Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Теңіз үстіндегі ой

Теңіз үстіндегі ой

Кеш бата 4-5 баржаны буксирге алған Солтүстік Арал теңізі флотилиясының флагманы «Коммуна» теплоходы ата-анамның 30 жылдан астам  уақыт бойы аңсаған ата жұртына, менің тарихи Отаным – Арал қаласына қарай бет алды. Апам, інім үшеуіміз баржаның бортына сүйеніп, аспандағы жұлдыздардай жымыңдасып, кем-кемнен алыстап, көзден ғайып болып бара жатқан ауыл шамдарына қарап, үнсіз ұзақ тұрдық. Мұндайда қауашаққа не келіп, не кетпейді дейсің?.. Әркім өз ойымен әлек... Табиғатынан көп сөйлемейтін 12 жастағы інім Кеңестің қимылы баяу, көңіл-күйі жоқ. Көшкенді көңілі қаламайтын сияқты.  Не дегенмен ойын баласы ғой, ауылдағы құлын-тайдай тебісіп бірге өскен достарын, сыныптастарын қимайды-ау, шамасы! Атамекен демесең, Қазақстан ол үшін жат жер.
Апамның жан-дүниесін, көңіл-күйін түсінуге болады. «Бөтен жердің гүлінен, туған жердің тікені артық» дегенмен, ол үшін Үшсайдың орны да, жөні де бөлек. Отағасы екеуінің алақандарының табы, басқан табандарының ізі қалды бұл аймақта. Қазақстанда тұрмыс құрған жас келіншек тағдырдың жазуымен дәм-тұзы бұйырып, Қарақалпақстаннан бір-ақ шықты. Обалы не керек, бұл өлке туған мекеніндей болып кетті. Көңілінде, өмірінде ерекше орын алды. Өйткені, жастық шағының мағыналы, мәнді, сәнді, қызықты кезеңдері осында өтті. Көрген бейнетін, өмірдің сан алуан қиыншылығын «көппен көрген – ұлы тойға» балады. Отбастарының тамыры да осында жайылды. Өмірге бес перзент әкелді. Бірі сәби кезінде қызылшадан шетінеп, екіншісі мектеп жасына жетпей қайтыс болды.
Анау таудың басында, тілдеспейтін бауырлар жатқан тірлігі жоқ ауылда – «нәрестелер қабірстанында» - қара шалы мен өзі ерекше жақсы көретін қайнысы да мәңгілік ұйқы құшағында қалып барады. Ширек ғасырдай уақыт өзара өте жақсы қарым-қатынаста, сыйластықта болған Бибіраба, Күміс, Маржан атты құрбы-құрдас, мұңдас, сырлас замандастарының да мәңгілік тыныстаған мекені - осы қорымда. Өмір атты ұлы көш қайда жетелесе де, ұзақ жылдар бойы тұрмыс қиыншылығының кермек дәмі мен шуақты күндерінің тәтті нәрін бірге татқан келіні, әрі сіңілісі әрі сырласы Қатшаны да қимайды. Амал қайсы?! Ол өз жүрегінің қалауымен өмірінің қалған бөлігін екі қызымен бірге осы өлкеде өткізуді ұйғарды. Қалды.... Мұңайып қалды...
Бес күн мынау жалғанда бірінің алдын бірі кесіп өтпей, тату-тәтті, сыйласып, дәмдес болған, көшер кезде бірін-бірі қимай құшақтасып, кейбірі жанарларын шылап, кейбірі дауыс шығарып жылап қоштасқан абысын-ажындары мен келін-кепшіктерін, көрші-қолаңдарын апамның ертең-ақ көзіне жас ала отырып,  сағынышпен еске алатыны анық.
Осы өңірде өткен өмірін көз алдынан өткізіп, ой құшағынан арылып шыға алмаған апам жымыңдаған түнгі жарығы алыстап, көз ұшында қалып бара жатқан ауылына қимастық сезіммен ұзақ уақыт қарап тұрды...
Шіркін, несін айтасың, адамның тұрған жері де туған жерінен бірде-бір кем емес екен-ау! Лықылдап келіп қалған көз жасын бізге көрсеткісі келмеді ме, әлде теңіздің кешкі самалынан бойы тоңазыды ма, ол тез бұрылып інімнің қолынан ұстап каютаға қарай бет алды.
...Көк теңіздің айдынын көктей тіліп келе жатқан «кемелер керуені» енді ашық теңізге шығар тұсқа келді. Оң жағалауда үлкенді-кішілі бірімен-бірі өзек арқылы байланысып жатқан Қапашқұм, Қызылқайыр, Абрам, Есқожа, Қарақшыл, Жалаңаш, Құсатау аралшықтарының нобайы сағымданып көрінеді. Бұл атаулардың барлығы дерлік Үшсай поселкесі тұрғындарының қысы-жазы балық аулап, жазда пішен оратын, қыста қамыс шабатын тіршілік көзіне айналған нағыз құтты жері.
Міне, біз кеме жолындағы қауіпті жерге қойылып, су көліктеріне жол көрсетіп тұратын су бетіндегі қалқымалы сигнал шамның (Бакен-маяк) тұсынан да өттік. Оның лампасындағы керосинді күнделікті ауыстырып тұру порттың жанында тұратын Карпо Карпенкоға (мектепте бізбен бірге оқыған қызы Карпенко Любовь Карповна бүгінде Арал қаласында тұрады) міндеттелген болатын. Ол күн қабағының қолайсыздығына қарамастан дауыл тұрған күндері 3-4 метрге дейін жететін әйдік толқындармен алысып, ескекті қайықпен келіп, өзінің міндетті жұмысын атқарып кететін. Бойындағы бар күш-жігерін қос ескекке жұмсап, алақандары ойылып, күс-күс болып, сүйел шығып кеткен байғұстың еңбегін порт әкімшілігі 1960 жылдардың басында едәуір жеңілдетті. Карпо енді бакен-маяктың шамын жағуға арнайы бөлінген шағын катермен барып-қайтатын болды.
...Мен басқышпен жоғары шкипер рубкасына көтеріліп, көз ұшында түнгі шамдары көмескіленіп, бұлдырап қалып бара жатқан ауылымның сұлбасына тағы бір көз жібердім. Осы сәт сонау тау етегіндегі қалған балдәурен балалық кейіпке бір мезет қалай еніп кете барғанымды өзім де байқамай қалдым...
Иә, адам Отанды таңдамайды. Қай жерде тудың – сол жер сенің Отаның. Сондықтан Қарақалпақстан – менің Отаным. Мойнағым – құт қойнауым, Үшсайым – кәусарым, ерекше кие тұтар туып өскен құтты қонысым. Осы жерде есейдім. Білім алдым. Қатайдым. Қанаттандым. Бар болмыс-бітімімнің қайнар көзі – ата-анамның бұралаңы мен қалтарыс-бұлтарысы көп өмір жолдарының ізі қалған, іңгәлап дүние есігін ашқан бұл құтты қоныс мен үшін әрқашан қымбат, әрдайым биік! Обалы не керек, елдің, жердің жамандығын көрмедім. Жоқшылық пен тоқшылықта да, тарыққанда да, қамыққанда да бұл өлке әке-шешеме қандай қамқор болса, балалық балғын, жауқазын бозбала шағымды осы аядай ауылда өткізген маған да бұл өңірдің құшағы ашық, шапағаты мол болды. Асылы, «туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деп ата-бабаларымыз тегіннен тегін айтпаса керек.
Әрине, кейбіреулердің табиғаты тамылжып тұрған, өзге өңірлерден келіп, теңіз жағалауындағы менің аядай жұпыны ауылымды, оның қиыршық құм суырған, тентек желі азынап, құлазып жатқан еспе құмын көріп, жансыз, сөлсіз қу дала деуі, тіпті өркениет көшінен көп артта қалған, табиғаты жұтаң, ит байласа тұрғысыз, көңілсіз, көріксіз жер деуі әбден мүмкін. Түсініктері, түйсіктері жоқ, сезім атаулыдан жұрдай, тас жүрек адамдармен туған жеріңді мақтап, жақтап, жата айтысқың-ақ, тартысқың-ақ келеді. Одан не пайда?! Кімнің аузына қақпақ боласың! Мейлі, айтса айта берсін. Бірақ бүкіл тәнім, жан-дүнием, болмыс-бітімім осы топырақтан нәр алып, қадір-қасиетім, тәлім-тәрбием қалыптасқан туған жеріме менің өкпе артар жайым жоқ. «Адамның жастық шағы өткен жерде жарты жүрегі қалады» дейді адамзаттың Айтматовы. Туған жерінен алыстап кеткен кез-келген пенденің сезім пернесін қалай дөп басып айтқан десеңізші ұлы қаламгер! Ең асыл қазынам – кіндік қаным тамған Үшсайымда менің де жұдырықтай жүрегімнің жартысы қалып барады. Қадіріңе жете алар ма екенмін, алтын бесігім?
Тағдыр жазса, сарғайған сағынышымды жүрегіме орап ап, балаларым мен немерелерімді жетектеп, әлі талай келермін саған, Үшсайым! Қайда жүрсем де көңілімнің төрінде, жүрегімнің түбінде әлдилеп өтермін-ау сені... Амандықпен көріскенше күн жақсы болсын, туған жер!..
Кешкі асты ішіп болған соң, теңіздің ерке самалына кеудемді тосып, шаң-тозаңнан ада таза ауамен еркін тыныстап, палубада біраз уақыт жүріп алдым. Ұйқы келер емес...
Көп ұзамай артта қалып бара жатқан архипелагтың тұсынан тағы да бір маяктың жарығы көрінді. Бұл – теңізге иек артып, еніп тұрған Текірау мүйісіндегі (Мыс Тигровый хвост) екінші маяк болатын. Енді буксир-теплоход өзінің тіркеме баржаларымен ұшан теңізге шығып, Арал портына қарай тіке тартты. Қолтықтан ашық теңізге шыққан бойда айдын табиғаты да өзгеріп сала бергендей көрінді маған. Қапталдай соққан әлсіз желден кемеміз жәй тербетіліп, шайқала бастағандай болды. Көк теңіз алай-түлей сұрапыл дауылдың алдында сызданып жатқандай күйде ме, қалай өзі! Жел дауыл шақырады деуші еді теңізшілер. Рас болды ғой, негізі.
Жаурай бастадым. Тездетіп шкипердің каютасына келіп, Кенжалы ағамыздың қасындағы салып қойған төсекке жата кеттім.
Түннің бір мезгілінде шырт ұйқыда жатқан мені сырттан азынаған есірік желмен бірге өкірген теңіз сарыны оятты. Кеменің бортына соққан толассыз дәу толқындар иллюминаторды көміп жан-жаққа шашырап кетіп жатыр. Сыртқа қанша қарағаныңмен судан басқа ешнәрсе көрінбейді.
Каютадан шығып, тар коридор арқылы тысқа беттедім. Сыртқы ауыр темір есікті ашып қалғанымда, ұйытқыған жел ішке қарай лап қойды. Екі трюмге нығыздалып, борттың биіктігіне дейін тиеліп, брезент тентпен жабылған мақта теңдерінің (тюк) қасына барып тұрдым. Айнала алай-дүлей. Көк теңіз үсті түтігіп, уылдап, шуылдап, арыстанжал толқындар су бетіне ойнап шығып, аласапыран күйге енген. Алдымызда екі қапталын су сабалап, әр толқын ұрған сайын аспанға ақ көбігін шашып, палубасын су шайып, аудаңдап, шайқалып, толқынға бір батып, бір шығып, «қақай» баржаларды ышқына, ыңырана тартып бара жатқан «Коммунаның» шамдары жарқырайды.
Қанша дауыл соқты дегенмен, бұлтсыз аспаннан ай сәулесі де нұрын аямай төгіп тұр. Баржаның тұмсық жағынан алға қарай көз тастасаң, таудай толқынның екпінімен бірде үзіліп кетердей қатты шірене керіліп, бірде салбырап, салбаңдап бос қалып, толқынға көміліп, қайта шығып созылып жатқан 30 миллиметрлік иілгіш болат буксир-тростың нобайы көрінеді. «Ойпырым-ай, адам білегінің жуандығындай мына болат арқан үзіліп кетсе қалай болады?» деген ойдың санаңда жарқ ете қалғанын өзің де байқамай қалады екенсің осындайда. Мұның бәрі бұрын теңізге шығып көрмеген адам түгілі әккі теңізшінің өзінің де үрейін ұшырып, зәресін алатын көрініс болатын...
Бір кезде қасыма баржаның дауыл күнгі жалпы жағдайына шолу жасап, вахталық міндетін атқарып жүрген, қолында білтелі, аспалы керосин лампасы бар, үсті-басы су-су болған шкипер көмекшісі (атын ұмытыппын) келді. Ол мақта теңдерінің ығында, палубаға шашыраған су тамшыларынан қашып, бүрісіп отырған мені көрді де, бас салып ұрыса жөнелді:
-Әй, сен неғып отырсың мұнда? Отырысын қарашы мұның, жаңбырдан қашып, пана іздеген тауық құсап бүрісіп. Өкірген жынды дауылдың кескіні мынау. Адам деген қызық екен-ау өзі. Рахаттанып жатпай ма екен каютасында?!.
-Қазір барам, аға.
-Осы теңізде, көбінесе оның қолтығында болып тұратын 3-4 баллдық дауылдарды көріп жүрміз ғой. Осындай баржамен, теплоходпен екі порт аралығына осымен үшінші рет жүзіп келемін. Бірақ мынандай дауылға, долы теңіздің тап мынандай тепкісіне кезіккен емеспін,-дедім шкипер көмекшісін әңгімеге тартып. -Қалай ойлайсыз, қазір дауыл қанша балл шамасы екен, білесіз бе?
Ол «мынаның есі дұрыс емес шығар» дегендей маған аңтарыла қарады да:
-Әй, сен өзі қуып кеттің ғой. Оны қайтейін деп ең? Әңгімені қой, бар жат! О несі-ей?!.-деді ашуланып.
Мен үнсіз талтаңдап, мас адамдай теңселе басып каютаға қарай бұрылғанда, ол менің артымнан бұрқылдап, күңкілдеп жағымсыздау сөздерді айтып жатыр еді.
Каютаға кіріп, төсегіме жатқаннан кейін аздап качка (теңіз ауруы) бола бастағандай болдым. Басым ауырып, бір-екі рет лоқсығандай, көк запыран кеудемді қысқандай болды. Тездетіп ұйықтап кеткім келді. Бірақ ұйқыдан маза кетті. Теңізші болсам да мұндай сәттерде мен өзімді жүрегі айнымайтын адамдар қатарына қоса алмаймын. Әсіресе самолетке мінгенде мазам май ішкендей болады. Өзімнің шамамды білетін мен Мойнақтан Қоңыратқа, Нөкіске АН-2 самолетімен ұшқанда, ең алдымен өзімді гигиеналық   пакетпен қамтамасыз етіп алатынмын. Ал мынау ашық теңіздегі жүзу барысында кездесіп тұрған бірінші жағдай...
Ұйқы қашқасын ойыма қай-қайдағылар түсті. Ташкентте институтта бірге оқып жүрген студент достарымның менің  кеме матросы болып жұмыс істегенімнен, әрине, хабарларлары бар болатын. Басқосу, студенттік кештерде мені басқа оқу орындарында оқитын қыз-жігіттермен таныстырғанда, не теңіз туралы әңгіме болғанда Шыршықта тұратын, әзіліміз жарасқан, пәтерде де, жатақханада да бір бөлмеде бірге тұрған курстас досым Әбдіразақ Кәрімов: «Мына жігіттің есімі Әнес. Мойнақтан. Арал теңізінен. Кемеде матрос болып істеген, теңіздің о шеті мен бұ шетіне жүзіп, олай да, бұлай да ойқастаған нағыз моряктың өзі» деп таныстыратын. Кейде қызыңқырап, шабыттанып кеткен кезінде әзіл-қалжыңның шегіне жетіп: «Нағыз көк теңіздің көкжалы ғой біздің дос» деп асыра мақтап, қомпитып қоятыны бар. «Аралдың 6-7 баллдық дауылынан, кеменің батып кету қаупі туғанда талай рет теңіз заңына сәйкес моряктың таза формасын киюге мәжбүр болған. Бірақ Құдай сақтап дауыл тынып, аман қалған біздің дос» деп соғатын. Шыршық өзенінен басқа ең болмағанда Сырдарияның Аралға құяр тұсындағы шағын Қамбаш көліндей су айдынын көрмеген, ұшан теңіз бен оның қолтығының ерекшелігін ажырата алмайтын досым менің қандай кемеде матрос болып істегенімді қайдан білсін! Дей тұрғанмен мақтағанды кім жек көрсін. «Мақтай берсін, мақтағаннан өлген адамды көрген жоқпын» деп сөз зергері, сын мергені, драматург Қалтай Мұханбетжанов айтқандай, мен де адамның көңіл-күйін көтеретін оның қолпаш сөздерін ризашылық сезіммен бетім шіміркпестен тыңдап тұра беретінмін.
Ай, досым-ай! Сол қол-аяғымды жерге тигізбей мақтаған көк теңіздің «көкжалының» қазіргі сиқын көрсең ғой» деймін іштей жымиып. Басым мең-зең боп зырқ-зырқ етіп ауырып, жүрегім айнып жатқан менің мына күйімді көрсең мені көкжал түгілі бөлтірікке де теңемес едің ғой, досым. Ташкентке барғасын еске алып, бір күліп алатын болдық қой.
Арада қанша уақыт өткенін білмеймін, осындай ой құшағында жатып көзім ілініп, ұйықтап кетіппін.
Әнес ӘУЕЗОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Арал ауданының Құрметті азаматы
14 шілде 2026 ж. 66 0