Мақтаншақ пен мақтанған шақ аражігін ажырата алып жүрміз бе?
Мақтаншақ адам. Айта берсек, мысал көп-ақ. Абай атамыздың да қаламаған, өткір сынға алған жексұрын мінездерінің бірі осы мақтаншақтық еді. Мақтанатын адам ешқашан ортаны талғамайды, тек жанына жақындасаң болғаны. Кейбір жандардың құдайы асты да мықтап өткізгенін айтып мақтанып жататынын да көріп жүрміз. Ал әлеуметтік желіге араға күн салмай қайда барды, не ішіп-жеді, кімнен қандай сыйлық алды, тағы-тағы күнделікті тірлігін көрсетіп жүктеп қоятын жандарды қайтерсің?!Мұндай жандардың өздеріне өзгенің ерекше назар аударғанын жаны сүйетіні айтпаса да түсінікті. Артынша «сіз кереметсіз», «көлігіңіз қандай тамаша», «сізге тең келер жан бар ма» деген сияқты жазбаларды көзің шалады. Әрине, мұндай мақтауды күтіп отырған әлгі адам мұнан кейін өзін басқа кісілердің арасында жоғары санап, басқа жандардың қызыға қарауынан ләззат алады. Және өз пікірін жоғары қойып, жасап жатқан амалдарын ешкімнің көмегінсіз, өзі жүзеге асырып жатқандай сезінеді. Мұның соңы мақтаншақтық менмендік себептерінің бірі болғандықтан, адамды бірте-бірте тәкәппар етеді. Жаратқан тіршілік иесін сынау үшін жаратты. Сол себепті желіге жүктер алдында жан-жағымызда түрлі жағдайда, біреу аш, біреу тоқ өмір сүріп жатқан адамдарды да ұмытпағанымыз абзал.
Бұл екеуі кейде бір мағынаны бергенімен, кейде екіұдай пікір туғызады. Яғни, мақтаншақ пен мақтанған шақтың аражігін бірде ажыратып жатсақ, бірде екеуін де бір ұғымға жатқызамыз. Асылында, мақтаншақтық адам бойындағы керексіз қасиет. Енді мақтаншақтыққа тереңінен тоқталсақ.
Бұл адам мінезіндегі ең жағымсыз қасиет. Себебі, бес дұшпанның бірі болған мұндай қажетсіз қасиет өзімшіл, менмен, тәкәппар адамдардың бойында кездеседі. Олар үнемі өзін-өзі дәріптеуді ұнатады. Бос мақтан қуу күнделікті әдетке айналса, ол адам адалдық, адамгершілік, имандылық секілді ізгі қасиеттерден ажырай бастайды. Яғни, мақтанқұмарлыққа бой беріп, мағынасыз тіршілік кешпек. Соған сәйкес өз-өзін мақтай бастаған адамның, қадірі кететіндігін ұмытпағанымыз жөн.
Ал енді мақтанған шақтың қажетті тұсын да атап өтейік. Негізінен жамандар «жақсымын» деп айқайлап жатқанда, жақсылар «жақсымын» деп айта алмайды. Тек соған лайықты болып адал жолмен нәпақасын тауып, еңбек етеді. Ондай халқына адал еңбек ете білген адамдармен көпшілік мақтанады. Олар жасаған үлгілі ісін үрдіске айналдырады. Соның нәтижесінде, есімі елге белгілі болып, жұртшылық тындырымды тірлігін мақтауға тұрарлық деп санайды. Ұлы дана Абай атамыз айтқандай, ел мақтаса, жұрт жақтаса «үлкендік» болған қасиеттің қажет тұсы осы. Бұл арлы жандардың, ақылдылардың ісі.
Бұл мақтаншақтық қасиет адам баласын құрдымға алып баратынын түсінейік. Ал ел арасынан әдейілеп мақтан іздеу – бос әурешілік екені де белгілі. Сондықтан мақтаншақтыққа бой алдырмай, адал жолмен елге танылып, мақтанар шақпен өмір сүргеніміз абзал.
К. ЗДЕНОВА










