Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мұса Жәлелдің досының бейнесін сомдаған

Мұса Жәлелдің досының бейнесін сомдаған

Өткен күн – тарих. Мақаланың мүйісіне «ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деп айдар тағуымыздың сыры осында жатыр.
Қош. Қазіргі айтпағымыз Арал қаласының төл перзенті Амангелді Махамбетов жайында еді. Ол өзіне тән антқа адал болмыспен Отан алдындағы борышты өтеуге асыққан жандардың бірі-тұғын. Интернет иіріміне сүңгіген ұрпақтары асқар таудай ардақтысының өмір жолындағы құпия тұстарды зерделеп, көп нәрсеге қанықты. Нақтырақ тоқталсақ, ғибратты ғұмыр иесінің осы кезге дейін бейтарап болып келген сырының тінін тарқатты.
Кеңес әскері Батыстан бас көтерген аждаһаны шыққан ініне қайта тыққан кез. Германия мемлекетінде азаматтық борышын өтеген Амангелді Махамбетов жауынгерлік ұрыс-қимылды жетік меңгеріп, тәртіп пен талаптың арқасында мақтауға тұрарлық солдаттардың қатарынан табылды. Аралдық солдаттың сөз саптауы мен шығармашылық қырына қаныққан қолбасшылар оның кино саласына да тез бейімделетінін салғаннан аңғарыпты. Бұл жайында көзі қарақты журналистер біліп, шетелде дараланған теңіз баласының таспаға басылған тарихи фильміне қанығады.
Уақытпен үндескен, тарихпен тілдескен «Толқын» газеті де татардың бас ақыны Кеңес Одағының батыры Мұса Жәлелдің досының бейнесін сомдаған Амангелді Махамбетов қақында сөз сабақтамауды кәсіби арға сын деп ұқты. Сонымен «Красная ромашка» фильмі төңірегінде қысқаша баяндап, 60 жыл бойы сақталған сырды аралдықтардың да назарына ұсынудың орайы түсті. Облыстың бас басылымы «Сыр бойы» газетінде белгілі журналист Дәуіржан Елубаев Амангелді Махамбетов туралы тартымды етіп тарқатыпты. Өткен жылы келместің кемесіне мінген, көргені де, түйгені де көп жайсаң жанның ұрпақтары өшкені қайта жанғандай күй кешуде.
Қызылорда қаласында білім беру мекемелерінде ұстаздық қызмет ететін Айнұр Махамбетова мақаланың жазылуына себепкер болды. Яғни, жергілікті тілшілер қосынына арнайы бас сұғып, біраз жайттың басын ашты. Сыр суыртпақтай отырып, ГДР киноматографистерінің қолқа салуымен түсірген фильмнің кейіпкері болған Амангелдінің ұл-қыздары да тарих боп таңбаланған кадрдың құндылығын көңіл кестесіне тоқып, әрбір эпизодты жүрекке жақын тартады.
Өйтпегенде ше, кино – өмір. Арал баласының тарихи тұлғаның досы ретінде фильм арқылы жаһанға танылуы кез-келгенге бұйыра бермейтін бақ. Қызылорда қаласында тұратын ұлы Нұрланның келіншегі Сәуле неміс тілі нұсқасынан тауып, аталмыш кино лентаны көрсеткенде отбасы мүшелері ерекше әсерге бөленіпті.
Амангелді көкеміз жұбайы Ажар Ілиясоваменмен бірге үш бала тәрбиелеп өсірді. Олардың қоғамның өз орнын табуына, сан салада еңбек етуіне барлық жағдайды жасады.
Екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түсіп, фашистер лагерінің азабын тартқан Мұса Жәлелдің қиын өмірін айна қатесіз кескіндеген, өлім жазасына кесілген кезі шынайы сомдалған. Фильмде ақынның тауқыметке толы тағдыры шебер көрсетілген. Мұның бәрі теңізді өлкеде өскен жігіттің зейіні мен актерлық қабылетін аңғартып, нағыз таланттың жоғары білімсіз де алысқа бара алатынын аңғартса керек.
А.Жайшылық
25 шілде 2026 ж. 21 0