Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жауынгер жолының жарқын ізі

Жауынгер жолының жарқын ізі

Қазақ даласы небір данаға, небір батырға, ғибратты ғұмыр кешкен ерлерге кенде болмаған. Солардың бірі – 1903 жылы Арал өңірінің Мергенсай ауылдық кеңесіне қарасты Үшшоқы атты қоңыр қыстауда дүние есігін ашқан Дөңес Шайбасов атамыз. Оның тағдыры – тағылымға толы, мағынасы терең, қайсарлық пен адамгершілікке құрылған асыл өмір жолы.
Майдангердің арғы тегіне көз жүгіртсек, ол ата-бабамыздан мирас болып қалған терең тамырлы, рухы мықты, текті әулеттен тарайды. Атамыз Жақайым руының бақсы Құлымбет аталығынан. Бұл атаның ұрпақтары ертеден-ақ еліне елеулі, халқына қалаулы болып өскен. Дөңес – жай ғана бір адамның емес, тұтас бір ру мен атаның абыройын арқалаған азамат. Ата-бабасынан алған аманатты ардақ тұтып, ұрпағына өнеге қалдырған тұлға.
Жастайынан көңілі ояу, зерек болып өскен ол білімге деген құштарлығымен ерекшеленді. ХХ ғасырдың басында сауатты адам – ауыл үшін алтыннан да қымбат еді. Сол кезде Кеңес үкіметінің сауатсыздықты жою саясатына үн қосып, 1925-1940 жылдар аралығында Мергенсай мен Тастүбек елді мекендерінің тұрғындарына алғашқылардың бірі болып хат танытты. Ол ауыл-елдің қара домалақтарына қалам ұстатып, әр әріпті жүрекпен үйретті. Жай ғана мұғалім емес, білім шырағын жаққан шамшыраққа айналды.
Заман ыңғайы ауған тұста, майдангер мамандығын ауыстырып, ауылдың мал-дәрігері болып қызмет етті. Ол әр төрт түлікке ем тауып қана қоймай, ауылдың тұрмыс-тіршілігін де жанымен сезінген жан еді. Оның адалдығы мен кәсібилігіне ел-жұрты дән риза болатын. «Ем қонбаған мал Дөңестің қолына түссе, жазылып кетер» деген сөздің өзі – ел алғысының айғағы.
1942 жыл... Қара бұлттай тұнжыраған сұрапыл соғыстың елесі қазақ даласының үстін де тұмшалап, әр үйдің маңдайынан уайымның көлеңкесі көрінді. Сол бір алмағайып заманда «Отан үшін» деген жалғыз сөз талай боздақтың өміріне темірқазықтай жол сілтеді. Сондай ерлердің қатарында Дөңес атамыз да болды.
Ел ішінде сыйлы, парасатты, еңбекқор азамат сол жылы майданға өз еркімен аттанды. Қолына қару ұстап, туған жердің топырағын, бала-шағасын, бейбіт күннің шуағын қорғауға ниет етті. Қарапайым ғана ауыл мұғалімі, кейінгі жылдары мал дәрігері болған бұл азамат енді елі үшін етігімен су кешіп, от пен оқтың ортасына барып, жанын шүберекке түйді. Оның бұл қадамы – кез келген ердің қолынан келе бермейтін, жүректе оты, бойында намысы бар азаматтың таңдауы еді.
Ол үшін соғыс – тек майдан шебі емес еді. Бұл – ар мен абыройдың, парыз бен намыстың майданы болды. Ол пульемет гүрсілі мен снаряд жарылысының арасынан ұлттың амандығын, ұрпақтың бейбіт таңын көргісі келді. Ол әрбір жауынгерлік қимылына жүрекпен сенді. Себебі оның ішкі жан дүниесінде туған елге деген өлшеусіз махаббат жатты.
1943 жылдың ауыр күндерінің бірінде, Белоруссия даласында, Белгород маңындағы Тушкорный атты шағын ғана қыстақта Дөңес атамыз ауыр жараланады. Денесін темір тессе де, рухын ешнәрсе сындыра алмады. Ол жараланып жатып та елін ойлады. Өмірінің соңғы сәтіне дейін жүрегі туған жердің түндігін, елінің ертеңі деп соғып жатты. Ақыры сол қасиетті жүрек жат жерде тоқтады... Бірақ оның рухы – мәңгі тірі.
Тушкорный оған мәңгілік мекен болғанымен, нағыз мекені – өз халқының жүрегі. Топырағы өзге жерде бұйырса да, есімі мен ерлігі туған жерінің тарихында алтын әріппен жазылып қалды. Өйткені нағыз ерлер өзі өлгенмен, рухы ұрпағының өнегелі ісінде, кеудедегі намысында өмір сүреді.
Бүгінде біз оны еске аларда, тек өмірбаянын ғана емес, оның ішкі әлемін, азаматтық келбетін, батырлық болмысын еске аламыз. Оның ерлігі қанмен емес, рухпен жазылған шежіре. От пен оқтың арасында соққан жүрек мәңгілік естеліктердің терең түбінде соғып жатыр.
Сол ержүрек атаның құрметіне шөбересіне «Дөңес» деген есім берілді. Бұл ұрпақтың өз тамырына, өткен тарихына деген тағзымы, ата аманатына адалдығы. Енді ел ішінде «кіші Дөңес» деп аталып жүрген қазіргі ұрпағы – Дөңес атаның ұлағатын жалғар үміт пен сенімнің символы.
Ол өмірден ерте озса да, артында өшпестей із қалдырды. Жары Мерует әжемізбен бірге өмірге екі қыз, бір ұл әкеліп, сол арқылы ұрпақ сабақтастығын жалғастырды. Ұлы Сыдық ағамыз Алуа жеңгемізбен бірге бес бала өсіріп, ата мұрасын жалғады. Майдангердің рухани мұрасы – ұрпағының жүрегінде, ісінде, ниетінде тірі.
Батыр өмірі бір ғана әулеттің емес, тұтас елдің шежіресіне айналған тағдыр. Оның өнегелі өмірі – парасат пен ерліктің тоғысқан тұсы. Әрбір ұрпақ үшін бұл тағдыр – ұмытылмас сабақ, сарқылмас рухани азық. Қайсарлық пен адалдықтың алтын арқауына айналған атамыздың рухына бас иіп, жүрекпен тағзым етеміз.
Нұрай ӘМІРХАНОВА
14 маусым 2025 ж. 47 0