Жасы кіші демеңіз, ақылы асса аға, тұт
Ұлы Абай бабамыз айтқандай, «Біреулер ішсем, жесем деп өмірін өткізсе, бірі көрсем, білсем, үйренсем деп қалыптасатыны анық». Осы ғұмырлық жолда жақсы мен жаманды, туралық пен жасандылықты айыруға жол сілтеуші һәм үйретуші ұлы тұлғалардың бірі – ұстаз деп әділ бағасын беріп жүрміз. Шынында да, бұл дүниеде киелі алтын ұядан ұстаздың тәлімін көрмеген жан жоқ десе болады. Ал шыңға шыққан кез келген мықты маманның, өз жолын таба білген әрбір адамның артында мықты ұстазы болмақ.Ауданымыздағы білім ордаларының қара шаңырағы атанған Т.Г.Шевченко атындағы №13 мектепте білім нәрін сусындап, өмірдің бұлтарыссыз да айқын жолын таңдап, алға қойған мақсатын зор адамгершілікпен орындай білудің өнегесін мінсіз танытып, абырой биігінде жүрген шәкірттеріміз аз емес.
Ананың сүтіне жарыған, ауылдың құмына аунаған, қазақы тәрбие көрген, ата мен әженің бауырында өскен, көптің сөзін тыңдай алатын, қажет жерде төрелігін айта білетін, жауапкершілікті терең сезіне білетін, жоғары білімді есепші-экономист, 15 жыл бойы Сазды ауылдық округінің әкімі болып абыройға бөленген, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хаты, аудан, облыс әкімдерінің Алғыс хаттары мен қоса бірнеше мерекелік медальдармен марапатталған, Қызылорда облысының “Құрметті ардагері”, Арал қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы, №13 мектеп түлегі Танымбетов Әділхан Төлегенұлы туралы айтпақпын.
Әділхан Төлегенұлы 1957 жылы Октябрь ауылдық округіне қарасты Сазды елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Төлеген Танымбетұлы кезінде К. Маркс колхозында басқарма, Қарақұм елді мекенінде сельпо хатшысы, ферма меңгерушісі болып, елдің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесін қосып, елдің есінде мәңгі сақталған, аузы дуалы, айтары бар сыйлы ақсақал болған екен.
“Ана – ең әдемі сөз. Барлық көркемдіктің үлгісі. Ана – мейірім, Ана – жылылық. Ананың алақанының аясы – ақ шынардың саясы”, – деп аналарымызды ардақтап жатамыз. Анасы Танымбет келіні Ақжан ана жеті перзентін дүниеге әкелген, колхозда жұмыс істеп, еліне сыйлы, аналық мейірімі төгілген алтын құрсақты ана болған деседі.
Әділхан Төлегенұлы 1972 жылы Сазды сегіз жылдық мектебін бітіріп, 1974 жылы Арал қаласындағы №13 мектептен орта білім алып шықты. 1974–1975 жылдары “Арал” кеншарында жұмысшы болған. 1975 жылы Жамбыл қаласындағы “Жеңіл және тамақ өнеркәсібі” технологиялық институтына оқуға түсіп, 1979 жылы есепші-экономист мамандығы бойынша бітіріп шықты. 1979–1981 жылдары “Аралтұз” комбинатында еңбекке ақы төлеу бөлімінің аға инженері болып қызмет етті. 1981–1987 жылдары “Арал” кеншарында есепші, еңбекке ақы төлеу жөніндегі экономист қызметтерін атқарған. 1987–1997 жылдары Арал кеншары кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін атқарған. 1998–2001 жылдары аудандық жұмыспен қамту орталығының есебінде тұрған. 2001–2004 жылдары Арал ауданы бойынша салық комитетінің маманы қызметін атқарған. 2004 жылы Октябрь ауылдық округінің әкімі, ал 2005–2020 жылдарда өзінің туған ауылы Сазды ауылдық округі әкімі болып абыройлы қызметімен зейнеткерлік демалысқа шықты.
Халқымыз “Жетпіс жасты ата жасы, ақылманның жасы” деп айтады. Демек, Әділхан ініміз де 70 ата жастың төріне шыққалы тұрған, өмірдің биік белестеріне алқынбай абыроймен шығып, жүріс-тұрысымен де, сөзімен де, ісімен де, ішкі-сыртқы мәдениетімен де абыройға бөленіп, әке қаны, ана сүтімен дарыған жайсаң мінезі, үнемі жарқын жүзді, дария кеуде, тау мүсін келбетті, дос-жаран, ағайын-туыстар арасындағы шынайы сыйластығы жарасқан, аудан, қала көлемінде болған қала әкімін сайлау, Құрылтай депутаттығына кандидаттармен кездесу ұйымдастыру, “Таза Қазақстан” акциясы, басқа да іс-шаралардың ортасынан табылуы кейінгі буын жастарға таптырмас үлгі-өнеге.
Әділхан Төлегенұлының ерен еңбегі ескерусіз қалған емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хаты, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталған. 2011 жылы “Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 20 жыл”, 2020 жылы “Қазақстан Конституциясына 25 жыл” мерекелік медальдарымен марапатталған. 2024 жылы “Ардагерлер ұйымы” республикалық қоғамдық бірлестігінің Орталық кеңесінің төрағасы Б. Ізмағамбетовтың Құрмет грамотасымен марапатталған. 2025 жылы Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының “Елеулі еңбегі үшін” медалімен марапатталған. Әрине, осы марапаттардың барлығы төккен маңдай тердің қайтарымы іспетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: “Біз ардагерлерімізге әрдайым бас иеміз. Олар – тарихымыздың тірі куәгерлері, болашақ ұрпаққа үлгі”, – деген болатын. Әділеттіліктен таймайтын, халқының қамын ойлап, қабырғасы қайысып, елінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, сөзі мен ісі, мінезі мен күллі өмірі әділеттен құралған ардагерлеріміз ауданымызда баршылық. Ардагерлеріміздің еңбегі еленіп, ауданның, облыстың “Құрметті ардагері” деген мәртебелі төс белгілері омырауларында жарқырауда. Бұл да қала, аудан ардагерлер кеңесінің бірлесіп жұмыс істеулерінің нәтижесі. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбек Ізбасарұлы Әйімбетов өмірден алған тәжірибесі мол, еңбегі елмен бірге өрілген, елімізге танымал, айтары бар ақсақал екені баршамызға аян.
Енді Әділхан інімізге сөз берсек: “2025 жылы туған жерім, алтын бесігім Сазды ауылдық округіне әкім болып тағайындалдым. Ол кезде Сазды елді мекенінде мектеп, клуб, ФАП-тер ескі болатын. 2010 жылы аудан әкімі Н. Мусабаевтың қолдауымен 140 орындық жаңа мектеп, оның ішінде 25 орындық балабақшасымен пайдалануға берілді. Жаңадан фельшерлік-акушерлік пункт (ФАП) ашылды. Кейін ескі мектепті күрделі жөндеуден өткізіп, 50 орындық балабақшаға берілді. Ауыл әкімшілігіне жаңа ғимарат салынып, оның орнына кітапхана көшірілді. Сазды елді мекенінің кіре берісінде 4,5 км құм болатын. Самара–Шымкент жолынан 23 км қашықтықта болатын. 2023 жылы халықтың сұранысы бойынша қаржы бөлініп, екі ортаға тас жол салынды. Бұған сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың еңбегі зор. Салынған жол асфальтталып, халық игілігіне берілді. Әркімнің туған жері “Мысыр шаһары” демекші, ауыл әкімі кезінде осыншама жұмыс атқарғанымды және қазір Сазды елді мекені “алкоголсіз ауыл” атануын өзімді мақтан тұтамын.
Зейнетке шыққан кезім, ауыл ардагерлер кеңесінің төрағасы Зәкір Кеншімбаев ағамыз 2021 жылы қайтыс болған еді. Сол жылы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасын сайлау керек болды. Ауыл имамы Байетов Ұнатқан ағамыздың маған жезделігі болатын. “Міне, дайын төраға отыр ғой”, – деп мені көрсетті. Сонда менің айтқаным: “Өзім де Аралға көшу ойымда бар. Ұнеке, мен аудандық ардагерлер кеңесіне бармасам, ауылдық ардагерлер кеңесі маған олқы соғады ғой”, – деп күле жауап бергенмін. Құдай аузыма салған шығар, қазір өзіңіз білетіндей, Арал қаласының ардагерлер кеңесін абыроймен атқарып келемін”, – деп ағынан жарылғаны бар.
Халқымызда “Амандық – ағадан” деген аталы сөз бар. Сол айтқандай, шәкірттеріміздің амандығын сұрап-біліп отыру, істеріне сәттілік тілеп, медет бола білу, арқа сүйер ұстаз-ағаларының бар екенін сезіндіру – алдыңғы толқын ағаларының міндеті деп ойлаймын.
Әділхан Төлегенұлының да мектеп бітіргеніне де елу жылдан асыпты-ау. Қай жерде кездессек те, “Аманжол ағай” деп амандасады. “Ау, Әділхан, мектеп қабырғасында «ағай» деп айтуың дұрыс, ал қазір елдің мақтаулы азаматтарының бірісің және қала ардагерлерінің ағасысың, «аға» деп айтсаң болды ғой”, – десем, Әділхан інім: “Ескендір Зұлқарнайын: «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, ұстазым Аристотельден сол өмірге қажеттінің бәрін алдым», – депті. Сол айтқандай, ұстаздарыма мәңгілік қарыздармын, ал сіз мәңгілік «Аманжол ағай» болып қала бересіз”, – деген риясыз сөзі көңілімді жадыратып, “Шәкірті озған ұстаз бақытты” деген аталы сөз есіме түсіп, шын мәнінде ұстаздар бақытты жандар.
Адамның мәнді де, сәнді өмір сүруі оның қосағына тікелей байланысты. Жар таңдауда жолы болған адам бақытсыз болуы тиіс емес. Демек, Әділхан жар таңдауда да маңдайлы болды. 1981 жылы Аралдың ару қызы Клара Қалжанқызымен бас қосып, отау құрды.
“Бақытты шаңырақ дегеніміз – жалтыраған сәнді сарай емес, жан жарының, жақын-жоралары мен сүйікті балаларының күлкісі, ырысы мен ынтымағы”, – демекші, ұлттық салт-дәстүрді берік ұстаған, инабаттылығы көркіне сай, ұрпақтарының ардақ тұтқан анасы, әйелге тән үлгі алар қасиеттері мен жан тазалығы бір өзіне жарасып тұрғандай. Қонақтардан босағасы босамаған, қонақжайлы, жекжаттарын жақындастырған, келіндерінің ақылшы ұстазы, отбасын жұмаққа айналдырып, ырысы мен ынтымағын жарастырған аяулы абзал ана десе жарасады.
Клараның әкесі Қалжан Сабралыұлы сауда саласының майталманы болған. Кезінде автодүкен жүргізушісі болып, шалғай ауылдар мен шопандарға қажетті азық-түлік, киім-кешек, басқа да қажетті заттарын уақытылы жеткізіп, қызмет көрсеткен, елге сыйлы ақсақал болғанын білеміз. Анасы Күнила СЭС мекемесінде қызмет етіп, өнегелі өмір жолдарын ұрпақтарына еге білген көрегені көп ана болған екен.
Қазақтың тұңғыш білім министрі Шайсұлтан Шаяхметов ұл-қыздарына: “Айым өзің аяулым, ұл-қыздарым – қара түнек түндерде жұлдыздарым, сендер барда сөнбейді мен жаққан шам, төксін мейлі түнеріп бұлт ызғарын”, – деп жырлағандай, Әділхан мен Кларадан осы екі қайнардан қанып ішіп, мейірге шөлдемей өскен, ұлдары ұялтпаған, қыздары қызартпаған, Тәуелсіз еліміздің тұғырын бекемдеп жүрген жайсаң жандар екенін білген соң айтамыз.
Тұла бойы тұңғышы Гүлсім Әділханқызы Е. Көшербаев атындағы №57 мектепте тарих пәнінен дәріс береді. Сәкен Әділханұлы “Тоғыс-отын” ЖШС-ның тұз ұнтақтау цехында оператор. Қамбар Әділханұлы “Порте” банкте бөлім бастығы. Жанболат Әділханұлы Арал аудандық әкімшілігінде қоғамдық даму бөлімінде маман болып қызмет етеді. Барлығы да жанұялы. Әке-шешелеріне 11 немере сыйлаған әке-ана.
Көрнекті жазушы Ғабит Мүсірепов “қазақ әйелін жанжарым дейді. Бұл үлкен сөз. Жаны жанымен үндес, ойы арманымен үндес егіз адамбыз дегені ғой” деген екен. Сол айтқандай, екеуің 45 жыл бойы егіз адамдай болып, өмір қызығын бірге көріп келесіңдер. Алла тағала сендерді жұптарыңды жазбай, қол ұстастырып, ғасыр жасына жеткізсін. Ұл-қыздарыңның, немере-шөберелеріңнің қызығына бөлене беріңдер. Отбасыларыңа амандық, өздеріңе зор денсаулық тілей отырып, әдемі қартаюдың үлгі-өнегесін кейінгі ұрпаққа еге беріңдер деген ағалық тілегімді жеткізгім келеді.
Аманжол Жолмағамбетов,
КСРО және ҚР-ның халық ағарту ісінің озық қызметкері
Қызылорда облысының құрметті ардагері










