Толықтықтың тасасындағы шындық
Уақыт алға жылжыған сайын адамзаттың өмір сүру салты да өзгере түсті. Бір кездері күнкөріс қамымен таңнан кешке дейін тынымсыз еңбек еткен адам баласы бүгінде технологияның игілігіне сүйеніп, қимыл-қозғалысты барынша азайтты. Соның салдарынан бұрын тек «ауқатты» адамдарға тән белгі саналған толықтық енді қоғамның ең өзекті мәселелерінің біріне айналды. Артық салмақ – сырт көзге тек дене бітіміндегі өзгеріс сияқты көрінгенімен, шын мәнінде ол – адамның денсаулығына, психологиясына, тіпті өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін күрделі құбылыс.Дабыл қаққан деректер
Қазіргі деректерге сүйенсек, әлемде артық салмақ мәселесі бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, бүгінгі таңда 1 миллиардтан астам адам артық салмақтан зардап шегеді. Кейбір зерттеулер бұл көрсеткіштің одан да жоғары екенін көрсетіп, 2,1 миллиардтан астам ересек адамның салмағы қалыпты мөлшерден асып кеткенін алға тартады. Егер осы үрдіс тоқтамаса, 2050 жылға қарай жер бетіндегі адамдардың жартысынан көбі артық салмаққа ие болуы мүмкін деген болжам бар. Бұл –адамзаттың өмір салтындағы түбегейлі өзгерістердің көрінісі. Қазақстан да бұл үдерістен тыс қалған жоқ. Ел ішінде де, әсіресе жастар мен балалар арасында артық салмақ мәселесі жиілеп келеді. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, ересектер арасында 29,7 пайыз әйел мен 33,9 пайыз ер адамның артық салмағы бар. Ал халықтың 41 пайызы семіздікке шалдығып, зардап шегіп жүр.
Ас мәзіріндегіасқыну
Артық салмақтың пайда болу себептерін бір ғана фактормен түсіндіру мүмкін емес. Ол бірнеше жағдайдың тоғысуынан туындайтын мәселе. Ең алдымен, қазіргі қоғамдағы тамақтану мәдениетіне назар аударсақ, фаст-фудтың кең таралуы көзге түседі. Уақыттың тығыздығы, жұмыстың көптігі адамдарды тез дайындалатын, қолжетімді тағамдарға үйір етті. Бургер, картоп фриі, газдалған сусындар – бәрі де тойымды әрі дәмді көрінгенімен, олардың құрамындағы артық калория, қант пен трансмайлар ағзада майдың жиналуын жылдамдатады. Май жиналуы – көзге түсе бермейтін, бірақ жылдар өте келе салдарын айқын көрсететін үдеріс.
– Балалар мен ересектердің семіздігі әртүрлі болады. Бұл ретте ата-аналары баланың тамақтану қағидатын қалыптастырады. Өз тәжірибемде адамдардың ең жиі жіберетін қателігі - ішетін суын тәтті сусындармен алмастырып, перзенттеріне де дәл соны береді. Америка халқына қарасақ, олардың басты проблемасы - майлы тағамдарды шектен тыс пайдаланады. Ал біздің елдегі дертті тудыратын фактор - нан, сүт, ет өнімдері, яғни көмірсуды мөлшерден асып беріледі, – деді нутрициолог Л.Корпусевич.
Қимылсыз күннің қаупі
Екінші бір маңызды себеп – қимыл-қозғалыстың азаюы. Бұрын адам еңбегі физикалық күшпен тығыз байланысты болса, қазір көпшілік уақытын компьютер алдында, кеңседе немесе көлікте өткізеді. Күнделікті қозғалыстың азаюы ағзадағы энергия шығынын төмендетеді. Ал адам бұрынғыдай немесе одан да көп мөлшерде тамақтануды жалғастыра береді. Нәтижесінде, ағзаға түскен калория жұмсалмай, май ретінде жинала бастайды. Диетологтардың айтуынша, артық салмақтың басты себебі – дәл осы калория кірісі мен шығысының тең болмауы.
Сонымен қатар, тоқшылық пен психологиялық факторлардың да рөлі ерекше. Қазіргі қоғамда тамақ тек қажеттілік қана емес, кейде көңіл-күйді реттейтін құралға айналған. Көптеген адамдар күйзелгенде, шаршағанда немесе көңілі түскенде тамаққа жүгінеді. Тамақтану – ләззат алудың, өзін жұбатудың бір тәсіліне айналып кеткен. Бұл әдет байқалмай қалыптасып, уақыт өте келе артық салмаққа алып келеді.
Ауру – астан
Артық салмақтың зияны тек сырт келбетпен шектелмейді. Ол – көптеген аурулардың бастауы. Ғылыми зерттеулер артық салмақтың жүрек-қан тамыр ауруларына, 2 типті қант диабетіне, буын ауруларына, тіпті кейбір қатерлі ісік түрлеріне алып келуі мүмкін екенін дәлелдеген. Бұдан бөлек, артық салмағы бар адам тез шаршайды, белсенділігі төмендейді, кей жағдайда өзіне деген сенімін жоғалтады. Яғни, бұл мәселе адамның тек физикалық емес, психологиялық жағдайына да әсер етеді.
Семіздіктің осы аталған аурулардан басқа өмір сапасына әсер ететін жағымсыз салдарлары да жоқ емес. Мысалы, ерекше қиын жағдайларда артық салмақ жұмыс күшін жоғалтуға әкелуі мүмкін. Яғни, май басудың салдарынан жұмысқа да жарамсыз боп қалуыңыз ғажап емес. Сондықтан да «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын табу» маңызды.
Өзгерген өмір
Дегенмен, артық салмақ – үмітсіз жағдай емес. Ғаламтордағы түрлі пікірлер мен өмірлік тәжірибелерге сүйенсек, көптеген адамдар бұл қиындықты жеңіп шыққан.
– Ең бастысы – бір күндік нәтиже емес, тұрақты әдет қалыптастыру. Кейбірдиеталар уақытша әсер береді, ең тиімді жол – өмір салтын түбегейлі өзгерту. Арықтауды бастау қиын емес, тоқтамай жалғастыру адамға қиындық соқтырады. Бірақ нәтижесінде мен тек салмақ тастап қана қойған жоқпын, өмірге деген көзқарасым өзгерді, – дейді 2 ай ішінде 18 кг салмақ тастаған А.Мереке.
Мұндай пікірден артық салмақтан арылу денені ғана емес, ойды да жеңілдететінін байқаймыз.
Диетологтар да бұл мәселеге байыппен қарауға шақырады. Олардың пікірінше, қатаң диеталар мен ашығу ағзаға зиян келтіруі мүмкін. Оның орнына теңгерімді тамақтану әлдеқайда тиімді. Күніне бірнеше рет аз-аздан тамақтану, жеткілікті су ішу, қант пен ұн өнімдерін шектеу – қарапайым, бірақ нәтижелі қадамдар.
Бүгінде диетаның түрі көп. Кейбіреулер калория санау әдісін ұстанса, енді бірі көмірсуды азайтатын кето диетаны таңдайды. Интервальды ашығу да кең таралған тәсілдердің бірі. Ал қауіпсіз әрі ұзақ мерзімді жол – дұрыс тамақтану қағидаларын сақтау. Дегенмен, әр адамның ағзасы әртүрлі болғандықтан, диетаны жеке ерекшелікке қарай таңдау маңызды.
Диетолог А.Әміре салмақ тастағысы келетіндерге 22.00-ден қалмай ұйықтау қажеттігін айтады. Себебі адам ағзасының биологиялық сағаты бар деп санайды.
– Биологиялық сағаттың ішіне күндізгі сағат та кіреді. Жұмыс уақытына бағынамыз. Сол сияқты біз өзіміздің әрбір ағзамыздың және органның қай уақытта демалып, қай уақытта жұмыс жасайтынын білуіміз қажет. Яғни, түнгі 22.00-де ұйықтап, таңғы 6.00-де тұрсақ, гармон дұрыс бөлінеді. Егер таңғы 6-да тұрмайтын болса, үлкен де және бала-шаға да түнгі 22.00-23.00-ден қалмай ұйықтауды әдетке айналдыру керек. Адам ұйықтаған кезде арықтайды. Ал кішкентай балалар ұйықтаған кезде олар керісінше өседі. Сондықтан да бала да, үлкенде уақытылы демалған дұрыс. Қазіргі таңда көмірсулы тағамдар көп. Қант жемеймін деп айтатындар бар. Бірақ біздің сатып алатын нан, кез келген дүкеннен алатын заттың құрамында қант және транс майлар өте көп. Соның салдарынан адам тойғанын білмейді де, тағамды шектен тыс жейді. Зиянсыз және пайдасыз тамақты көп жегенде, бауыр мен өттің жұмысы нашарлайды, – дейді.
Артық салмақпен күресте спорттың орны бөлек. Қозғалыс – адамның табиғи қажеттілігі. Күнделікті жаяу жүрудің өзі ағзаға үлкен пайда әкеледі. Жүгіру, жүзу, фитнес сияқты жаттығулар зат алмасуды жақсартып, артық калорияның жұмсалуына ықпал етеді. Тіпті күніне жарты сағаттық белсенділік адамның жалпы жағдайын айтарлықтай жақсартады.
Таразы: Артық салмақ – бір күнде пайда болатын мәселе емес, ол ұзақ уақыт бойы қалыптасатын әдеттердің нәтижесі. Сол сияқты одан арылу да уақытты, табандылықты және саналы шешімді талап етеді. Бұл – тек дәрігерлердің немесе диетологтардың ғана емес, әр адамның өзіне байланысты таңдауы. Қазіргі заманда адам алдында екі жол бар: бірі – жеңіл әрі тез ләззат сыйлайтын, бірақ денсаулыққа зиян әкелетін өмір салты, екіншісі – тәртіп пен жауапкершілікті талап ететін, бірақ ұзақ әрі сапалы өмірге бастайтын жол. Қай жолды таңдау – әркімнің өз еркінде.
Г.САҚТАПОВА










