Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аяулы ана, ұлағатты ұстаз, білікті басшы

Аяулы ана, ұлағатты ұстаз, білікті басшы

Адамның жақсысы – адамға пайдалысы. Мүны біз қасиетті хадистен білеміз. Және ата-бабаларымыздың өсиеттеп кеткені деп, ата-әжелеріміз қолына су құйғанда "Атаңның баласы болма, адамның баласы бол" деп батасын беріп отыратыны есімізде. Ал қай кезде де елге еңбегі сіңген жағымды мінезімен жаққан адамдардың есімі халықтың жүрегінде ұзақ сақталатыны белгілі. Осындай өнегелі азаматтар арасында бейбіт күнде білігі асса билікке, өнері асса бәйгеге ерлермен бірдей таласқан қыз-келіншек ұстаздарымыздың орны ерекше. Ұлы Абай бабамыз айтқандай: "біреулер "ішсем, жесем" деп өмірін өткізсе, бірі «көрсем, білсем, үйренсем» деп қалыптасатыны анық. Осы ғұмырлық жолда, жақсы мен жаманды, туралық пен жасандылықты айыруға бірден-бір жол сілтеуші һәм үйретуші ұлы тұлғалардың бірі –ұстаз деп әділ бағасын беріп жүрміз. Ал мектеп –жас ұрпақты біліммен сусындатып, ұлттық рухта тәрбиелейтін, келешек ел басқарып, жер-суына иелік ететін, елін гүлдендіріп, мерейі мен мәртебесін көтеретін жасампаз азаматтарды шыңдайтын киелі алтын ұя. Осындайда Ескендір Зұлқарнайынның: «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге қажеттінің бәрін алдым» деген сөзі ойға оралады. Шынында да бұл дүниеде киелі алтын ұядан ұстаздың тәлімін көрмеген жан жоқ десе болады. Ал шыңға шыққан кез келген мықты маманның, өз жолын таба білген әрбір адамның артында мықты ұстазы болмақ. Міне, осындай талай шәкірттерін білім нәріне сусындатып, өнегелі тәлім-тәрбиеге жол сілтеген, тәуелсіз еліміздің бейбіт күнінде білігі асса билікке, өнері асса бәйгеге ерлермен бірдей таласқан қыз-келіншек ұстаздарымыз аз емес. Осындай ұстаздарымыздың бірегейі, жоғары санатты педагог-зерттеуші, "ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері", ҚР Білім және ғылым министрі тағайындаған "Ыбырай Алтынсарин" медалімен және бірнеше медальдармен иегері, "миллионер мұғалім" атанған ұлағатты ұстаз-ана, білікті басшы Хадиша Орынбасарова туралы айтпақпын.
Хадиша Тәжімұратқызы 1964 жылы 20 қаңтарда Арал қаласында дүниеге келген. Т.Г.Шевченко атындағы №13 орта мектепті 1980 жылы бітіріп шықты.
Әкесі Орынбасаров Тәжімұрат байырғы теміржолшы «теміржолда – темір тәртіп» деген ұстаныммен ғұмыр кешкен, айтары бар, Ұлы Отан соғысының ардагері, анасы Дәулетова Қатша Арал теңізі барда кеме капитаны болып, ер адамдармен қатар еңбек еткен. Қатша анамыз барша қазақ әйелдеріндей ибалы, ошағы оттан түспеген, қонақжайлы, жомарт жүректі жан болған екен. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, Хадишаның сынақтан сыр бермейтіні, үлкенге ізет, кішіге қамқорлық жасауы әке-анасының тағылымының жемісі десе болады.
«Өмір – тіршілік ұзақ та күрделі жол, бірақ Аллаһ аманат еткен жол» деп бабаларымыз айтқандай, дүние есігін шыр етіп ашып өмірге келген әрбір пенденің балалық шағының, мектеп қабырғасындағы жеткіншектік кездері мен студенттік шақтарының, еңбек жолдарындағы бел-белестері мәңгі есте сақталатыны аян. Міне, Аллаһ аманат еткен жолдан адаспай келе жатқан шәкірттеріміздің бірі Хадиша Орынбасарова дер едім. Ол қаладағы Т.Г.Шевченко атындағы №13 мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ өнегелі, озат оқушы ретінде мектептің сол кездегі оқушыларды басқаратын "Дружина кеңесінің төрағасы" болып, мектептің оқу-тәрбие жұмысына үлкен ықпалын тигізгенін, әсіресе оның химия, орыс тілін сүйіп оқитынын ұстазы ретінде жақсы білемін. "Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы" дегендей, мектеп қабырғасында жүргенде орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Әнес Әуезов ағайы өзінің біліктілігімен көптеген шәкірттерін биікке самғатты. Әрбір сабағын шеберлікпен өткізетін Әнес Жалғасұлы оқушылардың орыс тіліне деген қызығушылығын арттырушы еді. Хадишаның ағайынан алған білім жетістігі оның орыс тіліне деген құлшынысы осылай басталған болатын. Осы мектепте қалыптасқан өнегелі өмір жолын ұстаздықпен жалғастыруды мақсат тұтқан Хадиша Тәжімұратқызы 1981-1982 жылдары қаладағы №3 балабақшада тәрбиеші, Т.Г.Шевченко атындағы №13 мектепте аға пионер вожатый болып алғашқы білім саласында еңбек жолын бастады. 1982 жылы Ақтөбе педагогикалық институтының "Орыс тілі және әдебиеті" факультетіне түсіп, 1987 жылы үздік дипломмен бітірді. 1987-1988 жылдары №20 Бөген, №19 Сольтрест, №62 орта мектептерінде орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалімі болып қызмет атқарды.1989-1992 жылдары Арал аудандық комсомол комитетінің хатшысы қызметін атқарды.1992-2002 жылдары Алматы облысы Қапшағай қаласындағы №2 орыс гимназиясында орыс тілі пәнінің мұғалімі, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып абыройлы еңбек еткен. 2002-2010 жылдары Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі №226 мектеп-гимназияда, №249 мектеп-лицейде орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарды. 2010-2014 жылдары Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі №249 мектеп-лицейде мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет етті. Ақын Мұзафар Әлімбаев "Ұстазы парасатты болса, шәкіртінің қадамы сәтті болады" демекші, 2014 -2022 жылдары Арал қаласындағы Т.Г.Шевченко атындағы №13 орта мектебінің директоры, болып оралуы шәкірті үшін сәтті қадам деп айтуға болады. Ал 2022 жылың 6 желтоқсанынан бастап №14 мектеп-лицейінің директоры болып абыройлы еңбек жолын жалғастыруда.
Мыңнан тұлпар шыққан педагог жайлы, дараланған ұстаздық қызметіндегі жетістіктері туралы сыр шертсем деймін. 2013 жылы облыс әкімінің «Жаңашыл мұғалім» номинациясы және 1 000 000 теңге сыйақы алып, "Миллионер мұғалім" атанды. 2014 жылы ҚР "Ғылым"баспаханасына қатысып, мақтау грамотасымен марапатталған. 2014-2017 жылдары 10-11-12-13 Халықаралық олимпиадасына оқушыларының қатысқаны үшін мақтау грамотасымен қоса сертификатқа ие болды. 2014 жылы "Лучшие люди" халықаралық энциклопедияға еніп, үлкен халықаралық энциклопедия Кеңесі Президиумының «ҚР-ның дамуына, өркендеуіне үлес қосқаны үшін» дипломмен марапатталған. 2015 жылы «Русский язык как иностранный» 5 Халықаралық олимпиадасына қатысып, мақтау грамотасымен қоса сертификат алған. 2015 жылы "Білім және ғылым" атты 1 республикалық шығармашылық фестивальде «Ең үздік сабақ әдістемесі» бағыты бойынша 1 орынмен марапатталған. 2016 жылы республикалық «Мен – Қазақстан патриотымын» атты шығармашылық байқауында оқушылары белсенділік танытқаны үшін дипломмен марапатталған. 2016 жылы шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаз "ҚР-ның білім беру жүйесінің үздік қызметкерлері" жинағына енген. 2016 жылы "Жарасымды жанұя" республикалық танымдық-тәрбиелік журналында «Дарындылықтың қайнар көзі – мектеп» атты мақаласы жарық көрді. 2017 жылы «Қазақстанның Білім және ғылым әлемі» республикалық ғылыми-әдістемелік педагогикалық журналына «Типы сложноподчиненных предложений» ашық сабағы жарияланып, Құрмет грамотасымен марапатталған. 2017 жылы аудандық педагогикалық кеңесте "Жаңаша көзқарас" тақырыбындағы әдістемелік күн шарасын ұйымдастырудағы көшбасшылығы үшін Алғыс хатпен марапатталған. 2017 жылы ККО олимпиадасында оқушылары жүлделі орындарға ие болғаны үшін Алғыс хатпен марапатталған. 2017 жылы «Орфография» оқу-әдістемелік құрал жинағын шығарған. 2018 жылы "ҚР-сында орта білім беру мазмұнын жаңарту" атты семинарға қатысып, сертификат алған. Шығармашылықпен жұмыс жасайтын мұғалімдердің облыстық жазғы тәжірибе алаңында өзінің іс-тәжірибесімен бөлісіп, мазмұнды баяндама жасағаны үшін «Ізденімпаздығымен және жаңашылдығымен дараланған ұстаз» бағамының иегері атанған. "Первое сентября" педагогикалық клуб мүшесі. Бүкілресейлік "Открытый урок" педагогикалық идеялар фестиваліне қатысып, арнайы дипломмен марапатталып, сертификат иегері атанып, арнайы жинаққа енген. Білім берудегі жаңашыл, шығармашыл нәтижелі еңбегі үшін облыстық білім басқармасының, облыстық кәсіподақ комитетінің «Алтын глобус» номинация жеңімпазы атанған. Аудандық «Алтын ұстаз», "Жыл жауһары", "Үздік ұстаз" бағамдарының иегері. Жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері атанған. ҰБТ қорытындысымен «Үздік орыс тілі пәнінің мұғалімі» бағамының иегері. Шығармашылықпен жұмыс жасайтын мұғалімдер арасында өткізілген аудандық «Үздік шығармашыл мұғалім» байқауының жеңімпазы. Үлкен халықаралық энциклопедия Кеңесі Президиумының «ҚР-ның дамуы, өркендеуі үшін қосқан ерекше үлесі үшін» төсбелгімен марапатталған. "Білім саласының дамуына қосқан үлесі үшін" медалімен марапатталған. Астана қаласында өткен «Қазақстанда филологиялық білім берудегі дамудың негізгі басымдықтары» атты ҚР филологтарының 1 съезінің делегаты. Жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіндегі табыстары үшін ҚР Білім және ғылым министрі тағайындаған «Ыбырай Алтынсарин» медалімен марапатталған. 2021 жылы Қызылорда облысының білім басқармасының Арал ауданы бойынша білім бөлімінің "Т.Г.Шевченко атындағы №13 орта мектебі» ұжымы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай облыстық білім басқармасы мен облыстық кәсіподақ комитетінің «Үздік идеялар жаршысы» номинациясымен марапатталған. Биылғы жылы өткізілген облыстық пән олимпиадасында №14 мектеп-лицейі жүлделі орындардың үлесі «Ең үздік аудан мектебі» бағамымен және облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Елімізде білім беруді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде "Үздік сынып жетекшісі" республикалық байқауы өткізілген. Білім сайысына республикамыздың әр облысынан 14 талапкер қатысты. Талапкерлер арасында білімділігімен бағы жанып Хадиша Орынбасарова бас жүлдені жеңіп алып, облыс, аудан мерейін бір көтеріп тастаған болатын.
«Ана сүтін тән үшін табиғат әзірлейді, ал рух сүтін жан үшін ұстаздар әзірлейді» демекші, өзі дәріс берген оқушылары аудан, облыс, республикалық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған марапаттары өз алдына бір төбе десек болады.
Пайғамбарымыз "Мен білім шаһары болсам, Әли оның есігі, ілім іздеушілер оның есігінен кірсін" деген екен. Сол айтқандай, ақыл-кеңесі, тәлім-тәрбие, педагогикалық зерттеулердің түрлі салаларынан және де ата-баба дәстүріміздегі ұлттық құндылықтарымызды жастардың дүниетанымын бойларына сіңіру сияқты тақырыптардан көмек қажет болғанда Хадиша Тәжімұратқызының есігі кімге болса да әрқашан ашық. Оның ана сүтімен дарыған жайсаң мінезі, ал қатар жүрсең қуат аласың, сөйлессең сөзіне сүйсінесің, жатырқауы жоқ, жарылқауы көп, бойына жиған күшін де, білімін де еліне арнаған ерен еңбек иесі.
Аналар туралы қанша ардақтап жазсақ та артық етпейді. Жазушы Мұхтар Мағауин "Әлемдегі ең сұлу –қазақ әйелі. Менің жарым, менің анам, менің қызым. Қазақты қазақ қылған осы әйел болатын. Сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, ақылды, адал жар, ана, ағайынына қамқор, ауыл-аймаққа құт, ердің мақтаны, елдің көркі" деген теңеулер Хадишаның бойынан табылатыны сөзсіз. Адамның мәнді де, сәнді де өмір сүруі оның отбасына, қосағына тікілей байланысты, жар таңдауда жолы болған адам бақытсыз болуы тиіс емес. Хадишаның құдай қосқан қосағы Алпаров Дүйсен де адал жарына қосылғанына өзін бақытты санайды. Дүйсен заман талабына сай жеке кәсіпкерлікті дөңгелетуде. Осы екі қайнардан қанып ішіп, мейірге шөлдемей өскен ұлы ұялтпаған, қызы қызартпаған бір-бір шаңырақтың отын маздатып отырған жайсаң жандар екенін білеміз. Қызы Арайлым Дүйсенқызы ана жолын қуып, мұғалім болып қызмет етеді. Ол Қазақ қыздар педагогикалық университетінің география факультетінің бакалаврын, магистратураны үздік бітірген. Қазір Атырау қаласында тұрмыста. Күйеуі Төлешұлы Ерсін «Тенгиз Шевройл» компаниясында қызмет жасайды. Бір бала тәрбиелеуде. Арайлым 11 сыныпта оқып жүргенде республикалық олимпиаданың жеңімпазы атанып, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен қатар бағалы сыйлыққа ие болғаны бар. Ұлы Руслан Дүйсенұлы келіншегі Әсел екеуі Алматы қаласында банк қызметкерлері. Екеуі бір бала тәрбиелеуде.
Чех педагогы Я.А.Каменский: "Мұғалім – мәңгі нұрдың қызметшісі, ол барлық ой мен қимыл-әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз лаулаған жалын иесі" деген екен. Сол айтқандай саналы ғұмырын қиындығы мен қызығы мол ұстаздыққа арнап, тынымсыз еңбегінің арқасында шәкірттеріне ақыл-ойдың нұрын сепкеніне 42 жыл толған Хадиша Орынбасарова – нағыз педагогика саласының майталманы десе жарасады. Адамзаттың абзалы Мұхаммед пайғамбар өз үмбеттеріне қаратып «Сендердің арттарыңа қалдыруға тиіс ең құнды дүниелерің – мал-мүлік, қазына байлық, алтын, күміс емес, ұрпаққа үйреткен өнегелі тәрбиелерің» деген екен. Сол айтқандай шәкірттеріне тәлім-тәрбие құндылықтарын еге білген, адалдықтың бұлағын лайламаған ұстаздардың ұстазы, келіндерінің жанашыр тәлімгері, адал жар, аяулы ана, немерелерінің сүйікті әжесі, педагогика саласының майталманы, білікті басшы Хадиша Тәжімұратқызына зор денсаулық, отбасына амандық, көрінген балалары мен немерелеріңнің шат күлкісіне бөлене бер деген ұстаздық, ағалық тілегімді жеткізгім келеді .
Аманжол БИСЕНТЕГІ,
Арал қаласы
03 қазан 2023 ж. 454 0