Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өлке сырын өрнектеген тұлға

Өлке сырын өрнектеген тұлға

Сыр бойы – сан ғасырлық тарихтың ізі сайрап жатқан, талай дүлдүлді дүниеге әкелген қасиетті топырақ. Өңір өшкенін жаққан біртуар тұлғаларымен еңселі. Жақында Арал қаласындағы «Руханият» орталығында Аманөткел ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен өлкетанушы, шежіреші, бірнеше танымдық кітаптардың авторы Тәңірберген Дәрменовпен өткен «Өлке сырын өрнектеген тұлға» атты кездесу кеші рухани сабақтастықтың жарқын көрінісі болды.
Кеш шымылдығы кейіпкердің өмірі мен ғибратты еңбек жолын баяндайтын бейнероликпен ашылды. Экрандағы әр дерек көрерменді Тәңірберген Сейтжанұлының балалық шағынан бүгінгі биігіне дейінгі белестерге жетелеп, оның туған жерге деген перзенттік махаббатын паш еткендей.
Жиынға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Б.Махатов бастаған зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, ардагерлер мен кітапхана оқырмандары қатысты. Кеш тізгінін ұстаған Аманөткел ауылдық мәдениет үйінің қызметкері Муат Ералиев Тәңірберген Дәрменовпен еркін форматта сұқбат құрып, өлке тарихының беймәлім тұстарын қаузады. Аралдың өткені, ондағы тарихи оқиғалар мен ел есіндегі тұлғалар туралы қойылған сұрақтарға кейіпкер пайымды да парасатты жауап беріп, тыңдаушыларды бір серпілтті.
Тәңірберген Сейтжанұлы – саналы ғұмырын ағартушылыққа, мемлекеттік қызметке және ең бастысы, ел тарихын хатқа түсіруге арнаған жан. Оның қаламынан туған «Мырзастан шықты шайырлар», «Ишандар өткен ғұлама, хабар берген Алладан» атты еңбектері туған жердің рухани картасын айқындап берген құнды дүниелер. Ол кісінің зерттеулері арқылы талай тарихи дерек қайта жаңғырып, есімдері ұмытыла бастаған асылдарымыз қайта тірілді десек артық емес.
Осы ретте белгілі журналист Ерғали Абдулла кеш кейіпкерінің еңбегіне:
– Туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігін дәлелдеп жүрген азаматтың бірі – Тәңірберген Дәрменов. Ұзақ жылдар бойы шұқшия зерттеп, Арал-Сыр өңірінің бірталай өткен тарихын түгендеп берді. Әсіресе Нұртуған шайыр бастаған ақын, жыраулардың өмірдеректерін, Сырдарияның төменгі жағы мен Арал өңірінің дін қайраткерлерін түбегейлі зерттеп, бірнеше кітап етіп шығарған еңбегі кейінгі ұрпаққа мол қазына боп отыр. Руханият орталығында өлкетанушы Тәңірберген Дәрменовпен болған кездесу кеші жақсы бір шара болып көңіл қуантты. Замандасымыздың осынау еңбегі өңірдің зиялы қауымынан, жерлестері тарапынан үлкен баға алды, – деп баға берді.
Шара барысында сөз алған үзеңгілес достары мен зиялы қауым өкілдері Тәңірберген Сейтжанұлының адамдық болмысы мен зерттеушілік қырына тоқталып, жүрекжарды тілектерін арнады.
Мерекелік кеш өнерпаздардың әуезді әндерімен өрнектеліп, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, «Руханият» орталығының төрінде «Өлке тарихын зерделеген зерттеуші» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге қойылған автордың қолжазбалары мен жарық көрген туындылары кеш қонақтарының қызығушылығын тудырып, өлке тарихына деген құштарлықты оятты.
Тәңірберген Дәрменов секілді өз ісіне адал, туған жерінің әр тасын тарих деп білетін тұлғалар барда елдің рухы асқақ болмақ. Өткенін ұлықтап, бүгінін бағалай білген халықтың болашағы да баянды. Аралдың айдынындай терең, Сырдың бойындай шұрайлы қаламгер қаламы бұдан былай да ұлт руханиятына қызмет ете берері хақ.
Г.МЫҚТЫБАЙҚЫЗЫ
16 мамыр 2026 ж. 28 0