Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаздар ұстаханасына айналған әулет

Ұстаздар ұстаханасына айналған әулет

Адамның жақсысы – адамға пайдалысы. Мұны біз қасиетті хадистен білеміз .Ал қай кезде де елге еңбегі сіңген жағымды мінезімен жаққан адамдардың есімі халықтың жүрегінде ұзақ сақталатыны белгілі .Ұлы Абай бабамыз айтқандай «біреулер ішсем , жесем» деп өмірін өткізсе, бірі «көрсем, білсем, үйренсем» деп қалыптасатыны анық. Осы ғұмырлық жолда, жақсы мен жаманды, туралық пен жасандылықты, бірден-бір жол сілтеуші һәм үйретуші ұлы тұлғалардың бірі – ұстаз деп әділ бағасын беріп жүрміз. Ал мектеп – жас ұрпақты біліммен қаруландырып, ұлттық рухта тәрбиелейтін, келешек ел басқарып, жер-суына иелік ететін, елін гүлдендіріп, мерейі мен мәртебесін көтеретін жасампаз азаматтарды шыңдайтын киелі алтын ұя.
Осындайда Әнет бабаның шәкірті қаз дауысты Қазыбекке "– Аузы дуалы айдарлы би атандың, сен бұл дүниеде кімге қарыздарсың?" десе, шәкірті:
– Ең әуелі Аллаға қарыздармын! – депті. Сосын? – Анама қарыздармын, ол мені жарық дүниеге әкелді. Сосын әкеме, ол мені өсірді,бақты-қақты, оқытты, тәрбиеледі. Халқыма менің қадіріме жетіп көтере білгені үшін қарыздармын. Ұстазым Әнет баба, сізге қарыздармын. Сіз менің көп нәрсеге көзімді аштыңыз, – деген екен.
Қазыбек бидің ұстазына берген жауабы жұмыр басты пенденің, бәріміздің жаратушы Аллаға, анамызға, әкемізге, халқымызға, ұстаздарымызға қарыздар екеніміз айдан анық. Бұл дүниеде киелі алтын ұядан, ұстаздың тәлімін алмаған жан жоқ десе болады. Ал шыңға шыққан кез-келген мықты маманның, өз жолын таба білген әрбір адамның артында мықты ұстазы болмақ. Тілдесуге тұрарлық, ақыл-ойдың кемеліне келген, өзін-өзі жетілдірумен қатар ауданның бірнеше мектептерін басқарып, білім саласының майталманы атанып жұ\үрген Жаңаберген Аманжолов туралы айтпақпын.
Жаңаберген Қайруллаұлы 1978 жылы 3 мамырда Арал ауданы, Сайғонды ауылдық округінде дүниеге келген. Әкесі Қайрулла Жетесұлы 1940 жылы Қамбаш елді мекенінде туған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Мен білім шаһары болсам, Әли оның есігі, ілім іздеушілер, оның есігінен кірсін» деген екен. Пайғамбарымыз айтқандай еңбек жолын қатардағы мұғалімнен бастап, мектеп басшылығында 1971-1996 жылдар аралығында абыройлы басқарған жылдарындағы мол тәжірибесінен, ақыл-кеңес, тәлім-тәрбие, педагогикалық зерттеулердің әртүрлі салаларынан, тіпті басқа да ағалық көмек болған жағдайда да Қайрулла ағаларының есігі әрдайым ашық болатын. Әрине Қайрекеңмен бірге қызметтес болмасамда саналы ғұмырым ұстаздық жолында болғандықтан әріптес ретінде де ол шаңырағын ұстаздар ұстаханасына айналдырған, өнегелі өмір жолын барша жұртқа үлгі ете білген қазыналы қария, ұлағатты ұстаз десе жарасады.
Анасы Ұлдай Жұбатырқызы да ұстаз ана. Әйел мен мейірім бірінен-бірі бөлінбейтін егіз ұғым. Әйелдің өмірінің сәні – мейірімінде. Әйел мен адалдықта бір-бірінен ажырағысысыз бүтін бітім. Үйдегі ұрпақтарына, еріне адал жан түздегі қызметінде де сол адалдығын берік ұстайды. Адам баласына адалдық қаиет анадан сіңеді. Әйелдің имандылығы бетін бүркемелеу әрекетінде емес, иманын жүрегіне ұялатқан әдебінен көрініс табады. Ұлдай Жұбатырқызы ұстаздар ұстаханасына айналған киелі шаңырақтың отанасы. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің білгірі ретінде көптің ұлағатты ұстазы, келіндерінің тәлімгер жанашыры, қазақы салт-дәстүрлер, рухани құндылықтарды бойына сіңіре білген, ана сүтімен дарыған жайсаң мінезді аяулы ана, ұлағатты ұстаз. Жоғарыда айтылған әйелге тән мейірімділік, адалдық, имандылық сияқты қасиеттер Ұлдайдың бойынан табылатыны сөзсіз.
Негізгі дәстүрлі қазақ отбасыларында әке – бел, әке – айбын, әке – қорған болса, ана-жылылық, ана – берекет, ана мейірім дегендей, Қайрулла мен Ұлдайдан тараған ұрпақтар осы екі қайнардан қанып ішіп, мейірге шөлдемей өскен, айбынды қорғанға сүйенген ұл – қыздары ұлтжанды, ата дәстүрін берік ұстаған жайсаң жандар екенін білеміз.
Қайрат Қайруллаұлы Ақирек ауылдық округінде ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте, келіншегі Нұрбақыт екеуі екі бала тәрбиелеуде. Гүлзат №5 9Қарақұм орта мектебінің бастауыш пәнінің мұғалімі, жолдасы Асқар Шарапатов ауыл округінде бас маман, үш бала тәрбиелеуде. Айжанат №21 Қамбаш орта мектебінің химия-биология пәнінен дәріс береді, жолдасы Нұрлан Тағыбергенов жол бойының қызметкері, төрт бала тәрбиелеуде.
Жаңаберген Қайруллаұлы 1975 жылы Ақбай ауылындағы №63 мектебіне қабылданып, 1985 жылы бітіріп шықты. 1985-1986 жылдаы Приарал кеншарында қатардағы жұмысшы болып еңбек етті. Ата-анасының жолын қуып, 1986 жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Тоголь атындағы педагогикалық институтының Филология факультетіне түсіп, 1993 жылы бітірді. Арасында 1987-1989 жылдары Кеңес әскери қатарында болды. 1993 жылдан бастап, Ақбай елді мекенініндегі №63 мектебенде қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып орналасты. 2001-2006 жылдар аралығында мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, АӘД жетекші -ұйымдастырушысы болып қызмет атқарған. 2006-2013 жылдары Аманөткелдег №73 орта мектебінің директоры болып атқарған жылдары оқу-тәрбие жұмыстары мен ҰБТ нәтижелері бойынша аудан мектептерінің арасында №73 мектеп әркез алдыңғы қатарда болған. 2013-2022 жылдары Арал қаласындағы №83 орта мектеп директоры, ал 2022-2023 жылдарда қаладағы №260 мектебінің директоры болса, өкен жылдың мамыр айынан бастап, Қосжар ауылындағы №67 орта мектебінің директоры болып қызмет етуде.
Өмірдің екінші аты – уақыт. Ол пендеге белгілі жас белгілеп, соны қадағалап отыратын өмір өлшеуіші десек, Әлемнің әміршісі – еңбек. Сол айтқандай Жаңаберген ініміздің еңбектері де ескерусіз қалған жоқ. Қ Р Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы, облыс әкімінің Алғыс хаты, Облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасынан бөлек аудан әкімінің Алғысы, Министрліктің орта білім беру үздік дипломымен қатар, басқа сала басшыларынан алған марапаттары да бір басына жетерлік. Осы марапаттардың барлығы еткен еңбектің, төккен маңдай тердің қайтарымы іспетті. Енді Жаңаберген Қайруллаұлына сөз берсек.
– Әркімнің туған жері Мысыр шаһары десек, менің туған жерім Ақбай Мысыр шаһарым. Киелі қонысымның суы нәрлі, шөбі шүйгін, ауасы тынық, түгін тартса майы шығатын топырағы құнарлы, не ексең сондай сапалы өнім беретін, жазғы уақытта еккен бақша өнімдерінің тәттілігі тіл үйіретіндігінде,.Ақирек алқабын "Ақбай дегенше ақ май десеңдерші" дегені халықтың ақ көңілінен шыққан шынайы сөз де бар. Бұл Арыстан бабтың жайы Ақиректе болуының өзі киелі жер екені белгілі. Осындай мақтанышпен айтатын жерде дүниеге келгенімді мақтан тұтамын. Қызмет бабымен ауылда да, қалада да қызмет жасап келемін, бірақ өзімді бір күш ауылға қарай тартады да тұрады. Ол да балалық балдәурен, өсу жолым ауылдан басталғандықтан шығар деп ойлаймын. Қазір мемлекетіміз ауылды көркейту мақсатында «ауыл – ел бесігі», «ауыл аманаты» жобалар жұмыстары жалғасын табуда. Міне осы жобаларға аз да болса септігім тисе деген ойым бар. Ата-анамның ұстаздық жолын таңдағанымды мақтан тұтамын. Менің өскен ортам, ата-анам, жанұям, өзім қазақ деген дана халықтың қарапайым ғұмыр кешкен бір бөлшегіміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бейбітшілік заман болсын деп елмен бірге тілек тілейміз, – деп ағынан жарылған болатын.
Адамның мәнді де, сәнді өмір сүруі отбасына, қосағына тікілей байланысты. Жар таңдауда жолы болған адам бақытсыз болуы тиіс емес демекші Жаңаберген інімде жар таңдауда маңдайлы болды. 1996 жылы сырдың шынарындай ару қызы Сапаркүл Бақытқызымен бас қосып, отау құрды. Сапаркүлдің әкесі Бақыт Әлжанұлы егіс бригадирі болып, ерен еңбегінің арқасында "Еңбек қызыл ту" орденімен марапатталған, сыр еліне еңбегімен еленген айтары бар, елжанды азамат болған. Анасы Бибізада Әлиқызы ұрпақтарына өнегелі өмір жолдарынан дәріс беріп, аналық мейірімі мол ана болған деседі. Осы екі қайнардан тәлім-тәрбие алып, балалық бал дәуренінен сүрінбей өтіп, бой түзеп өскен Сапаркүл ұлтымыздың салт-дәстүрін, рухани байлықтарымызды бойына сіңіре білген, Дүниеге үш перзент әкелген аяулы ана десе жарасады. Сапаркүлдей адалдықтың бұлағын лайламаған адал жарға қосылғанына Жаңаберген ініміз де тағдырына дән риза. Қай кезде де анамыздың елжіреген жұмсақ жүрегіне қаяу түсірмей, алақанымызға салып бағып-қағу – мұсылмандық һәм адамдық борышымыз екенін естен шығармаған жөн деп айтқым келеді. Босағаларын алтыннан соқтырып, бала сүйіп мейірімдерін қандырған мерейлі отбасы десе болғандай.
Бүгінде Жаңабергеннің тұңғышы Асылзат қаладағы №220 мектепте бастауыш пәнінің мұғалімі. Әке жолын жалғаған ол бүгінде бір шаңырақтың келіні атанып, үш бала тәрбиелеп отырған ана. Ал Болаты қаладағы №83 мектепте денешынықтыру пәнінен сабақ берсе, оның жары Райхан Қарасайқызымен бір бала.тәрбиелеуде. Кенжесі Ринат Алматы қаласындағы Абай атындағы мемлекеттік университетінің студенті, болашақ – заңгер. Сапаркүлдің өзі ауылшаруашылық өнімдерін өсіру жөніндегі жоғары білімді маман екенін айта кеткен жөн болар.
Міне осындай ұрпақтарды тәрбиелеп шығарған ұрпақтарының жетеуі ұстаздық жолында, шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, шаңырақтарын ұстаздар ұстаханасына айналдырған әулеттің отағасы Қайрулла мен отанасы Ұлдай замандастарыма Алла Тағала қуат беріп, немере, шөберелерінің шат күлкісіне бөленіп, әдемі қартаюдың үлгі-өнегесін кейінгі ұрпаққа еге беріңдер дей отырып, Жаңаберген мен Сапаркүлге отбастарыңа амандық, өздеріңе зор денсаулық, көрінген қаракөздеріңнің қуаныштарына кенеле беріңдер деген сексеннің сеңгірінен асқан ардагер ұстаз ретінде тілегімді жеткізгім келеді.
Аманжол Жолмағамбетов,
КСРО және ҚР-ның халық ағарту ісінің озық қызметкері,
Арал қаласы
08 қазан 2024 ж. 192 0