Еңбекпен есейген жан
О кісімен осы шағын қалада қашаннан қатар өмір сүріп келеміз. Сәлеміміз түзу. Кездесе қалсақ қысқаша амандасып, өз жөнімізге жүре беретінбіз. Құрметті демалысқа әлдеқашан шығып, ақсақалды ата атанып жүрген Қали ағамыздың ата-бабалары Аралда туып-өскенмен 1912 жылы туған әкесі Скендір Рахметалиев пен 1914 жылы туған анасы Азираның өткен ғасырдың отызыншы жылдары көрмеген қиындығы жоқ екен. Сол отызыншы жылдарғы Қазақстанды жайлаған ашаршылықта екеуі кішкентай қызы Нәписаны құшақтап туған жерден амалсыз ығысқан көрінеді. Сөйтіп жол азабын әбден шеккен ерлі-зайыпты екеуі Өзбекстан арқылы Қарақалпақ еліне жетіп, Мойнақ ауданының Үшсай ауылына табан іліктіреді.
Барған жерлерінде ерінбей еңбек етіп, ел қатарына қосылған шақтарында 1941 жылғы кенеттен Ұлы Отан соғысының жер-жаһанды шалған өрті тұтанады. Сол кездері жиырма тоғыз жастағы Скендір Рахметалиев қолына қару алып, ел шетіне тиген жауға қарсы аттанады. Елде қалған жұбайы Азира анамыз болса колхоз жұмысына жегіледі. 1944 жылы кезекті ұрыста ауыр жарақаттанған Скендір Рахметалиев елге оралады. Әскерден оралған о кісі ұзақ жылдар Арал, Термез, Үшсай порттарында абыройлы қызмет атқарып, кейін жолдасы екеуі бірінен соң бірі ата-бабалар жолымен мәңгілік сапарға аттанады.
Бастауыш білімді Үшсайдағы мектепте бастандырған Қали ағамыз кейін ата мекенге оралып, Арал қаласындағы бұрынғы №15 мектепте тоғызыншы сыныпты 1965 жылы тәмамдайды. Сөйтіп Түркіменстанның Шаржау қаласындағы теңіз-өзен училищесін сырттай оқып бітіреді. Сол 1965 жылғы тамыз айынан бастап Қалидың алғашқы еңбек жолы Арал теңізі портында слесарь болудан басталады. Бірте-бірте алып кранды ұршықша үйіретін мамандықты да тез арада меңгеріп алады. 1968-1970 жылдары Мәскеуде Отан алдындағы азаматтық борышын атқарып жүрген ол краншы болып көзге түседі. Адал еңбек абыройға бөлейді. Сол кездегі әскери басшылық тарапынан алған мақтау-марапаттарының өзі бір төбе көрінеді.
Әскерден кейінгі еңбек жолын 1971 жылы ОРС-порт мекемесінде жалғастырған Қали сол жылы Ғалия Насырадинқызы Жолаева деген Бөгеннің айдай аруын алақанына қондырады. Үлкен өмірге бірінен соң бірі Гүлнар, Нұрлан, Шахизада есімді ұл-қыздары келіп, жас отаудың шамшырағы одан әрі жарқырай түседі. Кейін бәрі үйлі-баранды болып Қали мен Ғалияға балдай тәтті немерелер сүйгізеді. Тек әттеген-айы Нұрланның өмір көгінен жарық жұлдыздай жарқ етіп ағып түскені болмаса. Орнында бар оңалар деген. Нұрланның балалары қарт ата-ананың көз қуанышы іспеттес қазір.
Ал, Қали ағаның құрметті демалысқа шыққанша жоғарыдағы ОРС-порт сауда мекемесінен кейінгі еңбек жолы аудандық тұтынушылар қоғамында жалғасады. Сауда саласында еңбек ете жүріп Шымкент кооператив техникумын тәмамдағаны тағы бар.
Балаларының бәрі жоғары білімді. Істері ұсынақты. Жетпіс жеті жастың көжесін ішетін Қали аға мен Ғалия апаның тәрбиесін тал бойына сіңірген балалары тиянақты. Бауырына басқан Бауыржаны құрылыс саласының саңлағы. Айбануы заңгер, оның жолдасы Тұрар Бекмырзаев ақын-журналист. Облыстық «Сыр бойының» қаламы жүйрік тілшісі.
Т.БӨГЕНОВ.