Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұстаздықтың қос қанатындай еді....

Ұстаздықтың қос қанатындай еді....

Мектеп – жас ұрпақты біліммен сусындатып, ұлттық рухта тәрбиелейтін, келешек ел басқарып, жер-суына иелік ететін, елін гүлдендіріп, мерейі мен мәртебесін көтеретін жасампаз азаматтарды шыңдайтын киелі алтын ұя екені баршаға аян. «Өмір –өзен» демекші, жас ұлғайған сайын өткен өміріміз көз алдымызға елестейтіні жасырын емес. Мектеп қабырғасында ұзақ жылдар бойы педагогиканың майталмандары, үлкен жүректі аға-апаларымызбен бірге қызметтес болдық. Ол кісілердің ұрпақ санасына сіңірген сапалы білім,саналы тәрбиесі мен игілікті істері ешуақытта жадымыздан жырақтаған емес.
Чех педагогы Я.А Каменский «Мұғалім – мәңгі нұрдың қызметшісі,ол барлық ой мен қимыл-әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз лаулаған жалын иесі» деген екен.Сол айтқандай, саналы ғұмырын ұстаздыққа арнап, тынымсыз еңбектің арқасында шәкірттеріне ақыл-ойдың нұрын сепкен, «Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі»,білім саласының майталманы, химия пәнінің білгірі, үлкен жүректі арда туған азамат,білікті ұстаздардың бірегейі – Оңғар Дәрменов туралы айтпақпын.Аймаққа танымал болған ағайынды Дәрменовтер ата-анасынан жастайынан айырылып, өмірдің асау толқындарына тойтарыс беріп ержетті.Төлеш, Оңғар ағалар ұстаздық салаға мойын бұрса, Елеу аға мал шаруашылығы мамандығына бетбұрыс жасаған жоғары білімді маман болатын. Төлеш аға мен Елеу ағалар ауданның өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып, қолтаңбаларын қалдырған азаматтар екені жұртшылықтың есінде.
«Өмір –тіршілік ұзақ та күрделі жол, бірақ, Алла аманат еткен жол». дегендей, өмірге келген әрбір пенденің балалық шағының,мектеп қабырғасындағы жеткіншектік кездері мен студенттік шақтары, еңбек жолдарындағы бел-белестері мәңгі есте сақталатыны аян.Осы белестердің бәрінен сүрінбей өтіп,саналы, ғибратты ғұмырын ұстаздыққа арнаған Әйтеке би атамыз айтып өткендей: «Ана сүтін тән үшін табиғат әзірлейді, ал рух сүтін жан үшін ұстаздар әзірлейді» деген сөзіне қарай Оңғар Дәрменов ағамыздың талай шәкірттеріне рух сүтін әзірлеген адалдықтың эталонындай болған ұстаздардың ұстазы екенін білгенсоң айтып отырмын.
Оңғар аға жоғары оқу орнын тәмамдап, туып-өскен өлкесіне оралып, №15 орта мектепте ұзақ жылдар бойы химия пәнінен дәріс берді. №13 орта мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған жылдары ол кісінің өнегелі істерінен біраз нәрсені бойымызға сіңіріп өстік. Педагогика саласының білгірі болған аға әр пән сабақтарына талдау жасаумен қатар, озық тәжірибелерін ортаға салып, жас мұғалімдерге бағыт-бағдар беруді есінен шығарған емес. Білікті маман ретінде аудандық білім бөлімінің методикалық кабинетінің меңгерушісі болып өмірінің соңына дейін абыройлы еңбек етті. Аудан ұстаздарының озат тәжірибелерін таратып, насихаттап, методикалық кеңес беруде үлкен жұмыстар атқарды. Жүсіп Баласағұн: «Адам адамдарды бірге жүргенде таниды екен» демекші, менің «Саңлақ ұстаз» атты тәжірибемді облыс көлеміне таратуда көмегі тигені бар.1991 жылдың қыс айында Жаңақорғанда өткен облыстық педагогикалық оқуға бастап барды Сол педагогикалық оқуда «Еңбек сабақтарында жұмыстың коллективтік түрлерін ұйымдастырудың педагогикалық-психологиялық шарттары» атты тәжірибем жоғары бағаланды. 1991 жылы 20 мамырында Алматы қаласында өткен республикалық педагогикалық оқуға қатыстым. Осы педагогикалық оқуда да тәжірибем жоғары бағаланып, Пенза қаласында өтетін бүкілодақтық педагогикалық оқуға қатысуға екі жолдаманың біріне ие болдым. Әрине сол жылы Одақ тарады да, Пензаға бара алмадық. Көп ұзамай күз айында «Отличник просвещения СССР» деген төсбелгімен марапатталдым. Бұларды айтуымның себебі, осы жетістіктерге жетуіме Оңғар ағаның да үлесі бар дер едім.
Оңғар аға жар таңдауда да маңдайлы болды. Жоғары білімді математика пәнінің жүйрігі Күлпаршын Елжанқызымен бас қосып, отау тікті. Аналар туралы қанша ардақтап жазсақ та артық етпейді. Қарапайым ғана отбасынан ибалы да инабатты боп өнеге алып, өмір баспалдақтарынан сүрінбей өткен ұлағатты ұстаз, келіндерінің тәлімгер енесі, немерелерінің сүйікті әжесі болған Күлпаршын болатын. Жан жарастығын тапқан Оңғар аға өзін әрқашан бақытты санайтын. Ұлы ақын, философ Жүсіп Баласағұн: «Құрсақта біткен мінез қара жерге бірге енеді, сүтпен біткен мінезді өлгенше өзгерте алмайсың» дегендей, Күлпаршын жеңгеміздің жүріс-тұрысы, ибалылық пен өрілген мағыналы-мәнерлі сөздері, аналық мейірімі, қазақы салт-дәстүрге беріктігі, отбасының ұйтқысы, ағайын, жекжат, туыстарды жақындастыра білген,ана сүтімен дарыған бай мінезіне тәнті болатынбыз.
1984 жылдары отырған көне үйін бұзып, жаңадан салу ұста ретінде маған жүктелді.Сол үйді бұзып қайтасалып біткен соң, дастарқан үстінде балаларына қарап: «Балаларым, мына ақ ордамыздың ішіне кіріп отырғанымыз мына Аманжол ағаларыңның арқасы деп біліңдер. Егер Аманжол ағаларыңның көңіліне келетін сөз айтсаңдар, мен риза емеспін» деген еді жарықтық. Мектепке Оңғар ағаның үйі өте жақын орналасқан. Күлпаршын жеңгем: «Аманжол қарағым, түскі асқа біздің үйге кел, үйің болса қашық қой» дейтін. Кейде түскі асқа немересін жұмсап шақыртып алатын еді. Оңғар аға, Күлпаршын жеңгелермен Қанатбаев Жеткерген аға, Қаласова Күләш апалардың достығына риза болатынбыз. Қандай тойдың түрі болсын Жеткерген аға мен Күләш апа барлық қуаныштарының ортасында болатын-ды.Бір сөзбен Күлпаршын жеңге адалдықтың бұлағын лайламаған адал жар, адал ана, немерелерінің сүйікті әжесі, келіндерінің тәлімгер ұстазы бола білген аяулы ана-ұстаз.
Ертеде бір хан уәзірінен: «Адамның бағасы немен өлшенеді?» деп сұраған екен. Сонда уәзірі: «Тірісінде киген тоны жағалы болмаса да сөзі бағалы болса –ол кісінің қадірі болғаны. Ал жоқтығын білдірмесе,тоқтығына масаттанбаса, діннен айнымаса, өтірікті жақтамаса, күні түскенге қол ұшын берсе, құрметтеп шақырсаң келсе –ол адамның бойында қасиеті болғаны» деп жауап беріпті. Осы айтылған қадір-қасиет Оңғар ағаның бойынан табылатын-ды. Олай дейтінім, айтар сөзін жалтақтамай тура айтатын, әзілдесе әзілі жарасқан, көңілі дарқан дала ауасындай, үлкенге іні, кішіге аға болып, біреудің ісін өз басындағы істей көретін абзал азамат болған еді десе жарасады.Оңғар аға сөзімен де, ісімен де талай адамның, ағайын-туыстың, дос-жаранның риясыз ілтипатына құстай ұшып жететін аққөңіл қалпынан бір аумаған еді.
Оңғар аға мен Күлпаршын жеңгеден тараған ұрпағының ұлдары ұялтпаған, қыздары қызартпаған бір-бір шаңырақтың отын маздатқан жайсаң жандар екенін білеміз. Ағаның балалары да тұғыры биік тәуелсіз еліміздің дамып-өркендеуіне өз еңбектерін сіңіруде.Үлкені Әлия – білікті, жоғары білімді энергетик атанса, Зәуреші – әке жолын қуған ұстаз, Талғаты – аудан, республика көлеміне танымал музыкант, ұстаз. Талғаттың шәкірттері де түрлі байқауларға қатысып, ұстаз мерейін көтеруде. Ал Берекет есімді ұлы газ жөндеудің білгір маманы. Гүлмира – аудандық ауа райын зерттейтін мекеме қызметкері. Айнұры – адам жанының бағбаны болған ақ халатты абзал жан. Қолына құт қонған ене мектебінен дәріс алған келіндері Назым мен Лиза – отбасының ұйытқысы, ағайын-туыстардың жанып елінен табылатын әулеттің аяулылары. «Табытыңды жасырса жер жасырар, ал уақытты жасыра алмайсың» демекші, Оңғар ағамыздың қайтыс болғанына 30 жыл болса, Күлпаршын жеңгеміздің қайтқанына 19 жыл болыпты-ау. «Құс өліп балапаны қалса қияғы қалады, ат өліп құлыны қалса тұяғы қалады, әке өліп, бала қалса мұраты қалады" деп бабаларымыз айтқандай, ағамыз бен жеңгеміздің мұратын жалғастырып жатқан ұл-қыздары ата-анасының өмір жолдарын абыроймен жалғастыруда. Ләйім солай болғай.
Шығыстың ұлы ойшылы Сағди: «Жаратқанның пендесіне берген үлкен сыйы – оның артында қалатын жақсы аты, мейірімділігі мен қайырымдылығы» деген екен. Сол сияқты Оңғар аға мен Күлпаршын жеңге өмірден өтсе де, артында қалған жақсы әкелік, аналық, ұстаздық мейірімділігімен қайырымдылығы есімізде.
Аманжол ЖОЛМАҒАМБЕТОВ
КСРО және ҚР-ның халық ағарту ісінің озық қызметкері,
Арал қаласы
13 маусым 2023 ж. 444 0