Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Жауынгерлік тәрбие жөргектен басталады»

«Жауынгерлік тәрбие жөргектен басталады»

Әскер – елдің басына күн туа қалған жағдайда жүгінер ең маңызды күш. «Сақтансаң сақтайды» демекші, бүгінгі таңда бейбітшіліктің туы желбіреген мемлекеттердің де бес қаруы сай, әскері мығым. Ал әскери қызмет – әрбір ер-азаматтың Отан алдындағы парызы.
Өткенді еске алсақ, әскерге аттану да, келу де той-думанға ұласатын. Поштамен келетін үшбу хаттарды кезектесе оқитын әке-шешелеріміз: «Біздің баламыз пәлен деген жерде екен. Сірә, жердің түбі болар. Көп нәрсені көріп, достар тауып, шынығып келетін болды» деп марқаятын. КСРО құрамындағы республикалар мен сол кездегі социалистік елдерді көріп келгендер батыр секілді көрінуші еді. Әрбіріміздің кеудесі медальдарға толы ағаларымыздың әскери костюмдерін, бас киімдерін жарыса әрі таласа киіп, мәз-мейрам болатынымыз да есімізде. Ал олардың әскердегі бастан өткен қызықты оқиғаларын естігенде аузымыздан су ағып, «Біз де тезірек әскерге барсақ» деп армандаушы едік...
1971 жылғы кеңестік «Офицерлер» көркем фильмі естеріңізде болар. Фильмде офицердің солдатқа айтқан «Отанды қорғау деген мамандық бар» деген бір ғана сөзі күллі кино туындының төлқұжатына айналған еді. Осы бір тамаша фразаның жауынгерлік қағидаға ұласқаны шындық. Демек, сол «Отанды қорғау» деген мәртебелі мамандықтың иегерлері – сап түзеген сарбаздар мен сауатты сардарларымыз.
Қазір жалаң қолмен жауға шабатын заман емес. Әскери құрал-жабдықтар жылдан-жылға жаңарып келеді. Қарулы Күштеріміз заманауи техникамен толығуда. Оны дұрыс пайдалану үшін жігіттеріміз сауатты болуы шарт. Әскері мықты елдің әлеуеті де мығым. Шүкір, қорғаныс күштеріміздің қауқары жыл жылжыған сайын күшейіп келеді. «Жауынгерлік тәрбие жөргектен басталады» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, қазақстандық патриотизмнің бастауы балабақшадан, отбасынан басталады. Қолын жүрегіне қойып, Қазақстан мемлекетінің Әнұранын айтып тұрған бүлдіршін өзін шын мәнінде тәуелсіз қазақ елінің азаматымын дегенді сезініп өсе ме? Қасиетті жерімізді көкте де, жерде де, суда да қорғайтын да солар. Қай ата-ана болсын баласының білімді, өзін- өзі қорғай алатын қауқарлы болғанын қалайды. Десек те, Отан алдындағы борышын өтеуге келгенде, сарбаз атанар жастарымыздың сан түрлі сылтаудан құтыла алмай жүргендігі де ақиқат. Ата-аналардың да «Жалғыз балам еді, еркелеу өсіп еді» деп ұлдарына алаңдайтыны жасырын емес. Шын мәнінде, әскери өмірдің тәртібі жас азаматтарды жанжақты тәрбиелейді. Шынықтырады. Жауапкершілікке, шапшаңдыққа төселдіреді. Ата-ананың қадірін білген жастар еліміздің әр аймағынан достар табады.
Азаматтарды әскери қызметке шақыру – бұл әскери міндеттілік негізінде Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды жеке құраммен жасақтауға бағытталған мемлекеттік органдар жүргізетін iс-шаралар кешенi. Үстіміздегі жылы көктем айында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне және басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарына мерзімді әскери қызметке аттандыру барысында ауданнан Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі қатарына – 22, Мемлекеттік күзет қызметі қатарына – 1, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарына 25 азамат аттанды. Алдағы уақытта Отар қалашығындағы 30212 және Қапшағай қаласындағы 65476 әскери бөліміне азаматтар аттандыруға құжаттары дайындалуда. Сондай-ақ, мамыр-маусым айларында Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұлан қызметі қатарына азаматтар аттандырылады. «Елдің ертеңін білгің келсе, оның жастарына қара» деген ұлағатты сөз бар. Әскер қатарына қабылданғанына қуанған жастардың көзіндегі жалындаған отты көргенде, біз де риза боламыз.
Отан қорғаушылар күні қарсаңында аудандағы әскери сала ардагерлері мен қызметкерлерін мерекелерімен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілейміз.
Б. Қуатов,
Арал ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы.
08 мамыр 2019 ж. 1 264 0