Конституция
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұл мен қыздың қаламын ұштаған ұстаз

Ұл мен қыздың қаламын ұштаған ұстаз

Тәуелсіз ел атанған алғашқы асулар. Тоқсаныншы жылдың төртінші белесінде Ерімбетжаға елді мекеніндегі жатағандау мектеп ғимаратынан 9-сыныпты тәмамдап, «Қарақұм дегенше қарағым десеңші» деген атауға ие құтты қонысқа артынып-тартынып жеттік. Кейбір замандастарым өмірдің сан тарау жолымен өз бағыттарына түсті. Ал, үш-төрт бозбала құм қойнауындағы білім бұлағы саналған №59 орта мектеп табалдырығын имене аттады. Үш қабатты білім ұясын көргеніміз осы. Мектеп директоры Сарқытбай Есбергенов арқамыздан қаға қарсы алды. Шәкірттерге саналы тәрбие, сапалы білім беруді бұлжымас қағида еткен мұғалімдер нағыз педагогке тән сабақ үлгісін көрсетіп, көкжиегімізді кеңейтті. Әсіресе қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Иманбай Әйтімов өзімді баласындай баурады. Көргені де, түйгені де мол ағайды айналшықтап, сыр суыртпақтаған сәттер әлі де көз алдымда. Нақтырақ тоқталсам, мақала жазу, өлең құрау әдеби кітаптарды оқу жайында жан-жақты пікірлесіп, журналист болуды мақсат тұтатынымды ең бірінші сол кісіге жеткізгенім есімде.
      Қош, ол күндер бүгінде өткен шақта ғана баяндалады. Аз-маз кіріспеден кейін тарқата жазу журналистік тәсілімнің бірі-тұғын. Ендеше, ұл мен қыздың қаламын ұштаған ұстаз төңірегінде кеңінен сөз сабақтайын. Үстіміздегі жылы Иманбай Әйтімов көкеміз сексеннің сеңгіріне шығады. Алып денелі, екі иығына екі адам мінгендей аға өз ісіне шындап берілген жан. Кіндік қаны тамған жерден алыстан кетпей өсіп-өнген жердің ажарын айшықтауға атсалысқан ол 1946 жылы Абай ауылындағы қарапайым отбасында дүниеге келді. Әкесі Әйтім мен анасы Сарқыттың үкілі үміті ерте есейді. Қиын қыстау заман. Солай болса да ақ жаулықты ана он бір құрсақты дүниеге әкелді. Барлығын жетілдіру үшін таңмен таласа тұрып, қас қарайғанша жұмысқа жегілді. Баланы болашағым деп білген шаңырақтың қос шынары 1953 жылы Иманбай ағамызды Арал қаласындағы теміржол мектебіне аманаттады. Оқушы сөмкесін асынған жеткіншек үлкен өмірге жол осы жерден басталатынын ұққандай білуге құмартып, қатарластарының арасында зеректігімен дараланды. Сонан соң аудан орталығындағы №15 мектептің бастауыш сыныбын бітіріп, әке шешімімен №59 Қарақұм мектебінде оқуын жалғады. Мұның бәрі отбасылық жағдаймен тығыз байланысты еді. Оқуға құмар бала Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің, Ғабиден Мұстафиннің туындыларын жастана оқып, кейіннен орыс-шетел классиктерінің кітабына да ден қойды. «Кітап – қазына» демекші, көкірек сарайы ашылған жеткіншек мақала жазуға да төселе бастады. Балауса қаламның иесі кейіннен аудан айнасы саналған «Толқын» газетіне бірінен соң бірі тұшымды дүниелер жариялап, нәтижесінде аталмыш газеттің штаттан тыс тілшісі атанды. Тілшілер қосынына келіп-кетіп жүріп, көрнекті жазушы Жақсылық Түменбаймен танысып, сол таныстық осы уақытқа дейін жалғасып, достықтың даңғыл жолына айналды. Өткен күн тарих. Екі дос бірлесе жазған «Қатыгез әке, жауап бер!» атты мақала қоғамды дүр сілкіндіріп, көптің көкейіндегі мәселе оқырмандардан оң бағасын алды.
      Иә, бірін айтып, біріне кетті демеңіз. Бұл жерде кейіпкеріміздің ойып та, сойып та жазатынын айтқым келген еді. Иманбай Әйтімов совхоз орталығындағы біраз шаруаға төселіп, ауылдық клубтың меңгерушісі ретінде де мәдениет саласында қолтаңба қалдырды. Алайда қиялға қанат байлаған азамат қарабайыр жұмыс өзіне қол емес екенін салғаннан сезді. Сөйтіп, Алатау баурайындағы әсем шаһар Алматы қаласына жол тартып, журналистердің қара шаңырағы деген атқа ие С.М.Киров (қазіргі Әл – Фараби) атындағы қазақ ұлттық университетіне оқуға түсті. Бұл 1971-1977 жылдар аралығындағы асу еді...
      Асу болғанда қандай асу? Міне, осыдан кейін бүгінгі мерейтой иесінің абыройы асып, мерейі тасыды. Нақтырақ тоқталсақ, ағайымыз республикалық «Жас алаш», «Спорт» газеттері арқылы тіптен таныла түсіп, «Қазақ радиоасында» еңбекқор қауымға арналған хабарды жүргізді. Белгілі қаламгер Оралхан Бөкейдің өзі қабілетті журналист жайында жақсы пікір қалдырып, түрлі тақырыптарда қалам тербей беруіне сәттілік тіледі. Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі Зейнолла Қабдолов, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірбек Қожакеев және Абдул-Хамид Мархабаев сынды мүйізі қарағайдай дара тұлғалардан дәріс алып, қабілет-қарымын одан арттырды. Бұдан бөлек ұлағатты ұстаз, қарымды қаламгер қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісов, тағдырлы ақын Зейнолла Шүкіровпен жүздесіп, олардың ақыл-кеңестерін тыңдап, ізгі жүрекке кестесіне тоқыды.
      Журналист дипломын еншілегеннен кейін ардақты жанымызға Ақтөбе облысы, Шалқар аудандық газетіне жолдама берілген. Бірақ, Арал аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Тәкей Есетов қажет кадрді алысқа жібермеді. Қысқасы, ауданда қалуға үндеді. Сөйтіп қарақұмдық қалам ұстаған бес бірдей журналистің ұстазы отыз үш жыл қазақ тілін ұлықтап, әдебиетін дәріптеді. Осылайша қарт ұстаз ғибратты ғұмырымен көптің мақтанышына айналды. Өнегеге толы өмірін ізденіске арнаған Қазақстан журналистер одағының мүшесі Иманбай Әйтімов «Алғашқы құрбан» кітабын жарыққа шығарды. Сондай-ақ, Байғара Қожасұлы жайында деректер жинап, соның негізінде жазылған повесі патша көңілді оқырманнан оң бағасын алды. «Үзілген үміт», «Жетім торы», «Егіндіқақ», «Қырандар қырғыны», «Қақпаншы», «Ақбура», «Қастандық», «Қашқын» сияқты әңгімелері ерекше әсерімен үлкен-кішіні өзіне баурады.
      «Отан – отбасынан басталады». 1970 жылы құрылған шаңырақ қазіргі таңда биіктемесе, аласарған жоқ. Жарты ғасырдан астам түтіні түзу ұшқан отбасы бірлігімен ауылдастарының үлгісіне айналды. Қостанай облысы, Жетіқара ауданының тумасы Гүлтұрсын Мұзанқызы Иманбай Әйтімұлымен бірге өсем деген ұлды, кетем деген қызды тәрбиеледі. Би түсетін үй атанған отбасы перзенттерінің келешегін көрікті ету үшін барын салды. Батыр ана Гүлтұрсын да ұзақ жыл жергілікті мектепте бастауыш сынып пәнінің мұғалімі ретінде өлшеусіз еңбек етіп, әр үйдің еркелеріне тура жолын нұсқады. Қос ұстаз нағыз бақыттың не екенін шынайы сезініп, бала бағбаны болған ұзақ жылғы еңбектерінің мәуелі жемісін осылай көрді.
Қазақта «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген тәмсіл бар. Аталмыш қағида аясында Қарақұмнан қанат қаққан журналистер жетіп артылатынын тілге тиек етсек артық етпес. Барлығы дерлік сексен жасқа иек артқан қарт ұстаз Иманбай көкеміздің шәкірттері. Осы жолдардың авторы да білікті ұстаздың тәлім – тәрбиесін көрген жан. Мақала барысында айта кететін тағы бір жайт, Иманбай Әйтімовтің шәкірттерінің көпшілігі еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде. Олар әлеуметтің әлеуетін арттыруға негізделген мақалаларымен, репортаждарымен отандастарға мәлім. Анау бір жылдары су тасқыны кезінде тікұшақ апатынан көз жұмған марқұм Сахитжан Бермағамбетов те осы ардақты жанның оқушысы-тұғын. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Шолпан Балманова, «Заң» газетінің тілшісі Қуаныш Әбілда, «Айқын» газетінің тілшісі Ербол Тұрымбеттер журналистика саласына осы шуағын төңірекке шашқан ғибратты ғұмыр иесінің мақтаныштары.
Қай кезде де талаптыны қоштадың,
Ақыл болды шәкірттерге айтқаның.
Бала жанының бағбаны атанып,
Талай жастың қаламдарын ұштадың.
Тау тұлғаңыз мына бізге алып шың,
Абызым-ау болмысыңа қанықпын.
Еңбегің ғой журналист боп жүрсек біз,
Көз алдында тілеулес мына халықтың.
Сияқтысыз мына бізге жарық күн,
Санамызға көп нәрсені таныттың...
Аман-есен Жамбыл жасын кешіңіз,
Жүзге жасамауға қақысы жоқ алыптың!
Абай Елеш
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
04 шілде 2026 ж. 41 0