Өшпес өнеге, сағынышқа айналған ғұмыр
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді», «Ер өлсе де, елдегі ісі өлмейді» дейді халқымыз. Адамның ғұмыры қысқа болғанымен, оның артында қалған ізі, елге сіңірген еңбегі мен жүректерге ұялаған мейірімі мәңгі жасайды. Сондай азаматтардың бірі – туған жерінің мәдениетін өркендетуге бар ғұмырын арнаған, ауыл руханиятының шырақшысы болған Амандық Әлімжанұлы Жүгінісов.Жақында Арал ауданының Қызылжар ауылдық округіне қарасты Шөмішкөл ауылында аяулы азаматтың рухына арналып құран бағышталып, ас берілді. Елдің үлкені бата беріп, қатарластары көздеріне жас алып естелік айтты. Бірі оның азаматтығын, бірі кең пейілін, енді бірі өнерге деген адалдығын тебірене жеткізді. Сол күні ауыл үстінде сағыныштың самалы ескендей болды. Себебі, уақыт алыстатқанымен, халықтың жүрегіндегі сағынышты ешбір жыл өшіре алмайды.
Амандық Әлімжанұлы 1963 жылдың 2 қаңтарында қасиетті Арал өңірінің Шөмішкөл топырағында дүниеге келді. Бала күнінен еңбекқор, көпшіл, өнерге жақын болып өсті. Мектеп қабырғасынан бастап қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, айналасына сыйлы болды. Әскер қатарында азаматтық борышын абыроймен өтеп, кейін техник-гидротехник мамандығын игеріп, еңбек жолына қадам басты.
Тағдыр оны түрлі салада шыңдағанымен, жүрегінің шын қалауы мәдениет саласы еді. Қызылжар ауылдық мәдениет үйінің табалдырығын қарапайым сантехник болып аттаған азамат аз уақыттың ішінде өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен, өнерге деген жанашырлығымен ерекшеленіп, халық театрының режиссері, кейін мәдениет үйінің директоры қызметіне дейін көтерілді.
Ол үшін мәдениет үйі жай ғана жұмыс орны емес, екінші шаңырағы болатын. Сол қарашаңырақтың шамы сөнбесін, ауылдың өнері өркендесін деп күн-түн демей еңбек етті. Сахна төрінде қаншама таланттың тұсауын кесіп, қаншама жастың бойына өнерге деген сүйіспеншілік ұялатты. Ел ішінде өтетін әрбір мәдени шараның сәні мен мәнін арттырып, ауылдың мерейін асырды.
Сол қажырлы еңбектің нәтижесінде Қызылжар ауылдық мәдениет үйі аудандық, облыстық, республикалық байқауларда үздіктер қатарынан көрінді. 2005 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің «Үздік ауылдық клуб және мәдениет үйі» аталымын жеңіп алып, ел мерейін үстем етті. Бұл – бір ғана адамның емес, ауыл руханиятына жанын салған азаматтың табанды еңбегінің жемісі еді.
Ел еңбекті елеусіз қалдырмайды. Амандық Әлімжанұлы аудан, облыс әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Елбасының Алғыс хатын алып, «Тәуелсіздікке – 10 жыл» төсбелгісін кеудесіне тақты. Кейін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, «Тәуелсіздікке – 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Бірақ оны танытқан марапат емес, халықтың құрметі еді. Өйткені, «Халықтың алғысы – ең үлкен марапат».
Білімге деген құштарлығы да ерекше болатын. Еңбекпен қатар білімін жетілдіріп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Тарих» мамандығы бойынша тәмамдады. Бұл оның өмір бойы ізденуден жалықпаған жан екенін көрсетті.
Алайда тағдыр аяулы азаматқа ұзақ ғұмырды бұйырмады. 2017 жылдың 4 қарашасында небәрі 54 жасында бақилық болды. Сол күні ауыл аспанын мұң торлағандай еді. Мәдениет үйінің есігін ашқанда қарсы алатын жылы жүзі, сахна сыртында жүріп бәрін үнсіз үйлестіретін сабырлы бейнесі, әріптестеріне айтатын ақыл-кеңесі бәрі-бәрі елдің жүрегінде сағыныш болып қалды.
Қазақ «Орнында бар оңалар» дейді. Бірақ кейбір адамдардың орны ешқашан толмайды. Өйткені олар артында қызмет қана емес, жүректерге жылу, елге өнеге қалдырады. Амандық Әлімжанұлы сондай азаматтардың қатарынан еді.
Еске алу асында ақсақалдардың бірі: «Адамның денесі жерге тапсырылғанымен, жақсы аты халықтың жүрегінде мәңгі өмір сүреді», – деп тебіренді. Расында, сол күні жайылған ақ дастарқан – ысыраптың емес, сауаптың дастарханы болды. Құран бағышталып, дұға жасалды. Ағайынның басы қосылып, асыл азаматтың жарқын бейнесі қайта жаңғырды. Бұл – қазақтың өлгенін ұлықтап, тірісін қадірлейтін текті дәстүрінің көрінісі.
Шара аясында Қызылжар ауылының жастарының ұйымдастырумен өткен футболдан жарыста Қызылжар 1 құрамасы І орын, Аралқұм құрамасы мен Ақбай ауылы ІІ, ІІІ орындарға тұрақтап, қаржылай сыйлық табысталды.
Ал волейболдан Қазалы ауданы, Қызылту ауылының құрамасы жеңімпаз атанса, Аманөткел мен Бөген ІІ, ІІІ орын иеленіп, оларға да қаржылай сыйлық тарту етілді.
Ал ғибратты ғұмыр иесінің баласы, елімізге белгілі өнер жұлдызы Ернар Амандықтың бастамасымен өте танымал сахна иелері мен жастардың талғамындағы жұлдыздар кештің сәнін кіргізді.
Бүгінде Амандық Әлімжанұлының еккен руханияттың көшеті жайқалып өсіп келеді. Оның тәрбиесін көрген жастар елге қызмет етіп жүр. Ол ұйымдастырған мәдени шаралардың ізі ел жадында сақтаулы. Оның есімі аталған сайын халықтың жүрегінде құрмет пен сағыныш қатар оянады.
Уақыт зымырап өтеді. Бірақ жақсы адамның ғұмыры уақытпен өлшенбейді. Ол – ел жадында, шәкіртінің бойында, сахна төрінде, туған ауылының әрбір қуанышында өмір сүре береді.
Жатқан жеріңіз жарық, топырағыңыз торқа, иманыңыз жолдас болсын, Амандық Әлімжанұлы! Артыңызда қалған асыл мұраңыз, адал еңбегіңіз бен жарқын бейнеңіз туған еліңіздің жүрегінде мәңгі сақталады. Себебі, жақсының артында – өшпейтін із, елдің жүрегінде – өшпес сағыныш қалады.
Оңталап ЖОЛДАСОВ








