Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қарамолда әулие

Қарамолда әулие

Бабаларымыздан «әр нәрсенің киесі бар» деген тәмсіл қалған. Жан-жануарларда киіктің, аққудың киелі екенін жұрттың бәрі біледі. Өсімдікте де адыраспанды халық киелі шөп санап, үйді оның түтінімен аластайды. Адамдар арасында да түс көру, тіл тию, көз тию деген ұғымдар бар.
Кейбір адамдардың түстері өңінде қайталанып жатады. Ал тіл тию, көз тию дегендерге өзім бірнеше рет куә болғандықтан, бұған сенемін. Ерекше қасиет қонған дарынды адамдар тек қазақта емес, әлем халықтарының бәрінде бар құбылыс. Олар өздеріне берілген осы қасиеттері арқылы алдағыны болжап, адамдарға ем жасайды. Рас, кешегі Кеңестік кезеңде бұндай құбылыстарға қатаң тыйым салынды. Ал тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында халықты алдап ем жасайтын Ақ Әулие, Сары Әулие, Кашпировский деген сияқты адамдар қаптап шықты. Бұл үрдіс кейін халықтың жағдайы жақсарғанда ғана өз-өзінен сап тыйылды.
Қайсыбір жылдары біздің Санияз деген бекетте Өжіке деген атамыз өмір сүрді. Керемет сынықшы болатын. Хирургиялық жолмен шыққан, сынған жерлер баста дұрыс салынбаса, бітіп кеткеннен кейін де ауырғанын қоймайды. Ондай адамдар атамызға көптеп келуші еді. Атамыз әлгі бітіп кеткен жерге жылқының қазы майын біраз уақыт таңып тастайтын. Сонда жылқының қазы майы әлгі бітіп кеткен жерді қақыратып ажыратады да, атамыз қайтадан жинап, таңып беретін. Ондай адамдар құлантаза жазылып, атамызға енді қайтып келмеуші еді.
Ерекше қасиет қонған, көріпкелдікпен ем жасайтын осындай дарынды адамның бірі – Қарамолда атамыз еді. Шын аты-жөні – Қалдыбай баласы Әл-Мұхаммед. Елге Қарамолда әулие деген атпен танылған. Руы – Құрманай. 1892-1992 жылдар аралығында Арал, Қазалы өңірлеріне ортақ Жетімшағыл деген жерде өмір сүріп, 100 жасаған адам. Өмір бойы малдың соңында тұмса табиғатпен тілдесе жүріп, сары даланың саф ауасы мен қолдан жасалған таза тамақ әулиенің денсаулығын темірдей берік еткен.
Атамыз жас кезінде тәжіктің ұлы ақыны Садриддин Айни мен атақты Сыр шайыры Тұрмағанбет Ізтілеуовпен Бұхарадағы Көкілташ медресесінде бірге оқып, діни сауат алған. Тіршілігінде атамызға Арал, Қазалыны былай қойғанда, еліміздің түкпір-түкпірінен, көрші Ресей, Өзбекстан, Қырғызстаннан, тіпті алыс шетелдерден адамдар ағылып келіп, дерттеріне шипа тауып, елдің шексіз ыстық ықыласына бөленіп отырған. Әлемге әйгілі көріпкел Ванганың өзі алдына келген кейбір адамдарды осы Қарамолда атамызға жіберіп отырады екен деген әңгіме де бар. Олар тіршілігінде бір-бірін көріп білмесе де, сірә, көріпкелдік рух арқылы тілдесіп отырған тәрізді.
Кезінде әулие туралы, оның көріпкелдік, емдік қасиеті жайлы мерзімді баспасөз беттерінде бірқатар мақалалар да жарияланды. Мен өзім әулиенің алдында болып, жүзін көрдім. Оқиға былай болды.
80-жылдарға таман өзіммен бірге туған апам қыстай ауырып, бірде жатып, бірде тұрып кетіп жүрді. Әдепкіде оған онша мән бермедік. Қан қысымы, ыстығы орнында болғандықтан, дәрігерлер де диагноз қоя алмады. Мамыр айының ішінде жездем: «Апаң жатып қалды», – деп телефон шалды. Мүлде жатып қалады деп ойламағандықтан, қорқып кеттім. Дереу үйіне барсам, апам төсекте сұлық жатыр, қозғалуға әлі жоқ. «Әлі де көрейін, мүмкін тұрып кетермін» дегенге келген жедел жәрдем де ауруханаға алмай кетіпті.
Жездем айтты:
– Мүмкін, бұл қазақы бірдеңе шығар. Мына Жіңішкеқұм жақта бір көріпкел емші бар дейді, соған апарсақ, көлік таба аласың ба? – деді.
Ол кезде мен мәдениет бөлімінде аға инспектормын, автоклуб машиналарының кез келгенін пайдалануыма мүмкіншілік бар еді.
Ертеңіне бір жаңалау таблетка УАЗ машинасына апамды сүйемелдеп мінгізіп, жүріп кеттік. Жездем барлық балаларын ала жүрді, барлығы да мектеп жасындағы балалар. Сол кезде сабақты көк жуа пісіп жатқан, апам соның оншақты бумасын кішкене сөмкеге салып, дайындатып қойған екен, оны да ала жүрдік.
Әулие қарап жатса, ақша береміз ғой, жуаның не керегі бар деп ойлағанмын, бірақ оның дұрыс болғанына кейін көзім жетті.
Талтүстің кезінде әулие отырған Жетімшағылға да жеттік. Әулиенің үйі мал ауласындағы сияқты, төбесін балшықпен жапқан екі бөлмелі қақыра там екен. Бір жағы қазанас, екінші жағы қонақ бөлме. Үйдің дәл іргесінде шамасы төрт қанатты болу керек, шағын қара ағаш үй тігіліпті. Қазақта ағаш үйдің есігін әдетте оңтүстікке қаратып тігуші еді, бұл керісінше солтүстікке қаратыпты. Негізі, арқадан соққан самал жел үйді салқындатып тұрсын, әрі күннің шақырайған сәулесі ішке түспесін дегендік болу керек.
Бізді, сірә, әулиенің келіні болу керек, бір келіншек қарсы алып:
– Алдымен шай ішіп алыңыздар, атамның қабылдайтын уақытын сосын айтамын, – деді.
Үйде бізден бұрын келгендер де бар екен. Солармен бірге шай ішіп бола бергенде, әлгі келіншек: «Атам сіздерді шақырып жатыр», – деп ағаш үйді сілтеді.
Біздер үйдің есігі жақта жағалай отыра кетіп, атамен амандастық. Жуа толған сөмкені де ала кірдік. Үйдің төрінде бірнеше қабат көрпенің үстінде малдасын құрып, толықша келген, аппақ сақалы омырауын жапқан, ақсары жүзді, бетінен нұр төгілген, келбетті кісі отыр екен.
Ата бізбен жылы шырайлы амандасты да, шетте отырған жездеме қарап:
– Ананы маған жақындатшы. Жарықтық, мынау жаңалық қой, жаңалық қой. Қайдан естеріңе келген? – деп сөмкені нұсқады.
Жездем сөмкені атаға жақындатып қойды. Ата сөмкеден бір бумасын алды да, ішінен екі түйірін суырып, шаппасымен түбін кертіп жіберіп, бірінен кейін бірін күтірлетіп жей бастады. Сосын жездеме қарап:
– Атың кім? – деді.
Жездем атын айтты. Алдын ала дайындап қойған жіңішке қағазға шамасы Құран аяты болу керек, бірдеңелерді жазды да, жездеме беріп:
– Сақтап қой, – деді.
Жағалай отырған бәрімізге де үлкен демей, кіші демей әлгіндей қағазды жазып бере берді. Кезек апама келгенде, үйге сүйемелдеп кіргізгесін, ауру сол екенін, бәріміздің де сол үшін келгенімізді білді ғой. Енді одан бірдеңе деп сұрайтын шығар деп ойлағанбыз, бірақ әулие одан да ештеңе сұрамады.
Мен қызметкер болған соң, ақ көйлек, қара костюм-шалбар киіп барғанмын. Кезек келгенде, маған да әлгіндей қағазды жазып, блокнотыңның қаптамасының ішіне салып қой, жоғалып кетсе іздеме, бәрібір табылмайды деді.
Киіміме қарап менің қызметкер екенімді білсе білген шығар, бірақ блокнотымның барын, оның дерматинмен қапталған қабы барын қайдан білді деп қатты таң қалдым.
Атамен қоштасып, ауылға қайттық. Апам бір-екі күннен соң аяғына тұрып, содан қайтып ауырған жоқ. Мен ата жазып берген қағазды бірнеше жыл сақтап жүрдім де, кейін тұмар жасап, балама бердім. Бірнеше жылдан кейін сол тұмар өз-өзінен жоғалып кетті, іздегенмен таба алмадық.
Әулиемен бірге туған бауырларынан қарындасы, әрі қызындай болған Ақкүріш апа бүгінде Аралда тұрады. 80-нен асқан кейуана. Балаларының бірі – Берсігүров Пазылбек, ауданда жоғары қызметтер атқарған белгілі азамат.
Мен ауданда ономастика комиссиясында хатшы болып жүргенімде, Пазылбек екеуміз қаладан Бегім-ана мен Қарамолда әулиенің атына көше алып беруге ықпал еттік. Жетімшағылға жақын жердегі Шаған елді мекенінде әулие атамызға арнап зәулім мешіт тұрғызылған. Атамыз өмірден озса да, оған деген елдің ықыласы әлі де азаяр емес, басына барып зиярат етушілердің қарасы мол.
Атамыздың ерекше қасиеттерінің бірі – жас балаларды сүндетке пышақсыз отырғызатын еді, сол үрдіс әлі де жалғасып, көпшілік жұрт балаларын атаның басына бір аунатып, сүндетке отырғызады.
Ата өмірден озғаннан кейін баласы Жақсылық көп жыл шырақшылық жасады. Бүгінде оның балалары, яғни атаның немерелері, шырақшылық жасап, мал бағып күнелтіп отыр.
Ата заңымызда мемлекет пен дін бөлек десек те, ерекше қасиет қонған, осындай дарынды адамдарды еске алып отырған жөн шығар.
Осы мақалаға әулиенің суретін қосып беруіме болатын еді, бірақ мен әдейі бермедім. Өйткені газетті әркім әртүрлі пайдаланады, сондықтан әулиенің бейнесі лас жерде қалмасын деген ой болды.
Жақсыбай Төребеков
26 қыркүйек 2026 ж. 18 0