Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тарихи атаулар сыр шертеді

Тарихи атаулар сыр шертеді

Сыр өңірінің терең тарихы мен бай тарихи-мәдени мұрасын зерделеу, сондай-ақ ғасырлар қойнауынан жеткен жер-су атауларының шығу тегін анықтап, оларды кешенді түрде зерттеу бүгінгі отандық ғылым саласы үшін ерекше маңызға ие. Тарихи тамыры тереңде жатқан Арал өңірінде өлке тарихын түгендеп, көне топонимдердің сырын ашуға арналған маңызды басқосулардың бірі ұйымдастырылды.
Атап айтқанда, Арал ауданында Қазақстан ономаст ғалымдарының қоғамдық бірлестігі «Ономастар одағы» мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ономастика басқармасы бірлесе отырып жүзеге асырып жатқан «Тарихи-диахрондық әдісті қолдану арқылы ономастикалық атауларды жүйелендіру қызметі» жобасы аясында «Сыр даласында – көне есімдердің сыры» атты тарихи-танымдық ғылыми экспедициясының отырысы өтті.
Аталған жиынды аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев ашып, оған төрағалық етті. Ол өз сөзінде Арал өңіріне арнайы келген ғылыми экспедиция мүшелерін, ғалымдар мен қонақтарды жиналған қауымға таныстырып өтті.
Ауқымды отырысқа ғылыми орта өкілдері мен жергілікті мамандар кеңінен қатысты. Атап айтқанда, жоба жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Г.Бекенова, география ғылымдарының PhD докторы Н.Зинабдин, жоба мүшесі Д.Касимова және Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің бас маманы Л.Жұмаханқызы арнайы қатысты. Сонымен бірге жиынға ауданның өлкетанушылары, ардагерлер, қала, кент және ауылдық округ әкімдері мен сала мамандары жиналды.
Кездесу барысында ғылыми-зерттеу тобының экспедициялық жұмыстары жан-жақты таныстырылды. Жиында өңірдегі тарихи жер-су атауларын ғылыми тұрғыдан зерделеу, көне атаулардың шығу тарихын айқындау және оларды жүйелеу сияқты маңызды мәселелер ортаға салынып, толығымен талқыланды.
Отырыс барысында профессор Г.Бекенова сөз алып, экспедиция жұмысының бағыттарына кеңінен тоқталып өтті. Ал Л.Жұмаханқызы өз кезегінде мемлекеттік тіл саясаты мен ономастика саласындағы өзекті де маңызды мәселелер бойынша баяндама жасады.
Сондай-ақ ауданның белгілі өлкетанушылары Ү.Қуатов, Б.Қуатов, Ә.Әуезов және Е.Абдулла өңір тарихы мен жер-су атауларына қатысты өздерінің тағылымды ой-пікірлерін ортаға салып, құнды ұсыныстарын жеткізді.
Ғылыми экспедиция аясында зерттеу тобы облыс аумағындағы елді мекендерді аралауды жоспарлап отыр. Олар жергілікті тұрғындармен, өлкетанушылармен және көнекөз қариялармен арнайы кездесулер өткізіп, тарихи атауларға қатысты құнды деректерді жинақтайтын болады.
Мұндай ауқымды бастамалар өңірдің тарихи-мәдени мұрасын кеңінен дәріптеуге, аймақтың топонимиялық қорын жаңа деректермен толықтыруға және жалпы ономастика саласындағы ғылыми зерттеулердің ары қарай дамуына өзіндік үлесін қосады.
Г.ӘЛНИЯЗИНА
25 шілде 2026 ж. 20 0