Туы жығылмаған Тұғыр батыр
Еліміздің тәуелсіздік алып, егемен ел болып шаңырақ көтергеніне биыл 35 жыл болып отыр. Егемендікке қол жеткізу жолында қаншама аласапыран замандарды бастан кешкен ұлтымыздың тарихын ақтаңдақтардан арылтып, елеусіз қалған ерлерімізді, жаужүрек батырларымызды,елдік, ерлік шежіремізді түгендеу жолында қазір ғылыми зерттеу мекемелерінде, баспасөз беттерінде, өлкетану ізденістерінде талай-талай толымды игі жұмыстар атқарылып жүр. Қазақ жерінің тұтастығы сақтау үшін ғасырлар бойы жаулармен қасық қаны қалғанша арпалысқан тұлғалы баһадүр-батырлардың тарихтағы тиісті орнын айқындап, жаңа буын ұрпақ жадында сақтау жолындатанымы терең, іргелі бастамалар мен ауқымды істер қолға алынды. Дұшпандарға кең-байтақ жерінің тұтамдай пұшпағын да бермеген ержүрек батырларымыз – бүкіл Алаш жұртының мәңгілік мақтаныштары.Зауалды замандадар көшіндеқасиетті қазақ жеріне баса-көктеп кірген қалмақ (жоңғар), құба қалмақ, ойрат басқыншыларына қалың қолын бастап қасқая қарсы шығып, жан аямай соғысып, Бұхар, Қоқан хандықтарына қарсы шығып, туған жерін қорғаған ерен ер Тұғыр батыр Кенжесұлы (1713-1792) елдің есінде, халықтың тарихи жадында жазылып қалған. Содан да есімі бір тайпа елге аталық-ру аты болуы тегіннен-тегін емес.
XVIII ғасыр қазақ халқының басына қилы-қилы күн тудырған өте ауыр кезең еді. Қазақ мемлекеттігі жойылып кету қаупі алдында тұрды. Жан-жақтан қыспақтаған жаудың табанына тапталар сын сағаты туған. Елдің басына осындай екі ұдай қаралы күн туғанда арыстандай асыл ерлер бес қаруын сайлап атқа қонатыны рас. Он сегіз жасында желбіретіп ту ұстап қол бастаған Сартай батырдың жанында жүріп, ат жалында ұйықтап жауар бұлттай қаптап келгенжаумен соғысқан он алты жастағы Тұғыр батыр тарихта теңдесі жоқ аталған әйгілі Бұланты, Аңырақай шайқастарына қатысады. Қаламгер Сайлау Ботабаевтың "Ақырғы айқас" кітабында айтылғандай, Сартай батыр қиын шақта қасарысқан дұшпанның құтын қашырған, көп ішінен көзсіз батырлығымен, ерен ерлігімен ел аузына ілінгенбозбала батыр - Төртқара-Торым руының мұзбалағы Тұғырды ерекше жақсы көріп, өзіне сенімді серік тұтады. Қас батыр Сартай оның көзсіз ерлігіне, асқан ептілігіне, шаппа-шот шалт-шалымдылығына, қиян сахарада бір жүріп өткен жерін еш ұмытпайтындығын зеректігіне, әлеуеті зор, бойында бұлқынғанкүш-қайратына қызығатын.
Бұл турасында ақын Қайрат Құлекешов «Төртқара Торым Тұғыр батыр» дастанында:
Мың бала ел бағына батпан болды,
Арайлап атқан аппақ ақ таң болды.
Сартайдың өзі басшы, Тұғыр қосшы,
Болды да өлмес отын жаққан болды.
Бір күні шолғыншыдан алған хабар,
Демеймін ер көңілін шаттандырды.
Түсінді жоңғарлардың жасағы деп,
Жар астында жасырынып жатқан қолды.
Сол сәтте Сартай батыр тез ойланып,
Амалына үлкен айла тапқан болды.
Жанына бір сарбазды қосып беріп,
Тұғырды «барлап кел» деп аттандырды,- деп толғай жырлап, қиын сәттерде ең сенімдіғ сертке берікадал серігі Тұғыр батыр болғандығын көрсетеді.Осы барлау сапарында қалмақтармен бетпе-бет келген Тұғыр бірнеше жауын жер жастандырады. Алайдақатты жаралы болса да өліспей беріспеуге тырысқан сәтте, Сартай батыр кеп жау ортасына ойран салады. 

Кейін Тұғыр батыр кешегі қанды көйлек жолдасы, майдандас аға-досы Сартай батырдың есімін қадір тұтып, «болсаң сондай бол» деп, өзінің кіші баласына Сартай деп азан шақырып ат қойған екен. Тұғыр батыр есімі қазақ оқырманына кең тараған туындылар - "Байзақ", халық ақыны Нұрмағанбет Қосжанұлының "Сартай батыр", Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бегімбай Ұзақбаевтың «Тұғыр» кітаптарында ол туралы жазылған, осылайша батырлығы халық арасында жиі айтылатын, ауыз әдебиетіндегі жыр-дастандарға да арқау болған тарихи тұлға.

Ел аузынан жеткен мынандай бір деректі әңгіме бар: Сыр бойындағы сапырылысқан қанды қырғын шайқастардың бірінде Төртқара руының бір тармағы Торымдар (Сексен деп аталады) майдан алаңында жаумен бетпе-бет келіп айқасады. Жебе оқтар жаңбырдай жауған қызыл қырғында жығасы жығылған жау жағы амалсыз кейін ығысып қаша жөнеледі. Ақ найзасын толғаған Тұғыр батыр бурадай буырқанып делебесі қозып, "Жауды қуып жетіп қырайық, қанын судай шашайық, елімізге екінші қайтара шаппасын" деп, азғантай қолмен өкшелей қуады. Бір шамада есін жиған жау қарсы келе жатқан қолдың аздығын көріп, кері бұрылып тап беріп қайта айқасады. Тұғыр батыр жасағы жауға қырғидай тигенде, бұлардың екпініне төтеп бере алмаған жау жасағы ығысып тағы қашады. Қашқан жауды енді аты жүйрік Тұғыр батыр ышқынтып жалғыз өзі қуады. Алда тосып тұрған айлакер жаудың жаңа жасағы жалғыз қалған Тұғыр батырды қоршап алып шалмалап арқан тастап қапыда қолға түсіреді. Ызалы әрі көп сарбазынан айрылған жау жарасынан қаны сорғалаған Тұғыр батырды қиналып өлсін деп, қу мекиен айдаладан терең зындан қазып, сонда тастап кетеді.
Бірнеше күн ашығып әрі сусыз зындан түбінде жатқан Тұғыр батыр есінен танып қалған еді. Бір уақытта мұрнына керемет бір иіс келеді. Сол керемет иіспен бойына зор күш-қуат енеді. Бойын тіктеп, «Аллалап» ұмтылып зынданнан сыртқа ытқып шығады. Жұлдыздарға қарап елдің тұсын бағдарлап, жаяулап жүріп кетеді. Ұзақ жол жүріп әбден шаршап, бір уақытта тағы да есінен танып құлайды. Сол уақытта батырдың құлағына зарлы әуен келеді. Бойына қайтадан әл-қуат бітеді, сосын жолға түсіп қайта жүреді. Құр сүлдерін сүйретіп келе жатқан батыр тағы да есінен танады. Боз далада еміс-еміс боздаған дауыстан есін жинайды. Басын көтеріп айналасына барлай қараса, анадай жерде үлкен бір түйе шөгіп жатыр екен. Тұғыр батыр соған жақындай бергенде, әлгі түйе ыңырана тұрып, ілгері жүріп кетеді.
Сөйтіп кешке дейін жапан далада түйенің артынан ілесе жүріп, әбден әлі кетіп қалжырап жығылады. Сөйтсе бір ауылдың тұсына жеткен екен. Ертесіне қыр басына ойнауға шыққан балалар оны тауып алып, ауылына аман-есен жеткен екен. Еліне келген соң, басынан сондай ауыр жағдайлар өткенін әңгімелеп айтады. Ал өң мен түс арасында көрген керемет иіс, зарлы әуен, жалғыз түйе не екенін білгісі келеді. Сөйтсе ауылда қалған ағасы Қашан інісінен көп уақыт хабар болмағасын иіс шығарып, садақа берген екен, мұрнына келген иіс сол екен. Құлағына келген зарлы дауыс - әйелінің жоқтауы екен. Інген - садақасына сойған малы екен. Содан екі жылдай жатқанТұғыр батыр қайта ширығып,сайлы жігіттерден қол жинап, жат жұрттан теперіш көріп жатқан Сыр бойын жаудан азат еткен екен.
Сол бір қысталаң уақта көршілес жатқан түрікпендер Үстірт асып, бергі Шалқар өңіріне дендеп кіргісі келіп, бейбіт жатқан ауылдарға шабуылдарын үдете түседі. Жас балаларын, бойжеткен қыздарын, өрістегі жылқыларын барымталап алып кетіп, жергілікті халыққа зорлық-зомбылықтарын тіпті күшейтіп келе жатқан шақ. Сол кезеңде түрікпендермен шекаралас бетте аралас отырған ауылдан кісілер ат арытып келіп, Тұғыр батырғаолардан көрген зорлық-зомбылықтарын айтып, өздеріне қорған болуын сұрайды. Батыр ойлана келе бір қарт кісіні "жансыз" қылып түрікпен арасына жіберіп, көп мағлұмат жинатады. Бас батырын, әскер шамасын, келетін уақытын жобалап, дайындық қамын жасайды. Келесі жорыққа шыққан түрікпен әскеріне ұранын шақырған Тұғыр батыр қарсы атойлайды. Жан алысқан, жан беріскен жекпе-жекте бас сардарын найзамен түйреп өлтіріп, жылыстай-жылыстай келген түрікпендерді отырған ауылдарымен қоса Үстірт аумағынан әрі асыра қуып тастайды. Содан былай түрікпен қарақшылары бұл өңірге екінші қайтара аяқ баспайтын болған.
Елі мен жерін қорғаған айбындыТұғыр батыр – Торым (Сексен) батырдың немересі. Әкесі Кенжес те аруақты адам болған. Ол Қыдыр бабаны бір емес, үш рет көрген киелі адам деседі. Бәйбішесі Орта жүз Уақ руынан шыққан Ер Көкше батырдың қызы, одан үш бала, екінші қосағы – Ер Бөкше батырдың қызы, одан екі бала тараған. АлТұғыр батырдың екі әйелінен жеті баласы болған: Шора, Шағыр, Байназар, Сырлыбай, Өмірзақ, Қожакелді, Сартай. Және де ұрпақтарынан елге белгілі ту ұстаған туымды батырлар, дау-дамайды екі ауыз сөзбен шешкен бірайтар билер, мыңғыртып мың айдаған атақты байлар, халық қамын жеген қарымды қайраткерлер көптеп шыққан. Тұғыр батыр жайында ақтөбелік азамат, өлкетанушы Қасен Оңталап көп ізденіп, оның майдандардағы қаһармандық жолы туралы біршама тарихи деректер, мағлұматтар тапқан.
Жоғарыда айтылған Тұғыр батырдың жеті ұлы да әке рухына сай, елдің жайын күйттеген айбарлы тұлғалар боп, өз дәуіріндегі аласапырандардың бел ортасында болған қайтпас қайсарлар. Олар ел ішінде «Жеті көкжал» аталған, бірінен бірі өткен намысты арыстар еді.
Жеті көкжалдың үлкені – шашақты ту ұстап, батырлығымен даңқы шыққан, халқына қорған болған Шора еді. Баласын қапыда өлтірген қалмақтың нояны Қалдамен жекпе-жек шығып, семсерлесіп, найзаласып барып ажал құштырып аяғының астына құлатады. Жаужүрек Шора батыр кейін үш жүздің қолы бірігіп Әбілқайыр бастаған Аңырақай шайқасында өзінің ерен ер екенін көрсетеді.
Ұлдардың екіншісі Шағыр ен өріске малы симай мыңғырған, басына бақ қонған, дәулеті тасығанбайлығымен дараланған. Оның айбынын асырған он екі ұлы кейін он екі ата боп өскен ел болып, керегесін кең жайған. Шағыр мырзалығымен, мәрттігімен аты шыққан.
Тұғырдың үшінші баласы Байназар от тілді, орақ ауызды, қара сөздің қаймағын қалқыған сұңғыла шешен деседі. Ел ішіндегі жер дауы, жесір дауы, басқа да ширыққан жанжалдарды қара қылды қақ жара отырып шешіп, жұртының ынтымақ-бірлігіне қылаудай сызат түсірттірмеген екен.
Одан кейінгі арыс Сырлыбай – бойына Алла ерекше қасиет-кие қондырған, болашақты бұлжытпай болжайтын әулие болыпты. Көріпкелдігімен айтқан әр сөзі кәміл шын болып отырған. Ол тіпті жасы сексен беске келгенде де, қызыл-жасыл оранған жиырма бестегі жігіттей тың болып, бойындағы күш-қуаты тасып тұрған.
Батырдың Қожакелді деген баласы өзіне тартып туған еңіреген ер дейді. Оның сұсынан жасқанып алдынан көлденең кісі кесіп өте алмайтын. Немерелері Дулат пен Есентүгелдің батырлығымен атағы шығып ел таныған. Екеуі талай мәрте жауласқан жоңғардың бастарын айбалтамен шауып түсіріп жерге домалатқан. Олардың ауылын шабуға дұшпандары тәуекел ете алмайтын.
Алтыншы ұлы Өмірзақ бұл да алыс-жақынға танымал бай болған. Бойында тектілік қаны бар ол ешкімге бас имеген қайсар да өжет екен. Малының санынанжаңылғандай еді оның байлығы. Сол есепсіз байлықтың арқасында есімі ұрпағының аузында аңыз болып айтылып келеді.
Тұғыр батырдың кенжесінің аты Сартай болатын. Ұлына бұл атты таңдаған батырдың өзі еді. Атақты баһадүр Сартаймен талай қанды шайқаста бірге ұрандап, жасанған жауға ойран сап еді. Ұлан-ғайыр қазақ жерінің бір пұшпағын жау лас табанына бастырмаймыз деп иықтаса жорытқан-тын. Қолбасшы, қаһарман досының есімін ұлықтап, кішкене бөбегінің құлағына азан шақырып қойған. Бала Сартай да қасиетімен дараланып, ар-намысын жоғары ұстаған азамат болып тарихта қалды.
Сөйтіп дала дарабозы Тұғыр батыр мен жеті көкжал атанған ұлдары қазақ халқының дауылды да дабылды кезеңінің белгілі тарихи тұлғалары болып, есімдері іргелі рулар атауы боп асқақтатылды.
«Жеті атасын білген жігіт жеті жұрттың қамын жейді» дегендей, Тұғыр баба ұрпақтары алашқа атақ-даңқы тараған аталарының есімін әрдайым ұлықтап келеді. 2024 жылы 17 маусым күні Ұлытау облысы Байқоңыр ауданынындағы Бұланты өзені жанында орналасқан «Бұланты» республикалық тарихи-мемориалдық кешеніне Қызылорда қаласында тұратын Бақыт Нұрпейісов ағамыздың ұйымдастыруымен Тұғыр батыр ұрпақтары батыр бабаға ескерткіш қойып, салтанатпен лентасын шешті. Ескерткіш басында ардагер ұстаз, білім саласының майталманы Дәріқұл Махамбетов аға шын жүректен игілікті іске ақ батасын берді.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Архив саласының үздігі Болатбек Қуатов бастаған өлкетанушылар қоғамдық бірлестігі Тұғыр батыр Кенжесұлын «Арал өңірінің батырлары» атты тарихи жинаққа енгізді. Баспасөз беттерінде батыр баба туралы мақалалар үзбей жарияланып келеді.
Биылғы жыл Тұғыр батырдың өмірін зерттеушілер үшін өте жемісті болды.Олай дейтініміз, көп ізденістердің арқасында біраз жылдардан бері арман болып жүрген баба бейіті табылды. Табуға басты себеп болған 1942 жылы Кеңес одағы Қарулы күштері Бас штабы шығарған топографиялық картасындағы «Тұғыртөбе» деген қорымның белгіленуі-тін. Сол картада көрсетілген кординаталармен іздеп барып, батыр басына тұрған көне құлыптастағы ескі араб әрпімен жазылған жазудың шығыстанушы ғалым, Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Орталық Азия және Таяу Шығыс бөлімінің меңгерущісі, философия докторы (PHD) Бағдат Дүйсеновтің: «Руы Төртқара Кенжесұлы Тұғыр 1792 опат болды » оқуы жүрек жарардай қуанышқа кенелтті. Бұл шынымен де сүйіншілейтін жаңалық еді.
Нақтырақ айтқанда, осы 2026 жылдың 19 қыркүйек күні Ақтөбе облысының Ырғыз ауданының Жайсаңбай елді мекенімен шектесетін Арал ауданының Сазды ауылының солтүстігіндегі «Мәлика жалы» атты беткейде, нақтылай айтсақ, екі облыстыңшекарасындағы Батыс Еуропа – Батыс Қытай тасжолынан шығысқа қарай 50-55 шақырым жерде батыр бабаның бейіті табылып, айналасы қоршалып ол жерге ескерткіш құлыптас қойылды. Баба рухына арналып, құрбан мал шалынып құдажолы берілді, арнайы құран-қатым шығарылды.
Баба бейіті басында өткен тағзым, зиярат шарасына ақтөбелік ел ағалары Нағашыбай Баймырза, Аманғос Ізәшұлы, хромтаулық Серік Базарбаев, ырғыздық Октябрь Қуанұлы, қызылордалық Оңдасын Бекниязов, аралдық Қозыбай Балапановтар, сондай-ақ Бақыт аға Нұрпейісов пен Амантай балалары Еркін, Асхат, Бейбарыстар және Бақытбек Балапанов, Рақымжан Омаров, Дархан, Балаби Каримовтер, тағы да басқа тілеулес белгілі азаматтар қатысты.
Міне, енді Тұғыр батыр Кенжесұлы бабамыз батырлығы ауызша аңыз әңгімелерге кейіпкер ғанаемес, XVIIIғасырдағы қазақ тарихында орны бар тұлғалы адам ретінде анықталып отыр. Қазақ жерінің мызғымас тас қорғанына айналған, жаугершілік заманында батырлығымен дараланған дарабоз тұлғаның өмірі кейінгілер үшін әрқашан отан қорғаудың өнегесі бола бермек.
Света НҰРПЕЙІСОВА,
тарихшы-өлкетанушы, білім беру саласының ардагері
Қызылорда облысы, Арал қаласы








