Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Моншақтай әңгімелер

Моншақтай әңгімелер

БҰҚПАНТАЙДЫҢ  ПОШЫМЫ
Бастық көрсе бұға-бұға бүк түскен асықтай боп бұқшырайып қалыпты…
МАҚАЛ  СИЯҚТЫ  ОЙЫМ
Тығып ішкен тамақтың тоқтығы болмас. Топ боп ішкен тамақтың тоқтығы басылмас.
ӨМІРДІҢ  ӨЗІНЕН
Жаңа келген әкімдер мен жаңа болған басшылар жеті-сегіз айға дейін ауылдағы жаман блогерлерге жалтақтап, жымсия қарап жүреді.
АҚШАСЫЗ  АҚЫЛ-КЕҢЕС
Қазір  бәрінің  де  нарықтық құны бар. Тек қана жөн-жоба көрсетіп, жолға салып жіберетін ақыл-кеңесіңе ақша төлемейтіні қызық.
САЙТАН  ҚАШҚАН
Балпылдақ бастығымыз мұрны қызарып, көзі бозарып, тілі ұзарып, «сыбайлас жемқорлықты түбірімен жою керек, қолға түскеннің тас төбесін ою керек» деп баяндама оқи бастағанда, бізді азғыруға келген кәрі сайтандардың беті шыдамай, жас сайтандар жылап қашып зытатындай сияқты…
ЖҰМЫСҚА  ШАҚЫРУ
«Мекемемізге жұмыс істейтін білегі күшті мықтылар емес, он сағат жиналыста отыра білетін құйрығы мықтылар керек!».
ҮРДІСКЕ  АЙНАЛҒАН
Бұрынғы басшылар жүрген жерін тонай-тонай, тонаудың өзі үрдіске айналып кетіп, ендігі басшылардың ішіп-жегені ешкімге ерсі көрінбейтін боп қалды.
ҚАЗІРГІ  ТӘРБИЕНІҢ  БАСЫ
Жылаған балаға сүт құйып емізік берме, уай-файы бар ұялы телефон бер.
БІЗДІҢ  ТОЙЛАР
Басталуы басталып болмайды. Аяқталуы аяқталып болмайды.
БІРДЕҢЕ  ДӘМЕТКЕН
Әкімдердің жанында жантаңдап жүрген шалдар құр босқа далаңдап, шаршап жүр деп ойлап қалма, олар үнемі бірдеңе – құлқындарына майлы тамақ, ұрқындарына жайлы кресло  дәметіп  жүреді.
МУЗЫКА  ТЫҢДАҒАНДАЙ
Менің кітап оқығаным музыка тыңдағандай сияқты. Оқыған кітабымның оқиғасы ұзамай ұмытылып қалады да, тек алған әсерім ғана  жүрегімде  өшпей  жүреді.
ЖОҒАЛУ
«Жоқ» деп кесіп айта алмағандықтан да, көп адам өзіндік жолын, өзіндік ойын жоғалтып  алған.
АЛҒЫШ
Берсең, қызметті де алғысы келеді. Берсең, марапатты да алғысы келеді. Берсең, атақты да алғысы келеді. Берсең, параны да алғысы келеді…
РУХАНИ  ЖҰТАҢДЫҚ
Ақшаны ойлаудан басқа ой қалып жарытпады.
ЕҢ  БАҚЫТТЫ  ЖАНДАР
Өмірден өткен соң да артында іздейтін, жоқтайтын жақындары, жақтастары, туғандары барлар – бақытты, ал іздеп жүріп оқитын оқырмандары, көрмей тынбайтын көрермендері, тыңдамай тұра алмайтын тыңдармандары, жолын жалғайтын шәкірттері барлары – ең  бақытты  жандар.
ЖАРАТЫЛЫС
Өкпе – екеу, бүйрек – екеу. Жүрек – жалғыз, бауыр – жалғыз.
ХАЛЫҚТЫҢ  ЖАЙЫ
Ақымақ халықта ақылды басшы болмайды. Ақылды  басшының  халқы  ақымақ  болмайды.
ОРТАҚОЛ  МАМАН
Өшпейді де, өспейді де…
БАСПАСӨЗДІҢ  АҚЫРЫ
Оқырманы азайып бара жатқан баспасөздің оқырманын одан ары азайтатындай жасанды интеллектіге байланған жас журналистердің жаңа  буыны  дүркіреп  өсіп  келеді.
БІРІН-БІРІ  ТАПҚАНДАР
Жын қаққандар пір қаққандардың ізінде жүреді.
ТАПШЫЛЫҚ
Түсінгенім: бізде су тапшылығы да бар, техника тапшылығы да бар, кадр тапшылығы да бар, ой тапшылығы да бар, ақыл тапшылығы да  бар…
СӨЗ
Былдыр сөз. Сылдыр сөз. Құр сөз. Су сөз… Осылай  болған. Осылай  болып  жатыр. Осылай  бола  бермек…
АҚИҚАТ
Жалақыдан жалақыға, жалақыдан жалақыға жетем деп жанығып жүріп, жалғыз өміріңнің соңына жетіп қалғаныңды да байқамай  қаласың…
ҚАЗІРГІ  ЖАҢЫЛТПАШ
Жұмыс дегеніміз – жиналыс. Жиналыс дегеніміз – жұмыс.
БҰЛ  КІМДЕР?
Орысша сөйлеп, өзбекше билеп, қытайдың тамағын жеп, арабтың киімін киіп, сығанша қаңғып, АҚШ долларын мал ғып жүрген кімдер?
ДҰРЫСТЫҚ
Кейбіреуге айтар сөзіңді дер кезінде айтып тастағаның дұрыс. Кейбіреуге кейде айтайын деп оқталып тұрып, айтпай қалғаның одан да дұрыс болып шығады.
АЙҒАЙЛАУ  мен  СЫБЫРЛАУ
Бір әкім бар, бұл жайсаңның жетістігі де бар, парақорлығы да бар. Жетістігін жиын-тойларда бәрі естісін деп айғайлап айтып жатамыз. Ал парақорлығын өз арамызда сыбырлап қана айтамыз…
АҢЫЗ
Өңірдегі құрылыстардың бәрін аудан әкімі салып береді. Аймақтардағы нысандардың бәрін облыс әкімі салып береді. Ал рақатын, қызығын ән салып жүрген халық көреді…
ЖАЯУ  ЖҮРМЕЙТІНДЕЙ  ӨМІР  СҮР
Көшеде жаяу жүрмейтіндей өмір сүр: бұл – қымбат көлік міну емес, кез келген жерде сені құрметтейтін адамдардың көптігі сондай – көліктер тоқтап, барар жеріңе жеткізіп тастап отырсын.
ШЕНЕУНІКТІҢ  ЖҮГІ
Бұрын қолында үлкен қара портфель еді, қазір қолтығындағы кішкентай папкіге ауысыпты.
ЖОҒАРЫ  ЖАҚТЫҢ  ҚҰЗЫРЕТІ
Елдің  еңсесін  түсіріп  аздыратын да,  айбынын  асырып  оздыратын  да – оның  жоғары  жағы.
ҚАЙТА  ОРАЛҒАН  КАДР
Жоғары жақта болып келгендіктен де, жақсы-жақсы жақтарын үйреніп келетін шығар деп едік, ебіл-дебілі шыққанша елпілдеп, есі кеткенше жағынуды үйреніп келіпті…
ШЫЖБЫҢ
Тапылдап жүріп, шапылдап сөйлеп, қақылдап ұрысып, тырысып-бүрісіп, кірмес іске кірісіп, әркіммен ілінісіп, тегіс жерде сүрінісіп жүреді…
ДӘМЕ  ЕТПЕ
Сұғанақтан жұғанақ қалады деп дәметпей-ақ қой.
ҚОРҚАҚТАР  ҚАУЫМЫ
Атасы кемиек кемпірінің шаңқылынан қаймығады. Әкесі көкбет әйелінің аларған оқты көзінен қорқады. Баласы кергіген келіншегінің күңкілінен үркеді. Осылайша ерлер қауымы  қорқып-пісіп  жұмалап  жүріп  жатыр.
МИДАҒЫ  ҚЫРТЫСТЫҢ  КЕРЕМЕТІ
Мидағы мың қыртысты дұрыс біліммен суара, ілім-ғылыммен тыңайта білсең, алақандай аумақтан әлемді тамсандырар ойлар туып жатады.
МАҚТАУҒА  ШЫДАҒАН  МЫҚТЫ
Біздегілердің жүрегі мықты-ақ екен. Мынандай мақтауларға қалай шыдап отыр? Басқалар мұндайды естісе, жүрек талмасы ұстап,  жедел  жәрдем  шақырып  жатар  еді…
АТАҚ  САУДА
«Атақ, медаль сатамыз» деп біреулер кәсіп етіп жүр. «Қанша тұрса да, сатып аламыз» деп басы жоқ, кеудесі бар бір қауым жұрт бұл жақта  босып   жүр.
ЕҢБЕКТЕМЕ,  ЕҢБЕКТЕН
Біреулер ертелі кеш бір тынбай еңбектеніп жүр. Біреулер әлі баяғы қалпында жайбасарланып  еңбектеп  жүр.
ҚАТЫННЫҢ  ТҮРЛЕРІ
Біздің ауылдастардың айтуынша, қатынның түрі көп: қаланың қатыны, ауылдың қатыны, светтің қатыны, судың қатыны, газдың қатыны, салықтың қатыны, балықтың қатыны…
ҚҰБЫЛУ
Бірдеңе сұрай қалсаң, көзі бозарып «жоқ, жоқ» деп тұрады. Мұрны кіржиіп «білмеймін, білмеймін» деп тұрады. Аузы жалпылдап «иә, иә»  деп  тұрады.
КІРМЕС  АҚЫЛ
Ақыл кірмейін десе отызда да, қырықта да, елуде де кірмейді екен ғой. Содан да оның ақыл кіретін  тесігі  о  бастан  жоқ  па  деп  қаласың…
ШЕН  КӨРЕТІН  ШЕРМЕНДЕ
Мықтылардың маңында мықырайып отырғанын да шен көреді. Жұлдыздардың жанында жымырайып жүргенін де шен көреді. Әкімдермен табақтас емес, дастарқандас болғанын да шен көреді. Кей қу тұяқтармен астарласып сабақтас  болғанын  да  шен  көреді.
КӨТЕНШЕККЕ  ТҮСКЕН  КҮШ
Жоғарыдан берілетін тапсырмалардың көптігі сондай – төмендегілердің көтеншегі айналып  түсіп  жатыр.
АУЫЛДАҒЫ  АДАМ
Туған жерден ұзамай, ауылда тірлік кешіп қалған адамның бір сезімі кем болады, бір арманы  артық  болады.
ҚҰДАЙСЫЗДЫҢ  ҚҰДАЙЫ
Құдайын ұмытқандарға да Құдай керек болады екен. Өзінен жоғарыны Құдайдай көріп, естен тана табынып, бәтеңкесін жалап жүреді.
ІЗ  бен  СЫЗ
Жақсылардың жүрген жерінде ізгіліктің ізі қалады. Жамандардың жүрген жерінде бәле-матардың  сызы  қалады.
АҚЫНДАРДЫҢ  ДӘУІРІ
Арқыраған, күркіреген, жарқыраған ақындардың дәуірі бітіп, үлбіреген, шүлдіреген, партияға кірген шайырсымақтардың шағы туған  ба?!.
СЕНІМІ  АЗАЙҒАН
Аузы дуалы депутаттар: «Мен халық жағындамын» деп трибуналардан ашық айтатын. Қазіргі депутаттар: «Менің ойым партиямыздың шешімімен бірдей» дейтін болыпты. Соған қарағанда, депутаттардың  халыққа  деген сенімі  азайып-ақ  кеткен  сияқты…
ӨСЕКНАМА
Өсектеуге де үлкен сұраныс бар сияқты. Әйтпесе өрттей қаулаған өсектер айтылмас еді. Айтылса да, айтылған  жерінде  қалар  еді.
КҮЙБЕҢ  ТІРЛІК  САЛДАРЫ
Күйбең тірліктің соңында салпылдап жүрген пенделер уақыттың бағасын, халықтың бағасын, бақыттың бағасын білмей өтеді.
ҚАЙРАН  ЗАМАН-АЙ
Көп тіл білетін, ай маңдай, жезтаңдай Алаш қайраткерлері ұмытылып, өз тілін білмейтін өлмесектер  жұртшылықты  өргізіп-жайғызып  жүр…
ЖАСЫРЫЛМАҒАН  ЖАС
Жас көрінемін деп опалап-далаптап, әтір-майын жағып бір уыс бетін жылтыратып түзеткен-ақ екен. Бірақ мойнының мың қыртысы өңін жасыра алмай, салбырап, салпыншақтанып, келген жасын күлбілтемей айтып түр.
ІЗДЕГЕНІН  ТАБАДЫ
Біреулер айналасындағылардың қателіктерін ғана іздеп, жіпке тізіп көріп отырады. Біреулер айналасындағылардың жақсы, үлгілі жақтарын өнеге ғып көргісі келеді. Әркім өз айналасынан іздегенін тез-ақ табады.
ЕКІ  ТҮРЛІ  МАРАПАТ
Еңбек жылы аяқталған соң, жоғарыдағылар жүз мыңдап сыйақысын алады, ал төмендегілер телміріп жүріп мың теңгелік рамкаға салынған Алғыс хаттар алады.
ТҰЛҒАЛАР  мен  СҰЛБАЛАР
Тау жығар тұлғалардың орнын тұлғасынған сұлбалар алып жататыны несі?!
ҚАТЕМ  ҮШІН…
Бір сөзден қате жіберіп қойсам, бір күн бойы ұйқым бұзылып шығады. Үнемі қате жазатындар түнгі ұйқыларын не істеп жүр екен?
НЕГЕ  ДЕМЕ
«Неге бұлай?» деп сұрай берсең, кей орталар сені сыртқа тебеді. Сұраудың да сұрауы бар екен ғой…
ҒҰМЫРЫ  ҚЫСҚА  ӨЛЕҢДЕР
Ең ғұмыры қысқа болатын өлеңдер – мүшәйраға қатысу үшін берілген тақырыпқа жазылатын өлеңдер.
САЯСАТКЕРЛЕР
Ілгеріде саясаткерлердің қайраткерлігін көп көріп жүруші едік, енді саясаткерлердің айлакерлігін  өткеріп  жатырмыз.
ШАЛДАР  МАЛАДЕС!
Біздің ауылға қандай адам әкім болып келсе де, ол қайта ауысып кеткенше, біздің шалдар тілін тауып, ығытын біліп, аспандатып мақтап, қай  кезде  де  жақтап  жүреді.
КЕМДІК
Мінезіңде кеңдік болмаса, ол да бір кемдік.
БҰЛ  МЕДАЛЬ
Бұл медальды кім алған жоқ дейсің, алаяқ та алды, су аяқ та алды, қу аяқ та алды…
МҮМКІНДІК  СЫРЫ
Маңдай теріңді төгіп жүріп еңбек етіп, адал өмір сүрсең, тағдыр саған барлық арман-мақсаттарыңа  жетуге  мүмкіндік  береді.
БІР  КІСІ
Жем  беретін  астаудың  қасына жемсауы  бүлкілдеп  келгенде, әдепкі ойлары лезде өзгеріп кете беретіндігі сондай – астау иесінің шылауына  түсіп, шұлғауын  иіскеуге  бар.
ҚОРҚЫНЫШТЫҢ  ҮЛКЕНІ
Жасың  бір  шамалардан асқанда, көңілдегі ең қорқыныш өлім емес екендігіне көзің анық жетеді: ең қорқынышты нәрсе – жападан-жалғыз қалып, елеусіз, ескерусіз  жүріп,  ештеңе   бітірмей  кету.
ТОЙҒА  БАРСАҢ…
Қаңғырлаған-күңгірлеген музыка. Арсың-­гүрсің би. Әңкілдеген  ақкөз  асаба. Жұртты шуылдатқан  ойынсымақтар…  Тойға тыны­ғып  қайтайын  деп  барсаң, жүйкең  жұқарып,  «жұнырып»  қайтасың…
АСЫЛДАР   ЖОҚ,  МАСЫЛДАР   ЖҮР
Қайран қазан жүрек қайраткерлеріміз халқымыздың асылы еді, қазіргі қабақ қарын «қайраткерлеріміз»  мемлекетімізге масыл  болып  тұр.
НАУҚАНДА
Науқандар есіктен-есікке кірумен басталып, соңында өздерінің есіктерін іліп алумен аяқталады.
АУЫТҚУ
Ұяты аз адамдар құсап кейде ұятты жинап қойып,  ұялмай-ақ өмір сүргің келетіні несі екен?!
ҚАНДАЙ  МАҚТАУ?
Бәрі  жұмыла  жабылып  өсіп бара  жатқан  кісіні  гүмпітіп  мақтап жатыр. Олар бірінен-бірі қалмай жарыса  сөйлегендегі  сықпыттарын көріп, өз жүректерімен сөйлеп жатыр  ма, әлде  жоғарыдан  түскен тапсырмамен  лекілдетіп  жатыр  ма  екен  деп  ойланып  отырасың…

Ерғали АБДУЛЛА,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі
Фото: Ғалым Смағұлұлының карикатурасы
22 қазан 2026 ж. 63 0