Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тұтас елге ортақ тағдыр

Тұтас елге ортақ тағдыр

Әрбір елдің тарихы – оның ұлы тұлғалары арқылы өлшенеді. Соның ішінде, өткен ғасырдың ауыр кезеңі, биыл жеңістің 80 жылдық мерейтойы тойланғалы отырған Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде туған жер мен ел үшін от пен оқтың арасында жүріп, жанын шүберекке түйген майдангерлердің есімі ел жадында алтын әріппен жазылуға тиіс. Себебі бейбіт күннің әр сәті – олардың төккен қаны мен тартқан азабының өтеуі.
Алыптардың бірі – тағдырдың небір тауқыметін көріп, халқының жадында мәңгіге сақталған, соғыс және еңбек ардагері Таубаш Бекболатұлы Тілеубаев. Оның өмір жолы – тұтас дәуірдің айнасы. Ұлт пен ұрпақ үшін тер төгіп, еңбегімен ел есінде қалған аяулы азаматтың тағдыры – тек бір адамның ғұмыр белесі ғана емес, елдіктің шежіресі. Осындай асыл ердің есімі ел есінде жаңғырып, кейінгі буынға өнеге ретінде ұлықталуы тиіс.
Ақиректе басталған асыл ғұмыр
Таубаш Тілеубаев 1924 жылдың қоңыр күзі – қыркүйек айында Арал ауданына қарасты «Ақирек» ауылында өмірге келген. Бұл – қазақ даласы ашаршылық пен нәубеттен енді есін жинап жатқан ауыр уақыт еді. Асыл ердің әкесі ішінде сыйлы, парасатты, сөзіне жұрт тоқтайтын азамат ретінде танылған Бекболат Тілеубайұлы болса, анасы Төркінбике Мейірманқызы – мейірімі мен даналығы қатар өрілген, үйінің жылуы мен берекесі болған аяулы ана.
Таубаш балалық шағынан-ақ еңбекке ерте араласқан, елгезек, зерек, батыл бала болып өседі. Құмбазардағы жеті жылдық мектепті тәмамдаған соң, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге бел буып, небәрі он сегіз жасында майдан даласына аттанады. Бұл соғыс өрті күшейген 1942 жыл болатын. Жастықтың жалынды кезеңі қанды соғыспен ұштасып, бозбаланың жігіттік жолы от пен оқтың арасында басталады.
Қара майдан шебінде...
Осылайша кейіпкеріміз 100-ші атқыштар полкінің құрамында минометші болып, жауға қарсы алғы шепте шайқасады. Минометші – майдандағы ең қауіпті әрі шешуші жанның бірі. Ажалмен бетпе-бет келген сәттерде ол Отан үшін от кешіп, ерлік пен батылдықтың жарқын үлгісін көрсетеді. Алайда 1943 жылы сол қолынан ауыр жарақат алып, елге оралады. Бірақ бұл жара оның рухын сындыра алған жоқ. Керісінше, ол үшін қоғамға адал қызмет етудің жаңа кезеңі басталды.
Ол майдан даласынан оралған соң, өзі секілді елге қайта оралған жауынгерлермен қатар, тұралаған халық шаруашылығын қалпына келтіруге білек сыбана кіріседі. Елге оралысымен қатардағы жұмысшыдан бастап, аудандық деңгейдегі жауапты қызметтерге дейінгі жолдан өтеді.
Ғылым мен еңбек – қатар өрілген ғұмыр
Таубаш аға тек еңбекке адалдығымен емес, білімге деген құштарлығымен де өзгелерге үлгі бола білді. 1955 жылы Қызылорда ауылшаруашылық техникумын, 1960 жылы Саратов ауылшаруашылық институтын тәмамдап, инженер-механик мамандығын алып шығады. Бұл – кез келген азаматтың қолынан келе бермейтін ерлікке пара-пар жетістік.
Білімін өндіріспен ұштастырып, сол жылы Қарақұм кеңшарында бас инженер болып тағайындалады. 1964-1976 жылдары Арал қаласындағы «Водоканал» мекемесінде бас инженер әрі сол мекеменің басшысы қызметтерін абыроймен атқарады. 1989 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Қызылорда ауыл шаруашылығын суландыру жүйесінің аудандық бөлімшесін басқарды. Осы қызметтерде жүріп, ол елдің ең күрделі кезеңдерінде халықтың су, техника, ауыл шаруашылығы салаларындағы негізгі мәселелерін шешуге атсалысты.
Инженерлік саладағы жаңалықтары арқылы да ел игілігіне үлкен үлес қосты. 1974 жылы 5000 м³ резервуарды тазарту жобасын оңтайландырып, 27 мың сомнан астам экономикалық үнемге қол жеткізеді. Бұл үшін ол 694 сом көлеміндегі сыйақыға ие болып, өз ісінің шебері, жаңашыл маман екенін тағы бір дәлелдейді.
Жеңіс жолындағы еңбегі де ескерусіз қалған жоқ. «Отан соғысының ІІ дәрежелі орденімен», сондай-ақ Жеңістің -20, -30, -40, -50, -60, -70 жылдық мерейтойлық медальдарымен марапатталды. Кеңес одағының маршалы А.Гречконың Алғыс хатын иеленді. 1976 жылы «Тоғызыншы бесжылдықтың жеңімпазы» төсбелгісімен марапатталды.
Қоғамдық қызмет пен азаматтық ұстаным
Таубаш Бекболатұлы тек еңбек адамы ғана емес, қоғам қайраткері де бола білді. 1954 жылдан бастап КПСС мүшесі, бірнеше мәрте партия конференцияларына делегат ретінде сайланып, ел ішіндегі саяси-әлеуметтік мәселелерге белсене араласқан. Кеңестік дәуірдің талаптарына сай «Маркстік-Лениндік теорияның өзекті мәселелері және совет заңдарының негіздері» атты арнайы курсты да сәтті аяқтайды.
1996 жылы «Кіші Арал» негізін қалыптастыруға «Көкарал – Қаратерең» бөгетін салуға «Аралға – араша» қорына өз қаражатынан қомақты қаржы аударып, елжандылық азаматтығын да көрсеткені үшін де аудан әкінің және «Аралға – араша» қоғамдық қорының төрағасының «Алғыс хатымен» марапатталған.
Қай қызметте жүрсе де, қызметке адалдығын, қарауындағы жұмысшылары мен қызметкерлерінің халжағдайын терең сезінумен қатар, оларға жақсы аға ретінде қамқор бола білді. Оның нар тұлғалы бейнесі, әділдігі, адамгершілігі, ағайын-туыс, жекжаттар арасындағы ерекшеленіп тұратын беделі, «еңкейгенге еңкейіп, шалқайғанға шалқайып» айтар сөзін бүкпелемей тура айтатын ана сүтімен дарыған мінезі бір өзіне жарасып тұратын.
Отбасының алтын діңгегі
Таубаш Тілеубаев жар таңдаудан да қателеспеді. Өмірлік серігі Жұмагүл Елеусізовамен тағдыр тоғыстырып, тату-тәтті ғұмыр кешті. Кең пейілді, ақылгөй ана, адал жар «Жақсы әйел әмме жұрттың анасындай» деген халық даналығын ақтаған жан. Жұмагүл апаның босағасы қашанда қонаққа ашық, дастарханы жайылған, шуағы мол үйдің отанасы.
Таубаш аға мен Жұмагүл ападан тараған бес перзент бүгінде елге қызмет етіп, әр саланың бел ортасында жүрген, тәрбиелі, іскер, азаматтығымен танылған жандар. Олар ата-ананың абыройлы атына дақ түсірмей, адал еңбекпен қоғам дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырып келеді.
Өшпес із, өлмейтін есім
Өмірінің әр сәті – өнеге, әр басқан ізі – тарих болып қалған Таубаш Тілеубаев – болашақ ұрпаққа берері мол тұлға.
Бүгінгі таңда Тәуелсіз еліміздің әр өңірінде тарихтың әділ таразысы қайта орнап, елге елеулі еңбегі сіңген ерлердің есімі көше, мектеп, ауыл атауларында қайта жаңғырып жатыр. Бұл – ұлттың өткенге тағзымы, болашаққа аманаты.
Осы орайда, Арал ауданына қарасты бір көшеге Таубаш Бекболатұлы Тілеубаевтың есімін беру үлкен өнеге болар еді. Бұл ұсыныс – тек бір адамның емес, бүкіл ел-жұрттың жүрек қалауынан туған тілек. Ұрпақтар сабақтастығы жалғасып, жас буын осындай тұлғалардың өнегелі өмір жолын үлгі етсе, елдігіміз нығая түспек.
19 сәуір 2025 ж. 194 0