Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тіл – қазақтың жаны

Тіл – қазақтың жаны

Қазақ тілі –еліміздің мемлекеттік тілі, әлемдегі тілдердің ішіндегі ең байтілдердің бірі. Көп тіл білгеннің жұлдызы жарық, көзі ашық, жан-жақпен байланысы мықты болары сөзсіз. Өз елінің ұлттық тілінің мәртебесін көтеру – әрбір ұл-қыздың,үлкен-кішінің азаматтық парызы.
«Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады» деп Ғабит Мүсірепов айтқандай, елдің болашағын, тілдің келешегін сақтау баршаның міндеті.
Тілге құрмет отбасындағы тәрбиеден басталады.Тілін сүйетін, ұлтын құрметтейтін азамат тілдің маңызын ұрпағына үйретіп, жадына тоқуы қажет. Жастайынан сіңірген білім ғана балаға сіңімді. Тіл әрбір азаматқа ана сүтімен беріліп қалыптасады. Ана сүтімен бойға сіңген қасиеттер туған тілдің арқасында дамиды. Ал оған деген сүйіспеншілік пен құрмет бала кезден басталуы керек. Айналадағы адамдарға, өзінің өскен ортасына, Отанға деген ерекше сезім мен көзқарастың бастауын да сол туған тілімізден аламыз.
Мәдениет те, өнер де көркем тілмен кестеленеді. Рухани кемелдену де қазаққа ана тілі арқылы келді. Ахмет Байтұрсынұлы: «Тіл тазалығы – ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау»дей келе, ол баланың таным түсінігі қалыптаспай тұрып, оның зейінін басқа тілге аударуға болмайтынын айтады. Тіл жоғалса тілмен бірге ұлт жоғалады. Сондықтан әр ұлт өз ана тілінің өміршеңдігіне мүдделі болуы керек.
– Иә, кейде көшеде, болмаса, қоғамдық орындарда бір-бірімен өзге тілде шүлдірлескен жандарды көріп, қынжылатынымыз рас. Үлкен қалаларда ілінген билбордтарда, дүкен маңдайшаларында мемлекеттік тілімізде жазылған жарнама қателерін көріп те ұялып жатамыз. Осындайда батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды ұмыту» деген сөзі еріксіз ойға оралады. Сондықтан ұл-қызымызды ана тілімізбен сусындатып, осынау бай тіліміздің құндылығын бойына сіңіріп, құрмет тұтсақ қана ана тіліміздің мәртебесі биік болмақ,– дейді қала тұрғыны, көпбалалы ана Гүлбану Ташауова.
Тіл – ұлттың аса ұлы игілігі, қазақтың жаны. Қандай да бір халықтың болмысы, өркениеттілігі, саналылығы тіл мәдениетімен, тілдің қолданыс ауқымдылығының кеңдігімен өлшенеді.Халқымыздың салт-дәстүрі, жөн-жоралғысы, ырым-пайымдары, тарихы, өнері осы тіл мен әдебиеттен туындайды. Осы тұрғыдан келгенде, мемлекеттің тұтастығы мен елдің бірлігін сақтай отырып, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру, оның қолданыс аясын кеңейту баршамыздың басты міндетіміз болуы тиіс.
К. МАХСҰТ 
30 қаңтар 2023 ж. 383 0