Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұлттың ұясы – қасиетті шаңырақ

Ұлттың ұясы – қасиетті шаңырақ

Көктемнің шуақты күндерімен бірге келетін Наурыз мерекесі –ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртудың айрықша кезеңі. Табиғат түлеп, тіршілік тынысы кеңейген осы бір шақта Наурызнама онкүндігі аясында адам өміріндегі ең қастерлі ұғымдардың бірі – отбасы, шаңырақ ұғымы да ерекше мәнге ие болды. Қазақ танымындағы шаңырақ – ұрпақ жалғастығының, тәрбиенің, тіршіліктің өзегі. Осы тұрғыдан алғанда «Шаңырақ күні» қоғамдағы отбасы институтының маңызын айқындайтын тағылымды мереке ретінде орнығып келеді.
Биыл осы атаулы күн Арал ауданында мазмұнды шарамен өрнектелді. Аудан орталығында тігілген «Шаттық үйінде» «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қызылорда облысы бойынша филиалының Арал аудандық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі ұйымдастырған «Берекелі шаңырақ» атты іс-шара көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Мерекелік жиынның мазмұны адам өмірінің тұтас бір белестерін қамтып, бір сәттің ішінде бірнеше тағдыр тоғысқан әсерлі көрініске айналды.
Адам ғұмыры бір арнамен аққан өзен секілді. Дүниеге сәби болып келіп, жастықтың жалынымен жалғасып, еңбекпен толысып, ақыр соңында парасатқа ұласатын өмір жолының әрбір кезеңі – мәнге толы. Осы заңдылықты негізге алған шара барысында жаңа өмірдің бастауынан бастап, отбасын құру, ұзақ жылдық бірліктің жемісі мен еңбек жолының қорытындысына дейінгі маңызды сәттер бір сахнада көрініс тапты.
Алдымен, дүние есігін жаңа ашқан сәбидің ата-анасына туу туралы куәлік табысталып, жаңа өмірдің алғашқы ресми қадамы айшықталды. Сәби Бегім Бекланқызының ата-анасы БекланБиқалиұлы мен ДильназЖансерікқызы үшін бұл күн ұмытылмас қуанышқа айналды. Одан кейін шаңырақ көтерген жас жұбайлар – Қожахметовтер әулеті, яғни СұлтанбекЖәнібекұлы мен ЖібекҚаласқызына неке қию куәлігі табысталып, жаңа отбасының іргесі қаланды.
Өмір жолының келесі бір белесі ретінде ұзақ жыл еңбек етіп, зейнет жасына жеткен Көбейсін Ертлеуұлы ағамызға құрмет көрсетіліп, еңбектің еленген сәті көпшілік алдында айқын көрініс тапты. Ал жарты ғасыр бойы бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешкен ӘбуталиДушайұлы мен ШынкүмісӘлиқызы секілді алтын той иелерінің өнегелі өмірі – жас ұрпаққа үлгі боларлық тағылым ретінде дәріптелді.
Шараға қатысқан Арал ауданының әкімі Аманжол Сақыпұлы жиналған жұртшылықты «Шаңырақ күнімен» құттықтап, отбасы құндылықтарының қоғамдағы орнына ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде ұлттық дәстүрлерді сақтау мен ұрпақ сабақтастығын жалғастырудың маңыздылығын атап өтіп, алтын той иелері мен жас жұбайларға арнайы құттықтау хат табыстады. Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев та зейнеткер мен жас отбасының қуанышына ортақтасып, ізгі тілегін білдірді.
Аталғаншара мерекелік жиынмен қатарАзаматтық хал актілерін тіркеу жүйесінің қоғамдағы рөлін айқындайтын маңызды алаңға айналды. 1921 жылдан бастау алатын АХАТ жүйесі бүгінгі күнге дейін адам өмірінің барлық маңызды кезеңдерін заңды түрде бекітіп, қоғамның әлеуметтік құрылымын қалыптастыруда ерекше қызмет атқарып келеді. Бір ғасырдан астам уақыт ішінде бұл сала қағаз құжаттардан цифрлық жүйеге көшіп, қазіргі таңда халыққа қолжетімді әрі заманауи қызмет көрсетіп отыр.
Арал аудандық АХАТ бөлімінің қызметі де осы жүйенің бір бөлшегі ретінде өңір өмірінің айнасына айналған. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2025 жылы аудан бойынша 1509 сәби дүниеге келіп, туу туралы куәлік алған. Ал биылғы жылдың 18 наурызына дейін бұл көрсеткіш 274-ті көрсетеді. Неке қию бойынша 2025 жылы 287 жұп заңды түрде отбасын құрса, 2026 жылдың алғашқы айларында 30 неке тіркелген.
Бұл көрсеткіштертұтас бір өңірдің демографиялық, әлеуметтік ахуалынан сыр шертетін нақты деректер. Әрбір тіркелген туу көрсеткіші – жаңа үміт,неке – жаңа жауапкершілік, ғұмыр – тәжірибе мен тағылым. Осы тұрғыдан алғанда АХАТ жүйесіқоғамның тыныс-тіршілігін тіркейтін маңызды құрылым.
АХАТ саласының 105 жылдық мерейтойы қарсаңында бөлім қызметкерлерінің еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Арал аудандық АХАТ бөлімінің басшысы Ж.Абибуллаева және қызметкерлері Г.Медеталиева мен С.Айекешова аудан әкімі А.Оңғарбаевтың алғыс хаттарымен марапатталып, олардың ұзақ жылғы адал еңбегі жоғары бағаланды.
Мерекелік кештің шырайын жыраулар үйінің өнерпаздары келтіріп, әсем әнмен жиылған көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ән мен қуаныш, құрмет пен тағылым ұштасқан бұл шара көптің жүрегінде жылы әсер қалдырды.
«Шаңырақ күні» аясында өткен кездесу – отбасы құндылықтарын дәріптеудің, ұрпақтар сабақтастығын насихаттаудың нақты көрінісі болды. Бір сәттің ішінде адам өмірінің барлық белесі көрініс тапқан бұл жиын қоғам үшін де, әрбір отбасы үшін де терең мәнге ие. Шаңырақ берік болса, ел де берік. Ал сол шаңырақтың тірегі саналатын құндылықтарды сақтап, дәріптеу – баршамызға ортақ міндет.
Гүлмарал САҚТАПОВА
22 наурыз 2026 ж. 13 0