Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ғұмыр белесінің ғибраты

Ғұмыр белесінің ғибраты

Уақыт –куәгер. Ол ешкімді алаламайды, аялдамайды. Бірақ оның таразысына түскенде, адамның ғұмыры оның жасаған ісімен, елге сіңірген еңбегімен өлшенеді. Артында қалған ізімен бағаланады. Сол із – біреуге үміт, өнеге, өмірлік бағыт болары анық. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген халық даналығы да бекер айтылмаған. Саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған жандардың өмір жолы – кейінгі буын үшін тағылымды мектеп, тәрбие мен танымның тұнық бастауы.Осындай ғибратты ғұмыр иелерінің бірі –Сердалы Сейтжанұлы Шалбаев.
Ол 1949 жылы 20 қазанда Жаңақұрылыс елді мекенінде дүниеге келген. Балалық шағы ауыл тіршілігімен біте қайнасып, қарапайым еңбекпен шыңдалған. Ерте жастан тіршіліктің тауқыметін де, берекесін де көріп өскен ол тәртіп пен төзімділікті, жауапкершілік пен адалдықты бойына сіңірді. 1967 жылы Үрмаш Түктібаев атындағы №24 мектепті тәмамдаған соң, сол жылы Қызылорда қаласындағы медициналық училищенің фельдшерлік факультетіне оқуға түседі. 1970 жылы оқуын аяқтап, медицина саласына нық сеніммен қадам басады.
Еңбек жолын Қазалы ауданының Қарабура елді мекеніндегі фельдшерлік-акушерлік пункттің меңгерушісі қызметінен бастайды. Ауыл медицинасы – үлкен жауапкершілік, адам тағдырына араласу, үміт пен сенімнің үдесінен шығу. Әрбір науқастың дертімен бірге оның алаңын да арқалау – нағыз жанашырлықтың белгісі. Осындай жауапты қызметті жас маман абыроймен атқара білді.
1973 жылдан бастап Жаңақұрылыс елді мекеніндегі фельдшерлік-акушерлік пунктте меңгеруші қызметін жалғастырды. Уақыт өте келе тәжірибесі толысып, ел сенімі арта түседі. 1986 жылы бұл пункт дәрігерлік емхана болып қайта құрылып, ол сол мекеменің меңгерушісі болып тағайындалады. Бұл кезең ауыл медицинасының жаңа белеске көтерілген уақыты еді. Халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасы артып, қолжетімділік кеңейді.
1993 жылы елдің мұң-мұқтажын арқалаған азамат ретінде Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы, марқұм Ернияз Омаровқа халықтың өтінішін жеткізеді. Соның нәтижесінде дәрігерлік емхананың күндізгі емдеу бөлімі ашылып, кейін 15 төсектік ауруханаға айналады. Бастама арқылы бүтін бір ауылдың игілігіне айналған үлкен іс істелді. Сердалы Шалбаев осы мекемені 1999 жылға дейін басқарып, талай жанның алғысына бөленеді.
Елдің сенімі мен құрметінің айқын көрінісі ретінде мамыр айынан бастап жергілікті халықтың ұсынысымен ауылдық округ әкімі қызметіне тағайындалады. Қай қызметте жүрсе де халыққа адал қызмет етуді өмірлік ұстанымына айналдырған жан әкімдік қызметте де өз биігінен көрінді. Ауылдың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға, елдің бірлігін нығайтуға бар күш-жігерін жұмсады.
Қызметпен қатар білімін жетілдіруді де ұмыт қалдырмаған ол Алматы мемлекеттік институтының экономист мамандар даярлайтын факультетін тәмамдайды. «Білім – таусылмас қазына» дегеннің шынайы дәлелі де осы.
2009 жылы денсаулығына байланысты өз мамандығына қайта оралып, халыққа медициналық қызмет көрсетуді жалғастырады. 2012 жылдың қараша айында зейнетке шыққанымен, қоғамдық өмірден шет қалған жоқ. Керісінше, ел ішіндегі белсенділігін сақтап, ақыл-кеңесін айтып, кейінгі буынға бағыт-бағдар беріп келеді.
1974 жылдың 4 қаңтарында өмірлік серігі ЖансұлуЖәнібековаменшаңырақ көтерді. Ол 1951 жылы 19 маусымда Арал ауданының Ұялы елді мекенінде дүниеге келген. 1968 жылы Қазалы станциясындағы Қаныш Сәтбаев атындағы мектепті бітіріп, 1972 жылы Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищені тәмамдаған. Еңбек жолын Жаңақұрылыс ауылындағы №74 мектепте бастауыш сынып мұғалімі ретінде бастап, бар ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз.
Бүгінде береке мен бірліктің үлгісі болып отырған отбасында 9 бала дүниеге келіп, 8 бала тәрбиеленіп өсті. Жансұлу ана «Алтын алқа» иегері атанды. Ол, сонымен қатар, ауылдық кеңестің депутаты, әйелдер кеңесінің төрайымы ретінде де қоғам өміріне белсене араласты. «Әйел – үйдің ырысы» деген сөздің шынайы мәні осында айқын көрінеді.
Бүгінде бұл отбасы үлкен әулетке айналып отыр. Ерлі-зайыптылар 8 баладан 21 немере, 2 шөбере сүйіп, ұрпағының қызығын көріп отырған бақытты жандар. Бұл жарасымды жұптың еңбегінің, тәрбиесінің, төзім мен сүйіспеншілігінің жемісі.
Олардың ендігі тілегі – ел тыныштығы, ұрпақ амандығы. Себебі ұрпақ – болашақтың кепілі. Ал сол болашақтың жарқын болуы – бүгінгі тәрбиеден бастау алады.
Сердалы Сейтжанұлының ерен еңбек жолы елеусіз қалған жоқ. 1977 жылы Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Құрмет» грамотасымен марапатталды. 1976-1981 жылдары екі рет Жаңақұрылыс ауылдық кеңесінің депутаты болып сайланды. 1984-1985 жылдары социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді. 1991 жылы КСРО-ның «Денсаулық сақтау саласының үздігі» медаліне қол жеткізді.
Кейінгі жылдары да еңбегі еленіп, 2011-2012 жылдары облыс әкімінің және «Нұр Отан» партиясының алғыс хаттарын алды. 2016 жылы Арал ауданының экс әкімі Абзал Мұхимовтың қолынан «Қайраткер ардагер» номинациясын иеленді. 15 жыл бойы сайлау комиссиясының төрағасы қызметін атқарып, елдегі саяси науқандардың әділ өтуіне үлес қосты. Қазақстан Республикасы сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтың, бұрынғы облыс әкімі Гүлшара Әбдіхалықованың және Арал ауданының сол кездегі әкімі Серік Сермағанбетовтың Алғыс хаттарына ие болды.
Сонымен қатар Қызылорда облыстық полиция департаментінің Ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Тұңғышаевтың «офицердің әкесі» төсбелгісімен марапатталды. 2024 жылы Қызылорда облысының «Құрметті ардагері» төсбелгісін иеленді. «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолынан «Кемел отбасы» дипломын алды. Отбасы күніне орай өткізілген іс-шарада отау құрғанына 50 жыл толуына байланысты «Алтын той» иегері атанып, жаңа неке куәлігі табысталды, облыс әкімінің орынбасары Ш.Баймановтың құттықтауына ие болды. 2025 жылы Қазақстан Республикасының Журналистер одағына мүше болуы – оның қаламгерлік қырының да қалыптасқанын көрсетеді.
Бүгінде ол қоғамдық тілші ретінде ауыл тынысын, ел бірлігін, ұрпақ тәрбиесін, отбасы құндылықтарын арқау еткен мазмұнды мақалалар жариялап келеді. Сонымен қатар ауылдық ардагерлер кеңесінің және мектептегі қамқоршылық кеңестің төрағасы ретінде де белсенді қызмет атқаруда. Оның өмірлік тәжірибесі мен парасат-пайымы – көпке ортақ қазына.
Өмірдің шынайы байлығы – артта қалған із десек, кейіпкеріміздің ізі – өнегеге толы, тағылымға бай, ел жадында жаңғырып тұратын асыл мұра.
Г.САҚТАПОВА
04 сәуір 2026 ж. 230 0