Жаңғыру жолындағы жүйелі жұмыстар
Тәуелсіздік – қазақтың маңдайына біткен бақ, баға жетпес сый. Соның арқасында еліміз бодандық бұғауынан босап шығып, өз көшін түзді, бағытын айқындады. Міне, сол қастерлі ұғымның астарына терең бойлап, тәуелсіз Қазақстанда бақытты да баянды ғұмыр кешіп келе жатқанымызға 30 жыл уақыт болды. Тарих үшін, бәлкім, осынау дөңгеленген цифр азғантай уақыт болып көрінер. Десе де біз ордалы отыздың аясында көптеген жетістіктерге жеткенімізді ұғына білуіміз керек. Елбасы – ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен көптеген тарихи оқиғаларға куә болып, жаһанданудың жаңаша сипатын бастан кештік. Бір ғана Арал проблемасының өзі әлем елдерінің назарын өзіне аударған тұста, батыл қадамға бара алдық. Ең өзекті мәселені әлемдік деңгейге көтеріп, шешудің тиімді тетіктерін қарастырдық. Нәтижесінде Көкарал бөгеті салынып, ғасырлық жобаның жемісін тұтастай жағалау жұрты көрді. Айта берсек ауыз толтыратын игі істер легі елдің көз алдында. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Елбасы негізін қалаған ұлттық мүдде жолында аянбай еңбек етуде. Біз Ұлыстың ұлы күні қарсаңында аудан әкімінің идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Б.Жұмағұловпен тілдескен едік.
– Бектемір Ұлыбекұлы, биыл сол тәуелсіздігімізге 30 жыл толды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы жарық көрді. Осы мақала төңірегінде не айтасыз?
– Шындығында, тәуелсіздік құр армандай салумен немесе белгілі бір тапсырманы орындай салудың арқасында келген жоқ. Бұл ұғымның астарында әр заман буынының өлшеусіз еңбегі мен бейнетті жолы, азабы мен тауқыметі жатыр. Сол үшін талай боздақтың қаны төгілді. Тәуелсіздікті бағалай білуіміз керек. Өзіңіз айтып отырған Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы уақытысында жазылған бағдарлы мақала. Біз осының өзін басшылыққа алсақ, көптеген рухани өзгерістер мен жаһанданудың жаңаша сипатымен бетпе-бет келеміз.
– Біз рухани құндылықтарды дәріптеп, мәдениетке мейлінше мән беріп, насихаттайтын халықпыз ғой. Осы тұста өзіңізге сұрағым бар. Сонау Кеңес үкіметі тұсынан келе жатқан көшелер мен тарихи-мәдени нысандардың орысша атауларын өзгерту жұмыстары ұдайы жүргізіліп келеді. Осы жұмыстарға бақылау өз деңгейінде ме? Жалпы, көшелерге қайта атау беруде қандай жұмыстар атқарылуда?
– Еліміздің жер-су, елді мекен атауларына көңіл бөлу, оларды тарихи тұрғыдан реттеу жұмыстары тәуелсіздік алғаннан кейін қолға алынды. Кеңес Одағы кезінде, сол замандағы тоталитарлық жүйенің әсерінен көп өзгеріске ұшырап, қазақтың байырғы атауларынан белгі қалмағандай еді. Бүгінде ұмытылып, халық жадынан өшірілген тарихи атауларды қайтару, қалпына келтіруге мемлекеттік деңгейде үлкен көңіл бөлінуде. Аудан көлемінде тәуелсіздік алған жылдардан бері «Октябрь», «Киров», «Советская» секілді Кеңес Одағының идеологиясын дәріптейтін 1 ауылдық округтің, 2 елді мекеннің және 170-тен астам көше атауы Қазақстан Республикасының Үкіметінің қаулысымен Арал ауданы бойынша жаңадан атауға ие болды. Аралдың топырағында туып, үлкен тұлғаға айналған мемлекет және қоғам қайраткері Ұ.Қарамановтың, көрнекті ақындар З.Шүкіровтің, Ж.Әбдірашұылының, Б.Тәңірбергеновтің және ауған соғысында қаза тапқан А.Мұстафаевтың есімдері білім ордалары мен мәдениет ошақтарына берілді. Әрине түсінем, қазақы санамызға сіңіп кеткен Кеңестік атаулардан арылатын кез келді.
– Әрине халқымыздың құрметтеуге лайық өз перзенттерінің есімін көшеге немесе белгілі бір әлеуметтік-мәдени нысандардың атына беру орынды. Бұл жұмыстардың ұдайы жүріп келе жатқаны көңіл қуантады. Көптің көкейінде жүрген бір сауал бар. Ол – қаладағы №14 Н.Крупская атындағы мектеп-лицейдің атауы туралы.
– Дұрыс айтасыз. Тәуелсіздіктің елең-алаң тұсында мұндай дүниелерге лайықты түрде мән берілмеді. Сол немқұрайлылық күні кешеге дейін де жалғасып келгенін жоққа шығара алмаймыз. Айталық, М.Горкий, Панфилов, немесе Фрунзо деген атаулардың қаладағы маңызды деген көшелердің атына беріліп келуі жергілікті жұрттың құлағына жаттанды болып қалған. Қазіргі таңда аудан әкімдігі тарапынан Арал қаласындағы Крупская атындағы №14 мектеп-лицейдің атауын өзгерту күн тәртібінде тұр. Бір айта кетерлігі, Н.Крупская атауы Қазақстанның 14 өңірінде қолданыста болған. Қазіргі уақытта 11 өңір осы атаудан арылды. Қалған өңірлерде әлі де орысша атауды ауыстыруға ниетті. Соның бірі – осы Арал ауданы. Сондай-ақ Сексеуіл кентіндегі «Калинин», «Привокзальная», «Труд» сияқты мән-мағынасы ескірген көшелерді де қайта атау. Бұл алдағы күндердің еншісінде.
– Маңызды мерекелер мен тарихи оқиғалардың белгілі кезеңдерін атап өту, оларға өткен шақтың көзімен қарап, бүгінгі ұрпаққа сол кезеңнің боямасыз өмірін көрсете білу де идеологиямен байланысты. Осы тұрғыда қандай жұмыстар атқарылмақ?
– Мемлекеттік маңызға ие айтулы даталардың да аудан мәдениеті үшін орны бөлек. Әсіресе Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 30 жылдығы мен ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, ашыққан Поволжье тұрғындарына көмек қолын созып, 14 вагон балық жөнелткен бабаларымыздың қайырымды ісіне 100 жыл толуын өз деңгейінде атап өту мәселесі бүгінде күн тәртібінде тұр. Жыл көлемінде аталып өтілетін осы сынды маңызды тарихи оқиғалар мен ел ертеңі үшін аянбаған даңқты бабалардың ерлігін өскелең ұрпаққа насихаттау бағытында олардың бірнеше жылдық мерейтойларын атап өтуді қаперге алу көзделуде. Айталық, Алаш зиялылары Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығы, Дина Нұрпейісованың 160 жылдығы, Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығы, Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы, Олжас Сүлейменовтің 85 жылдығы, Ахмет Жұбановтың 115 жылдығы сынды маңызды мерейтойлар бар. Аталған тарихи-мәдени іс-шараларды атап өтуде жағдайға байланысты белгіленген санитарлық талаптарды қатаң сақтап, көшілік жиналуға мүмкіндігінше шектеу қою басты назарда болады. Бұл жерде ысырапшылдықтан, жөн-жосықсыз той-томалақ өткізуден арылатын күн жетті. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» және «Айқын» газеттеріне берген сұхбатында даңғазалықты доғарып, ысырапшылдыққа жол бермеу керектігін айрықша айтқаны баршаға мәлім. Мемлекет басшысының осы бір салиқалы ойын жадымызға тоқысақ ұтарымыз анық.
– Ауданда тарихи-мәдени мұралар мен рухани жаңғыру тұрғысынан өзгелерге үлгі бола алатын нысандарға баймыз. Жалпы, осы мәдени мұраларды қорғау және пайдалану туралы ойыңыз қандай?
– Қазіргі таңда Арал ауданы бойынша мемлекеттік тізімге енгізілген тарихи-мәдени мұра объектілерінің жалпы саны – 64. Оның ішінде, республикалық маңызы бар – 1, жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген – 39, алдын ала есепке алынған тарихи-мәдени объектілері – 24. 2020 жылы бюджеттен бөлінген қаржыға аудан аумағында орналасқан барлығы 5 жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері –Бекетай кесенесі, Бәсібек сағанатамы, Қосаман кесенесі, Ораз ақын кесенесі және Арыстанбаб зиратының қорғау аймағын, құрылыс салуды реттеу аймағын және қорғалатын табиғи ландшафт аймағын белгілеу жобасының құжаттары дайындалды. Сонымен қатар алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген, тарихи-мәдени мұра нысандарына ескерткіш мәртебесін беру немесе алдын-ала есепке алу тізімінен шығарып тастау үшін барлығы 12 тарихи-мәдени мұра обьектілеріне тарихи-мәдени сараптама жүргізілді. Облыс әкімдігінің «Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне тарихи-мәдени сараптама жүргізудің кейбір мәселелері туралы» қаулысына сәйкес, аудан аумағындағы жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер, яғни Көнту, Сапақ, Шөміш, Үкілісай және Бекбауыл станцияларындағы темір жол вокзалы ғимараттарының тарихи-мәдени құндылығын белгілеу мақсатында тарихи-мәдени сараптама қорытындысы дайындалды. Арал қаласындағы су қыспақты мұнара жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени екерткіштер тізімінен алынды. Сонымен қатар «Қызылорда облысы бойынша жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін бекіту туралы» облыс әкімдігінің 2020 жылғы 4 мамырдағы №28 қаулысымен Арыстанбаб зираты мен Жанназар ишан мешітіне жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени екерткіштер мәртебесі берілді.
– Әдетте мәдениет жайында сөз қозғай қалсақ, ұлттық тіліміз күн тәртібіне шығады. Себебі, тіл – халықтың жаны. Ал мәдениет пен өнер сол халыққа рухани азық беретін күретамыр. Осы салаларға қатысты өз ойыңыз?
– Арал ауданы бойынша 72 мәдениет мекемесі бар. 2020 жылдың 25 қыркүйегі күні Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай арнайы кәсіби маманның жүргізуімен мемлекеттік қызметшілер мен қызмет көрсету ұйымдарының қызметкерлеріне арналған «Абайды тану – өзіңді тану» атты 8 сағаттық біліктілікті жетілдіру семинар-тренингі өткізілді. Жыл басынан бері жергілікті баспасөздерде латын негізді қазақ тілі әліпбиін жетілдіруге қатысты («Толқын», «Арал әлемі» газеттері мен мекемелердің ресми фейсбук парақшаларына)13 мақала жарияланды.
– Қазіргі уақытта әлем үрей құшағында. Осы ретте аталған індетпен күресте, халық денсаулығын сақтауда нендей жұмыстар атқарылғаны жөнінде қысқаша жеткізсеңіз...
Расында, әлемді жайлаған короновирус індеті біздің ауданды да айналып өтпеді. Өткен жылы аудан аумағында КВИ-мен 114 адам тіркелді. Олардың барлығы да жазылып шықты. Биыл бұл көрсеткіш қайталанбайды деген үміттеміз. Қазіргі уақытта жұқпалы аурулар бөлімшесінен 25 орын, жүйке аурулары бөлімшесінен 100 төсек-орын қоры дайын. Сондай-ақ А.Байтұрсынов ауылдық емханасынан 120 орын, Жақсықылыш дәрігерлік амбулаториясынан 25 орын, Сексеуіл ауылдық ауруханасынан 25 орын қоры жасақталды. Аудандық бас санитардың қаулысына сәйкес, санитарлық талаптардың сақталуын қадағалау және түсіндірме жұмыстарын жүргізуге байланысты аудандағы кәсіпкерлік нысандарға тесеру жұмыстары жүргізілді. Індеттің алдын алу және таралуын болдырмау мақсатында 913 рет дыбыс күшейткіш құрылғысы арқылы тұрғындарға хабарлама жүргізілді. Бұдан бөлек, медициналық мекемелер мен науқастарға жыл көлемінде еріктілер мен кәсіпкерлер және депутаттардың қолдауымен бірнеше мәрте құрылғылар және азық-түліктей қолдаулар көрсетілді. Осы ретте дәрігерлер мен полиция қызметкерлерінің еңбектерін айрықша атап өткен жөн.
– Өзіңіз жетекшілік ететін білім саласы бойынша нендей жұмыстар атқарылып жатқаныа тоқталсаңыз...
– Қазіргі таңда 50 жалпы орта білім беру ұйымдары бар. Пандемия кезеңінде еліміздегі төтенше жағдайдың жариялануына сәйкес білім бөліміне қарасты 49 мектептің дәстүрлі оқыту үдерісімен 31 мектебі, аралас оқыту форматымен 19 мектебі жұмысын жалғастыруда. Аудандағы жалпы орта білім беретін мектептерде 2489 мұғалім (жоғары білімді – 2309, арнаулы орта білімді – 180) жұмыс жасайды. Сол ұстаздардың білім деңгейін жетілдіріп, түрлі санаттарға қол жеткізуі де нәтиже беріп келеді. Бұл бала оқытуда білім қызметкерлерінің ізденісі мен кәсіби тәжірибесі мол дегенді білдірсе керек. Бұдан бөлек, білім беру ісінде білім ошақтарының материалдық-техникалық базасы да нығайып келеді. Айталық, 2020 жылдың 1 қыркүйегінде аудан мектептеріндегі компьютер техникасының саны – 1453 дана болса, бүгінде олардың саны 3588 данаға жетті. Бұл аудандағы әрбір 4,8 оқушыға 1 компьютер техникасы келеді деген сөз. Арал ауданы мектептерін цифрлық білім беру ресурстарымен қамту, кең жолақты интернетке қосу және видеоқұрылғылармен жабдықтау жұмыстары қарқынмен жалғасып, 30 мектеп «Білімлэнд» виртуалды оқыту платформасымен 36 онлайн негізінде және қалған 13 мектеп оффлайн негізінде жұмыс жасаса, «Электрондық күнделік» жүйесімен 100 пайыз қамтылған. Білім саласындағы құрылыс жұмыстары да бүгінде өз деңгейінде қолға алынуда. Солардың бірі – Сексеуіл кентіндегі 300 орындық мектеп ғимараты. Оның іргесі қаланды. Енді пайдалануға берілуін көтіп отырмыз. Сексеуіл кентінде қазіргі таңда 13 мыңға жуық халық тұрады. Кенттің орталығынан үлкен темір жол торабы өтеді. Кенттегі 3 мектептің барлығы темір жолдың бір жақ бетінде орналасқандықтан, екінші жақ бетінде тұратын 360 оқушы 13 шойын жолды кесіп өтуге мәжбүр болып отыр. Бұл өз кезегінде балалардың өміріне қауіп туғызуда. Аталған жағдайды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тікелей назарға ұстап, үкіметке мәселені шешуді тапсырған болатын. Президент твиттердегі парақшасында: «Egemen Qazaqstan» газетіндегі «Темір жолды жағалап топ бала жүр» атты мақаладан Сексеуіл кентінде 360 бала күнделікті мектепке бару үшін 13 рельсті кесіп өтетінін оқыдым. Бұл – өте өзекті мәселе. Оны шешу үшін Үкімет нақты шаралар қабылдауы қажет», – деп жазды. Сонымен қатар жаңа оқушылар үй де ел игілігіне жарады. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Жақсықылыш кентіндегі №19 орта мектепке қосымша 100 орындық жапсаржай пайдалануға берілді.
– Ұлттық рәміздеріміз бен мемлекеттік мүдделерді биік мінберлерден көрсетуде спорт саласының шоқтығы биік. Оны бәрі түйсінеді. Бірақ бүкіл әлемге жайылған пандемия бұл саланың аяғына тұсау салған жоқ па? Жалпы, додаларда топ жарып жүрген спортшылардың соңғы жылдардағы жетістігі қалай?
– Аудан көлемінде 86 дене шынықтыру ұжымдары, 50 жалпы білім беретін мектеп, 2 колледж, 2 спорт мектебі, 30 мекемелер мен кәсіпорын және 2 спорт клубы жергілікті халықты бұқаралық спортқа тарту бағытында жұмыс атқаруда. 2020 жылы ауданның спортшылары біршама жетістіктерге қол жеткізді. Қазақстан Республикасының ресми (ҚР чемпионаттары мен біріншіліктері) жарыстарында аудан спортшылары 32 медальға ие болды. Оның 7-еуі алтын, 2-еуі күміс, 23-і қола. Соңғы бірер жылда аудан спортшылары біршама жетістіктерге қол жеткізді. Қазақстан Республикасының ресми (ҚР чемпионаттары мен біріншіліктері) жарыстарында аудан спортшылары 2 медальға ие болды. Оның 1-еуі алтын, 2-еуі күміс. Өткен жылы аудандық бюджет есебінен Ақбасты елді мекенінен жасанды төсеніші бар шағын футбол алаңы (40х20) салынып, пайдалануға берілді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Жақсықылыш кентінен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы 2020 жылдың тамыз айында басталды. Құрылыс жұмыстарын осы жылдың бірінші жарты жылдығында толық аяқтау жоспарлануда. 2021 жылдың қаңтар айында аудандық бюджеттен «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Арал қаласынан, Қамыстыбас, Аманөткел ауылдық округтерінен спорт кешенінің құрылысына жоба-сметалық құжаттама әзірлеу үшін аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, құжаттары әзірленіп, Қызылорда облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына ұсынылды.
– Қазір интернеттің дәуірі жүріп тұр. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, бұл желінің де жақсы және жаман тұстары бар. Нақтысы, адам санасын улайтын да, теріс жолға түсіріп, адал табысыңды тонайтын да –осы желі. Өзіңіз желі қолданушысы және билік өкілі ретінде қазіргі жастардың беталысы жайындағы ойыңызды білсек...
– Жөн сөз. Қазір желі әлемді кіндігінен байлап, өз иіріміне иіріп барады. Жетегінде көптеген жастар кетті. Салдарынан қазіргі буын кітап, газет-журнал оқуды қойып, желідегі арзан қауесеттерге үйірсек болып жүргенін жасыра алмаймыз. Бұл – шындық. Оның үстіне, интернет иіріміндегі әртүрлі жазбалар мен пікірлерден саяси астар іздеп, жалған ақпаратқа сенетіндер көбейген. Сондықтан мейлінше әлеуметтік желіні дұрыс пайдалана білген жөн. Жастарды ғаламтор мүмкіндіктерін өз мақсаттарына ұтымды қолданып, уақытының басым бөлігін кітап оқуға арнап, рухани азықтануға шақырар едім. «Кітап – маған тақтан да қымбат» деген У.Шекспирдің сөзін әр буын өз әлінше түсіне білсе деймін.
– Ұлыстың ұлы күніне де келіп жеттік. Қазақ үшін маңызды мерекеге орай аралдықтарға айтарыңыз болса...
– Дұрыс айттыңыз. 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні қазақ үшін маңызды мереке. Жалпы, Самарқанның көк тасы еритін, күн мен түн теңесетін бұл күн жыл өткен сайын жаңаша сипат алып келе жатқаны қуантады. Осы бағытпен жүрер болсақ, алдағы кезеңдерде Наурыз мерекесі нағыз қазақтың жаңа жылына айналары анық. Себебі көп жерлерде Рождество мерекесін тойлағаннан гөрі өзіміздің қазақы мейрамымыз Наурызды кең көлемде атап өтуге көпшілік ықылас танытады. Мерекелік лебізге келсек, жалпы қазақша жыл басы барша аудан халқына жаңаша өмір, жаңа бір белестер алып келсін. Әрбір шаңыраққа құт-береке, ырыс-несібе тілеймін. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен А.БИСЕНОВ