Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Астанада қазақ фотоэнциклопедиясының тұсаукесері өтті

Астанада қазақ фотоэнциклопедиясының тұсаукесері өтті

Елордада «Қазақ фотошежірешілері: тарих, дерек, өнер» атты фотоэнциклопедиясының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Тың туынды қоғам санасын фото арқылы мемлекеттік мүддеге, ұлттық мұратқа жұмылдыра білген қайраткерлердің шығармашылығын және ұлттық фотоөнер тарихын жан-жақты баяндайды.
Салтанатты рәсімде кітаптың тұсауын «Айқын» газетінің фототілшісі Советхан Мағзұмов кесті.

«Мәңгілік ел мекені – Ұлы даламыздың сұлу табиғатынан түсірілген этюдтер эстетикалық ләззат сыйлайды. Қарапайым адамдар тіршілігін бейнелеген фотолар да шыншылдығымен қызықты», - дейді фотоэнциклопедияны құрастырушы-автор Асылхан Әбдірайымұлы.
Сонымен қатар қарапайым оқырман аталған кітаптан ұлт көсемі Ахмет Байтұрсыновтың таспаға тартып алған фотосуреттерден бастап, соңғы жарты ғасырда тарихта қалған бірқатар фототуындыны да көруге болады. Олар - халық жазушысы Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаев, Әзілхан Нұршайықов пен Әлкей Марғұланның фотолары.

Ел көзіне көп еленбесе де еңбегі тарихта тайға таңба басқандай айқын қалған фотографтар туралы деректер де аса маңызды. Осы орайда азаматтар Қасымбек Нұрбекұлы, Советбек Мағзұмов, Мұрат Мәмбетов, Берсінбек Сәрсенов, Талғатбек Асанов, Ерболат Шадрахов, Шүкір Шахай, Болат Омаралиев, Сайлау Майлыбаев, Амангелді Мутигуллин, Мұхтар Холдорбеков және т.б. көптеген фотоөнер майталманы түсірген суреттерді аталған фотоэнциклопедиядан көре алады.
Айта кетейік, «Қазақ фотошежірешілері: тарих, дерек, өнер» атты фотоэнциклопедиясының тұсаукесері Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде де өтті.


16 наурыз 2018 ж. 1 336 0