Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мысалдың мәні

Мысалдың мәні

Адамда, негізі, бірнеше хобби болады. Менің де көп хоббиім бар, соның бірі – кітап оқу.
Кейде көңіліме қатты әсер қалдырған астарлы аңыздар мен ертегілерді орыс тілінен қазақ тіліне аударамын.
Әрбір оқырман, өзге елдің кітабын оқи отырып сол елдің мәдениетімен, әдебиетімен танысып, өзге ұлттың дүниетанымын, салт-дәстүрін, тарихын біледі.Сонымен қатар, басқа елдердің халықтарының адами құндылықтары ортақ екенін көреді.
Осы оймен, б.э.д. IV–V ғасырларда өмір сүрген грек құлы Эзоптың бірнеше мысалдарын аударып, өзім  бүлдіршін шағымнан дос болған «Толқын» газетінің оқырмандарына ұсынып отырмын.
ҚАРҒА ЖӘНЕ ҚҰМЫРА
Жаздың ыстық күні еді,
Біздің Қарға шөлдеді,
Іздеді көлді, өзенді,
Шалшықты да көрмеді.
Қарға болса тынбады,
Айналаны барлады,
Оңды-солды шарлады:
Көзі шалды Құмыраны,
Таң қалды,жанына барды.
Қараса, Құмыраның ішінде,
О, құдірет! Су көрінді түбінде.
Су ішуге пысығымыз болды әлек:
Бар күшімен Құмыраны итерді.
Бірақ, оңай шешілмеді бұл тілек -
Құмырамыз селт етпеді,
Қарғаның күші жетпеді.
Зерек Қарға кетті ойға:
«Қалай ғана суды мен
Жоғарыға көтерсем?»
Көз жүгіртті жән-жағына,
Тастар жатты маңында;
Ұзақ тастарға қарады...
Құмыраға бір-екеуін тастады,
Байқады: су көтеріле бастады!
Қуанды ол, қарқылдады:
«Таптым! Таптым! Алақай!
Саламын тасты осылай».
Толтырды құмыраны аямай.
Сонымен, бетінде су көрінді-
Қарғаның қанды шөлі.
Ия, ақылды ой өмірде
Шешеді бәрін әр кезде.
ТЫШҚАН, ӘТЕШ ЖӘНЕ МЫСЫҚ
Бірде Тышқан қорада
Серуендеді бір шама.
Аулада жан-жағына
Таңданып ол қарады,
Көп нәрсені байқады,
Үйге келіп анасына
Көргендерін айтады:
«Анашым, қорада көрдім екі «аңды»,
Бір-біріне ұқсамайтын екі жанды:
Біреуі – тұрғанымен әзірейіл,
Екіншісі – сүйкімді, кішіпейіл».
– Өздері қандай?
– Әзірейілі қорада жүреді былай, –
Көрсетті Тышқан жүрісін, кеудесін керіп,
Аяқтарын маңғаз басып, кекірейіп, –
Аяқтары –ұзын және қап-қара,
Айдары жылтырайды қызара,
Көздері оның шарадай,
Мұрыны болса орақтай;
Жанына мен барғанда -
Көтерді бір аяғын, аузын ашты,
Аяғында, айқай салды.
Қорықтым, тұрып қалдым орнымда».
– Е-е, ол – Әтеш. Қорықпа бекер.
Ал, екіншісі қандай екен?
– Сүйкімді шуақта жатты созылып,
Арқасын күнге беріп, қыздырынып.
Аяқтары күлгін оның, мойыны әппақ,
Өзі сондай жұп-жұмсақ;
Әппақ төсін жалайды,
Құйрығымен ойнайды
Және маған жымың-жымың қарайды».
– Ақымағым, бұл Мысық!
Сақ болып жүр! Бол пысық!»
Біреудің келбетіне
Тәнті болып, жақсы деме.
Пиғылын тани біл де,
Қапыда қалып жүрме.
ШЕГІРТКЕ МЕН ТҮЛКІ
Отыр еді жәйбарақат ән салып
Бір Шегіртке биік ағаштың үстінде,
Шырылдаған үніне
Түлкі келді. Тамсанып,
Тәтті дәмді еске алып,
Қылмың қаға бастады,
Шегірткені мақтады:
«Қарағым-ай! Нендей әуен тамаша?
Бұндай үнді естімегем ешқашан,
Нендей дауыс? Ырғақ нендей?
Жансезімім ғанибетке бөленгендей!
Түсші төмен, келші менің жаныма –
Өзіңнің отырайын жаныңа.
Көрейінші әдемілеп: қандай жән
Шырқайды тамылжытып керемет ән».
Шегіртке біздің қу Түлкіге сенбеді,
Ниетін білді, алдауына көнбеді:
Ағаштың жапырағын жұлды да,
Тастады сұм Түлкінің алдына.
Тап берді Түлкі, бірақ,
Уысында – бір жапырақ.
Ал Шегіртке сөйледі жоғарыдан:
«Сен, Түлкі, қателесесің,
Құр босқа дәмеленесің.
Бір сөзіңе сенбеймін мен,
Белгілі арам мақсатың,
Көргенмін тезегіңнен
Шегірткенің қанатын».
Ақылы бар адамдар болады сақ:
Қатесінен өзгенің алып сабақ.
Вина НЫСАНБАЕВА
18 шілде 2026 ж. 27 0