Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Есімі елмен еншілес жауынгер

Есімі елмен еншілес жауынгер

Соғыс талай тарланның демін үзген, қаншама шаңырақтың отын өшіріп, жігерін жасытқан тарихтағы ең үлкен зұлматтың біріне айналды. Содан болса керек, сол бір қырық бірде басталған қанды шайқасқа «Екінші дүниежүзілік соғыс» деген тарихи таңба басылды. Бұдан бөлек «Ұлы Отан соғысы» деген салмақты атау айтылды. Сол қанды майданның қақ ортасында болып, туған жері үшін жан алысып, жан алысқан қатардағы жауынгерлердің елге қайтып оралғандары күні кешеге дейін ортамызда жүрді. Олар соғыстан бөлек еңбек майданында да мәртебелі болды. Солардың бірі – Нағи Төлеуұлы еді.
– Әкем 1925 жылы туған. Өмірбаянында «1942-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысты» деген айшықты ақиқат бар. Кейінгі ұрпақтарына сол бір даңқты дара жолдың өзі жеткілікті. Десе де жақсы адамның жүріп өткен жолы бүгінгі буынға үлгі болуы керек деп ойлаймын. Сонымен №1 Украйн майданында, маршал Конеевтың армиясында болған әкеміз соғысты Берлинде аяқтаған. Ол кісінің соғыс жылдарындағы ерлігі ескеріліп, «Отан соғысы», «Даңқ» ордені және «Жуков», «Сталин» сынды медальдармен бірге «Берлинді алғаны үшін», «Ерлігі үшін» медальдармен марапатталған. Мұнан өзге Сталиннің Алғыс хатын алған. Мұндай марапаттар әрине майдангердің ерлігін айқындай түсетіні айтпаса да түсінікті шығар, – дейді баласы Әділбай Төлеев.
Ұрпағына үлгі болған майдангер елге келгеннен кейін аудандық жер бөлімінде еңбек етеді. 1950-1959 жылдар аралығында сол бөлім бастығың орынбасары болғаны еңбек кітапшасында жазулы. Ал 1959-1960 жылдары Қамбаш ауылсоветінің хатшысы, кейін Ұялы ауылсоветінің хатшысы қызметтерін атқарған. 1967 жылдан 1985 жылдарға дейін Қамбаш жұмысшылар кооперативінде дүкенші, қоймашы болғанын ондағы көзкөргендер жақсы біледі. Осы мекемеден құрметті еңбек демалысына шыққан.
Соғыс және еңбек ардагері ретінде есімі алтын әріппен жазылған жауынгер өмірлі жары Дариха Күлмашовамен бірге алты баланы өмірге әкеліп, оларды бағып-қағып құтты орындарына қондырған ата-ана ретінде ұрпақтарының мәңгілік жадында сақтаулы. Еңбек майданындағы мерейлі белес қадірлі жанды Қамбаш ауылына тұрақтандырды. Отбасына емес тұтас ауыл-аймаққа қадірлі болған қазыналы қарт майдангер өмірінің соңына дейін Қамбаш ауылында тұрған. Есімі елге белгілі жауынгердің артында қалған ұрпақтары ендігі жерде Қамбаштағы өзі тұрған көшеге есімі берілсе деген ниетте. Әрине жақсының атын өлмейді. Бұл біздің елде атадан балаға жалғасып келе жатқан ұрпақтар сабақтастығы.
А.БИСЕНОВ
28 мамыр 2024 ж. 748 0