Тіл мәртебесі қоғамдық қолданыста
Тілдің шұбарланғаны сондай, ертедегі би-шешендеріміз тіріліп келер болса, біздің сөйлеу мәдениетімізді көріп қу жанынан түңілер ме еді, қара тасты қақ жаратын шешендік тіркестердің орнына адам баласына түсініксіз, қиғаш-қиғаш құр сөзді естігенде қамшысын екі бүктеп осып жіберер ме кім білсін?!Тазалық – тілден
Тіл тазалығы бүгінде мәңгілік күреске айналды. Қоғамның сөйлеу, жазу нормаларын сақтау мен қатар қазақ тілінің мүмкіндігін өз орнымен пайдаланып, оны дұрыс қолдана білуі актуалды тақырыпқа айналып жатқаны өтірік емес. Әсіресе, мемлекеттік тіл мәртебесіне ие тілдің тазалығы және оның басқа тілдер алдында ырықтылығы ең маңызды мәселе.
Бауыржан Момышұлы өз заманында даналықтан құралған қазыналы қазақ тілі турасында «Қазақ тілі – сұлулығымен бой балқытып, тамыр шымырлататын, жан жүйеңді жадыратып, құлақ құрышын қандыратын, өткірлігімен қысылтаяң тұста ер мен елге бірдей медет беріп, адам түгілі жағдайдың өзінің аузына құм құятын ғажайып кемел тіл» деген болатын. Ендеше осындай құдіретті тілімізді қадірлемеуіміздің мәні неде?
Мемлекеттік тілдің мәртебесі
Қазақстанда тілдердің қолданылуын реттейтін құжат 1997 жылы қабылданған «Тіл туралы» заң. Онда атап айтқанда, мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілі – мемлекеттің барлық аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында әрекет ететін мемлекеттік басқару, заңнама, сот өндірісі және іс жүргізу тілі. Қазақ тілін меңгеру әрбір азаматтың парызы, ал тілдің өзі – қазақстандықтарды біріктірудің маңызды факторы.
Бұл жағдайларға қарамастан, соңғы мәліметтер бойынша Қазақстанда қазақ тілінде түрлі деңгейде түсінетін және сөйлеушілер қатары 92%-ды құрайды, ал орыс тілінде ел тұрғандарының 90%-ға жуығы еркін сөйлейді. Иә, бұл көңіл қуантарлық жағдай. Дегенмен, «Алайда бұл қазақстандықтардың 90 пайызы еркін жазып, сөйлей алатын деңгейге жетті дегенді білдірмейді. Яғни бұл аталған зерттеу нәтижелері республика тұрғындарының басым көпшілігі мемлекеттік тілді өз дәрежесінде еркін білетінін, жаза алатынын, кәсіби лексиканы меңгергенін, қалған бөлігі еркін сөйлегенімен жаза алмайтынын, ал кейбірі тек қана түсіндіре алатын деңгейде екенін көрсетті» делінген Тіл саясаты комитетінің ресми жауабында. Қанша жерден ел тұрғындары қазақ тілін біліп тұрғанымен оны қолданысқа енгізбей, қарапайым тұрмыста орыс тілінде сөйлесе пайдасы қандай? Сондықтан тілдің білушілердің емес, қолданушылардың маңызы көбірек.
Қолданыс аясын қалай кеңейтеміз?
2025 жылы жүргізілген әлеуметтік зерттеулерге сәйкес, қазақстандықтардың басым бөлігі қазақ тілін кәсіби қызмет пен мансап үшін ең қажетті тіл деп санайды. «DEMOSCOPE» қоғамдық пікірге мониторинг жүргізу бюросының зерттеуінде респонденттердің 80,1 пайызы жұмыс пен қызмет барысында қазақ тілінің маңызы жоғары екенін атап көрсеткен. Ал орыс тілінің қажеттілігін 35,5 пайыз, ағылшын тілінің маңызын 23,8 пайыз қатысушы көрсеткен. Бұл мемлекеттік тілдің қоғамдағы беделі мен сұранысының жылдан-жылға артып келе жатқанын аңғартады.
Бүгінге дейін қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтудің 2 жолы ұсынылған. Оның бірі – «мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылсын» деген заңнаманың күшін жою болса, екіншісі – қазақ тіліне қажеттілік тудыру, яғни еліміздегі іс-қағаздар өндірісін толықтай қазақ тіліне көшіру.
Бірінші ұсыныс туралы президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауы кезінде қазақ және орыс тілдерінің мәртебесі туралы мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, елде қазақ тілін қолдану аясы кеңейіп келеді, ал орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие және оның қолданылуын шектеуге болмайды.
– Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі шын мәнінде білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс. Өмірдің басты үрдісі. Сондықтан қазақ тілінің өрісі тым шектеліп барады деуге негіз жоқ. Ата заң бойынша, Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі, – деді Тоқаев.
Осыдан кейін ол орыс тілінде:
– Орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие. Заңымыз бойынша, оның қолданысын шектеуге болмайды, – деді. Жалпы ол мәселе тек қана біздің қоғамның ғана емес, сонымен қатар екі ел арасындағы ауызбіршілік пен ынтымақтастықтың да бір саласы екенін айта келіп, бұл мәселеге парасаттылықпен қарауымызды сұрады.
Екінші ұсыныс бойынша қазіргі таңда көптеген жұмыстар жүргізілуде. Оның бір мысалы ретінде қазір кез келген мемлекеттік жұмысқа орналасу кезінде міндеттелетін қазақ тілі меңгеру деңгейін атап өтуге болады. Ол міндеттілік коммерциялық мекемелерде де бар. Сонымен қатар түрлі супермаркет, дүкен, сауда орталықтарындағы жарнама сөздерін алдымен қазақ тілінде жазылуы туралы заң бар екенін бәріміз білеміз. Заманауи фильмдер мен кітаптардың да қазақ тіліне көптеу аударылуы жастар арасындағы тіл қолданысының аясын кеңейту үстінде. Және заң жүзінде жұмыс жасамаған, мемлекеттік тілімізге қатысты заң бұзған жандардың жауапкершілікке тартылуы да өз пайдасын көрсетуде.
Мысалы, бәріміз білетіндей, Алматы қаласындағы «Park Avenue» мейрамханасында қазақша мәзір сұрап, мәзір тек өзге тілде болып, «ұнамаса, келмеңіздер» деген жауап алған автордың оқиғасы қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Келушілер «2GIS» бағдарламасы арқылы дәмхананың рейтінген де түсірген. Міне, бұндай оқиғалар қазіргі таңда заң аясында тіл мәртебесінің көтеріліп келе жатқанын көрсетеді.
Қазақ тілі – еліміздің айнасы. Тілі жоқ елдің көпке бара алмайтындығы бәрімізге аян. Оның мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз екенін ұмытпайық.
Г.САҚТАПОВА










