Өнегемен өрілген өмір, дәстүрмен жалғасқан жол
Ұлттық құндылықтың ғұмыры оны ұлықтаған ұрпақпен ұзарады. Ал дәстүрді дәріптеу – өткенді қайталау емес, атадан балаға жеткен асыл аманатты бүгінгі күннің кәдесіне жаратып, келешекке жеткізу. Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Нағымкүл Әбілфайызқызының өмір жолы да – осындай сабақтастықтың айқын көрінісі. Оның бойындағы ұлттық өнерге деген құрмет бала күнінен ата-әже тәрбиесімен қалыптасып, бүгінде қоғамдық қызметімен жалғасын тауып келеді.
Адамның өмір жолы кейде өзі туған топырақтан басталып қана қоймай, сол топырақта бойына сіңген тәрбиемен айқындалады. Біреуге ата-ананың сөзі бағыт болса, енді біреуге әженің қолындағы ұршықтың үні, атаның ұстаханасындағы оттың қызуы, туған жердің табиғаты өмір бойына сабақ болып қалады. Нағымкүл Әбілфайызқызының тағдыры да сондай өнегелі ортада қалыптасты. 1967 жылы наурыз айында Арал ауданының Ақбасты елді мекенінде ұстаздар отбасында дүниеге келген ол балалық шағын қасиетті Аралдың айдыны мен ауылдың табиғи тіршілігі аясында өткізді.
Ол кезде Арал теңізі ауыл баласының алыстағы тарихы емес, күнделікті өмірінің бір бөлігі еді. Мөлдір суға шомылып, жағаға ұрған толқынның үнін тыңдап, айдынның көкжиегіне қарап өскен бала көңіл сол теңіздің әрбір көрінісін жадына тоқыды. Жағадан айқұлақ теріп, одан моншақ пен сырға жасап ойнаған, теңіздің сары сазаны мен бекіресінің дәмін татқан күндер бүгінде Нағымкүл үшін балалық шақтың ең аяулы естелігіне айналған. Сол қарапайым тіршіліктің өзінде үлкен тәрбие бар еді. Табиғаттың сыйын қадірлеу, барды бағалау, еңбекке араласу, үлкенге қолғабыс ету ауыл баласының өмір салты болатын.
Нағымкүл он балалы отбасында өсті. Бауырлар арасындағы өзара сыйластық пен жауапкершілік, үлкеннің сөзін тыңдап, кішіні қорғау сияқты қазақы қасиеттер оның бала күнінен бойына сіңді. Ал бұл тәрбиенің тамыры ата-әже өнегесімен сабақтасып жатты.
Нағымкүлдің атасы Қазмағанбет қолынан өнер тамған шебер еді. Ол тері илеп, ер-тұрман жасап, саптама етік, кеуіш, мәсі тіккен. Темірді отқа қыздырып, одан тұрмысқа қажетті бұйымдар соққан. Оның қолындағы қарапайым темірдің кәделі бұйымға айналуы бала Нағымкүл үшін өнердің ғана емес, еңбектің қадірін танытқан үлкен мектеп болды.
Атасының шеберлігімен қатар, байыпты мінезі мен имандылығы да ұрпағына үлгі еді. Ол көп сөзге бармайтын, ісімен тәрбие беретін азамат болды. Ал әжесі Рахилла – қазақ әйеліне тән еңбек пен ісмерліктің үлгісі.
Рахилла әже түйе мен сиыр сауып, сүттен шұбат, айран, құрт, ірімшік, сүзбе, сары май дайындады. Тары қуырып, талқан жасады. Жүн түтіп, ұршық иірді. Бірақ оның осы күнделікті тірлігінің әрқайсысы Нағымкүл үшін ұлттық тәрбиенің бір сабағы еді. Әсіресе қолөнерге келгенде әжесінің шеберлігі ерекше болатын.
Ол киіз басып, бетіне ұлттық ою-өрнек түсіріп, қалауыш жасайтын. Нағымкүл бала күнінен әжесінің қасында отырып, ою ойғызуды, оны киізге орналастырып, үстінен көктеп, бастырып, қалауыш жасауды үйренді.
Қазақ тұрмысында қалауыштың да өзіндік орны бар еді. Киіз үйдің ішіне сән беріп, жылу сақтауға пайдаланылған бұл бұйым кейде жерге төселіп, кәделі дүние ретінде қыз жасауына да қосылған. Сондықтан оның бойындағы әрбір ою тек әсемдік үшін емес, халықтың талғамы мен танымын танытатын белгі болатын.
Рахилла әже үшін мұның бәрі үйдің күнделікті тірлігі еді. Ал бала Нағымкүл үшін ол кейін тағдыр жолында қажет болатын үлкен өнер мектебі болды. Уақыт өте келе әжесінің қолындағы сол өнердің қадірі бұрынғыдан да терең сезіле бастады. Өйткені ұлттық дәстүрді сақтау – дайын дүниені қайталау емес, оның мәнін түсініп, кейінгі ұрпаққа жеткізу.
Нағымкүлдің әкесі Әбілфайыз бен анасы Ханшайым да ұрпағына еңбек пен білімді қатар үйреткен ұстаздар еді. Әбілфайыз өмір бойы ұстаздық қызмет атқарып, білім саласында басшылық жұмыстар атқарды. Сөзі салмақты, ойы терең, ісі тиянақты әке балаларына білімнің қадірін ғана емес, адамдықтың өлшемін де үйретті. Зейнетке шыққаннан кейін ауыл тұрғындарының қалауымен мешітте имамдық қызмет атқарып, балаларға дәріс беруі оның ұстаздық жолының зейнетпен тоқтамағанын көрсетті. Ал Ханшайым ана биология пәнінен сабақ берген ұлағатты ұстаз болды. Ол үй шаруасы мен қызметін қатар алып жүріп, ұлттық қолөнерді де ұмыт қалдырмады. Ұршық иіріп, жіп дайындады, алаша тоқыды, сырмақ тікті, құрақ құрады, киім тікті. Оның қолынан шыққан әрбір бұйымда еңбекпен бірге ұлттық талғам мен ана мейірімі бар еді.
Ханшайым ана тек мектеп қабырғасында шәкірт тәрбиелеген ұстаз ғана емес, ағайын-туыстың арасында да ақыл-парасатымен, сабырлы мінезімен, бала тәрбиесіне деген жауапкершілігімен ерекше құрметке ие болған жан еді. Ағайын-туыс оны үлкен-кішіге бірдей жөн сілтеп, білім мен тәрбиені қатар ұстанғаны үшін «Мұғалім шешей» деп атап кеткен. Бұл атау оған жай ғана ұстаздық мамандығына байланысты берілген шен емес, ел ішінде қалыптасқан шынайы құрметтің белгісі болатын. «Мұғалім шешей» деген ат оның айналасына білімнің шырағын жағып, кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар көрсеткен ардақты ана ретіндегі орнын айқындай түсті. «Батыр Ана», «Еңбек ардагері» медальдарының иегері Ханшайым ана өз ұрпағына ең үлкен мұраны дүние емес, өнеге арқылы қалдырды.
Осындай ортада өскен Нағымкүлдің ұлттық құндылықтарға бет бұруы заңды еді. Өйткені оның балалық шағында көрген дүниелерінің барлығы кейін өмірлік ұстанымына айналды. Атасының ұстаханасындағы өнер еңбекке құрметті, әжесінің ұршығы мен өрнегі ұлттық мұраға сүйіспеншілікті, әкесінің ұстаздығы білім мен тәрбиенің маңызын, анасының қолөнері әйел еңбегінің қадірін танытты.
1990 жылы тамыз айында Алматы қаласында жары Асылбек Ешмұратовпен танысып, шаңырақ көтерген Нағымкүл бүгінде бес перзент тәрбиелеп, он немеренің әжесі атанып отыр. Отбасы – оның өміріндегі ең басты құндылықтың бірі. Өйткені ол ата-әжеден көрген тәрбиені өз балалары мен немерелеріне жеткізуді де азаматтық міндет санайды.
Ырғыз аудандық білім бөлімінде қызмет ете жүріп, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқан Нағымкүл Әбілфайызқызының ұлттық дәстүрді насихаттау бағытындағы еңбегі оның өмірлік тәжірибесімен табиғи сабақтасты. Ақтөбе облысында Жүгінісова Айнұр Серікқызының бастамасымен «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ырғыз аудандық филиалы 2022 жылы тамыз айында ашылғанда оның төрайымы болып Нағымкүл Әбілфайызқызы тағайындалды.
Содан бері ол қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық қолөнерін насихаттау ісіне белсене араласып келеді. Ұмыт бола бастаған қолөнер түрлерін қайта жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа үйретуді басты бағытының біріне айналдырды. Астана қаласында өткен шараларға қатысып, қазақтың дәстүрлі қолөнерін таныстыруы да – осы мақсаттың жалғасы. Киіз басу, текемет жасау, қалауыш дайындау, киізге мақпалдан ұлттық ою түсіріп, оны киізге көктеп, бастыру сияқты жұмыстарды көрсету арқылы ол бір ғана өнер түрін емес, қазақ әйелінің тұрмыс-тіршілігін, талғамын, шеберлігін танытып жүр. Сол сияқты төрт, сегіз, он екі өрімнен тұратын қамшы өру дәстүрін көрсетуі де – ұмыт болып бара жатқан өнерді қайта жаңғыртуға бағытталған игі іс.
Бұл жерде Нағымкүлдің еңбегінің ерекшелігі, ол өзі көрмегенді кейін үйреніп жүрген жан емес. Ол бала күнінен көрген, әжесінің жанында отырып үйренген, анасының қолынан көрген ұлттық өнерді бүгінгі ұрпаққа қайта ұсынып отыр. Сондықтан оның қоғамдық қызметі мен өмірбаянының арасында ажырамас байланыс бар.
Нағымкүл Әбілфайызқызының «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің энциклопедиясына енуі де – осы еңбектің еленгенінің айғағы. Бірлестіктің энциклопедиясының тұсаукесері Шымкент қаласында өтіп, оған ұйымның Ырғыз аудандық филиалының төрайымы ретінде Нағымкүл Әбілфайызқызының есімі енгізілді. Бұл – бір адамның атының кітапқа жазылуы ғана емес, Ырғыздағы ұлттық құндылықтарды жаңғырту ісіне қосылған еңбектің ел тарихындағы рухани шежіреге енуі.
Адамның өмірінде кейбір дүниелер жылдар өткен сайын көмескіленеді. Бірақ жүрекке сіңген тәрбие өшпейді. Нағымкүл үшін Аралдың айдыны балалық шақтың куәсі болса, атасының ұстаханасы – еңбек мектебі, Рахилла әженің ұршығы мен оюлы қалауышы – ұлттық өнердің бастауы, Әбілфайыз әкенің ұлағатты сөзі – өмірлік бағдар, Ханшайым ананың ісмерлігі – ұрпаққа жалғасқан өнеге. Бүгінде сол өнеге бір шаңырақтың шеңберінен шығып, ел игілігіне қызмет етіп отыр.
Дәстүрдің өміршеңдігі де осында. Оны сақтау үшін өткенді аңсаудың өзі жеткіліксіз. Оны білу, түсіну, жасау, үйрету және келесі ұрпаққа аманаттау керек. Рахилла әженің қолынан басталған ою бүгінде Нағымкүлдің қолында қайта жаңғырып, оның айналасындағы жас ұрпаққа жол көрсетуде. Әженің ұршықтан иірген жібі уақыттың талай белесін артқа тастап, бүгінгі күнге ұлттық мұра болып жетті. Ал бұл жолдың ең үлкен мәні – дәстүрдің ұмытылмауында емес, дәстүрдің жалғасуында. Нағымкүл Әбілфайызқызының өмір жолы – соның бір дәлелі.
Туған жері Аралдың толқынынан басталған балалық шақ, ата-әже өнегесімен қалыптасқан тәрбие, ұстаз әке мен ісмер ананың тағылымы, отбасы мен ұрпақ тәрбиесі, ұлттық құндылықты ұлықтаған қоғамдық қызмет, барлығы бір арнаға тоғысып, бір ғана ұғымды айқындайды. Ол – ұрпаққа аманат. Ал сол аманатты жүрекпен қабылдап, кейінгі буынға жеткізу – әр қазақтың парызы.
Ләззат ҚАЗМАҒАНБЕТОВА










