Баяншы бозбала
Адам баласы ақсақалдық жасқа жеткенде артта қалған жас күндерін аңсайды. Сағынады. Өйткені өрімдей сол бір ойсыз-қамсыз ойын-күлкімен өткен жастық шағыңның енді қайтып оралмайтынын білсең де, ойша еске аласың. Сол кездері ортайып жүрген көңілің бірленіп қалады. Жалын атқан жас кездері бір ұяның балапандарындай шүйіркелесіп сыйлас, сырлас аға-іні, қатар-құрбыларың алты қырдың астынан қол бұлғағандай болады.Міне, осындай қимас, сыйлас іні-достардың бірі және бірегейі үстіміздегі жылы жетпіс жастың желкенін керген Бекболат Әкиұлы Сәдуақасов болатын.
...Менің Бекболатпен алғашқы таныстығым сонау 1974 жылғы күз айларының бірінде төмендегіше басталғаны енді еміс-еміс есіме оралып отыр.
Отан алдындағы әскери борышымды аман-сау өтеп келген, алғашқы жазған шимай-шатпағымды елеп-ескеріп аудандық мәдениет бөлімнің басшылары екі қолы алдына симай жүрген жиырма екі жастағы мені жақын, жанашыр ағаларымның қолдауымен қызметке қабылдады.
Қызметім – автоклуб меңгерушісі. Меңгеруші деген дардай атағым болмаса әрі жүргізуші, әрі киномеханик марқұм Ізбасар Айтбаевтан көп кішімін. Сапарға шыққанда майлық-сулыққа жарайтын қолбала сияқтымын.
Өстіп жүрген күндердің бірі осы күнгі Жыраулар үйінің алдына шығып тұрған мған он сегіз жасар, көзәйнекті бейтаныс бір бозбала амандаса кетті. Түріне қараймын. Бұрын-соңды кездеспеген адамым. Пошымы сидиған ұзын бойлы, сирақты жігіт. Шамалауымша менен үш-төрт жас кіші.
Көп ұзамай әлгі бозбаламен таныстығымыз басталды. Таныстығымыз ағалы-інілі шынайы достыққа, қайтарымсыз қарым-қатынасқа ұласты. Сонда білгенім, Бекболат отбасындағы қаздың балапандарындай шүпірлеген он бір баланың төртіншісі екен. Әкесі Әки Сәдуақасов қазіргі №22 Ақбасты орта мектебінің директоры, анасы Пиязы Жазықбаева деген білімді, білікті адамдар екен.
Әлгі мектепті 1973 жылы ойдағыдай тәмамдаған Бокболат жыл онекі айдай осы білім ұясында кішігірім қызмет атқарады. Сонан бойында буырқана бастаған болашақ өнерге деген әуестігі басым болған бозбала теңіздің арғы басындағы ауылдан бергі беттегі аудан орталығына арманы жетелеп әкелсе керек.
Сол арманның ақ қанатына мініп келген Бекболаттың сырнаймен сырлас, баянмен достас екеніне сол жолы куә болдық. Бірақ осындағы байырғы мәдениет қызметкері Қаржау Балымбетов сияқты бақыртып-шақыртып, кез-келген жерде баян аспабының клавишін көстеңдетіп бебеулете бермейді. Бір тоға, байсалды, салмақты, сабырлы мінезі маған бірден ұнады.
Сонымен күндердің бір күні қатарымызға жаңа қосылған Бекболатпен кезекті іс-сапарға шығудың реті келді. Басшымыз бастауыш комсомол ұйымының хатшысы мәдениет-үгіт бригадасының жетекшісі Байнияз Тілепов ағамыз. Құрамында әнші қыздар: Қаныгүл, Жұмагүл, Гүлзира, әнші жігіт Күнғазы Изекенов, әйгілі шайыр, соғыс ардагері Әбілхан Маханов бар топ бұл жолы Мойнақтан бастап Қарақұм, Арал, Приарал кеңшарларын аралап, қысқы мал қыстату науқанына кіріскен дала еңбеккерлеріне мәдени қызмет көрсетпек.
Осы топтың ішіндегі жалғыз баяншы Бекболат барған жерде әнші қыздар мен Күнғазының шырқаған әндерін шебер сүймелдейді. Сөйтсек ол мектепті тәмамдаған соң сонда бір жылдай еңбек етіпті. Ал баян оның балалық шақтан сүйікті аспабы екен. Тіпті мектеп қабырғасынан бастап өзі қатарлы өнерпаздардың салған балғын әндерін баянымен сызылта сүймелдеген көрінеді. Сол дағды оны сол бір кездері осылайша аудан сахнасына жетелеп әкелген еді.
Бекболат көп ұзамай Қызылордадағы педагогикалық институттың музыка факультетін ойдағыдай тәмамдап, өзінің курстасы Сұлутөбенің Мария атты сұлу қызын қолына қондырып туған жерге екеу болып оралды. Әрине, ол кездері мен Бекболат сияқты іні достан алыста болатынмын. Бірақ Аралдың табанындағы көнекөз достар арқылы хабардар болып отырғанмын.
Кейін Бекболат білім беру саласында қызмет атқарады. Бірақ бойында бұққан өнерін тұншықтырмайды. Қай қызметтің тұтқасын ұстаса да сазгерлік қырын танытады. Тіпті қаладағы Ұ.Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназия директоры, аудандық білім бөлімінде түрлі қызмет сатысында болса да оның көкірегінде күміс үнді әуендер күмбірлеп тұрыпты. Сөйтіп өзіне елу жылдан астам серік болған баянын бебеулетіп талай әндердің тұсауын кесті. Қазір көбісі сахнада орындалып жүргені көпшілікке аян. Ал Бекболаттың кіндік қаны тамған туған жері – Ақбасты ауылы туралы әнінің шоқтығы биік деп санаймын өз басым. Себебі автор осынау әнінде туған жер табиғатын, ол жердегі жер-су атауларын тыңдарманға айрықша бір толғаныспен жеткізеді. Мәтінін марқұм Айдос Құлманов ағамыз жазған бұл әннің осы уақытқа дейін не себепті сирек орындалатынын түсінбедім. Ән қайырмасының өзі жұтып қойғандай әрі әдемі, әрі әсерлі шыққан:
Жаңа туған құралайдай,
Толықсыған сұлу айдай.
Сағындым ғой өздеріңді,
Ару қыздар, жүрсің қайда-ай!
Әншейінде Астана, Алматы сияқты ірі қалаларда тұратын сазгерлердің атын атап, түсін түстегенде ауыз жаппаймыз. Ал Арал топырағында өзімізбен бірге өмір кешіп келе жатқан Дінмұхаммед Шораев пен Бекболат Сәдуақасовтың әсем әуендері кімнен кем.
Менің білуімше үстіміздегі жылы жетпіс жастың жотасына шыққан Бекболат достың көптеген әндері өзінің жарқ етер сәтін күтіп жатқан сияқты. Жылдар бойы жүрек түкпірінде сары майдай сақтап келе жатқан асыл дүниелері Арал аспанында ақ шағаладай самғайтын күн жақын.
Осындай жақсы тілектің үстінде тағы да осыдан елу үш жыл бұрын артта қалған, бүгінде жетпістің көжесін ішіп отырған, біріміз жиырма екі, енді біріміз он сегіз жасар кезімізді сағына еске аламын.
Осы күнгі Жыраулар үйінде (бұрынғы «Маяк клубы») ол кездері аудандық мәдениет үйі орналасқан. Директорымыз Болатбек Имашев, Халық театрының режиссері Әбілхан Маханов, Қазанғап атындағы Халық аспаптар оркестрінің дирижері, әрі көркемдік жетекшісі Сайлау Тілепов. Баяншымыз Бекболат аспабының клавиштерін аңыратып, маңыратып әлдебір әуенді ойнайды. Бұған біздің құлағымыз үйреніп кеткен. Бірақ құлаққа жағымды сол бір сиқырлы әуендердің ырғағымен мәдениет үйіне симай жүретін біздер: дәулескер күйші Қаппар Жармағамбетов, сегіз қырлы, бір сырлы Тәжібай Үмбеталиев, «Әдемі қыз» әнін нақышына келтіре орындайтын Қибадулла (Қиян) Ибраев, «Тамаша» ойын-сауық отауының режиссері Оңталап Нұрмаханов, актерлер Бағдат Әлжанов, Аманкелді Сәрсенбаев, Ермек Дұрысбергенов, «Тамаша» ойын-сауық отауының авторы Ерғали Абдуллаев бәріміз сол маңайдан табылушы едік.
...Тап қазір менің жадымда боз баянын безілдетіп әлдебір ән әуенін ойнап тұрған он сегіз жастағы Бекболат бейнесі әлі тұр.
Бұл күндері 70 жастың жотасына шыққан Бекболат қоғамдық қызметтен қол үзген жоқ. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиалының төрағасы. Төл тіліміздің тікелей жанашыры. Сондықтан мерейжас иесіне бағыштар бата-тілегіміз төмендегідей болмақ:
Өзің туған өлкенің,
Өрге сүйреп төл тілін,
Өссін өстіп өркенің.
Сазды әуенің баянның
Бала кезден бастап-ақ
Меңгергенсің сен тілін.
Өркендесін өнермен,
Бүгінің мен Ертеңің.
Жүзге қарай желбірет,
Жетпісіңнің желкенін!
Т.Нұржан-Балта.










