Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » "Құран қорғаныма айналды". Аралдан шыққан Кеңес Одағының батыры Мақаш Балмағамбетовтың естелігі.

"Құран қорғаныма айналды". Аралдан шыққан Кеңес Одағының батыры Мақаш Балмағамбетовтың естелігі.

Аралдан шыққан Кеңес Одағының батыры Мақаш Балмағамбетовтың ұрпағы Құрақбай Мақашов ақсақал әкесінің ауызынан естіген естелік әңгімелерін ортаға салды.
– Мақаш  әкеміз мұсылманша  сауатты  болып, құран  аяттарын  жақсы меңгерген көрінеді. «Қардай  бораған  жау  оғына  қарсы  соғысқа  кірісер  алдында  бисмилламды айтып, дұғаларымды оқып алатын едім. Осыдан  да  болса  керек  жаңбырдай  жауған  оқ  денеме  тимей, қорғасын  оқтар  алақаныма  сауылдап  құйыла  беретін» деп отыратын дейді. Расында да 3 жыл майдан даласында жүріп, тек оң қолының білегін ғана оқ жаралаған жанның бұл оқиғасы ақиқатқа жанасады. Әйтпесе, қаңғыған оқтың құрбаны болып кеткендер қаншама.
Тағы бір әңгімесінде көпке созылған ұрыс даласындағы мына оқиғаны құлағы шалыпты. Бөлімше  жауынгерлері ашыға бастады. Ал суға зар болып, шөлдегендердің халі тіпті адам төзгісіз еді. Жақын маңдағы өзенге  барудың  өзі мұңға айналған заматта, Мақаш үлкен тәуекелге бел буып, бір Аллаға сиынып, басындағы  жауынгерлік каскасын  шешіп  алып өзенге  жүгірген.  Неміс  әскерлерінің нысанасына айналғанымен оққағары басым  болған батырды, бұл  жолы да  ажал оғы  айналып  өтті. Майдандас достары  үшін басын өлімге тіккен  бөлімше командирі каскасын толтырып  әкелген судан  бір-бір ұрттап шөлдерін  басқан  жауынгерлердің  алғысын сөзбен жеткізу мүмкін  еместей.
Ал, батыр таңертең дұғасын оқып, соғысқа аттанғанда ас ішетін ыдысын қаптап, арқасына байлап алады екен. Кешке жорықтан аман оралып, арқасындағы ыдысты шешіп қараса, жау оғы ыдыстың ішінде толып тұратын көреді.
Мына бір деректі қараңыз. Соғыстан кейінгі  жылдары әкелері  тұрған  үй қасиетті  шаңыраққа айналыпты.  Әрбір  бейсенбі күні  таңертең кім ерте тұрып, есік  алдына  шықса  міндетті түрде кеңестік дәуірдің  құнды  ақшасын, қызыл он сомдығын  тауып  алатын. Әр аптада қайталанып  тұратын  бұл құбылыс  батыр дүниеден  өткеннен  кейін  сап тиылды. Осы құбылыстың  құпиясы  бізге әлі күнге дейін жұмбақ  дейді.
Айта берсек мұндай кереметтер өте көп. Аманөткел  жанындағы  Қара  дөңде, аймаққа  аты  шыққан  Нұралы  ахунның  мешітінің  болып, діни сауат ашқан екен. Ал Мақаш Балмағамбетовтың нағашы жұрты болып келетін Смағұл ахун өте діни сауатты, Сыр бойындағы халыққа танымал болыпты. Міне, осынау Смағұл ахуннан білім алған Нұрым ахунның шәкірті Мақаш батырдың бұл кереметтеріне сенбеске амал жоқ.

Оңталап ЖОЛДАСОВ
09 қазан 2019 ж. 1 277 0