жоғары сыныптарды №22 Ауан орта мектебінде оқып тәмамдаған. Орыс тілін жақсы меңгерген ол он жеті жасында Ресей асып, Астрахань кооперативтік техникумында оқып, 1954 жылы диплом алады. Туған жерге оралып, Ауан балықшылар тұтыну қоғамында еңбек жолын бастаған. Кейіннен ауылдағы балық зауытында есепші болса, мұнан соң Көкарал балық аулау учаскесінің меңгерушісі қызметін атқарды.
Балық шаруашылығы саласына қызмет ауыстырған соң, Сәуелхан Смағұлұлы 1960-1961 жылдары Арал мемлекеттік Балық тресі жанындағы Оқу комбинатында балық өңдеу шебері мамандығын оқып игереді. Осы саланың кәсіби маманы болып қалыптасқан ол 1966-1976 жылдары Арал балық зауытының цех бастығы болса, одан кейін ұзақ жылдар Ақбасты балық аулау учаскесінің меңгерушісі қызметін мүлтіксіз атқарды. Балық аулаудан берілген мемлекеттік жастарды өзі басқарған бөлімдерде артығымен орындап отырғызды.
Арал теңізінің жағадан қашуы балықшыларды қиын кезеңге тіреп қойды. Көшкен жұрттың алды өзге облыстарға, соңы аудан орталығына қоныс аударды. Ал Сәуелхан Смағұлұлы ендігі уақытта ауылдастарымен бірге мал шаруашылығына бейімделді. Мал шаруашылығының орнығуына белсене араласты. Содан да 1995 жылы Құланды жылқы зауытының №3 фермасының меңгерушісі болып тағайындалды, ал 1997 жылдан 2001 жылға дейін Құланды жылқы зауыты директорының орынбасары қызметін абыроймен атқарып, 66 жасында зейнеткерлікке шықты.
Ұзақ жылдардағы ерен еңбегі еленіп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен, «Озат өнеркәсіп қызметкері», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды, сондай-ақ жергілікті әкімдіктер, мекемелер тарапынан алған мадақтамалары, алғыстары бір төбе.
Әкесі белгілі шайыр Смағұл Исаұлы шабыт туған шақтары:
– Сөз жазайын азырақ,
Қолыма алып қаламды.
Ауыздан шыққан лебізім
Болсын деп жұртқа жарамды, – деп өлең нөсерін төксе, бел баласы Сәуелхан ақын ондаған жылдар бойы еңбек майданының алдыңғы көшінде жүріп, бойдағы дарынын қасиеттеп, қастерлеп, тыншу болған сәттерінде үнемі қолына қаламын алып отырған. Ақынның бұл тарапта көптеген өлеңдері туған жерін, атамекенін, оның ерекшеліктерін жырлауға арналған «Туған жер» атты өлеңінде:
– Туған жер, Өндірім-ай, кіндік кескен,
Аққұмның топырағы еді ойнап өскен.
Құс қуып, балапанмен ойнаушы едік,
Аққайыр, суы мөлдір Қаратөстен.
Денеңді рахатқа бөлегендей
Теңіздің қоңыр салқын самалы ескен.
Жол түсіп, жазатайым бара қалсаң,
Балалық оралғандай қалмайды естен.
Қетерсің қалай қиып сондай жерді,
Өмірге келуіңе көмектескен?! – деуі ақынның өз туған жеріне деген үлкен махаббатын танытудай-ақ танытып тұр емес пе! Әсіресе сақа тартқан шағында өлең-жыр жазуын үдеткенін жақсы білеміз. Соның айғағындай болып «Ауылымның аманатын арқаладым», «Жырдың жерұйығы», «Жастығымды іздеп ой кештім», «Әлі де айтарым бар» кітаптары жарық көрді. Ондағанөлеңдері Сыр ақындарының ұжымдық, тағы басқа танымдық жинақтарда жарық көрді.
Ауылынан ұзап шықпаса да, поэзиялық туындылары Алаш жұртына дамыл-дамыл жетіп, ақын Сәуелхан Смағұлұлының ой әлемін, жүрек сырын жеткізіп жатты.
Өлең арқылы ол өлмес ғұмырға ие болды. Ақын жаққан поэзия алауы кейінгі ұрпаққа рух сәулесін жеткізіп тұр.
Ерғали АБДУЛЛА

21 ақпан 2026 ж. 98 0